Қазақстан Республикасының сот билігінің конституциялық құқықтық мәртебесі: Күн өткен сайын тәуелсіздікті ширата түскен Конституциялық заң нормалары өмірге келетін Ата заңымызға негіз болды. Осылайша, жаңаша сот жүйесін құрудың өте тиімді мүмкіндігі пайда болды. Мұны дер кезінде жүзеге асыруды шапшаң қолға алудың негізінде сот реформасының алғашқы қадамдары сәттілікпен басталып кетті. 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы сот жүйесінің құрылымын және сот қызметін ұйымдастырудың негізгі қағидаттарын бекітіп берді. Конституциялық заң терминіне алғаш рет “сот билігі” деген ұғым кірді. Осыған сәйкес сот билігінің мәні мен мазмұнын анағұрлым толық және айқын ашу бағытында, оның белгілерін, мемлекеттік басқару тетігіндегі сот билігінің рөлі мен орнын және оның басқа биліктерден айырмашылығын дара көрсететін ерекшеліктері мен сипаттары анықталды.
Бұл жөніндегі Елбасының “Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар туралы” Жарлығы өзінің өміршеңдігін әлі күнге дейін көрсетіп келеді.
Тәуелсіздік белін бекем буған сайын, елімізді әлемдегі өркениетті мемлекеттермен теңестіретін саяси құқықтылығы мен белсенділігін жақсарта беру көзделді. Оның ішінде сот жүйесінің тиімділігі артып, бірлігін қамтамасыз ету, судьялар тәуелсіздігіне кепілдік беруді бекіту сынды бір қауым жұмыстар; сот әділдігін алып жүруде немесе оны басқаруда қабілеті төмен мамандарды міндетінен босату және сот сатылары арасындағы сот өндірісіне кедергі келтіретін қатынастарды үзу жөнінде көптеген қордаланған проблемалар бар еді.
Қашанда еркіндікті аңсаған халқымыздың тағдыр-таланына жазған қазіргі басты құндылық – егемендік пен тәуелсіздікті орнықтырып, дамытуда әділбилік жүйесін жалғастырушы соттардың орны ерекше. Ерекше деу аз, тіпті конституциялық міндет биліктің дәл осы саласына көбірек тиесілі сияқты. Өйткені, әділсот жүйесінің Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы “Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы” қаулысында негізгі бағыт-бағдар ретінде көрсетілуінің өзі де ерекше болса керек.