Дәріс тақырыбы: Көру анализаторының патологиясы. Аннотация: дәрісте көру анализаторының патологиясы, мөлдір қабық патологиясы, глаукома, дамушы сығырлық, көру мүшесінің зақымдануы туралы мәліметтер беріледі.
Кілтті сөздер: көру анализаторы, мөлдір қабық, көзбұршақ, глаукома, дамушы сығырлық, көру зақымдануы. Жоспары: Мөлдір қабық патологиясы.
Мөлдір қабықтың ауытқулары. Мөлдір қабықтың дамуының ауытқулары сан алуан сипатта болуы мүмкін. Мұндай ауытқулардың екі тобы ұшырасады: мөлдір қабық пішіні мен көлемінің ауытқуы; мөлдір қабықтың мөлдірлігінің туа біткен өзгерістері.
Бірінші топқа кіші мөлдір қабықты (микрокорнеа), сондай-ақ кератоконус пен кератоглобусты жатқызады. Мөлдір қабық пішіні ауытқуында көбіне көру өткірлігі төмендеп, дұрыс емес астигматизм пайда болады. Көру өткірлігін көзілдірікпен түзету арқылы арттырады. Қатты контактілі линзалар көбірек тиімді болып табылады. Егер түзету мүмкін болмаса, мысалы, айқын кератоконус кезінде, онда пластикалық ота (кератопластика) жасайды.
Мөлдір қабықтың туа біткен мөлдірсіздігі ананың сырқаттануына байланысты (мерезбен, созбен, токсоплазмозбен, туберкулезбен т.б.) эмбриогенез кемістігінің нәтижесі болып табылады. Мөлдірсіздік әдетте диффузды сипатта болады, ортада терең орналасады, оның үстіндегі эпителий тегіс әрі жылтыр. Бала өскен сайын мөлдірсіздік азаюы немесе толық жойылып кетуі мүмкін, сондықтан мөлдір қабықты күшті қоректендіру отыру арқылы консервативті емді ғана қолданады. Егер бала 3 жастан асқан соң мөлдірсіздік жойылып кетпесе, онда пластикалық ота жасалады.
Кератиттер. Кератиттер барлық көз ауруларының шамамен 10% құрайды. Әдетте ол медициналық қызметкерлердің ғана емес, айналадағы адамдардың да әдеттегі қарауында оңай байқалады. Бұл қабыну ауруларында мөлдір қабықтың барлық қасиеттерінің, негізінен, мөлдірлігі мен айналылығының өзгеруімен байланысты. Әдетте науқастар жарықтан қорғануға, блефроспазмға, көзден жас ағуына, көзде бөгде зат тұрғандай сезінуге, көбіне ауырсынуға шағымданады. Біртіндеп мөлдір қабық өзінің мөлдірлігін, айналылығын, жылтырлығын, сфералылығын, сезімталдығын жоғалтады, көбіне көру өткірлігі төмендейді. Мөлдірсіздену оның ісінуі нәтижесінде пайда болады, жылтырлықтың жоғалуы эпителийдің тұтастығының бұзылуына байланысты болады. Сондай-ақ мөлдір қабықтағы патологиялық процестерде тамырлар пайда болуы мүмкін. Олар ағаш тәрізді бұтақталып, өзара қосылып кетеді. Тамырлардың пайда болуы бір жағынан, қорғану актісі болып табылады, себебі, олар инфильтарттың сорылуына әкеледі, бірақ, екінші жағынан, мөлдір қабықтың мөлдірлігінің төмендеуі көрудің нашарлауына әкеп соғады.
Көзбұршақ патологиясы. Көзбұршақтың кез келген мөлдірсізденуін катаракта деп атайды. Барлық катаракталар туа біткен және жүре пайда болған болып бөлінеді. Туа біткен катаракталар түрлі сипатта болуы мүмкін (тұқым қуалаушылықпен біткен, жатырдағы патология салдарынан, жүкті әйелдердің гипотиреозынан). Сондай-ақ катаракталарды орнығу және көру өткірлігі дәрежесіне қарай бөледі (полярлы, диффузды, қабатты т.б.).
Туа біткен катаракталар көздің туа біткен өзгерістерінің 60% құрайды. Бүйірден жарық түсіргенде немесе биомикроскопияда қарашық ортасынан диаметрі 2 мм дейін ақ немесе сұр таңба байқалады. Бұл полярлы катаракта. Ол әдетте екі жақты болады да, көру өткірлігіне әсер етпейді. Туа біткен диффузды катаракта көзбұршақтың әжептәуір мөлдірсізденуімен және көру өткірлігінің төмендеуімен сипатталады. Мұндай катаракталарға барынша ертерек ота жасаған жөн. Катарактаның қандай да бір түрі көзбұршақтың патология туындайтын даму кезеңіне байланысты болады.
Сонымен, сусамырлық катаракта сусамырмен ауыратын науқастардың 4%, оның ішінде балалардан жиі байқалады. Катарактаның пайда болуы әрдайым дерлік аурудың ауыр ағымын дәледейді. Оның патогенезі жеткілікті түрде зерттелмеген, бірақ оған рефракцияның миопияға айналып кетуі тән. Сусамыр катарактасын белсенді жалпы емдегенде ол жазылуы мүмкін. Туа біткен катаракталарды оперативті емдеу туралы мәселе баланың жасына, оның көру өткірлігіне, процесс сипатына байланысты шешіледі.