ІІ. Сурет бойынша мазмұндама. Мұнда балалар суреттің мазмұнын түсінуге үйренеді. Мазмұндаманың бұл түрін де бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады: 1. Дайын сурет бойынша мазмұндама. Мұғалім алдын ала дайындалған сурет береді, ал оқушылар сол сурет бойынша мәтін құрайды. Мазмұндаманың түрі бастауыш сыныптарда бір сюжетті бейнелейтін бір сурет арқылы да жаздырылады. Сонымен бірге бір сюжетке салынған бірнеше сурет бойынша мәтін беріп, ондағы сөйлемдерді орнын ауыстырып, ондағы оң жүйесіне қарай түзеттіруге болады.
Сурет бойынша жүргізілетін мазмұндаманың ІІ түрі – оқылған мәтінді бейнелейтін суреттер арқылы ұйымдастырылады. Бұл үшін алдымен мұғалім мәтін таңдап алады. Мәтін сюжетке құралған және жігі оңай ажыратылатындай болуға тиіс. Мәтін сыныпта нақышына келтіре екі-үш қайтара оқылады. Сонан соң оқиға желісі мен одан шығатын қорытынды сұрақ-жауап арқылы талқыланады. Әңгіменің мазмұнын балалар толық меңгерген шамада сол әңгіме бойынша қандай сурет салуға болатыны сұралады. Оқушыларға ойлануға уақыт беріледі. Олардың берген жауаптарының ішінен дұрысы таңдап алынады. Мұнда мұғалім мәтінді бейнелейтін суретті күні бұрын дайындап алуға тиіс. Бұл суретті мәтінді талдау жұмысы аяқталып, ол бойынша қандай сурет салуға болатыны анықталғаннан кейін тақтаға іледі.
Бастауыш сыныптарда сурет бойынша жазылатын мазмұндаманың мынадай түрлерін қолдануға болады: 1) орын ауыстырылып берліген сөйлемдерді сурет бойынша түзету, 2) орны ауыстырылып берілген суреттерді мәтін бойынша түзету, 3) орны ауыстырылып берілген суреттерді де, мәтіндерді де оқиғаның ретіне қарай түзету.
Кино, диафильм бойынша мазмұндама. Кино оқушылар арасында оқу-тәрбие жұмысын жақсарту жолындағы күшті құралдың біріне айналып отыр. Кино, диафильмдердің әсіресе бастауыш мектеп жасындағы балаларға әсері күшті. Кино баланың көру, есту сезімдеріне бірдей сер етеді.
Фильмдер бойынша сабақ ұйымдастыруда да балалардың зейінін сол фильмдегі оқиғаға аудару мақсатында кіріспе әңгіме айту керек. Бастауыш сынып оқушыларын экран материалдарын игертуге бірте-бірте үйреткен дұрыс. Экран материалдарын игеру де күрделі жұмыс. Бұл әсіресе бастауыш сынып оқушыларында жиі кездесетін реминисценсия құбылысына байланысты, яғни бұл балалардың эмоциясы жоғары болғандықтан, оны тежеуге шамалары келе бермейтіндіктен, олар кинодан көргендерін іле-шала ұмытып қалады, ал кейін бірте-бірте естеріне түсуі мүмкін. Сондықтан кино, диафильмдер бойынша мазмұндама жүргізуде мұндай ерекшеліктерді ескеріп (дифильмді көрсете салып, оның мазмұны бойынша мазмұндама жүргізу нәтижесіз болатындықтан), біраз уақыт өткізіп барып сұраған жөн..
Мазмұндамаға берілетін мәтіндер бірте-бірте күрделеніп отыру жағын мәтін таңдағанда мұғалім қатты ескеруі тиіс. Мәтін оның ішіндегі көріністері жағынан болсын, сөздік, синтаксистік жағынан болсын бірінен екіншісі аз-кем қиындау бола береді.
Балалардың өздіктерінен істейтін жұмыс белсенділігін арттыру үшін мәтінді бірнеше абзацқа бөліп, оның әрқайсысына жоспар пунктін беруге болады; абзацқа бөлмей, жоспар беру, мәтінді екі абзацқа бөліп жоспар бермеу; мәтін абзацқа да бөлінбеген; жоспар да берілмеген т.б. – мұндай тапсырмаларды балалардың өздері аяқтайды.
2. Шығарма және оның түрлері. Мектепте жүргізілетін шығарма дегеніміз – белгілі бір тақырып бойынша өз ойын жоспарлы түрде баяндау. Оқушы тақырып бойынша мәтінді өзінше құрап, өзінше жазады.
«Шығарма» терминнің бастауыш мектеп балаларының жұмыстарына қолданғанда, оқушылардың өмірде өз көрген-білгендерін белгілі бір тақырыпрп ауқымына түсіріп, түсінікті түрде, жүйелі әңгімелеп берулерін айтамыз. Бастауыш сыныптарда балалардың жазатын шығармаларын мынадай топқа жіктеуге болады: 1) оқушылардың оқыған яки естіген әңгімелеріне байланысты; 2) экскурсия бойынша; 3) өнер саласына (сурет, кино, қуыршақ театрының спектакльдері т.б.) байланысты; 4) оқушының өз іс-әрекетіне (ойын, еңбек) байланысты тақырыптар.
Шығармада оқушылар өз ойларын қандай көлемде көрсетуіне ерікті бола тұрғанымен, әр сыныптағы шығарма көлемінің шамасы мына сияқты: ІІ сыныпта 20-30 сөз, ІІІ сыныпта 30-60 сөз, ІҮ сыныпта 60-тан 130-ға дейін артады.
1. Оқушылардың оқыған я естіген әңгімелеріне байланысты шығарма жұмысы. Бастауыш сынып оқушыларының сөйлемді дұрыс құру дағдысын қалыптастыруда, үйде немесе сыныпта оқыған шығармалар мен үлкендерден естіген ертегі, әңгімелері бойынша сөйлеу шеберліктерін жетілдіру баланың жеке басын қалыптастыруда орасан зор рөл атқарады. Балалар естерінде қалған сөздерді пайдаланып, ойын білдіру қажетіне жұмсауға үйренеді, оны бойына сіңіреді. Шығарманың бұл түрінің тәрбиелік мәні зор.
Бұл жұмысты мұғалім алдын ала жан-жақты ойластырып, дұрыс ұйымдастыра білуі қажет. Балаларды сөйлеткенде сөйлемдері әрі түсінікті, әрі жүйелі құрылуына, өз пікірлерін білдіруге назар аударған жөн. Сонымен қатар оқушылар айтып отырған әңгімелерінен үйренген жаңа сөздерін кірістіре сөйлеуін мұқият қадағалап, осы сөздерді шығарма жазғанда да қолдануларына жағдай жасау керек.
Бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың оқыған, естіген әңгімелерінің мазмұны бойынша шығарма жаздыруды түрліше ұйымдастырып жүр: 1) оқушылар оқыған немесе естіген әңгімелерінің мазмұнын сақтай отырып, өз сөздерімен еркін шығарма жазады, 2) оқыған немесе естіген әңгімелерінің үлгісіне еліктеп, өздері ойдан шығарып жазады. Бұл – оқушының шығармашылық қиялын дамытады, тілін ұстартады. Сондықтан әсіресе алғашқы кезде оқыған, естіген әңгімелерінің мазмұны мұғалімнің көмегімен сұрақ-жауап арқылы айтылады.
2. Экскурсия бойынша шығарма жұмысы. Бастауыш мектепте сабақ беріп жүрген мұғалімдер, көбінесе шығарманы табиғат құбылыстарына, жыл маусымдарына байланыстыра жаздырады. Байқап жүргендіктен, өздері білетін таныс нәрсені баяндау қиындық келтірмейді. Мысалы, қыс мезгілін алсақ, балалардың қысқы ойны, шаңғы, коньки теуіп рахаттануы яки қардан аққала соғып, кісі жасап ойнайтын ойындарынан алатын әсерлері жөнінде шығарма жаздыруға болады.
Сонымен қатар балалар өндіріс орындарындағы еңбекпен де экскурсия жасау арқылы танысады. Мұның барлығы шығарма жазу үшін материал болып есептеледі.
Бірақ шығарма жазу дағдысына төселмеген, бастауыш мектеп балалары, әсіресе, ІІ-ІІІ сынып оқушылары бақылау арқылы жиналған материалдарын (көрген-білгендерін) өз беттерімен бірден жазып кете алмайды. Сондықтан оларға мұғалімнің көмегі керек. ІІ-ІІІ сыныптардағы шығармалардың барлығы дерлік мұғалімнің басшылығымен өткізілетін үйрету шығармалары болып есептеледі.
4.Өнер саласына байланысты шығарма жұмыстары. Көркемөнердің түрлі саласына байланысты, яғни сурет өнері, кино, скульптура т.б. бойынша шығарма жүргізу де бақылау мен байқауға негізделеді. Өнердің бұл салаларымен танысу, әсіресе суреттегі бейнеленгендерді оқу, скульптураны оқу – бастауыш сынып оқушылары үшін күрделі де ауыр еңбек. Өйткені суретші баяндап отырған сырды ұғыну кішкене балалар үшін оңайға соқпайды.
Суреттерді пайдалану жөнінде әдістемелік әдебиеттердің барлығында дерлік бірыңғай нұсақу берілген: 1) мұғалімнің кіріспе әңгімесі; 2) оқушыларға берілетін бағыт; 3) суретті оқушылардың байқап, қарап шығуы (көзбен шолу); 4) суреттің мазмұнын анықтау (ол үшін мұғалім сұрақтар қояды); 5) оқушылардың сұрақтарына мұғалім жауап береді; 6) суреттің мазмұнын мұғалімнің сұрауы негізінде баяндауы; 7) суреттің мазмұнын ашатын жоспар жасау; 8) дайын жоспар бойынша суреттің мазмұнын оқушылардың өздері айтып беруі; 9) сөздік жұмыстары; 10) дайын жоспарға сүйеніп, әңгіме айтуы; 11) жоспарын ойда сақтай отырып, әңгімелеу; 12) қажет болған жағдайда естерінде сақталған әңгімені жазу
Кинофильм, балаларға арналған спектакльдерге т,б, байланысты да шығарма жүргізуге болады.
Табиғатты суреттейтін фильмдер. Бұл фильмдер балалардың тілін дамытумен қатар, олардың байқағыштыққа тәрбиелейді. Мұғалімнің сұраулары арқылы балалар фильмінің қажетті дерлерін салыстыра отырып, ондағы өзгерістерді байқайды, байқағандарын әсерлі тілмен көркемдеп айтып беруге тырысады.
Мультфильмдер. Түрлі ертегілер, күнделікті өмір негізінде жасалған мультфильмдерді балалар қызыға қарайды, олардың мазмұнын түсінеді. Кішкене балалар мұндай фильмдерді нақты шындықтың көрінісі ретінде қабылдайды.
Мектептерде де кино көрсету арқылы шығарма жүргізу жоспары шамамен мына сияқты жүйемін өтеді: 1) фильм көрсетілер алдында мұғалім кіріспе әңгіме өткізеді, 2) фильм көрсетіледі, 3) фильмнің мазмұны талқыланады, 4) фильм қайта көрсетіледі, 5) сөздік жұмыс жүргізіледі.
Оқушының өз іс-әрекетіне байланысты шығарма жұмыстары. Оқушылардың өздері туралы және олардың тікелей қатысы бар мәселелер жөнінде жүргізілетін шығарма деп топтадық. Бұл топқа енгізілген шығармалар тақырыбы балалар үшін тартымды, өйткені мұндай балалар өздері істеген істері жөнінде жазады. Мұның алдында көрсетілген шығарма жұмыстарының түрлері мұғалімнің жетекшілігімен жүргізілетін болса, шығарманың бұл түрін балалар өз беттерімен жинаған материалдары бойынша жазады.
Шығарманың бұл түрін үйден жазып келуге тапсыруға да болады. Бұл топтағы шығармалар сипаты, мазмұны жағынан алан түрлі болып келеді. Бастауыш сынып балаларына не ұнайтынын, оларға не жақын екендігін олардың жазу мүмкіндіктері мен шеберліктерін, тіл байлығын, шығарма жазу дағдысының қалыптасу дәрежесін т.с.с. шығарманың осы түрінің қорытындысынан айқын аңғаруға болады.
Бұл шығармалар әдістемелік әдебиеттерде бақылау шығармасы деп аталып жүр. Бірақ шығарманың осы топқа енетін түрлерінің барлығын бірдей бақылау шығармасы деуге болмайды. Бұл топтағы шығармалардың ішінде үйрету мақсатында өткізілетіндері де бар. Мысалы, мереке күндері екі не үш күндік демалыста немесе жазғы. қысқы, көктемгі каникулдарда балалардың көрген қызықтары, ойындары, қайда барғандары жөнінде шығарма жаздыратын болса, мұғалім бұл шығарманың жоспарын алдын ала жасап, балаларға таныстырады, оған байланысты түрлі тапсырмалар беріп, орындатады.