Дәрістер тезистері


Дәріс 10 (дәріс тақырыбы) Әдебиеттік оқу сабақтарында оқушылардың шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыру



бет18/23
Дата23.12.2023
өлшемі151,23 Kb.
#198783
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
Байланысты:
Жаңартылған мазмұндағы Ә.о әдістемесі (дәріс)

Дәріс 10 (дәріс тақырыбы)
Әдебиеттік оқу сабақтарында оқушылардың шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыру


Негізгі мәселелер:

  1. Шығармашылық туралы түсінік.

  2. Әдебиеттік оқу сабақтарындағы шығармашылық жұмыстар.

Шығармашылық – ойлау қабілетінің ең жоғарғы қасиеті. «Шығармашылық» сөзінің төркіні этимологиясы «шығару», «ойлап табу» дегенге келіп саяды. Демек жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек. Мектепте білім беру ісіндегі басты бағдар оқушылардың тек шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту және оларды шынайы өмірдегі дара тұлға етіп әзірлеу. Мектепте шығармашылық жұмыстарды өткізу оң нәтижеге бастайтынын тәжірибе дәлелдеді. Мұғалімнің кез келген сабағы шығармашылық сипатта өткізіліп отырса, оқушы дербестігінің қалыптасуы жоғары деңгейге көтерілері сөзсіз.
Әдебиеттік оқусабақтарында ұйымдастырылатын шығармашылық жұмыстар: өлең құрастыру, кейіпкерге мінездеме беру, Мәтін құрастыру, Мәтін бойынша сурет салу, шығарманы сахналау, реферат,баяндама, шығарма жазу.
Көркем мәтін бойынша дамытыла жүргізілетін шығармашылық жұмыстардың түрлері:
а) автор стиліне жақындап, еліктей отырып шығармашылық жұмыс жүргізу,
ә) көркем мәтін ішіне авторлық идеяға, оқиғаға, кейіпкерлер табиғатына өзгеріс әкелмейтіндей «өз мәтінін» енгізу,
б) кейіпкерлердің мәтінде жоқ монолог диалогын жазғызу,
в) мәтіндегі кейіпкерлердің портретін өзі жасау , тура мінездеуді толықтыру,
е) автордың шығармасындағыдан басқадай тың көркемдік шешім табу, оқиға құру т.с.с.
Бұл жұмыстар, біріншіден, оқылған материалды тереңірек меңгеруге мүмкіндік туғызса, екіншіден, балаларды өз беттерімен ойланып жұмыс істеуге талаптандырады. Бастауыш сыныпта ұйымтастыруға болатын шығармашылық жұмыстың негізгілері:
а) Шығарманың баяндалу түрін өзгертіп әңгімелеу, мұнда әңгіменің баяндалу түрі аз-кем өзгертіледі. Мысалы, әңгіме І жақпен баяндалатын болса, ІІІ жаққа айналдырып, керісінше әңгімелееуге болады.
ә) Оқылған шығарманың мазмұнын толық өзгертіп әңгімелеу. Жұмыстың бұл түрін үйден орындап келуге тапсыруға болады. Мұнда оқушылар әңгімедегі оқиғаға ұқсас өз бастарынан өткен оқиғаны немесе өзі қатынасқан не көрген оқиғалары жөнінде өз жандарынан әңгіме құрастырып айтады. Мысалы, “Ақылды көмекші” әңгімесін оқығаннан кейін, балалар өздерінің немесе аға, апаларының компьютермен ойнаған ойындарын әңгімелеуіне болады. ”Бауыржан Момышұлы” әңгімелерін оқығанда, әкелері мен аталарының соғыста көрсеткен ерліктері жайлы, ал Ә.Тәжібаевтың “Жерге деген құштарлық” әңгімесін оқыған кезде егістікте немесе жұмыстың басқа салаларында жан аямай еңбек етіп жүрген ата-аналары мен туған-туыстарын мақтанышпен әңгімелеп берулеріне де толық мүмкіндік бар.
Жұмыстың бұл түрі де оқыған шығарманың мазмұнын балалар толық та саналы меңгерген кезде ғана ұйымдастырылады. Мұндай жұмыс балаларды өз беттерімен ойлануға, ізденуге және шығармадағы жүйені пайдалана отырып, өздіктерінен әңгіме құрастыруға, оны құрастыру барысында талай сөздерді еске түсіріп, ішінен қажеттілерін таңдап алуға үйретеді.
б) Оқылған шығарманың мазмұнын аз-кем өзгертіп әңгімелеу. Мұнда оқушылар оқылған шығарманың аяғын өз ойынан шығарып, әрі қарай жалғастырады немесе ондағы оқиғаның арасына өз жанынан әңгіме қосып айтады. Бірақ мұнда да шығарманың сипатын ескеру қажет. өйткені кез келген шығарманы жалғастырып әкетуге де, сондай-ақ ойға келген оқиғаны қоса салуға да болмайды. Шығарманың арасына қосылған әңгіме оның мазмұнымен қабысып кететіндей болғаны жөн. Сабақ кезінде мұғалім оқушыларды сұрақ-жауап арқылы соған бағыттайды. Мысалы, М.Әуезовтың “Көксерек” әңгімесін оқығанда Көксерекке Құрмаштың қайда, қалай кездескені айтылмаған. Мұны балалардың өздері ойдан шығарып, қосуларына болады.
Олардың біреулері “Құрмаштың өзі тауып алып, ал енді біреулері атасы тауып алып келді..” деулері мүмкін. Оның қай-қайсысы да дұрыс. Осы әңгіменің басын оқушы өз қиялынан туған елес бойынша бастайды (мысалы, мына сияқты әңгіме қосуына болады: “Бір күні Құрмаштың атасы аң аулауға кетті. Ол осы жолдан олжалы қайтты. Қолында қасқырдың жаңа туған бөлтірігі бар… ). Онан әрі кітаптағы мәтін бойынша: “Ол көзін ауылға келгесін екі күннен соң ашты. Жұрт асырауға көнеді десті…” делініп, оқиғаның жалғасы әңгімеленеді. Бұл сияқты жаңадан қосылған үзінділер әңгіменің мазмұнын толықтырады және айқындай түседі. Осындай жұмыстар жүргізу үшін қандай шығармалар қолайлы болатынын алдын ала ескеріліп, іріктеліп алынады.
Оқушылар шығармаға өз ойларынан әңгіме қосуда жоғарыда мысалға келтірілгендей түрде айта алмай қалулары мүмкін. Ол үшін мұғалімнің көмегі керек. Мысалы, осы әңгімедегі “Кейде сондай жерде ұсталып, таяқ та жейді” деген сөйлемнен кейін, мұғалім сұрақ қою арқылы (мысалы, Көксерек қандай жағдайларда ұсталып таяқ жеді деп ойлайсыңдар?) оның таяқ жеу себептерін айтқызады.
Осылайша сұрақ қойып, оған жауап алу арқылы оқушыларға өз ойларынан әңгіме құрастыртып, оқытып отырған мәтін мазмұны айтқызылады немесе оқушылар осы шығарманың мазмұнына ұқсас әңгімені өздері айтуы да мүмкін. Мұндай жұмыстар арқылы оқушылар өз ойларын, қиялын дамытуға мүмкіндік алады, оқығандарының мазмұнын ат үсті, шала ұғынып қалмай, ондағы әңгімеленген оқиғаның мән-жайын ойлана, толық саналы түрде қабылдайды. Сонымен қатар олар кітапта жазылмаған жағдайларды да (сол оқиғаның туу себебі немесе барысындағы түрлі жағдайларды да) көз алдарына елестетеді.
в) Оқылған шығарманың мазмұны бойынша сурет салу. Жұмыстың мұндай түрі шығармадағы оқиғаны нақтылай түседі. Оқылған мәтіннің мазмұны бойынша сурет салуға да немесе пластилиннен түрлі бейнелер жасауға да болады. Бастауыш мектеп жасындағы, әсіресе І сыныптағы балалар әдетте сурет салуға әуес келеді. Бірақ олар өздерінің салған суреттеріне сын көзбен қарайтындай дәрежеге жете бастаған кезде, сурет салудан бірте-бірте бас тарта бастайды. Дегенмен олардың көпшілігі оқылған мәтінге қарай суреттер салуға болатынын ойлап, дұрыс таба алады. Ол үшін алдымен шығарманың белгілі бір бөлімі (егер шығарма көлемді болса) оқылады. Сонан кейін осы оқылған әңгіме бойынша қандай сурет салуға болатынын ойлануға уақыт беріледі. Оқушылар 2-3 минут ойланғаннан кейін, олардың қандай суреттер ұсынатыны сұралады. Егер балалардың біреуі қате айтса, қалғандары оны түзейді, ал ол қатені түзетуге балалардың шамасы келмесе, мұғалім сұрақ қою арқылы көмектесіп отырады.
Мазмұны бойынша суреттер ойластыру үшін де кез келген мәтін ұсынуға болмайды. Мәтіннің сюжетінің оңай-қиындығы, оның балалар өміріне жақындығы және онда айтылған оқиғаны баланың түгелдей көз алдына елестете алатын-алмайтыны сияқты жағдайлардың барлығы жан-жақты ойластырыла отырып, қандай мәтін ұсынуға болатыны анықталады. Мысалы, ІІ сыныпта “Қайрат” әңгімесін оқығаннан кейін оның мазмұны бойынша, қандай-қандай сурет салуға болатыны жайлы сұралады. Әңгіменің мазмұнын бір оқығанда балалар толық қабылдауға қиналатын болса, оқулықтағы осы мәтіннің аяғында берілген сұрауларға жауап алынып, тапсырмалар орындатылады. Сонан кейін балалар әңгімедегі оқиғаны көз алдарына елесете алатындай дәрежеге жеткен кезде, осы мәтінге қандай суреттер салуға болатыны сұралады. Олар бұл мәтін бойынша төрт сурет салуға болатынын айтады.
Сыныпта сабақ үсінде мұндай суреттерді салғызып отыратын уақыт та жоқ және оны салу оңайға түспейді. Кейде олардың эскизін ғана жасатуға болады. Ал кейде сыныпта оқылған шығарманың мазмұны бойынша неше сурет салынатыны, нелер бейнелетіні ауызша ғана талқыланады да, оны орындау үйге тапсырылады немесе сыныптан тыс оқуда орындалады.
Оқылған мәтіннің мазмұны бойынша пластилиннен түрлі бейне, сурет жасау көбінесе ІІ-ІІІ және ІҮ сыныптарда іске асырылады.
Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстың бұл айтылғандардан басқа түрлері де бар. Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмысқа оқушының оқыған мәтінге байланысты іске асыратын барлық жұмыстарын жатқызуға болады (түрлі графиктер сызып, таблицалар жасап толтыру т.с.с).
“Әдебиеттік оқу” – оқулықтарында берілген мәтіндерге байланысты жүргізілетін жұмыстардың бастысы деп көпшілік мұғалімдер оның мазмұнын айтқызуды түсінеді.
Мәтіндердің қай-қайсысы болмасын, оқушыға белгілі бір деңгейде білім беретіні, олардың таным дүниесін кеңейтетіні мәлім. Алайда “мәтінді оқытып, оның мазмұнын айтайық” деген сияқты әдістер біржақты қателікке соқтырады. Өйткені оқыған мәтіннің мазмұнын қайталап айтқызу тек ес процесі (қайта жаңғырту процесі) арқылы іске асады да, ес жұмысының деңгейінде қалады. Оқушыны ойлауға жетелемейді, ал біздің қазіргі әрбір пәнді оқытудағы мақсатымыз — ойлау процесін (талдау-жинақтау, нақтылау-жалпылау, дерексіздендіру (абстракция), салыстыру) іске асыру арқылы оқушы санасында жаңа бейне жасау, яғни оның қиялын іске қосу, шығармашылығын ұштау, дамыта оқыту. Ендеше оқулықтың өзі де, оның ішіндегі материал да осы мақсатқа жету құралы ретінде беріледі. Сондықтан әрбір мәтінді оқыту барысында түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мысалы, мәтінді бөлімге бөлу, әрбір бөлімдегі басты ойды табу, мәтіндегі кейіпкерлердің сөздерін тауып оқу немесе ондағы суреттелген табиғатты, кейіпкердің оған қатысын, балаларды қызықтыратын тұстарын т.с.с.с тауып оқытудың пайдасы мол. Онда, бір жағынан, оқушылардың оқу дағдысы жетіле береді, екінші жағынан, зейіндері мәтіннің мазмұнына шоғырланады, мәтінді түсініп оқуға жағдай жасайды.
г) мәтін бойынша қорытынды әңгіме ұйымдастыру. Мұндай әңгіме балалардың оқу барысында алған әсерлері мен байқағандарын жинақтайды.
Мақсат оқушыларға автордың не айтайын дегенін тереңірек ұғындыру және оқығандарына өз көзқарастарын, пікірлерін білдіруге көмектесу.
Қорытынды әңгіме оқылған шығарманың сипатына қарай екі түрлі жолмен ұйымдастырылуы мүмкін. Мысалы: 1) балаларға белгілі бір шеңберде білім беретін ғылыми мақалаларды, очерктерді оқығаннан кейін қайталау ретіндегі қорытынды әңгіме ұйымдастырылады, оқушыларға бағыт беріліп, олардың алған білімдерінің дұрыстығы, дәлдігі байқалады, білімдері бекітіледі. 2) Көркем әдеби шығармаларды оқығаннан кейінгі қорытынды әңгіме эвристикалық сипатта құрылады, яғни шығарманың мазмұнын айту емес, оны бағалау, өзінің сын ой- пікірін айту, ондағы басты ойды анықтауға бағытталады.
Шығармадағы басты ой идеялық мазмұнмен сәйкес келе бермейді. Шығарманың идеясы – өмір құбылысын жазушының бағалауы немесе оқушы жұртшылықты белгілі бір мақсатқа шақыруы. Мысалы, “Әке арманы” (М.Әуезов) шығармасындағы басты ой Абай жөнінде, ал оның идеясы сол кездегі халықтың қараңғы тұрмысын, теңсіздікті т.б. көрсету.
Қорытынды әңгімеде себептік байланыстарды тапқызу, оқылып отырған шығарманы басқа шығармалармен салыстыру, ондағы нақты құбылыстарды байқату, оларды қосып жалпылату, абстракциялату т.б.с.с. жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, С.Жүнісовтің “Сақау бәтеңке” әңгімесі неліктен осылай аталған? Бұл әңгімені басқаша қалай атауға болар еді? Сен киімдеріңді қалай күтесің? т.с.с.
Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстың бұл айтылғандардан басқа түрлері де бар. Айталық, шығарманы рөлге бөліп оқып, оның мазмұнын әңгімелегенде де рөлге бөліп айтуды ұйымдастыру. Мысалы, І.Жансүгіровтің “Шәркей” әңгімесінде бір оқушы автордың, екінші Шәутеннің, үшіншісі апасының сөзін оқиды. Бұл әңгіме жөнінде оқушыларды сөйлеткенде де осы әдісті қолдануға болады.
Сонымен шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін жұмыстардың барлығы да балаларды өз беттерімен ізденуге үйретіп, ақыл ойы мен дүниетанымын кеңейтуге, тілін дамытуға септігін тигізеді.
Оқушыларға осындай тапсырма бергенде олар суреткер жасаған көркем әлемге өзінің «кішкене әлемін» қосады. Әдеби шығарма да жүректен шығып, жүрекке жетеді.Осылай жазылған шығармашылық жұмыстар жанды, шынайы болып, шәкірт бойындағы шығармашылық қиял, дарын, қабілет бастауы ашылады.






11



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет