Дәрістер тезистері


Дәріс 3 (дәріс тақырыбы) Оқу дағдысының сапасы және оны жақсарту жолдары



бет3/23
Дата23.12.2023
өлшемі151,23 Kb.
#198783
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
Байланысты:
Жаңартылған мазмұндағы Ә.о әдістемесі (дәріс)

Дәріс 3 (дәріс тақырыбы)
Оқу дағдысының сапасы және оны жақсарту жолдары.
Негізгі мәселелер.
1. Әдебиеттік оқудың түрлері.
2. Оқудың сапалары, оларға қойылатын талаптар.

Әдебиеттік оқудың түрлері екіге бөлінеді: дауыстап оқу, іштен оқу. Дауыстап оқу көбінесе І-ІІ сынып оқушыларына тән болады. Бірақ І сыныпта іштен оқытуға болмайды деген ұғым тумасқа тиіс. Іштен оқу І сыныпта-ақ басталады. Дегенмен І сыныпта оқушының даусын қойып үйренуі үшін көбіне дауыстап, хормен оқиды. Содан былай қарай, оқудың бұл көрсетілген екі түрінің екеуі де бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі. Балалардың дауыстап оқуы арқылы алған дағдылары іштен оқуға тасымалдана береді (І-ІІ сыныптан бастап дауыстап оқылған материалдар іштен оқуға беріледі), ІІІ сыныпта жаңа материалдар алдын ала дайындық жұмыстарынан кейін іштен оқуға тапсырылады. Мұнда мәтін мазмұнын оқушылардың түсінуін қамтамасыз ететін түрлі тапсырмалар беріледі: мәтінге сурет ойластыру, тақырып табу, бөлімдерге бөлу т.б. ІІІ-ІV сыныптарда іштен оқылған мәтіндерге балалардың түсінген түсінбегендерін түрлі сұраулар қойып, жауап алу арқылы немесе мәтін мазмұнын айтқызу арқылы, мәтіннен кейбір сөздерді тапқызу арқылы т.б.с.с. тексеріледі. Оқудың бұл түрлерінің екеуінде де дұрыс оқу, шапшаң оқу және түсініп оқу талаптары орындалуға тиіс. Дауыстап оқуға бұларға қосымша мәнерлеп оқу талабы қойылады. Бұл талаптар бір-бірімен тығыз байланыста іске асады. Өйткені түсінбей, мәнерлеп оқи алмайды, ал дұрыс оқымаса, түсінбейді.


Оқу сапасы дұрыс, саналы (түсіну), мәнерлеп және шапшаң оқу болып бөлінеді.
Дұрыс оқудың негіздері алғашқы оқу-жазуға үйрету кезінде-ақ қалана бастайды. Осы кезде мұғалім әрбір жеке сөзді балаларға жеке әріптеп оқытпай, буындап оқуға жатықтырғаны жөн, бірақ мұнда балаларды сөздің сыртқы түрін ғана меңгеріп, мағынасын жаңылыс ұғынудан немесе тіпті түсінбей оқығанда қателессе, дереу түзетіп, оған қиын тиген сөздерге талдау жасап отырудың дұрыс оқуға дағдылану үшін пайдасы зор. Бастауыш сынып оқушыларының оқу сабақтарында жіберетін қателерін топтап көрсетсек, төмендегідей:

  1. Әріп, буын немесе сөз қалдырып кетіп оқушылық.

  2. Кейбір буындарды, сөздерді екі рет қайталап, ежелеп оқитындар.

  3. Тілі келмегендіктен немесе әдеттеніп кеткендіктен бір әріпті екінші әріппен алмастырып (онда-оңға, күзет-күжет т.с.с.) оқиды.

Мұндай кемшіліктерді мұғалім алдын ала есепке алып, түзету жолдарын ойластырады. Тәжірибелі мұғалімдер оқушыларды дұрыс оқуға үйрету үшін мынадай жұмыстар ұйымдастырады:

  1. Оқушыны кітап оқуға жаттықтырып, дағдыландырады. Мұндай жаттықтыру жұмысының түрлері әр қилы. Бірде оқулықтың өзінен әр оқушыға арнаулы тапсырмалар береді; екінші бір жағдайда карточкалар жасап, соларды әрқайсысына оқытып дағдыландырады; енді бірде дидактикалық материалдар пайдаланады.

  2. Осындай жұмыстарды орындау үйге де тапсырылады.

  3. Қате оқыған сөздерді буынға бөліп оқытады немесе тақтаға буындап жазып көрсетіп, дұрыс оқуды талап етеді, ол сөзге талдау жасайды, түрлі схемалар, сызықтар бойынша мәтін ішіндегі сөздерді тауып, топтап, жіктеп жазу т.б.с.с.

  4. Қате оқыған сөздерді қайта оқыттырады.

  5. Қате оқыған жерін сыныпта тыңдап отырған оқушыларға түзеттіреді.

  6. Жаңылтпаштар айтқызып жаттықтырады.

  7. Көрсеткіш таяқшаны қолданады. Бұл зейіндері тұрақсыз, немесе көздері нашар көретін оқушылар үшін пайдалы және оқып отырған сөздерінің кітап бетінің қай жерінде екеніне бағыт береді, сөзді дұрыс оқуға көмектеседі.

  8. Оқығанда орфоэпия заңын басшылыққа алып отырады.

Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де орфографиялық және орфоэпиялық заңдар бар. Ол заңдар оқушыларды дұрыс сөйлету мен дұрыс оқытуда басшылыққа алынады. Ал оқушыларға жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру үшін, сөздерді тақтаға жазып көрсету қажет болғанда, олар тек орфография ережесіне сай жазылады. Мысалы, ақ ешкі. Мұндай сөздерді оқығанда агешкі деп айту керек екенін ескертіп, мұғалім балаларды солай (ағешкі) оқытып үйретеді.
Түсініп оқу дегеніміз оқушының оқыған мәтінінің мазмұнын анық, терең ұғынуы болып табылады. Бұл әр сөздің, сөйлемнің мағынасына түсінуден, әр бөлімді логикалық, психологиялық байланыстырудан келіп ышғады. Оқығанын толық түсіну балалардың мәтіндегі басты ойды айыра алуларынан, оның мазмұнына өзінің көзқарасын білдіруінен көрінеді.
Түсініп оқуда балалардың назары шығарманың идеялық мазмұнына аударылады. Түсініп оқу барысында оқушыларда елес, ұғым, бейне, жоғары сезімдер пайда болады. Түсініп оқуды жүзеге асыруда алғашқы кезде балаларға жеңіл, өздері түсіне алатын, сюжетті мәтіндер оқытылады.
Оқушыларды түсініп оқуға дағдыландырудың бір жолы алдын ала дайындық әңгіме өткізу болып табылады. Сондай-ақ мәтін оқылмас бұрын бақылау, экскурсия жасау, тәжірибе жасау жұмыстары да түсініп оқуға жәрдем етеді. Түсініп оқуда қорытынды әңгіменің де тигізетін пайжасы мол.
Шығарманың идеялық мәні мен мазмұнын оқушыларға ұғындыру үшін сөздік жұмысын жүргізудің көп көмегі бар.
Сөйтіп, оқушыларға оқу техникасын игерумен бірге, білім, тәрбие беру, олардың жеке тұлғасын қалыптастыру, білік, дағдыларын жетілдіру мақсаты оқығанды саналы түсінгенде ғана нәтиже бермек.
Шапшаң оқу дегеніміз – мәтіндегі сөздерді қалай болса солай бастырмалатып немесе сөздердің ара жігін айырмай оқу емес. Бұл – оқығанды түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу. Мәтінді тым баяу оқыған оқушы мәтіннің мазмұнына түсінбек түгіл, бір сөйлемнің өзінде де не айтылғанын аңғара алмай қалады. Сондықтан мәтінді шапшаң оқу талабы ла маңызды болып табылады. Шапшаң оқу барысында әр оқушының оқу қарқыны әр түрлі, осыған орай, олардың бір минутта оқитын сөздерінің саны да азды-көпті өзгеріп отырады.
Шапшаң оқу баланың нерв жүйесінің типологиясына және темпераментіне байналысты. Нерв жүйесі күшті типті және холерик, сангвиник темпераментті балалар мейлінше тез оқиды, сондықтан олардың 1 минутта оқыған сөз саны әлсіз типті нерв жүйелі балаға қарағанда әлдеқайда көп болады. Минутына сөзді санына қарай ең көп оқитын холерик темпераментті (күшті тип) оқушы, онан гөрі қайтыстау оқитын сангвиник темпераментті (күшті тип) оқушы, ең баяу оқитын флегматик темпераментті (күшті тип) оқушы, ал ең баяу меланхолик темпераментті (әлсіз тип) оқушылар.
Шапшаң оқуды талап еткенде мұғалімдер мен әдістемешілер оқушылардың осындай жеке тұлғасындағы ерекшеліктерді жақсы біліп, естерінен шығармауға тиіс.
Шапшаң, дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқу бір-бірімен тығыз байланысты. Сөзді дұрыс, түсініп, белгілі бір қарқынмен оқығанда ғана шапшаң оқу талабы орындалды деуге болады.
Шапшаң оқуға жаттықтыру жұмысы барлық сабақтарда да іске асырылып отырылады. Дегенмен шапшаң оқу дағдыларын бекіту үшін арнаулы уақыт бөлу қажет. Мұндай арнаулы жұмыстың түрлерінен мыналарды атауға болады: көз бен кітап арасындағы қашықтықты дұрыс сақтау, мәтінді алдын ала іштей оқып шығу, шамамен қандай жылдамдықпен оқылуы тиіс екенін мұғалімнің өзі оқып көрсетуі; сыныпта барлық оқушыға бір мәтін беріп, оны командамен бір мезгіде бастап оқытып, бір мезгілде аяқтату (әркім келген жерін белілейді. Әр оқушының неше сөз оқығанын мұғалім өзі жүріп есептейді).
Шапшаң оқуға дағдыландырудың тағы бір түрі – сыныпта дауыстап оқу. Мұндай жұмысты орындатқанда мұғалім оқушыларды тақтаға біртіндеп шығарып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады (кейде әрқайсысына әр түрлі мәтін, кейде бір түрлі мәтіннің өзін беруге де болады).
Шапшаң оқуға оқушыларды жүйелі түрде күнбекүн оқыту арқылы ғана дағдыландыруға болады. Шапшаң оқу оқушылардың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне де байланысты. Мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің қалай жетілгенін байқау үшін оқушыларға мәтінді хормен де, жеке-жеке де оқытып көреді. Айтылуы қиын жаңылпаштарды қайта-қайта айтқызып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді.
Мәнерлеп оқу дегеніміз— дауыс интонациясы арқылы автордың ойын білдіру, мазмұндық ой екпінін дұрыс қоя білу, ақырында оқығанды түсініп, кейіпкердің көңіл-күйін сезіне оқи білу.
Мәнерлеп оқуда басты 3 міндет орындалады:

  1. Оқушылар шығарманың мазмұнын түсінеді;

  2. Шығармадағы кейіпкерлер қайта жасалады;

  3. Шығармадағы көңіл-күй көрсетіледі.

Ендеше ол сезімге, қиялға әсер етеді, әркімнің көңіл-күйі көрінеді.
Оқушылар сөйлемдегі сөздердің мәнін (әсіресе, омоним сөздер), шығарманың көркемдігін және оның әсерлілігін мәнерлеп оқу арқылы байқайды.
Мәнерлеп оқу үшін әр сөздегі ойдың ара жігін ескере отырып, дауысты құбылтып, тиісті жағдайда сөздерге реңк беріп оқиды.
Мұғалім көбінесе өзі мәнерлеп оқу арқылы оны оқушыларға үйрете алады. Мәнерлеп оқуды радио мен теледидарды, үнтаспаны кеңінен пайдалану арқылы да үйретуге болады.
Мәнерлеп оқуды үйрету үшін әр мұғалім оқу сабағына немқұрайды қарамай, жан-жақты дайындалуы керек. Ол үшін мұғалім қандай мәселені жете білуге тиіс? Мәнерлеп оқуды дұрыс ұйымдастыру үшін, оқушы сөйлемді немесе мәтінді оқығанда, қалай дем алу керек, дауыс қалай шығуға тиіс, дикцияның қандай болуы қажет – осының барлығын мұғалімнің өзі айқын білгені жөн. Өйткені мәнерлеп оқу үшін кеуде қуысына толған ауаны орынды пайдаланып, дұрыс дем ала білудің мәні зор. Өкпедегі ауаны сарықпай, оқу процесінде үнемі дер кезінде дем алып, ауаны керегінше жұтып және оны өкпеден шығарғанда үнемдеп отырған оқушы ғана мәнерлеп дұрыс оқи алуына жағдайы бар.
Мәнерлеп оқу дауыстың өзіне де қатысты. Дауыс неғұрлым таза, күшті шықса, оқу да мәнерлі болады. Ол үшін әр оқушы өз дауысын күте білуі қажет. Дауыс желбезегіне онша күш кетірмеу, суық күндерде далада азырақ сөйлеу, суыққа шалдықпау – дауыс күші мен оның тазалығын, үнін сақтаудың басты шарты.
Дауыстың өзіндік белгілері бар: күші жоғарылығы, қарқыны (шапшаңдық), тембрі (құбылуы). Мәселен, “Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы” деген сөйлемді оқығанда, “оқу“, “білім”, сөздері көтеріңкі дауыспен, ал “білім бұлағы”, “өмір шырағы” сөздері жай, баяу дауыспен айтылады. Сөйегенде адам бірде баяу, бірде жай сөйлейді. Бұлар әр адамның дауыс қарқынына байланысты. Мұғалім жаттығу арқылы өз даусының қарқынын анықтай алады. Ол жылдам сөйлеуден аулақ болғаны жөн. Егер жай сөйлей алмайтын болса, жаттығуы қажет.
Дауыстың тыңдаушыға әсерлі болуы тембріне (құбылуы) байланысты. Құбылта оқу, дауыс ырғағын келтіре оқу да жаттықтыру, дағдыландыру арқылы қалыптасады. Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Сөйлеушінің ашық, анық, айқын айтуы, соның айтқанын ұғуға, оның әсерлі болуына ықпалын тигізеді. Дикциясында ақау болса, оны арнаулы жаттығулар арқылы түзету қажет. Дикциядағы кемшілік – сөйлеу мүшелеріне дұрыс жұмыс істете алмаудың салдары. Сондықтан да сөйлеу мүшелерінің дұрыс қызмет атаруын қадағалау керек. Мәнерлеп оқу үшін орфоэпия заңдарын сақтап, сөз екпінін дұрыс қойып оқуға тиіс (шекара деп айтпайды, шегара деп айтады т.с.с).
Мәнерлеп оқуда зор рөл атқаратын — интонация. Интонация дегеніміз сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады : сөз бен ой екпіні, сөйлеудің қарқыны, ритмі (ырғағы), кідіріс (пауза), сазы.
Интонация жайында анығырақ түсінік беру үшін оның кейбір элементтеріне арнайы тоқталайық.
Сөз екпіні және ой екпіні. Сөз екпіні фразалық екпін, ал ой екіпіні — логикалық екпін. Сөйлемді айтқанда я оқығанда, оның ішіндегі сөздер интонация мен мағынасына, айтылу ырғағына қарай, өзара топ-топқа бөлінеді. Ол топ синтагма деп аталады. Синтагмада бір я одан да көп сөздер болады. Әр синтагмада бір сөз көтеріңкі дауыспен ерекшелене айтылады. Міне соны екпін түскен сөз дейміз.
Сөз екпіні түскен сөздер ой екпіні түскен сөздерден көп төмен айтылады. Кейде оларға екпін түсіп тұрғаны сезілмейтін кездері де болады. Бұдан шығатын қоырытынды — екпін түскен сөздердің бәрін көтеріңкі дауыспен айта бермеу керек. Тек ой екпіні түскен сөзді ғана даралай айтуға болады.
Пауза сөйлеуді сөйлемге, сөйлемді синтагмаға, синтагманы сөзге ажыратып, ара жігін көрсету үшін қолданылады. Сонымен қатар пауза сөздердің басын біріктіріп, бір синтагма жасай да алады. Паузаны сақтамау оқып отырған мәтіннің мазмұнын дұрыс түсінбеуге әкеліп соғады. Мәселен, “ол үй емес” деген сөйлемді паузасыз айтсақ, айтып тұрғаным басқа деген ұғымды білдіреді, яғни ол сөзі сөйлемде үй сөзіне анықтауыш ретінде қолданылады. Ал сол сөйлемде ол сөзінен кейін пауза жасасақ, онда айтып тұрғаным үй емес, қора немесе басқа бірдеме дегенді білдіреді. Мұнда ол бастауыш қызметін атқарады.
Паузаның қиындығы мәтінде қай жерде кідіріс жасауды білу керек. Зерттеулерге қарағанда шығарманы дауыстап оқығанда оқушылардың 50 пайызы паузаны дұрыс сақтай алмайтын көрінеді. Паузаның грамматикалық, логикалық, психологиялық түрлері болады.
Грамматикалық пауза тыныс белгілерін дұрыс сақтауға байланысты. Алайда оның сақталмайтын кездері де болады. Мысалы, қыстырма сөздегі үтірді сақтамайтын ситуация да кездеседі (Мүмкін, Әлия болар).
Логикалық екпін тіркестің мағынасын тез түсіну үшін жеке сөзді немесе бір топ сөзді бөліп оқу. Мысалы, бастауышты баса оқу керек болғанда (қуанышты хабар жер жүзін дүр сілкіндірді). Немесе тұрлаусыз сөйлем мүшелерін бөліп көрсету қажет болса, (Еділдің теңізге құятын жерінде Астрахан қаласы бар) т.б.
Психологиялық пауза мәтінде немесе тіркесте бір бөлікті басқаларынан ерекше бөліп көрсету үшін әсіресе, эмоцияны білдіретін жерлері баса оқылады. Мысалы, 2-сыныптағы Ш.Смаханұлының “Тәкаппар” мысалында: “Мөлдір суым, мекенім, Енді қайтсем, жетемін!? Қадіріңді білмедім, Неге шалқып жүрмедім!?” жолдары өте бір өкінішті күймен оқылады.
Паузаға үйрету 1-сыныптан бастап жүргізіледі. Мұның екі жолы бар: 1) Оқушы мұғалімге еліктеу арқылы үйренеді;
2) арнаулы жаттығулар арқылы үйретіледі.
Көркем шығарманы мәнерлеп оқу үшін, онымен алдын ала танысып, сонан соң оқығанда ғана автордың идеясын жеткізе оқып шығуға болады. Көркем шығармада адам психологиясы жан-жақты суреттеледі. Оны өз мәнінде тыңдаушысына жеткізу үшін, мұғалім оқитын мәтіндегі қай сөздің, сөйлемнің қандай мағынаны, қандай көңіл-күйді білдіретінімен алдын ала таныс болуға тиіс.
Міне, осы сияқты жәйттерге көңіл бөліп, дайындық жұмыстарын жүргізген мұғалімдер ғана оқушыларды мәнерлеп оқуға үйрете алады.
Оқуға үйрену барысында оқушының білігі мен дағдысын былайша бағалауға болады:

  1. Баяу, бірақ дұрыс, түсініп, мәнерсіздеу оқиды;

  2. шапшаң, мәнерсіз, сөзді бұрмалап, түсінбей оқиды;

  3. шапшаң, дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқиды;

  4. орташа қарқынмен, дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқиды;

  5. өте баяу, бірқалыпты, дұрыс, түсініп, мәнерсіз оқиды.





4-5



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет