Жұмбақтар бойынша жұмыс, негізінен, оның шешуін табу бағытында жүргізіледі. Ол үшін нәрселерді, құбылыстарды жұмбақтап айтылған белгілеріне қарай, іздестіру жолымен табу әдісі ұсынылады. Мұндай жағдайда жұмбақталған нәрсенің жалпы қай салаға жататыны, қандай бағытта ізделетіні айтылады. Мысалы, “іздесем, ізі жоқ, бауыздасам қаны жоқ” жұмбағын шешу керек делік. Бұл нәрсені өзеннен, көлден іздеу керектігі, оның суда болатыны ескертіледі. Мұндай бағыт берілмеген жағдайда балаларға қиындық түседі.
Ал жұмбақтың құрамындағы метафоралық бейне сол жұмбақталған нәрсені іздестіріп табу барысында өзі-өзінен ашылады. Мысалы, жоғарыда айтылған жұмбақты шешу барысында өзен, көлде болатын нәрселер іздестіріледі. Балалар бірден суда болатын балық, бақа-шаян сияқтыларды айтады. Олардың ізі болмағанымен қаны болатыны, ал біздің жұмбағымыздағы нәрсенің қаны да, ізі де жоқтығы айтылады.
Жұмбақтың шешуі табылғаннан кейін, сұрақ-жауап арқылы метафоралық бейне ашылады. Жұмбақта қандай іс жөнінде айтылады? Мұндағы бауыздау сөзінің мағынасын қалай түсінуге болады? (қайықтың тұмсығымен су толқынын кесуі) т.с.с. Немесе “Аяғы біреу, қолы жоқ, шиыр-шиыр жолы көп” жұмбағының құрамындағы сөздердің де әуелі тура мағынасы талданады: кез келген нәрсенің салған ізінің сөйлей алмайтындығы, салған іздің сөйлеуі дегеннің не екені сұралады. Осы арқылы бұл жұмбақталып отырғанды оқу құралдарының төңірегінен іздестіру керектігі айтылып, олардың ішінде қозғалатын, жүретін қандай нәрселердің бар екені ойластырылады. Егер балалар оны таба алмайтындай болса “Оқу құралдарының ішінде қайсыларында жол бар?” деген сияқты сұрақ арқылы дәптер мен кітапта жол болатыны анықталады. Сонан соң дәптердегі сызық жолдың сөйлей алмайтыны, сөйлейтін жол —жазу екені, жазу жолын қалам, қарындаш салатыны айқындалады. Жұмбақталған қарындаштың белгілерін балалар өздері табады. Жұмбақтағы “салған ізі” дегеннің жазған жазу екенін де айтады. Осы сияқты, екі-үш жұмбақтың шешуі талданып көрсетілгеннен кейін, балалар өздері де заттың белгілерін жұмбақтап айтуға тырысады.
Баланың тілі шығып, айнала болмысты танып, біле бастағаннан-ақ сөзбен ойнай бастайды. Сөзбен ойнау арқылы ғана бала ана тілінің нәріне сусындап, сазын бойына сіңіреді. Халық ауыз әдебиеті үлгілері ішінде бала тілін дамытудағы ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі – жаңылтпаштар.