Жаңылтпаш– ерте заманда пайда болған жанр.
Жаңылтпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру; жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Жаңылтпаштың сөздері адамды жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады, қара сөз немесе өлең түрінде болады. Баланың тілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлету үшін үлкендер бала қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді жиі-жиі жаңылыстырмай айтып, жаттықтырса, кейіннен ол өз ойын толық, мүдірмей жеткізе алатын болады. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттығу арқылы бала ана тілін ардақтап өседі, онда сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой-қиялы дамып жетіледі.
Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда, я тіл келмейтін, я тіл басқа сөз қылып бұрып кететін сөздердің басын құрып, келістірілген шығарма – жаңылтпаш деп аталады.
Жалпы жаңылтпаштар балалардың тілдерін ширату, дұрыс сөйлеуге жаттықтыруда үлкен рөл атқарады. Бір жаңылтпашта қиын сөздер бірнеше рет қайталанып немесе басқа ұқсас сөздермен араластырып келулері мүмкін.
Міне, осы айтылуы қиын сөздерге ерекше мән беріліп, дұрыс оқылуы, айтылуы қадағалануы керек.
Жаңылтпаштарды ұсынуда баланың сөзді айтуда дыбыстарды шатастыруы, дұрыс айтпаған жағдайлары ескеріліп, оларды дұрыс айтуды қалыптастыру үшін таңдалып қолданылды. Жаңылтпаштардың құрамы шағын, балаға жеңіл түрлері қолданылды. Жаңылтпаштар баланың орфоэпиясын қалыптастыруда ұтымды тәсіл екені зерттеуде анықталды.
Мұнымен қоса жаңылтпаштың әрқайсысының танымдық, тәрбиелік мәні тағы бар. Демек жаңылтпаш – баланың тілін ширатудағы алғашқы сабақтар болумен қатар, оның ойына өзек, танымына түрткі болар тегеурінді құрал.
Жаңылтпашты да сабақта оқытумен қатар сабақтан тыс уақыттарда кеңінен пайдаланып, тәрбие сағаттарында, түрлі кештерде балаларды жаңылтпаш айтқызып жарыстыруға болады. Баланың жаңылтпаш айту қабілеттерімен қатар қанша жаңылтпаш білетінін байқау үшін жаңылтпаш айтысуын ұйымдастыра білу керек. Мұнда баланың жаңылтпашты қайталап айтып беруіне ғана көңіл бөлмей, берілген жаңылтпашты жаңылмай неше рет қайталағаны ескеріледі. Жаңылтпашты жаңылмай көп айтудан, оны көп білуден озып шыққан баланы ынталандырып, мадақтап, сыйлық беріп, мерейін арттырып отырған жөн.
Осылайша сабақта, сабақтан тыс уақытта мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарды жүйелі оқыта отырып, бастауыш сынып оқушылары арасында ауыз әдебиетінің ұсақ жанрларын айтудан арнайы жарыс кешін өткізуге болады. Мұндай кештер баланың мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш айтуға қызығушылығын арттырады.