Дәрістер тезистері



бет12/23
Дата23.12.2023
өлшемі151,23 Kb.
#198783
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   23
Байланысты:
Жаңартылған мазмұндағы Ә.о әдістемесі (дәріс)

Мысалдарды оқыту.
Әдеби шығармалардың басқа түрлерінен мысалдың мынадай өзгешеліктері бар:
а) аллегориямен айтылатыны.
ә) мысалда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мән болатыны.
б) оның оқылу ерекшелігі. Осыдан келіп, мынадай методикалық сұрақ туады: мысалдағы аллегорияны ашу керек пе, жоқ па? Мұндай сұраққа жауап беру үшін, мысалдың сипатын, мазмұнын, оны балалардың қалай қабылдайтынын байқап қараған дұрыс.
Бастауыш сынып оқушылары мысалды оқығанда суреттелген оқиғаның тартымдылығына қызығады, оны шындық деп қабылдайды. Сондықтан мысалды оқып шығысымен, автордың ондағы суреттеп отырған жан-жануарлары кімдердің бейнесі, оны кім деп түсінесіңдер? дегендей, сұрақ қою қателік болар еді. Өйткені жұмысты мұндай әдіспен жүргізу — оқушылардың мысалды оқығанда алған әсерлерін жояды. Сондықтан балалардың одан алған әсерлері әлсіремей, қайта күшейе түсетіндей, мысалдағы кейіпкерлердің іс-әрекетін тереңірек ұғына түсуіне жағдай жасайтын әдіс-тәсілдер қарастырылады. Ол үшін алдымен мысалдағы суреттелген оқиғаны, қатысушы кейіпкерлерді шындық, өмірде болатындай етіп түсіндіру керек. Ал мысалда суреттелгендер балаларға шындық, болмыс жөнінде қате түсінік береді, өйткені қарға, түлкі сөйлемейді ғой деген сияқтылардан қауіптенудің қажеті жоқ.Олардың сөйлемейтінін балалардың өздері де жақсы біледі, сонда да оны шындық сияқты қабылдайды. Мысалы, балалар тіпті ІV сыныптың өзінде де қылыштасу, атысу ойындарын шындық сияқты ойнайды. Олар таяқтың қылыш, найза еместігін әрине жақсы біледі, бірақ өздерінше шын найза, қылыш деп есептейді. Немесе қыз балалардың кейбіреулері әлі де қуыршақпен ойнайды, оның сөйлемейтінін біле тұра, шын кісі деп есептеп, онымен сөйлесіп отырады. Сол сияқты мысалдағы оқиғаны да бастауыш сынып оқушылары шындықта болатындай көріп қабылдайды.
Бұл айтылғаннан шығатын қорытынды: мысалдарды оқығанда көңіл қоятын жай — оқушыларға оның мазмұнын қабылдату және ондағы кейіпкелердің іс-әрекетін талдау.
Мысалдағы аллегорияны ашу жұмысын ІV сыныпта мынадай тәсілмен іске асыруға болады. Мұнда мысалда суреттелген оқиғаға ұқсас оқиға іздестіріледі. Айталық, И.А.Крыловтың “Қарға мен түлкі” мысалы оқылғаннан кейін біреудің қолындағы нәрсесін алдап алу өмірде кездесе ме, ондай әрекет жақсы ма, жаман ба… дегендей сұрау қою арқылы, ондағы негізгі ойды түсінуге жеңілдік жасалады. Кейбір жағдайларда мысалда суреттелген оқиғаға өмірде болатын ұқсас оқиға табу жұмысы мысал оқылмас бұрын, алдын ала дайындық әңгіменің барысында жүргізіледі.
Мысалдың екінші ерекшелігі — онда белгілі бір үгіт, тәлім-тәрбиелік мәні бар, қорытынды пікір болатындығы. Ол қысқа түрде мәтіннің басында немесе аяғында беріледі. Мысалы, “Қарға мен түлкі” мысалынан шығатын қорытынды мәтіннің басында берілген:
Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын,
Қошеметшілердің амалын,
Сонда да солар қайда жоқ,
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ…
Мысал оқытуда осыдай қорытынды пікірді пайдаланып, құрғақ сөзбен “Мұндай жаман мінез-құлықтан, іс-әрекеттен аулақ болу керек” деудің бастауыш сынып оқушыларына әсері шамалы болады. Ондай үгітті тіпті сол оқылып отырған мысалдан үзінді келтіре отырып айтқанда да, кішкене балалардың санасына бірден қона қояды деу қиын. Сондықтан мысал оқытуда онда айтылатын үгітті табуға тырыспай, оның кейіпкерлері мен сол кейіпкерлердің іс-әрекеті, өзара қарым-қатынасы, бір-біріне айтқан сөздеріндегі ой анық ашылуға тиіс. Осыған орай, мысалдан шығатын қорытынды пікірді оның мазмұны талданып болғаннан кейін оқуға болады. Оқығаннан кейін оның мән-мағынасын нақтылаңқырап түсіндірген дұрыс.
Мысал оқытудың үшінші ерекшелігі — оны дауыстап, дұрыс, мәнерлеп оқу тәсілінде. Мысалдағы айтылатын сөз автордың атынан айтылмай, кейіпкердің атынан баяндалатын болса, сол кейіпкердің басындағы ерекшелігіне қарай, дауыс сазы да құбылып отырады. Мысалы, “Шал мен малайды” өткенде, ол екеуінің сөзі немесе “Қарға мен түлкіде” түлкі мен қарғаның сөзі бір ырғақпен оқылмайды. Тіпті бір кейіпкердің сөзін оқу мәнері де оның қылығына қарай түрлене береді. Шалдың: “Бауырым, түгеншежан, айыршы!” дегені жалынышты үнмен оқылса, “Әумесер, ақылың жоқ, ит доңыз” — деген сөздерді жекіру, ұрсу мәнерінде, ал малайдың:
Ұрсасың неге, шалым маған, — деді, —
Сөккендей не істедім саған? — деді, —
Жазғаным менің сені аю жаудан
Айырып алғаным ба аман? — деді, —
Сөздері таңырқаған, шарасыздық сезіммен, сұраулық мән беріліп оқылады. “Қарға мен түлкі” мысалында автор сөзі бір әуенмен оқыла келе, түлкінің сөзі басталған кезде дауыс құбылып отырады. Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен автордың сөз қолдануына қарай, дауыс ырғағының құбылуы балалардың ынтасын арттырып, мысалдың кейбір жолдарын бір-екі оқығанда-ақ жаттап алуларына жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, мысалды төмендегідей жолдармен оқытуға болады:

  1. Оқылатын мысал жөнінде мұғалім алдын ала әңгіме өткізеді; онда балаларға түсінігі ауырлық келтіретін сөздердің (сол мысалдың ішінде кездесетін) кейбіреулерін кірістіре отырып, олардың мағыналарын аша кетеді.

  2. Мұғалім мысалды әуелі нақышына келтіре, өзі оқиды, сонан кейін оқушыларға оқытады.

  3. Мысалдың мазмұны талданады.

  4. Мысалдың кейбір жерлерінен үзінді келтіре отырып, ондағы негізгі ойдың не екені қорытындыда әңгімеленді.

  5. Мысалдың мазмұнына ұқсас өмірде кездесетін іс-әрекеттерден мысалдар келтіріледі.

  6. Мүмкіндігіне қарай рөлге бөліп оқытылады.

Бірақ мұнда мысалдағы бір сөздің өзін (автор сөзі, мысалы, “дейді”-ні біреуі т.с.с.) бөліп-бөліп бытыратып, мысалдың берекесін кетіріп, түсініксіз жасап, рөлге бөлудің пайдасы жоқ.
Бұл көрсетілгендер өзгеріссіз осы күйінде үнемі сақталып отырылсын деген ой тумасқа тиіс. Өйткені мысалдың мазмұны мен сипатына қарай, бұл айтылғандардың кейде қысқартылуы немесе толықтырылып отырылуы да мүмкін. Дегенмен мысал оқытуда негізінен осы ұстанымды ұстанған жөн.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет