Дәріс 6 (дәріс тақырыбы)
Әртүрлі жанрдағы шығармалармен жұмыстың негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері. Жұмбақ, жаңылтпаш пен мақал-мәтелдерді оқыту.
Негізгі мәселелер:
1.Бастауыш сыныптарда ертегі оқытудың ерекшелігі.
2.Ертегіні оқытудағы әдіс-тәсілдер.
3.Жұмбақ дегеніміз не?
4.Жұмбақтардың қандай ерекшелігі бар?
5. Мақал-мәтелдерді оқыту жолдары.
6.Мақал-мәтелдердің оқулықтарда берілу жайы.
7. Жаңылтпаштардың тіл ұстартудағы маңызы.
Бастауыш сыныптардағы оқу бағдарламасы біраз көркем әдеби шығармаларды қамтыған. Әдеби шығарма, түрлі бейнелер, олардың іс-әрекеті арқылы өмірді түсінуге көмектеседі. Жазушының идеясы, көңіл-күйі шығарманың мазмұны арқылы оқушыға беріледі, сөйтіп, оларда алуан түрлі сезім, ой туғызады, дүниеге көзқарасын қалыптастырады.
Көркем әдеби шығармалардың мұндай ерекшеліктері бастауыш сыныптарда олардың әдістемесін қажет етеді.
Ертегі – әдебиеттің негізгі жанрының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, фольклорлық көркем проза. Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем эстетикалық рөл атқарады. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі қызметтен шығады. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – көрінісін барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек, ертегі шындыққа бағытталмайды, ол ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды. Ертегілерге тән ең маңызды ерекшелік балаларға дарытар үлгі-өнегесі болып табылады. Әлемдегі барлық халықтардың ертегілері үлгі аларлық өнегеге толы. Ертедегі өнеге балаларға түсіндірумен, үйретумен меңгерілмейді, ол айшықты бейнемен, сенімді әрекеттермен беріліп, баланың сенім дүниесіне әсер етеді. Қайсыбір үлгі боларлық тәжірибе тындаушы санасында өздігімен қалыптасады. Ертегінің педагогикалық тиімділігінің бастауы да, міне, осында.
Ертегілерді оқу арқылы балалар қарапайымдылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, адалдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Ертегінің тілі түсінікті, қанатты сөздер мен бейнелі тіркестерге бай болып келеді.
Ертегі идеясын оқушыға дұрыс меңгерту үшін төмендегі әдіс-тәсілдерге баса назар аударылуы тиіс.
а) Ертегіні ауызша баяндау;
ә) Ертегіні рөлге бөліп оқу;
б) Ертегі кейіпкерлеріне мінездеме беру;
в) Ертегі мазмұнына сай сұрақтар қою;
г) Ертегі мазмұны бойынша ой қорыту;
д) Ертегі мазмұнын ішінара өзгерту;
е) Ертегі мазмұны бойынша сюжеттік сурет салу;
ж) Ертегіні сахналау;
з) Ертегі мазмұны бойынша мульфильм, кинофильмдер көрсету.
Ертегілерді оқуда мыналар ескерілуі қажет:
Ертегіні оқу барысында «бұл ойдан шығарылған, өмірде кездеспейді» деудің қажеті жоқ, балықтың, жан-жануарлардың сөйлемейтінін балалардың өздері де біледі, бірақ ертегідегі оқиғаға сеніп, оның кейіпкерлерінің іс-әрекетіне бірде қайғырып, бірде қуанып, қиял көгіне көтеріледі, көңілденеді, қиялдау оларды армандауға үйретеді.
Оқушыларды кейіпкерлерге қарапайым мінездеме беруге үйретуде де ертегілердің пайдасы мол. Ертегі кейіпкерлеріне берілетін мінездеме әдетте бір-екі айқын белгілерді көрсетсе де анық түсінікті болып келеді.
Қара сөзбен жазылған ертегілер мәтінге жақын үлгімен мазмұндалады. Кейде ертегіні оқымай-ақ, мұғалім оның мазмұнын қызықты етіп, қысқаша айтып береді.
Ертегі оқушыларды жоспар жасауға үйрету үшін де өте қолайлы. Оны бөлімдерге бөлу, ат қою, қандай суреттер салуға болатынын анықтау т.б. осындай жұмыстарды 2-3 сынып оқушылары орындай алады. Ал 4-сыныпта ертегіге өз беттерімен жоспар жасау тапсырылады.
Жануарлар туралы ертегілерді оқығанда дайындықтың онша керегі жоқ.
Кейбір ертегілерді сахналап, қуыршақ жасатып, сыныптан тыс сабақтарда балаларға орындатуға болады.
Ертегінің композициялық ерекшеліктерін қарапайым түрде бақылау жүргізіп үйрету жұмыстары да үнемі іске асырылып отырғаны жөн.
Ертегілерді балалар қызыға оқиды, олардың мазмұнын бір оқығанда-ақ игереді. Сондықтан бірқатар ертегілерді оқығанда жалпы идеясын ғана әңгілеп, мазмұнын үйден оқуға тапсыруға да болады.
Оқулықтарда жұмбақ, мақал-мәтелдердің көпшілігі мәтіндердің аяғында беріледі, сонымен қатар, бастауыш мектепке арналған жұмбақ, мақал-мәтелдер жинағы жоқ болғандықтан, авторлар оқушылардың тілін ұштаудағы бұл материалдардың орасан зор маңызын еске алып, оқулықтарға бірсыпыра жұмбақ, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар енгізген. Бұл материалдар бір мезгілде, бір кезеңде ғана оқылмайды. Мұғалім қандай да болмасын бір мәтінмен жұмыс жасау барысында ол жұмбақтар мен мақал-мәтелдердің ішінен өтіп отырған материалының мазмұнына сай келетіндерін іріктеп пайдаланады. Немесе олардың кейбіреулерін үйге оқуға не жаттауға тапсырады. Мысалы, “Елдің ері” әңгімесін оқығанан кейін оқулықтағы мақал-мәтелдердің ішінен “Ерлік білектен емес, жүректен”, “Батыр туса, ел ырысы, жаңбыр жауса, жер ырысы”, “Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады”. Немесе И.Крыловтың “Қарға мен түлкі” мысалын оқығанда “Өзі айлакер, өзі бір қу, жүрген жері бір айқай шу” жұмбағын жаттатып, оның мәнісін түсіндіре кетудің, яғни оның жүрген жерінің неге айқай-шу болатынын сұрап, анықтай отырудың артықтығы жоқ.
Мақал-мәтелдер мен жұмбақ бір жағынан балалардың өмірге көзқарасын, ой-өрісін кеңейтсе, екінші жағынан тілін дамытып, сөздік қорын байытады.
А.Байтұрсынов бастауыш мектеп балаларына мақал-мәтел үйретудің пайдасын айта келіп, оның қысқа да дәл және халықтың тамаша байырғы тілімен қандай да болмасын табиғат немесе адам тұрмысының шындық құбылысын сипаттайтынын көрсетеді.
Мақал-мәтелдер және жұмбақтар бойынша жұмыстар жүргізу үшін, кейде сиректеу болса да жеке сабақ арнаудың да пайдасы мол. Мұндай сабақ ұйымдастыруда оларды белгілі бір тақырыпқа арнап, іріктеп топтап алады.
Мақал-мәтелдер — тәрбиелік мәні күшті, балаларды жақсылыққа баулып, жамандықтан аулақ болуға үгіттейтін өнегелі сөз. Сондықтан әр мақалдың мағынасы талданып, соған қарай белгілі бір қорытынды жасалады.
“Мақал-мәтелдер — халықтың моральдық кодексі, тәрбие теориясы, атаның артындағы ізбасарына қалдырған өнегелі өсиеті. Адамға өткен дәуір — бәрі сабақ. Заманалар тәжірибесінен сұрыпталған тұжырымдар кейінгі ұрпаққа кітап сөзіндей аса қымбат болғаны да, болатыны да осыдан”1 — дейді қазақтың халық ақыны, ұзақ жыл “Балдырған” журналының бас редакторы болған М.Әлімбаев.
Достарыңызбен бөлісу: |