Дәрістің мақсаты: жоғары мектеп педагогикасының ғылым ретіндегі және оның негізгі ұғымдары туралы білімдер жүйесін қалыптастыру.
Негізгі ұғымдар: жоғары мектеп педагогикасы, жоғары мектеп педагогикасының пәні, жоғары мектеп педагогикасының негізгі категориялары.
Дәрістің негізгі мазмұны Адам жөніндегі ғылымдар жүйесіндегі педагогиканың орны оны басқа ғылымдармен байланыстыра қарастырғанда ғана айқындалуы мүмкін. Өзінің ұзаққа созылған тарихында педагогика көптеген ғылымдармен тығыз байланыста болып, өз дамуы мен кемелденуінде олардың əрқилы ықпал-əсеріне ұшырап отырды. Бұл ұштастықтардың кейбірі тарих тұңғиығынан жалғасып келе жатса, енді біреулері-кейінгі, жақын дəуірлерде пайда болды. Педагогиканың алғашқы байланыс түзген білім салалары-философия мен психология. Бұл ғылыми «одақ» қазіргі күнде де педагогикалық теория мен практиканың кең, өрістеп дамуының алғы шарты.
Педагогиканың философиямен байланысы өте бір ұзақ та өнімді болды, себебі философиялық идеялардан педагогикалық тұжырымдар мен теориялар туындап отырды. Педагогикалық ізденістердің бағыттары белгіленді, сонымен бірге педагогиканың əдіснамалық негізі осы философиялық көзқарастардан қалыптасты. Философиялық бағыттар (экзистенциалды, прагматикалы, неопозитивистік, материалистік т.б.) жүйесін ұстануына орай педагогика зерттеушілерінің оқу-тəрбие саласындағы ғылыми-ізденіс жолы, білім беру процесінің мəні мен мағынасы, мақсаты мен технологиялық сипаттамасы айқындалады. Философия сонымен бірге педагогикалық болмыс пен нақты тəжірибені теориялық тұрғыдан түсінудің құралы ретінде қолданылып, жаңа педагогикалық тұжырымдамалар жасаудың бастау көзін береді.
Педагогиканың ежелден келе жатқан дəстүрлі де аса бір құнды байланысы жантану (психология) ғылымымен орныққан. Адам табиғатын білу, оның тума қасиеттері мен мүмкіндіктерін түсіну, тұлға дамуы мен оның жандүниелік қозғалыстарында байқалатын заңдылықтар жəне оларды басқарушы тетіктерді ескеру, сонымен бірге оқу мен тəрбие жүйесін осы психикалық заңдылық, қасиет-сапа, қажеттіктер мен мүмкіндіктерге негіздей отырып құрастыру талаптарын елеулі ғұлама-педагогтардың бəрі де алға тартып отырған. Дегенмен, ескеретін жəйт: тұлғаның дамуы мен қалыптасуын бір жақты тек психологиялық шарттармен ғана түсіндіру шынайылыққа келмейді, себебі педагогтар мен балалар өмірі табиғи заңдылықтардан кейде басымдау түсетін əлеуметтік-педагогикалық жағдайларға тəуелді келеді, тіпті сол психологиялық дүние, болмыстың өзі де арнайы қоғамдық ықпал нəтижесінде өзгеріске келуі əбден мүмкін.
Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы адамды тұлға ретінде зерттеуімен ортақ келетін философия жəне психология аймағымен шектеліп қалмайды. Оның адамды тіршіліктегі сипатында танушы анатомия, физиология, астрология жəне медицина ғылымдарымен де байланысы заңды құбылыс.
Адам дамуына ықпал жасаушы табиғи жəне əлеуметтік факторлар арақатынасынан туындайтын проблема - педагогика үшін өзекті мəселелердің бірі. Адамның жекеленген табиғи дамуын зерттеуші биология ғылымында бұл мəселе аса маңыздылығымен танылған.
Адамды табиғи жаратылыс туындысы жəне əлеуметтік болмыс жемісі ретінде қарастыра отырып, педагогика антропология ғылымындағы адам туралы білімдердің бай қорын толық пайдаланады, осыдан олардың бəрін жалпыланған адам бойында теориялық бірігімге келтірумен оның сан қырлы да көп сырлы болмысын тануға жол ашады.
Педагогиканың медицинамен байланысының нəтижесінде педагогикалық білімдердің арнайы саласы коррекциялық (реттеуші) педагогика пайда болды. Осыдан, өз дамуында тума немесе жасанды ауытқуы бар балаларға білім берудің тəсілдері анықталды. Педагогиканың бұл саласы медицина деректерін пайдалана отырып, бала деніндегі кемшіліктердің орнын толтыру мен оның қоғам өміріне толыққанды араласып кетуін жеңілдететін терапиялық құрал-жабдықтар жүйесін түзіп, қолданымға келтірді.
Сонымен бірге педагогиканың дами түсуі адамды қоғам мүшесі ретінде, оны əлеуметтік қатынас, байланыстар жүйесінде зерттеуші ғылымдарға да тəуелді келеді. Сондықтан да осы заман педагогикасының əлеуметтану, экономика, саясаттану жəне басқа əлеуметтік ғылым салаларымен тұрақты да ықпалды байланысқа түсуі кездейсоқ емес.
Педагогика жəне экономикалық ғылымдар арасындағы қатынастар өте күрделі, бірақ біртекті емес. Қай заманда да экономикалық саясат қоғам білімін қамтамасыз етудің қажетті шарты болған. Осы саладағы ғылыми зерттеулерді экономикалық қолдау педагогика дамуына үлкен ықпал жасаушы факторға айналып отыр. Осы ғылымдардың байланысынан «Білім экономикасы»деген арнайы педагогика саласы дүниеге келіп, білім беру аймағын реттестіруші экономикалық заңдылықтар ашылды, олардың қоғамды сауаттандыруға байланысты ерекшеліктері зерделенді.
Педагогиканың əлеуметтану ғылымымен байланысы ежелден келе жатқан, дəстүрлі. Себебі бұл екеуін де толғандыратын ортақ проблемалар: білімді жоспарлау; халықтың əртүрлі топтары мен əлеуметтік қатарының негізгі даму бағыттарын айыра тану; əрқилы əлеуметтік орта мен ұйымдардағы тұлғаның қоғамдық кемелденуі мен тəрбиесі заңдылықтарын ашу.
Қоғам мен мемлекеттегі білім саясатының қалыптасуы əрдайым үстемдік жүргізуші партиялар мен таптардың идеологиясы негізінде түсіндіріледі; бұл тұрғыдан педагогика мемлекеттік оқу-тəрбие құралы ретінде саясаттану ғылымының заңдылықтарына сүйене отырып, адамның саяси сана субъектісі ретінде қалыптасуының шарттары мен механизмдерін белгілейді, саяси идеялар мен талаптарды игеріп, орындау мүмкіндіктерін нақтылап, ашып отырады. Сонымен қатар, этнография, демография, тарих, техникалық ғылымдармен де тығыз байланысты.
Педагогиканың басқа ғылымдармен байланыстарын талдауға сала отырып, оларды пайдаланудың келесі формалары анықталған:
– басқа ғылымдардың негізгі идеялары, теориялық болжамдары мен қорытындыларының педагогикада пайдалану;
– бұл ғылымдарда қолданылатын зерттеу əдістерін шығармашылықпен қабылдап, меншіктеу;
– психология, жоғары жүйке қызметі физиологиясы, əлеуметтану жəне басқа да ғылымдар зерттеулерінің нақты нəтижелерін педагогикада қолдану;
– адамды жан-жақты жəне көптарапты зерттеуде педагогиканың қатысуы.