Диплом жұмысы қҰрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі



бет1/4
Дата18.02.2017
өлшемі0,63 Mb.
#9895
түріДиплом
  1   2   3   4
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫ

ҚАЗАҚ ТIЛ БІЛІМI КАФЕДРАСЫ


НҰҒМАНОВА ИНДИРА
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕРДІ ЖІКТЕУ МӘСЕЛЕСІ
Жетекшiсi: ф.ғ.к., доцент Т.Н. Ермекова

Сарапшысы: аға оқытушы М.Қ. Қанабекова


Қорғауға жiберiлдi:

“__” ___________ 2007 ж.

Кафедра меңгерушiсi: _________________

ф.ғ.к., доцент Т.Н. Ермекова


АЛМАТЫ, 2007.


ЖОСПАР

І. К І Р І С П Е

ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ


  1. Құрмалас сөйлемді топтастыру мәселесі

  2. Компонент санына қарай топтастыру

2.1. Екі құрамды құрмаластар

2.2. Көп құрамды құрмаластар

3. Компоненттерінің байланысу тәсілдеріне қарай топтастыру

3.1. Салалас құрмаластар

3.2. Сабақтас құрмаластар

4. Сабақтастарды байланыстырушы амалдарының қатысына қарай топтастыру

1. Есімше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

2. Шартты рай формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

3. Көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

ІІІ ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ

Құрылымы мен мазмұны жағынан күрделі синтаксистік категорияға жататын құрмалас сөйлемдерді зерттеп, зерделеу тілтанушылар үшін оңай болмағандығы рас. Оның айқын дәлелі өткен ғасырдан бастау алатын сан салалы зерттеулер мен күні бүгінге дейін жарық көріп жатқан еңбектердің барлығында да сөйлемнің осы түріне қатысты күрмеуі қиын мәселелер мен табиғаты тылсымдау бір проблеманың шығып тұратындығында.

Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемге қатысты алғашқы пікір, тұжырымдар П.М. Мелиоранский [5], Н.И. Ильминский [6]және т.б. түркітанушылар еңбектерінде көрініс табады. Авторлардың құрмалас деп көреткен сөйлемдері бүгінгі таным тұрғысынан алғанда жай сөйлемге жататындығына қарамастан, бұл еңбектердің сөйлем табиғатын танытудағы ролін жоққа шығаруға болмайды. Түркі тілдес халықтар ғалымдары да құрмалас сөйлемдерді арнайы зерттеу нысаны етіп алып қарастырды. Олардың қатарында М.З. Закиевтің «Синтаксический строй татарского языка», А. Жапаровтың «Синтаксический строй киргизского языка», Н. З. Гаджиева, Б.А. Серебренниковтардың авторлығымен жарық көрген «Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. Синтаксис», Г.Г. Саитбатталовтың «Синтаксис сложного предложения в башкирском языке», К. Чонбашиевтың «Сложные предложения в русском и киргизском языке», Н. Нартыевтің «Строй сложного предложения в современном туркменском языке», сондай-ақ «Грамматика хакасского языка», «Грамматика татарского языка» т. т. еңбектерді атап өтуге болады. Аталған мәселе төл ғалымдарымыздың да назарынан тыс қалмады.

Қазақ тіл білімінің қалыптасып, даму тарихында оның негізін салушылар А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Жиенбаев, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев есімдері ерекше аталатыны сөзсіз. Аталған ғалымдар жалпы қазақ тіл ғылымының дамуына зор үлес қосты дейтін болсақ, соның ішінде синтаксис саласына қалдырған мұралары күні бүгінге дейін маңызын жоймағандығын атап өтуіміз керек. Синтаксистің аса күрделі де күрмеуі мол нысаны құрмалас сөйлемдерді зерттеп, зерделеу, оның тілдік табиғатын таныту мен құрылымдық-семантикалық белгілерін айқындау ісінде белгілі ғалымдар Н. Сауранбаев, М. Балақаев, Т. Қордабаев, Қ. Есенов, Р. Әмір, М. Серғалиев, Б. Шалабай еңбектерінің мәні зор.


Диплом жұмысының өзектілігі.

Қазіргі қазақ тілін мектепте, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқытудың өзіндік қиыншылықтары бар. Оның басты себебі, біріншіден, іс жүзінде бір-бірімен сабақтас, белгілі бір жүйемен оқытылуға тиіс білім беру сатыларының бағдарламалары арасында байланыстың жоқтығы болса, екіншіден, оған сәйкес жазылатын оқулықтарда берілетін материалдардың мазмұнының арасындағы елеулі айырмашылықтар. Аталған сәйкессіздік тіл білімінің барлық салаларында да орын алатындығын мойындауымыз керек. Айталық, қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың саны қанша, оған қай дыбыстар жатады деген мәселеге қатысты әр автордың оқулығынан әр түрлі жауап алуға болады. Бұл жайт бағдарламалар мен оқулықтарда берілген құрмалас сөйлемнің түрлеріне де қатысты. Сондықтан оны айқындау ісі жұмыстың өзектілігін танытады.


Диплом жұмысының мақсат-міндеттері
Диплом жұмысының мақсаты – қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдерді топтастыру. Осыған орай төмендегідей міндеттерді шешу көзделеді:

  • құрмалас сөйлемнің зерттелу тарихына шолу жасау;

  • құрмалас сөйлемдерді топтастыруда қолданылатын ұстанымдарды нақтылау;

  • әр ұстаным бойынша құрмаластарды жіктеу;

  • аталған жайттарды нақты тілдік фактілермен дәлеледеу.



НЕГІЗГІ БӨЛІМ

1. Құрмалас сөйлемді топтастыру мәселесі

Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемді топтастыру мәселесіне алғаш көңіл аударған А. Байтұрсынұлы «Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері» атты еңбегінде құрмалас сөйлемге қатысты түсінік береді [1: 300-310]. Оны сыйыса құрмаласу және қиыса құрмаласу деп бөліп қарастырады. Автордың сыйыса құрмаласу деп берген сөйлемдері (Қарабай мен Сарыбай аңға шықты) қазіргі замандағы тілдік таным тұрғысынан талдағанда бірыңғай мүшелі жай сөйлем деп танылғанымен, аталған сөйлемнің оны құрмалас сөйлеммен барабар ететіндей әлдебір тілдік заңдылықтың негізінде қалыптасқандығын жоққа шығара алмаймыз (салыстырыңыз: Қарабай да аңға шықты, Сарыбай да аңға шықты). Қиысқан құрмаластарды салалас, сабақтас деп жіктеп, салаластарды мағынасына қарай жиылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы және қойылыңқы деп бөлсе, сабақтастарды бастауыш бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы, пысықтауыш бағыныңқы деп бөледі. Құрмалас сөйлемді «күрделі сөйлем» деп атаған Қ.Жұбанов оны салалас және сабақтас деп жіктеп қарастырады [2: 231]. 1936 жылы орта мектептің 5-7 сыныптарына арналған «Қазақ тілінің программасында» құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары мен амал-тәсілдері көрсетіліп, мағыналық түрлеріне тоқталған. Құрмаласты жасайтын амал-тәсілдер салаласта: алғашқы сөйлем баяндауышы құрамындағы еді көмекші етістігі, шартты рай тұлғасы, көсемшенің –п тұлғасы, да, және, сосын дәнекерлері, сол себепті, сондықтан, сөйтіп, бірақ, сөйтсе де, я, әйтпесе, не болмаса, үйткені, неге десең т.б. жалғаулықтары, осы, сол, бұл есімдіктері; сабақтаста, негізінен, құрамында қатыстық сөздері бар шартты рай тұлғалы етістіктерге негізделген. Салалас құрмаластарды өз ішінде ыңғайлас, ереуіл, талғама, себеп-салдар, шарт жағдай деп бөледі де, сабақтастарды анықтауыш бағыныңқылы, толықтауыш бағыныңқылы, пысықтауыш бағыныңқылы деп саралайды [2: 359].

Құрмалас сөйлемді зерттеуді алғаш рет практикалық мақсатта емес, ғылыми тұрғыдан қарастырған С.Аманжолов құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас, аралас және тиянақсыз сабақтас деп төрт түрге бөліп қараса [3: 359], құрмалас сөйлемдерді арнайы зерттеген Н.Сауранбаев бұл мәселеде бірнеше пікір ұсынды: алғашқы топтастыруда құрмаластарды салалас және сабақтас деп жіктесе [4 ; 46], кейінірек салалас құрмалас, сабақтас құрмалас және іргелес құрмалас деп топтайды [5; 34-106], ал соңғы топтастыруда құрмаластарды 4-ке бөледі: салалас, сабақтас, аралас, үйірлі мүшелі сабақтастар [10; 520], С.Жиенбаев құрмаластың тек салалас және сабақтас деген 2 түрі бар екенін, ал аралас құрмаластың “өз алдына бір бөлек заңдары жоқ” екенін айтады [11;33]. Н.Сауранбаев сөйлемнің бұл түрін сабақтас, салалас, іргелес деп үш үлкен топқа бөледі. Автор құрмаластың жалғаулықсыз байланысқан түрін жеке алып «іргелес» деп қарастырады.

Аталған топтастырулардың қолданыстағы топтастырулардан елеулі айырмашылықтары болғанымен, бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда назар аударатын тұстары да жоқ емес.

Профессор Н.Сауранбаевтың “Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі” атты очергінде іргелес құрмаластар деп отырғаны – тілімізден берік орын алып, әбден қалыптасып кеткен жалғаулықсыз салалас сөйлемдер. Мұндай сөйлемдерді салаластың бір тармағы есебінде қарамай, жалпы құрмалас сөйлемнің бір түрі ретінде түсіндірген. Ондағы дәлелі – “іргелес құрмаласта салаластың да, сабақтастың да белгісі бар. Салаласқа тән белгісі - ондағы жай сөйлемдердің грамматикалық жағынан бір-бірімен тең дәрежеде құрмаласатындығы және сөйлемнің баяндауышы тиянақты қалыпты болатындығы. Ал іргелестерді сабақтастармен жақындастыратын белгі – іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан бірін-бірі сипаттап, бір-біріне тәуелді болып байланысады” [10; 27-28 ].

Сонымен бірге бағыныңқы компоненттің табиғатын сөйлем мүшелерінің атқаратын қызметімен теңестіре қараған ғалым: “Бағыныңқылар басыңқы сөйлемегі бір жай мүшенің қызметін атқарады , я соның орнына жүреді”, -дей келіп, сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерін төмендегіше жіктейді:



  1. Анықтауыш бағыныңқылы;

  1. Толықтауыш бағыныңқылы;

  1. Пысықтауыш бағыныңқылы - мұның өзі ішінара мезгіл, себеп-амал, мақсат пысықтауыш бағыныңқылар болып ажыратылған.

  2. Шарт бағыныңқылы;

  3. Қарсы бағыныңқылы;

  4. Салыстырма бағыныңқылы сабақтас.

Үйірлі мүшесі бар сөйлемдерді ғалым екі жақты түсіндіреді: егер есімшелі сөйлемдердің өзіне қатысты бастауышы болмаса, ондайларды есімше анықтауыш үйірлі мүшелі жай сөйлем дейді де (Емтихандарын уақытында өткізген студенттер демалысқа кетті), егер бастауышы болса, мұндайларды анықтауыш бағыныңқы деп түсіндіреді (Асан кітапханадан алып оқыған қызық кітап бүгін маған тиді).

Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем синтаксисі мәселесінің зерттелуін Қ. Есенов үш кезеңге бөліп қарайды [14:117]. Алғашқы кезеңге 1920-1940 жылдар аралығында жазылған А. Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов, С. Жиенбаев, Х. Басымов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, М. Балақаевтардың еңбектерін, екінші кезеңге 1940-1950 жылдары шыққан С. Аманжолов, С. Жиенбаев, Н. Сауранбаев, М. Балақаев, А. Ысқақов, Ғ. Бегалиевтердің еңбектерін, ал үшінші кезеңге 1950 жылдан кейінгі Т.Қордабаев, О.Төлегенов, А.Әбілқаев, Қ. Есенов, Х. Арғыновтардың зерттеулерін жатқызады. Бұған қоса осы тұста жарық көрген Р. Әміров, Қ. Мамытбеков[15], Ұ. Салиевалардың [16] зерттеулері де құрмалас сөйлем синтаксисін дамытуға зор үлес қосқанын атап кеткен орынды. Сондай-ақ аталған үш кезеңге қосымша төртінші кезеңді қосудың да артықтығы жоқ деп есептейміз. Өйткені Қ. Есенов көрсеткен үшінші кезеңде қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем синтаксисі ілімінде теориялық мәні зор тың тұжырымдар жасалып, зерттеулер жасалды, осы салада бұрын күңгірттеу көрінген көптеген мәселелердің басы ашылды, осы сала бойынша озық идеялы аға буын ғалымдар легі қалыптасып, олар аталған ілімді жалғастырушы жас ғалымдар легін қалыптастырды. Олардың қатарында профессорлар Қ. Есенов, Р. Әмір, Т. Сайрамбаев, Б. Шалабай және т.б. ғалымдар бар. Ал төртінші кезең тоқсаныншы жылдардың аяғы мен бүгінгі күнге дейінгі кезең тек құрмалас сөйлем мәселелері ғана емес, жалпы қазақ тіл білімі, оның ішінде грамматика, синтаксис ғылымында жаңа кезең болып есептеледі. Осы кезеңде құрмалас сөйлемге тікелей немесе жанама қатысы бар отыздан астам ғылыми диссертациялар қорғалды. Бұл кезеңде бұрын зерттеушілер назарынан тыс қалып келген құрмалас сөйлемнің интонациялық ерекшеліктері, аралас құрмаластар мен көп компонентті салаластардың құрылымдық, мағыналық сипаттары, компоненттерді байланыстырушы тұлғалардың құрмалас сөйлемнің мағыналық қатарын түзудегі ерекшеліктері т.т. мәселелерімен бірге, оны жаңа арнада функционалдық грамматика, коммуникативті синтаксистің бірлігі ретінде қарау; мәтіннен тыс, оқшау жеке-жеке қарастырылатын сөйлем емес, өзіне дейінгі, өзінен кейінгі сөйлемдермен мағыналық байланыстағы бүтіннің бөлшегі ретінде қарау, тілде даяр қалпында қолданылатын, тілдік емес ортамен байланысы жоқ оқшау категория емес, тілден тыс факторлардың да ықпалы тиетін, сөйлеу процесі кезінде қалыптасатын бірлік екендігі, жұмсалым ретіне қарай бір тұлғадағы құрылымдардың әр алуан мағынаға ие болуы немесе әр түрлі тілдік тәсілдер арқылы мәндес сөйлемдер парадигмасын түзуге болатындығы күн тәртібіне қойылуда.

Осы кезеңнің үлесіне тиетін М. Базарбаева, Б. Шалабай, Ж. Жақыпов, З. Ерназарова, Б. Сағындықұлы, К. Садирова, Б. Қапалбеков, С. Қазыбаев, С. Айтжанова, А. Фазылжанова, Б. Елікбаев және т.б. зерттеушілердің еңбектері аталған мәселеге жан-жақты қарауға ықпал етері сөзсіз. Десе де зерттеулерде құрмалас сөйлемдердің мағыналық-құрылымдық топтарына, әсіресе оны байланыстырушы формаларға, көмекші тәсілдерге басым назар аударылады да, құрмалас сөйлемдердің компоненттер сипатының жалпы сол тілдік бірлікке тигізетін ықпалы, синтаксис пен семантика арақатынасы саласының бірқатар сұрақтары әлі де зерттей түсуді қажет етеді.

Ғалым Б. Шалабай құрмалас сөйлемдерді байланыс сипатына қарай салалас және сабақтас деп бөледі де, үш немесе одан да көп предикативтік орталықтан құралған құрмаластарды көп компонентті құрмаластар деп, оны өз ішінде көп компонентті (сыңарлы) салаластар, көп бағыныңқылы сабақтастар және аралас құрмаластар деп жіктейді. Салалас құрмаластарды компоненттерінің байланысу тәсіліне қарай жалғаулықты, жалғаулықсыз деп жіктейді де, жалғаулықты салаластарды мағыналық қатынастарына қарай ыңғайлас (мезгілдес), себептес, қарсылықты, талғаулы, кезектес деп саралайды [18; 690-692]. Назар аударатын мәселе - автордың құрмаластарды, алдымен, предикатив сыңарларының санына қарай жіктеп алуы.

Ал ғалым Р. Әмірдің классификасы өзіндік жаңалығымен ерекшеленеді. Ол қазақ тілі құрмалас сөйлем жүйесіндегі үш құрылымдық түрді бөліп көрсетеді: 1. Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлемдер; 2. Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер; 3. Сабақтас құрмалас сөйлемдер. Оның ішінен іргелес салаластарды бөліп алып, оны құрылыс ерекшелігіне қарай тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер, ауыспалы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер деп топтайды да, одан әрі төмендегідей грамматикалық-семантикалық топтарға жіктейді:


  1. Мезгілдік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  2. Қарсылықтық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  3. Себептік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  4. Шарттық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  5. Теңдік қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  6. Айқындауыштық қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  7. Объектілік қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  8. Телінбе компонентті іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

  9. Ауыспалы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.

Ал жалғаулықты салалас құрмаласты өз ішінде ыңғайлас салалас, себептес салалас, қарсылықты салалас, талғаулы және кезектес салаластар деп жіктейді [19; 695-701].

Автордың көрсеткен іргелестері құрмалас сөйлем қалыптаса бастаған кездегі сөйлемдерден өзгеше сипатта, кейіннен пайда болған коммуникативтік талаптарды ескергендігінен туындағандығы айқын.

Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемдерді топтастыруда бірнеше ұстаным негізге алынды. Дәстүрлі топтастыруда құрмаластың үш түрі көрсетіледі: салалас, сабақтас және аралас. Қазіргі тілтанымда құрмаласты топтастырудың бірнеше түрі қолданылады. Алдымен, құрылымдық ұстаным бойынша, құрмалас сөйлемдерді құрамына (құрамындағы предикатив сыңарларының санына байланысты) қарай екі үлкен топқа бөліп қарастырамыз:

екі (қос) құрамды құрамаластар;

көп құрамды құрмаластар.

Екі құрамды құрмаластардың құрамындағы компоненттердің бір-бірімен грамматикалық байланысу тәсіліне қарай салалас және сабақтас деп, ал көп құрамды құрмаластарды аралас, көп компонентті салалас, көп бағыныңқылы сабақтас деп жіктеуге болады.

Сонымен, екі құрамды салалас, сабақтас сөйлемдер мағыналарына қарай төмендегiдей түрлерге бөлiнедi: Жалғаулықты мезгiлдес салалас сөйлем мен жалғаулықсыз мезгiлдес салалас сөйлем; жалғаулықты себеп-салдар салалас сөйлем мен жалғаулықсыз себеп-салдар салалас сөйлем, жалғаулықты қарсылықты салалас сөйлем мен жалғаулықсыз қарсылықты салалас сөйлем, жалғаулықсыз шартты салалас сөйлем мен жалғаулықсыз шартты салалас сөйлем, жалғаулықты салыстырмалы салалас сөйлем мен жалғаулықсыз салыстырмалы салалас сөйлем.

Үнемi жалғаулық шылау арқылы жасалатын салалас сөйлемдер: талғаулы салалас сөйлем пен кезектес салалас сөйлем.

Жалғаулықсыз салалас сөйлемге түсiндiрмелi салалас сөйлем жатады. Көп компоненттi салалас сөйлем екi не одан да көп жай сөйлемдерден тұрады. Кейде бұл сөйлемдер сыйыса айтылады.

Құрмалас сөйлемдерді баяндауышының қай сөз табынан жасалуына қарай есімді құрмалас сөйлемдер, етістікті құрмалас сөйлемдер деп бөлуге толық негіз бар. Аталған топтастырудың қай-қайсысы болмасын, қазақ тіл білімінде бірі жеткілікті, бірі аз мөлшерде болса да талданып жүр.

Синтаксис ғылымындағы жаңа көзқарастар мен соны бағыттар жалпы құрмаластарды баяндауыштарының тұлғалық ерекшеліктеріне қарай емес, қос компоненттің арасында түзілетін мағыналық қатынасты негізге алып топтастыруды теріске шығармайды. Мағыналық ұстаным бойынша құрмаластардың төмендегідей түрлері көрсетіледі: ыңғайлас мәнді құрмаластар, шарт мәнді құрмаластар, қарсылық мәнді құрмаластар, салыстырма мәнді құрмаластар, мезгіл мәнді құрмаластар, себеп мәнді құрмаластар, амал мәнді құрмаластар, мақсат мәнді құрмаластар, түсіндірмелі мәнді құрмаластар, кезектестік және талғау мәнді құрмаластар.

Сабақтастарды байланыстырушы амалдарының қатысына қарай топтастыру дәстүрі де бар. Оның алғашқысы бойынша сабақтастар:



  1. Есімше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер;

  2. Шартты рай формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер;

3. Көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер деп жіктеледі.
2. Компонент санына қарай топтастыру

Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемдерді топтастыруда оны көбіне байланысу тәсілі (салалас, сабақтас) мен компоненттер арасындағы семантика-грамматикалық тәсіліне қарай (ыңғайлас, қарсылықты, себеп т.т.) жіктеуге көңіл бөлініп келді. Сондықтан да құрмаластың аралас деген түріне қатысты әр алуан пікірлер өрбіді. Осы мәселеге орай, ғалым Б. Шалабай құрмалас сөйлемдерді топтастыруға қатысты 1982 жылы «Қазақстан мектебі» журналында (№8) байыпты ұсыныс жасайды: «Құрмалас сөйлемнің құрылымдық типтерін анықтау жеңіл болу үшін алдымен, құрмаластарды компоненттердің санына қарай: жай құрмалас сөйлем, күрделі құрмалас сөйлем деп бөлген тиімді болады. Екі компоненттен құралған құрмаластарды жай құрмалас десек, үш не одан да артық компоненттерден құралғандарын күрделі құрмалас сөйлем қатарына жатқызамыз», - деп, одан әрі жай құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас, ал күрделі құрмаластарды (үш немесе одан да көп предикативтік орталықтан құралған құрмаластарды) көп компонентті құрмаластар деп, оны өз ішінде көп компонентті (сыңарлы) салаластар, көп бағыныңқылы сабақтастар және аралас құрмаластар деп жіктейді. Автордың осы топтастыруы 2002 жылы жарық көрген «Қазақ грамматикасында» жалғасын табады. Автор одан әрі салалас құрмаластарды компоненттерінің байланысу тәсіліне қарай жалғаулықты, жалғаулықсыз деп жіктейді де, жалғаулықты салаластарды мағыналық қатынастарына қарай ыңғайлас (мезгілдес), себептес, қарсылықты, талғаулы, кезектес деп саралайды [20, 690-692 бб.]. Назар аударатын мәселе – автордың құрмаластарды, алдымен, предикатив сыңарларының санына қарай жіктеп алуы. Аталған топтастыру кейінгі зерттеушілер тарапынан қолдауға ие болды. Бұл пікірге біз де қосыламыз. Компонент санына қарай құрмаластың екі тобы бар:

1.Екі құрамды құрмаластар;

2.Көп құрамды құрмаластар.

1.2. Екі құрамды құрмаластар

Құрмалас сөйлемдер кемінде екі жай сөйлемнен құралады десек, екі құрамды құрмаластарда оның саны екеу ғана болады, дәлірек айтсақ, екі предикативтілік орталыққа негізделеді. Предикативтілікке қатысты пікірлерді жинақтай айтсақ:



  1. Бастауыш пен баяндауыштың тіркесі ғана ойды білдіретін сөйлем құрай алады (Ф.И. Буслаев, А.А. Потебня, Д.Н. Овсянико-Куликовский, А.А. Шахматов);

  2. Барлық сөйлем ойды білдіреді, олай болса, әрбір сөйлемде предикативтілік бар (А.М. Пешковский);

  3. Сөйлем мазмұны – шынайы өмір құбылысы, олай болса, оның шындық өмірге қатысы бар, осы қатынас предикативтілік деп аталады (В.В. Виноградов).

Сонымен предикативтiлiк – сөйлемнiң негiзгi қасиетiн айқындайтын синтаксистiк категория. Бiрдей ұғымды бiлдiретiн синтаксистiк құрылымдардың, мысалы: «болған той», «тойдың болуы», «той болды», соңғысы ғана айрықша функционалды сапаға – предикативтiлiкке ие. Предикативтiлiк сөйлемде жақ, шақ тұлғалары арқылы жүзеге асады. «Жалпы сөйлем бiр бас мүшелi, екi бас мүшелi немесе мүшеленбейтiн сөйлемдерден құралса, предикативтiлiктiң ең жоғары түрi екi бас мүшелi сөйлемдерде нақты, ал бiр бас мүшелi сөйлемдерде жартылай, ал мүшеленбейтiн сөйлемдерде болмайды да. Мiне, бұған қарағанда, предикативтiлiк тек бастауыш пен баяндауыш арасындағы таза грамматикалық құбылыс», - деп түсiндiредi Т. Сайрамбаев [104, 6б.]. Предикативтiлiктi бiлдiруде тiлiмiзде ең көп жұмсалатындар – бастауыш – баяндауыш құрылымындағы сөйлемдер. Сөйлемдi құрау үшiн ең аз болғанда екi мүше қатысуы керек – ойдың кiм, не туралы екенiн бiлдiретiн мүше, яғни бастауыш; сондай-ақ ол туралы не айтатынын бiлдiретiн мүше, яғни баяндауыш мүше қатысады. Осы екi мүшенiң грамматикалық қатынасы сөйлем құрауға негiз болады. Өйткенi сөйлем пiкiрдi, яғни болмыстағы, заттардың өзара қатынасын бiлдiру үшiн жұмсалады.

Бастауыш пен баяндауыштың қатынасы предикативтiк қатынас деп аталады. Тiлде осы предикативтiк қатынасқа iлесiп жүретiн грамматикалық формалар ретінде баяндауыш құрамынан орын алатын шақ, жақ және рай формалары танылады.

Шақтық форма сөйлемде айтылған пiкiрдiң болмысқа шақ, мезгiл жағынан, қандай қатынаста тұрғанын бiлдiру үшiн қызмет етед. (Жаңбыр жауды – Жаңбыр жауып тұр – Жаңбыр жауады).

Жақтық форма iс-қимыл не сапаның және оның субъектiсiнiң сөйлеушiге қатынасын бiлдiредi. Ол субъект ретінде сөйлеушiнiң өзi не соның тобы (мен, бiз), тыңдаушы не сөздiң адресаты (сен, сендер), сырттағы кiсi, яғни пiкiр алысу процесiнен сырттағы субъектi (ол, олар) қатынасқа түседі.

Шақ, рай, жақ формалары – сөйлем арқылы айтылған пiкiрдiң болмысқа байланысын, қатысын бiлдiретiн формалар. Баяндауыш мүше осы формаларды бойына жиып предикативтi бiлдiретiн мүше сапасына көтерiледi. Предикативтiлік (І) дегенiмiз – пiкiрдiң болмысқа қатысын бiлдiру. Сөйлемде бұл мағына баяндауыш мүше арқылы көрiнетiн болғандықтан, баяндауышты предикат мүше деп атайды. Ал бастауыш пен баяндауыштың грамматикалық байланысы предикаттық қатынас (ІІ) деп аталатыны белгілі. Құрмалас сөйлем компоненттерінің саны бірнешеу болғандықтан, жалпы сөйлемге тән предикативтілікте көбінесе соңғы сөйлемнің грамматикалық белгілері доминанттық сипатқа ие болады.

Бірақ субъект-предикаттық қатынас пен бастауыш-баяндауыштық қатынастың арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Бір ғана предикативтілік ұғымына сыйғызуға болатын бұл ұғымдар – зерттеудің әр түрлі қырының нысаны болып саналады. Сөйтіп, предикативтілік дегеніміз логикалық аспект тұрғысынан – субъект-предикаттық қатынас, грамматикалық аспектіден қарасақ – бастауыш-баяндауыштық қатынас, коммуникативтік аспектіден қарасақ – тема-ремалық қатынас болып шығады. Бұл ұғымдардың бір сөйлем бойында сәйкес келетін жағдайлары да, сәйкеспейтін жағдайлары да бар. Мысалы:



  1. Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Предикативтілік қай аспектіден қарасақ та, сәйкес келіп тұр: ашу, ақыл - әрі субъект, сонымен бірге бастауыш, әрі тема болып саналса, дұшпан, дос - әрі предикат, әрі рема, әрі грамматикалық баяндауыштар.

  2. Уәде бергіш адамға сене беруге болмайды. Субъект-предикаттық қатынас пен тема-ремалық қатынас арасында белгілі бір дәрежеде сәйкестік болғанымен, грамматикалық бастауышы жоқ сөйлем. Тілдік деректерден аталған мәселені нақтылай түсетін көптеген мысал табуға болады.

Сөйлем синтаксисiн, әдетте, жай сөйлем және құрмалас сөйлем синтаксисi деп екi топқа бөлсек, олардың әрқайсысының өзіне тән белгілері болады. Алдымен, олар құрылымдық жағынан ерекшеленеді. Екі құрамды құрмаластарды жасауда жай сөйлемнің барлық түрі қатыса алады.
Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет