2.4 Адамдарды саудаға салумен күрес аясындағы халықаралық заңнамалар мен тәжірибелер
Дүниежүзі бойынша адамдарды құлдыққа салушыларға қарсы заңнамалар қатаңдатылып, түрлі конвенциялар күшіне енді. Бірақ адам еңбегін қанау тыйылмақ түгілі, жыл санап өсіп отыр. Айталық, халықаралық ұйымдардың мәліметінше, табыстылық жағынан алып қарағанда адам саудасы әлемде қару мен есірткі саудасынан кейін үшінші орында тұр. Халықаралық еңбек ұйымының статистикасы бойынша әлемде 21 млн. адам құлдық күн кешіп жүр екен. Ал осы жылы адам саудасынан түскен табыс 150 миллион АҚШ долларынан астам қаржыны құраған. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, жыл сайын 800 мыңнан аса адам саудаланады.
Дүиежүзін жайлап кеткен құлдық пен адам саудасына қарсы күресті әлем елдері өткен ғасырда бастаған. 1926 жылы Женевада «Құлдық туралы конвенцияға» қол қойылса, 1953 жылы Нью-Йорк қаласында бұл құжаттың бірқатар бөлімдері қатаңдатылып, аздаған өзгерістер енгізілді. Ал үш жылдан кейін Женевада «Құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптарды жою туралы» қосымша конвенцияға қол қойылды. Біздің еліміз де бұл конвенцияларды ратификациялаған. Адам еңбегін қанау мен бала еңбегін пайдалануға қатаң тыйым салынып, адам саудасы өте ауыр қылмыстың қатарына жатқызылды. Осылайша заң жүзінде алғанда Орталық Азия елдерінде ауыр қылмыстың бұл түріне барлық шектеулер жасалды. БҰҰ бастамасымен «Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні» деп жарияланып, жаһан жұртшылығының назарын осы мәселеге аударды. Тіпті, жыл сайын осы тақырыпта түрлі дөңгелек үстелдер мен халықаралық конференциялар өтіп тамырын тереңге жайған қылмыстың бұл түрін болдырмауда баяндамалар жасалады.
Адам саудасы Қазақстанды айналып өтпейді. Өтпек түгілі Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның статистикалық мәліметтері бойынша, еліміз әлемдегі адам саудасы ең көп тіркелген елдердің арасында көш бастап тұр. Құзырлы орындар елімізде адам саудасы жаппай сипатта емес, алайда, жыл сайын бұл бағыттағы қылмыстар саны артуда екенін айтады. Бас прокуратураның мәліметінше, осыдан екі жыл бұрын адам саудасына қатысты 267 қылмыс ашылса, былтыр – 350, ал ағымдағы жылдың 9 айының өзінде 262 қылмыс тіркеліпті. Адам саудасына қатысты қылмыстарды жасағаны үшін сотталған азаматтар саны артқан. 2012 жылы – 116, 2013 жылы – 166, биылғы 9 айда 134 адам заңсыз әрекеті үшін темір торға тоғытылыпты. Халықаралық миграция жөніндегі ұйымның статистикасы бойынша, 2004–2014 жылдар арасында осы ұйымнан көмек алған адамдардың 50 пайызы қазақстандықтар екен. Екінші орында Ресей, Молдова, Филиппин және Қытай елі тұр. Ұйымның дерегіне қарағанда, адам саудасы бойынша жәбір көретін әрбір жетінші адам кәмелеттік жасқа толмаған және олар Қазақстан азаматтары болған.
Жалпы адам саудасы кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін кеңінен етек жайған көрінеді. Жетпіс жыл жабық шекарадан шыға алмай жүргендер, соның ішінде бүгінгі жастардың да шекара асуға деген құлшынысы әлі де азайған жоқ. Осылайша арманын жүзеге асыру үшін аттанған талайлар алаяқтардың арбауына түскен-ді. «Жұмыс тауып береміз» дегенді желеу еткен көптеген туристік фирмалардың жымысқы әрекетінің соңын бағдарламай жатып басыбайлы құлдыққа түсті. «Қаржыға қарық қыламын» деп одақтас республикалардан жас қыздарды тобымен апарып жаппай жезөкшелікке сала бастады. Ал кейбір дерек көздеріне сенсек, көнбегендерді ұрлап әкететін болған көрінеді. Мұндай көрініс тек қана Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде кең жайылды. БҰҰ-ның жұмыс тобы 1980 жылдан бері әлемде адам ұрлаудың 50 мыңға жуық жағдайын зерттеген. Зерттеудің негізінде дүниежүзінде ер адамдарға қарағанда әйелдер мен балалар өте көп ұрланады екен. Дегенмен, «көп ұрланады екен» деп қол қусырып отырған жайымыз жоқ. 2004 жылы жарияланған АҚШ мемлекеттік департаментінің адам саудасына қарсы күрес туралы жыл сайынғы баяндамасында Қазақстан рейтинг бойынша адам саудасына қарсы күреске айтарлықтай күш жұмсайтын елдердің тобына кірген. Өйткені, бұл орайда атқарылып жатқан шаруалар өте көп. Алайда адам саудасын ауыздықтау бір ғана құзырлы орынның қолынан келмейтіні тағы ақиқат. Бұл туралы ІІМ-де өткен заңсыз әкету, әкелу және адам саудасын болдырмауға байланысты өткен ведомствоаралық комиссияның 28-отырысында кеңінен айтылды. Жиынға Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Марат Демеуов, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары Ғабит Байжанов, Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев, басқа да құзырлы орындар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, туындап отырған түйткілді мәселе төңірегінде түрлі пікір тастады [24].
ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арманбек Баймурзин осыдан он төрт жыл бұрын ІІМ-ге комиссия жұмыс органының міндеті жүктелгенін айтып, төрағалық еткен жылдары адам саудасына қарсы бірқатар шаралар атқарылғанын жеткізді. Соның ішінде, прокуратурамен бірігіп адам саудасымен байланысты қылмыстардың профилактикасы, болдырмау және оған қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың 2015-2017 жылдарға арналған кезекті жоспарын әзірлеген. Бүгінгі күні жұмыс жоспары Премьер-министрдің қарауында жатыр. Оның негізіне ТМД-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі 2014-2018 жылдарға арналған бағдарламасы мен 2012 жылы Қазақстанға келген сапарының қорытындысы бойынша БҰҰ арнайы баяндамашысы Г.Шахинянның берген ұсынымдары назарға алынған. Сондай-ақ, Арманбек Хакімбекұлы ағымдағы жылы ішкі істер органдарының қызметкерлері адам саудасына қатысты 300 қылмыстық істің беті ашылғанын айтты. Оның ішінде еңбекті қанау мақсатында адамды ұрлап әкету – 20, қанау мақсатында заңсыз бостандығынан айыру – 9, адам сату – 18, кәмелетттік жасқа толмағандарды жезөкшелікке салу – 13, кәмелеттік жасқа толмағандарды сату – 15, жезөкшелікке салу –31 және 212-сі жезөкшеліктің ортасын құрып, жеңгетайлық жасағандарға қатысты болған. Төрт кезең бойынша, елімізде «STOP трафик» жедел алдын алу шарасы өткізіліп, адам саудасына қатысты 230 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен бірге, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындау үшін ІІМ-ге 2014 жылға әлеуметтік жобаларды орындау үшін 1 миллион 300 мың теңге бөлінген. Бұл қаржы адам саудасына қарсы күрес жүргізуге байланысты әлеуметтік бейнероликтерді түсіруге, қазақстандықтарға арналған ескертпелер, шетелге шыға қалған жағдайда сол елдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің телефон нөмірлері көрсетілген қағаздар мен адам саудасына байланысты түрлі буклеттер дайындауға жұмсалады. Отырыс басына жиналған қатысушылар адам саудасына қарсы іс-қимылмен қатар, адам саудасының құрбандарына көмек көрсету бойынша заң шығару жұмысы, ұйымдастырушылық-практикалық, алдын алу іс-шаралары, сондай-ақ құзырлы органдармен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық мәселесін көтерді. Одан басқа болашақта адам саудасының құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтердің көмегі ауадай қажет екенін айтып отыр. Құқық қорғау органдары адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу, анықтау және ашу мақсатында биылдың өзінде бірқатар шаралар атқарғанын айрықша айтып өткен жөн. Мәселен, Алматы қалалық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 32 жастағы әйелдің интимдік қызмет көрсету үшін қыздарды жеткізумен айналысқан қылмыстық топтың құрамына енгенін анықтады. Ақтөбе облысының ІІД ҰҚҚКБ арнайы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қалада тұратын 48 жастағы әйелді ұстады, ол өзінің жаңа туған немересін 8800 АҚШ доллары сомасындағы сыйақыға сатпақ болған. Петропавл қаласында да жезөкшелікпен айналысқан 25 жастағы әйел ұсталды. Ол адамдар тобымен қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде болған. Ақмола облысының ІІД Көкшетау қаласында қонақүй кешен әкімшісі моншаны жезөкшелікпен айналысуға бергені анықталды. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында жезөкшелікпен айналысу үшін көмек көрсеткен 37 адам және жезөкшелікпен айналысатын 271 адам анықталып, есепке қойылды. Ішкі істер органдарының арнайы мекемелеріне жеке басын анықтау үшін ақылы интимдік қызметтер көрсететін 48 адам, оның ішінде ТМД-ның 16 азаматы жеткізілді. Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзған 16 адам анықталды [25].
Адамдарды пайдалану үшін азғырып-көндіру, сыртқа шығару және транзит сияқты қылмыстың түрлерімен күрес халықаралық деңгейде ынтымақтаспай жүзеге асырылуы мүмкін емес, сондықтан бұл мәселелердің нормативтік реттелуін және елдердің адамдар траффигін жою жөніндегі өзара іс-қимылын қарау маңызды.
Халықаралық қауымдастық құлдық пен құл саудасын қазіргі заман түріндегі халықаралық қылмыс деп мойындады.
Ең алғаш рет африкалық негрлер саудасына халықаралық деңгейде тойтарыс беруге 1815 жылғы Вена Конгресінің арнайы декларациясы жол ашты.
Бұл бағыттағы келесі қадам негрлермен саудаға тек тыйым ғана салмай, қылмыс деп жариялаған Аахен конгресі болды. Алайда осы екі оқиға да қандай да бір практикалық шаралармен бекітілмеген декларативтік шешім болып қалды. Құлдық пен құл саудасы жалғаса берді.
Олармен күрес жөніндегі алғашқы іс жүзіндегі шаралар Англия, Франция, Ресей, Австрия және Пруссия елдерінің арасында жасалған 1841 жылғы Лондон шартымен қабылданды.
Осыған сәйкес құл саудасы сол кездегі қарақшылық жазасымен теңестірілді, ал келісуші мемлекеттердің әскери кемелеріне құл саудасымен айналысу жөнінде күдік келтірген «күдікті белдеу» шегінде (Атлант мұхиты мен Үнді мұхитының батыс бөлігі) кемелерді тексеру құқығы берілді. 1862 жылғы АҚШ пен Англияның арасында жасалған күдікті кемелерді өзара тексеру туралы келісімді еске сала кетуге болады.
1885 жылғы Берлин конференциясының құл саудасына халықаралық құқықпен тыйым салынғанын баяндайтын Бас актіге 16 мемлекет қол қойды. Бұдан басқа, онда Конго өзені алабының аумағын (нақ осы аумақта құл саудасының армансыз өркендегені байқалды) қаранәсілді құлдар базары ретінде, сондай-ақ оларды тасымалдау транзиттік жолы ретінде пайдалануға тыйым салынды .
Құлдық пен құл саудасына қарсы күреске бағытталған келесі халықаралық - құқықтық акт бұл бағытта нақты іс - шаралардың қабылдануын қарастырған 1890 жылғы Брюссель конференциясының Негізгі актісі болып табылады. Барынша маңыздысы келіскен мемлекеттердің құлдарды күшпен әкеткені үшін қылмыстық жаза белгілеуші заңдар қабылдау міндеттемесін мойындаған жөн (яғни олардың ішкі заңнамасы бойынша бұл әрекетті қылмыс ретінде мойындауы).
Шартқа қатысушы-елдер сонымен қатар, құл саудасының алдын алуға бағытталған арнайы шаралардың бірқатарын (құл саудасымен айналысуға мүмкіндік беретін жолдарды жабу үшін арнайы әскери күзет мемкемелерін құру, аймақтарда тиісті тәртіп орнату, т.б.) жүзеге асыруды міндеттеріне алды; нақтыланған аумақтық «күдік белдеуі» белгіленді (оған құл саудасын жүзеге асыруға қатысы бар Үнді мұхитының батыс бөлігі, Қызыл теңіз бен Персид шығанағы енгізілді және келіскен елдердің әскери кемелері күдікті кемелерді тоқтатып тексеруге құқылы болды).
Бас актіде сонымен қатар, құл саудасымен күрес жөніндегі арнайы органдардың құрылуын қарастырды, олар: құл саудасының мәселелері бойынша мәліметтер мен құжаттар жинау жөніндегі халықаралық теңіз бюросы (Занзибарда) мен осы салада заңдармен және статистикалық мәліметтермен алмасу жөніндегі делдал қызметі жүктелген арнайы бюро (Брюссельде).
Аталған халықаралық-құқықтық актілер құлдықты жоюға емес, құл саудасының жолын кесуге бағытталды. Тек 1890 жылғы Брюссельдік Негізгі актінің қаулысын алып тастаған 1919 жылғы Сен-Жермен шарты ғана келісуші тараптардың құлдық пен құл саудасын толық құрту үшін барлық күш-жігерін салуға тиіс екендігін қарастырды.
Халықаралық қоғамдастықтың осы халықаралық қылмыспен одан кейінгі күресі Ұлттар Лигасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының шеңберінде жалғасты. Ең алғашқылардың бірі болып құлдыққа қатысты, құлдықтың және құлдарды сатудың негізгі ұғымын анықтаған 1926 жылғы Конвенция болды [26].
Бұл Конвенциялардың ең алғашқысы еді, онда құлдықты қарастырғанымен, құлдыққа ұқсас қарыздық кіріптарлық және басыбайлы жағдай сияқты институттарды қарастырған жоқ.
Одан кейін 1930 жылы мәжбүрлі еңбек туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының Конвенциясы қабылданып, онда «мәжбүрлі еңбек» ұғымына түсінік берілді, одан соң адам құқығының Жалпы Декларациясы қабылданды, онда ешкім құлдықта және құлдық жағдайда болуға тиіс емес және құл сатудың барлық түріне тыйым салынады деп айтылған.
1949 жылы адамдар саудасына және үшінші тұлғалар арқылы жезөкшклікке пайдалануға қарсы күрес туралы Конвенция қабылданды. Қазір Қазақстан аталған Конвенцияға қосылу үшін шаралар қабылдауда, бірақ бұл Конвенцияда: мемлекеттердің негізгі әрекеттері адамдар саудасымен күреске бағытталған.
Мемлекет жеке тұлғаның, әлеуметтік жағдайын анықтау, сондай-ақ оларды өз мемлекетін тастауға итермелеген тұлғаларды анықтау мақсатында мақсатында жезөкшелікпен айналысатын барлық шетелдіктер туралы мәліметтер жинауға тиіс.
Бұл мәліметтер (анықталған тұлғалардың тегі бойынша) мемлекет билігіне хабарланады және репатриациялау жүргізіледі. Конвенцияның тағы бір сәті жезөкшелікпен айналысатын шетелдіктерді жинау және кейіннен оларды репариациялау болған және болып қалып отыр.
Мұнан кейін құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас институттарды жою туралы қосымша Конвенция қабылданды [26].
Аталған Конвенция, 1926 жылғы Конвенция тәрізді, «құлдық» және «құл саудасы» ұғымын бекітті. Бірақ аталған Конвенция (жаңа деп танылған) қарыз кіріптарлығы, басыбайлы жағдай, некенің еріксіз нысандары, балалар мен жасөспірімдерді пайдалану сияқты «құлдыққа ұқсас институттар мен дәстүрлер» ұғымын енгізді. 1966 жылы екі пакт қабылданды, олар: азаматтық және саяси құқықтар туралы Пакт және экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Пакт.
Азаматтық және саяси құқықтар туралы адамдар саудасымен күрес қағидасын айғақтайды: ешкім құлдықта ұсталуға тиіс емес. Құлдық пен құл саудасының барлық түрлеріне тыйым салынады, ешкім еріксіз құлдық жағдайында ұсталуға және ешкім мәжбүрлі және міндетті еңбекке тартылуға тиіс емес.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Пакт адам саудасы туралы айтпайды, бірақ мұнда адамның өзінің еркін таңдауы бойынша еңбек ету мүмкіндігін алуға құқылы екенін бекітеді және еңбектің әділетті, қолайлы жағдайларына құқылы екендігі көрсетіледі.
Адамдар саудаға түскен кезде құқықтардың бірі – еркін еңбек құқығы бұзылады. Сондықтан тек қана репатриация емес, адам құқығының қорғалуы, бірінші кезекте жүзеге асырылуға тиіс.
1979 жылы әйелдерге қатысты дикриминациялаудың барлық нысандарын жою туралы Конвенция қабылданды.
Аталған Конвенцияға Қазақстан да қосылды. Онда «әйелдер дикриминациясы ұғымы анықталды, онда барлық қатысушы-мемлекеттер әйелдер саудасы мен жезөкшелікті пайдаланудың барлық түрлерінің жолын кесу үшін заңнамалық құқықтарды қоса алғандағы, барлық шараларды қабылдайды деп жариялады. 1989 жылғы бала құқықтары туралы Конвенцияға да Қазақстан қосылды, онда барлық қатысушы-мемлекеттердің баланы нәпсіқұмарлық пайдаланудың барлық нысандарынан қорғау туралы міндеттеме алатыны айтылды.
Кеңестер одағының құлауына орай БҰҰ, ОБСЕ және басқа да халықаралық ұйымдар адамдар саудасымен күрес жөніндегі құжаттарды көптеп қабылдай бастады. Бұл құжаттардың ішінде – Мәскеу құжаты, Гаага Министрлік Декларациясы пайдалану мақсатындағы әйелдер саудасының алдын алу жөніндегі күрес құралдарына қатысты жетекші қағидалардан тұрды. Декларация нәпсіқұмарлық пайдалану мақсатындағы әйелдер саудасының құрбандарын қорғау жөніндегі шаралардың толық жиынтығын қарастырады. Бұлар тіпті бұрын қарастырылмаған: атын ауыстыру құқығы, қылмыскердің қамаудан босағаны туралы ақпараттандыру сияқты басқа да проблемаларды көтерді.
Осы тұрғыдан алып қарағанда біздің қозғағалы отырған проблемам – қазіргі кезде көпшілік жете мән бермейтін, көңіл аудармайтын, бірақ өте маңызды, көлемді, көпшілікті қызықтыратын және де толық, әрі жан жақты зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тақырып екенін баса айтқым келеді. Себебі, әлемдік оқиғалар желісінде заңсыз көшіп-қонушылар толқыны күшейіп, олар өздерінің әл-ауқатын жақсарту мақсатында және мейлінше тыныш әрі, қолайлы елдерде тұру үшін көшіп-қонуда.
Бірақ бұл Декларация әйелдерді нәпсіқұмарлық мақсаттағы саудасына қарсы күреске және оларды қорғауға көбірек бағытталған. ТМД елдерінің арасында да шарт жасалды.
ТМД елдерінің 1995 жылғы бұл Конвенциясы - адамның құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы.
Аталған Конвенцияға сәйкес ешкім құлдықта немесе құлдық жағдайында ұсталуға тиіс емес, ешкім мәжбүрлі және міндетті еңбекке тартылуға тиіс емес екендігі анық.
Барлық халықаралық құжаттар нақтылай құлдықтан қорғауға шақырылғанмен, адамдар саудасына қарсы соғыс жариялағанмен, алайда ешбір құжатта адам саудасының толық және анық анықтамасы жоқ.
Бұл көп аспектілермен, соның ішінде жезөкшелікке қарсы күрес тәсілдеріне байланысты.
Қолданыста үш әдіс бар, олар: тыйым салушы, аболициониялық және реттеуші. Тыйым салушы әдіс жезөкшеліктің түбегейлі жойылуын талап етеді. Аболицониялық әдіс пайдалануға тән болғандықтан жезөкшелік жойылуға тиіс деп бекітеді.
Секс - қызметкерлер құрбандық ретінде қарастырылмайды, сондықтан оларға тек айыппұлдар ғана салады, ал жеңгетай-иелері қатаң жазалануға жатады. Реттеуші әдіс салық және төлемақылар салынатын лицензияланған көпшілік үйлерін құруды қарастырады.
Ондағы жезөкшелер кезеңдік қарауларға тартылады, олар еңбек етуге құқылы емес. Аталған әдіске қарай күрес нысаны да анықталады. Қазіргі уақытта аболициялық (негізгі) әдіс қолданылады, яғни жезөкшелікпен күресуді жүргізу [25].
Ендігі тұста шетел мемлекеттерінің бірқатарының заңнамаларына көз жүгіртсек. Алдымен бұрынғы посткеңестік елдерге тоқталсақ: РФ ҚК-де бұл қылмысқа қатысты 152-бабында кәмелетке толмағандарды саудалау туралы айтылады.
Бірақ, аталған бап бойынша әзірге сотталған немесе қылмыстық ізге түсуге тартылған бір де бір факт жоқ. Ал, 126-бапта көрсетілген адамды ұрлау, аталған проблеманың тек бір жағын ғана шешеді, яғни бұл жерден көретініміз, адам саудасымен айналысатындарға қатысты жаза жоқ.
Украинаның ҚК-нің 124-бабы, нақты осы қылмыстық әрекеттің алдын алуға, қудалауға бағытталған. Және айта кетер жағдай бұл елдің заңнамасы бойынша аталған қылмыстың құрамы анық және толық көрсетілген. Норма қолданысқа енгізілгеннен бастап (2,5 жыл) 37 қылмыстық іс қозғалып, оның небары 2-і ғана 1сатыдан өткен, ал 1-і аяқталған.
Беларусияның ҚК-де адам саудасын (181-бап), пайдалану үшін азғырып-көндіруден (187-бап) бөлек қарастырады.
Қытай ҚК-нің 241-бабы әйелдерді және балаларды сату мақсатында ұрлауға қатысты жауапкершілікті көздейді. Дегенмен аталған елдердің қылмыстық заңнамалары нақты адам саудасына қатысты әлсіз номалармен көзге түседі. Ресей заңында реттейтін мүлдем норма жоқ деуге болады, ал Қытай заңы тек адамдарды ұрлауға қатысты жаза нысанын көздейді.
Енді, құқықтық базалары жақсы жетілген және осы қылмыспен күресуге және оның алдын алуға бағытталған мемлекеттердің заңдарына тоқталайық.
Нидерланды мемлекетінің ҚК-нің 250-бабы нақты адам саудасына қатысты қылмыстық жаза тағайындайды.
Ал, Италияда жағдай тіптен басқаша, бұл елде адам саудасы туралы арнайы заң қабылданған. Ол заң осы саланы реттейтін және оған қарсы күрес жүргізу жолдарын ведомствалық деңгейде ұйымдастырады.
Германияның ҚК-сі бірқатар баптардан тұратын нормаларды құрайды. 180а, 180б, 181-баптар. Бұл баптардың мазмұны өзгешелеу, яғни оның қандай да бір қызмет етуге икемді екенін көріп тұрып, өзінің мүліктік пайдасы үшін басқа тұлғаға әсер ету.
АҚШ-тың мемлекеттік басқармасының Бюросы барлық мемлекеттерді 3 категорияға бөлген:
АҚШ-тың адам саудасының құрбанадарын қорғау туралы заңының минималды стандарттарын толығымен орындайтын мемлекеттер (Австрия, Дания, Франция, Германия, Венгрия, Италия, Испания, Швеция, Македония, Литва, Нидерланды, Польша, Португалия және т.б.);
Минималды стандартты белгілі бір мөлшерде орындайтын, бірақ оларды орындауға күш слатын мемлекеттер (Албания, Армения, Беларусия, Израиль, Тәжікстан, Украина, Қырғызстан, Молдова, Румыния, Ресей және т.б.);
Минималды стандарттарды орындамайтын және оны жүзеге асыруға күш салмайтын мемлекеттер (Түркия, Қазақстан, Өзбекстан);
Сондай-ақ, талданған қылмыстың жасалу жолындағы қылмыстық-құқықтық және криминологиялық мәселелерге нақты ғылыми зерттеу жүргізу талап етіледі.
Біздің тақырыпты талдауға, мәнін ашуға бағытталған әрекетім, қойылған мақсатқа жетті деп толық негізде айта аламын. Бұл жұмыс заңнаманың қолданыстағы тартысты сәттерін, ҚР ҚК-нің 128-бабының қолданылу тәжірибесін ашады және де оның пайда болу себептерін анықтап, зерттей келе, оның алдын алу мәселелеріне де үлкен көңіл бөледі.
Дегенмен, жасалған жұмыс, оны толығымен зерттеуге мүмкіндік берді деуге болмайды. Сондай-ақ адам саудасының мәселесі тек бір ел шегінде ғана шешілмейтін болғандықтан, жұмыс барысында трансұлттық құқыққа және ғылыми аспектілерге мән берілді [26].
Тіпті кейбір ғалымдар қазіргі жағдайларда аталған қылмыстың жасалуын түбегейлі жоюдың мүмкін еместігі туралы тезистерін ұсынады. Бірақ мұндай айқындама құрғақ қиял іспеттес, қиындықтарға қарамастан, аталған әрекетті түбегейлі жоюға мүмкіндік бар және ол қазақстандық қоғам үшін қажет.
Қылмыс ТМД мемлекеттерінің көлемінде кең етек алып келе жатыр және осы кәсіпті пайдалану арқылы баюды көздеген кейбір компаниялар өз әрекеттерінің жемістілігін көріп, енді біздің елімізге де ауыз салуда.
Елде шешімін таппай отырған кейбір әлеуметтік проблемалар, өз кезегінде, тұрмысы төмен тұрғындарды шетелге барып оңай байимын деген тәтті қиялға жетелеуде.
Әрине, “алтын көрсе періште жолдан таяды”- демекші, бұл тұста «оңай олжаға кенелтемін» деген арамза молданың арбауына тап болған аңқау елдің балалары, осы құрықсыздардың құрығына ілінбей қайтсін.
Ондай жағдайларда бір немесе бірнеше эпизодтар жасау үшін құрылған ұйымдасқан топ мүшелерінің әрекеттерін саралау туралы мәселе туындағанда, қылмыс жасау кезіндегі атқарар рольдері ертерек бөлінгенде олардың әрекеттерін қоса атқарушылық ретінде толық бағалау және Қылмыстық кодексінің 31-бабына сілтемесіз, тек 128-бабының 3-бөлімі бойынша саралануы қажет.
ҚР-да осы әрекет саласын жоғары құқықтық тұрғыдан реттейтін адамдар саудасымен күрес туралы заңды қабылдау керек және қылмыстық заңның осы әрекетке қатысты ауқымын ұлғайту қажет (мысалға, сыртқа шығару және транзит сипатындағы сауда-саттық әрекеттері үшін жаза бар, ал ҚР-ның аумағына кіргізілуі туралы айтылмаған, біздіңше, көңіл бөлетін мәселелердің бірі);
ҚР ҚК-нің 128-бабының 3-бөлімінің екінші ерекшелігі жалданған тұлғаларды Қазақстан Республикасынан тысқары жерге әкету мақсатында, сондай-ақ, егер адамдарды Қазақстан Республикасынан сыртқа әкету немесе біле тұра нәпсіқұмарлық немесе жеке пайдалану үшін адамдарды Қазақстан аумағы арқылы бір шет елден екінші шет елге тасымалдау жүргізу болып табылады [14].
Адамдарды сыртқа шығарудың негізінде нәпсіқұмарлық немесе өзге де мақсаттарда пайдалану үшін Қазақстан тұрғындарын Қазақстан Республикасынан тыс жерге әкету деп түсінген жөн.
Адамдардың транзиті басқа елдердің азаматтарын нәпсіқұмарлық немесе өзге де мақсатта пайдалану үшін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы басқа елге жеткізу үшін тасымалдау дегенді білдіреді.
Осыдан тура екі-үш жыл бұрын құқық қорғаушылар қазақстандықтарды БАӘ, Түркия, Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге барудан сақ болуға шақырған болатын. Қазақстан тоғыз жолдың торабында жатқандықтан, адам саудасында «тауарды» саудалайтын да елге айналып отыр. Әсіресе, тұрмысы төмен Орталық Азия елдерінің тұрғындарын мәжбүрлі еңбекке салу жөнінен алда келеді [26].
Оның ішінде көпшілігі көрші елдерден әкелінсе, өз қандастарымыз да шетелдерде құлдықта жүр. Ал бүгін сарапшылар елдің сыртында емес, ішінде бұрын-соңды болмаған адам саудасы өршіп тұрғанын тілге тиек етіп, дабыл қағуда. Алайда, адам саудасын болдырмау қоғамның өзіне байланысты. Өйткені, мол қаржыға малданып, шетел асуға құмарлардың құлдыққа жегілгенін күн сайын көре тұра сабақ алғысы келмейтіндері қызық. Мәселен, арзан бағаға шетелге шығуға билет ұсынатындар мен әлеуметтік желі арқылы өз еліне шақыратын «қонақжай» жандардан сақтанбайтындардың соңы қайғылы аяқталып жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |