1) Әдет ғұрып, салт-дәстүрге байланысты фразеологизмдер: Шашбауын көтеру – біреуге бұлғаңдау. Мысалы: «Бұрын бәйбішенің шашбауын көтеріп жүрген әйелдер, енді онан сыпырылып шығып, балға үймелеген шыбындай бәрі Ақбаланың төңірегіне үйіріле қалыпты» (Ә.Нұрпейісов Қан мен тер). Жыртысын жырту – біреудің сөзін сөйлеу. Мысалы: «Новальчик, әрине, Раушанның сөзін екі қылмайды, Раушан әкесінің жыртысын жыртады. Сонда ортада күйетін Нұрқат» (З.Шашкин Сенім) Қонақасы – қонаққа арналған дәм, мәзір. Дәстүрлі қазақ қоғамында үйге тосын келген немесе арнайы шақырылған қонақтың қадір-құрметіне, жас мөлшері мен туыстық қатынасына қарай сойылған малдың мүшелерінен сыбағалы табақ тартады; қонақасы – қазақша ет; мүше тарту (Қазақ энциклопедиясы).
Қонақкәде – қонақтың өнерін ортаға салуын сұрайтын салт. Дәстүрлі қазақ қоғамында қонақасы берілгеннен кейін үйге жиналған қауым әңгіме-дүкен құрып, шағын сауық кешін ұйымдастырады. Сол кезде мейманнан қонақ кәде жасауын өтінеді. Келген қонақ аса сыйлы әсіресе әнші, жыршы, шежіре айтатын қарт, сал-сері болса, ауыл адамдары оларға қонақжайлық көрсетіп, бірнеше күн қонақ етіп, ән-жырын тыңдаған (Қазақ энциклопедиясы).
Шаңырақ құру - өз алдына жеке үй болу, отбасын құру. Жалпы, шаңырақ құру – күллі адамзаттық дәстүр екені түсінікті. Бірақ жер бетінде қанша халық болса, бұл дәстүрдің сипаттары да соншама сан алуан. Өйткені әр халық өзінің шаңырақ көтеру қуанышын өз тұрмыс-салттарына лайықтап, өздерінше қызықтауға тырысады. Осы үрдісті қазақ халқы да ғасырлар бойы өзгеге ұқсатпай, өздерінше дамытқаны анық. Олай болса, қазақтың шаңырақ көтеру сәтіндегі өзіндік ерекшеліктері бар. Халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша, жаңадан көтерілер шаңырақтың мақсаты мен мәні ең әуелі тегіне орай үндестіріліп, ата-ананың ризашылықтарына негізделіп шешілетін. Мұнда негізгі қағида ретінде, тектілік пен адамгершілік парыздары бағдарға алынатын. Сондықтан бұл дәстүрді қазақ халқы сонау ерте ғасырлардан бері қарай жеті атаға дейін қыз алыспау салтымен орайластыра білгені белгілі.
Қара шаңырақ – үлкен үйдің иесі. Ата-бабамызда «қасиетті қара шаңырақ» деген сөз бар. Мұндағы «шаңырақтың» киіз үйдің қақ төбесіндегі ең қасиетті, киелі бөлігі екені белгілі. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл – құрған отбасыңның тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз («Айқын»).