ҚОРЫТЫНДЫ
Тіл мәдениеттің өмір сүру формасы, мәдениет оның ішкі мәні болғандықтан, тіл мен мәдениетті бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Тілде адамның осы әлемді түсінуге тырысқан таным жолдарының ізі сақталады, ұлт өмірі туралы жан-жақты мәлімет жинақталады. Сол мәліметтер арқылы әрбір ұлттың өзіндік ерекшеліктері көз алдымызға келеді.
Адамзат мәдениеті, оның әлеуметтік мінез-құлқы және ойлау өрісі тілден тыс өмір сүрмейді. Әр халықтың мәдени ерекшеліктері оның ғасырлар бойы жасап келе жатқан тілінен көрінеді. Ендеше, тіл мен мәдениет байланысының тамыры тереңде жатқаны сөзсіз. Сондықтан XIX ғасырдан бастап тіл мен мәдениеттің байланысы тіл біліміндегі басты мәселелердің бірі болып келеді.
Бүгінгі таңда, бүл мәселеге қатысты бірнеше тұжырымдар қалыптасқан. Қазір тіл білімінде тіл арқылы мәдениеттанудың елтану, лингвомәдениеттану, этнолингвистика сияқты жаңа бағыттары қалыптасып, тіл мен мәдениеттің арақатынасын бағдарлауға, зерттеудің жаңа әдістері мен тәсілдерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жалпы, ұлттық деректерге сүйенетін лингвомәдениеттік талдау үшін мәдениет ұғымы ең негізгі болып табылатындықтан, ұлттық мәдени ерекшеліктерді қамтитын тұрақты тіркестерді талдап түсіндіруде осы мәдени негіздерге сүйену қажет. Өйткені тіліміздің көркем құралы болып табылатын тұрақты тіркестердің қай-қайсысының да пайда болуында терең тамырлы тарихы бар ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған ежелгі мұралардың келбеті бары анық.
Тіл арқылы берілген халықтың мәдени өмірі мен менталитеті, тұрмыс-салтқа қатысты ұлтқа тән ерекшеліктер фразеологизмдерде ерекше байқалады. Cебебі, ұлт тіліндегі фразеологизмдер қоршаған заттар мен құбылыстарға баға беру, сипаттау арқылы сол ұлттың менталитетін, көзқарасын, дүниетанымын аңғартады. Менталитеттің ұлттық жағын сөз етсек, онда тіл ұлттық менталитетті жасайды, қалыптастырады. Жер бетіндегі ұлттар мәдениетінің бір-біріне ұқсамайтыны заңдылық. Бұл әсіресе адамдардың қарым қатынасынан, өмір сүру формаларынан, тіпті гендерлік ерекшеліктерінен де анық байқалады.
Осы орайда ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің мағына-мәні осы тілдерде сөйлейтін ұлттардың ерте уақыттан бергі өмірін жан-жақты айқындайтынын ескерсек, қос тілдің де фразеологиялық қорындағы даяр қалпында қолданылатын тұрақты тіркестердің қолдану жолдарын зерттеу – тіл білімі ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі.
Әр ұлтты тіл арқылы танитын болсақ сол ұлт тіліндегі фразеологизмдер алғашқы баспалдақ ретінде қызмет етеді және кез келген фразеологизмнің мағыналық астарында сол ұлттың мәдени ақпараттары жатады. Осы орайда, ағылшын және қазақ тілдеріндегі екі ұлттың ерекшеліктерін білдіретін фразеологизмдердің лингвомәдени сипатын ашу мақсатында келесі тақырыптарға топтастырылған шағын топтамадағы фразеологизмдер қарастырылды: әдет-ғұрып, салт-дәстүр; ұлы ақын шығармалары; тарихи ұғымдар; күнделікті тұрмыс-тіршілік; мезгіл, ай, апта, күн аттары; жан-жануарлар аттары.
Бұл топтамалардағы фразеологизмдерді таңдаған себебім, кез келген ұлттың мәдениеті әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері арқылы ерекшеленетіні белгілі. Ал көркем әдебиет саласындағы ұлы ақын шығармалары қайталанбас дүниелердің бірі болса, ондағы фразеологизмдер белгілі бір дәрежедегі маңызға ие.
Сондай-ақ, әр бір елдің тарихы, сол елдің ата-бабалардан келе жатқан асыл мұрасы, қазынасы болып табылады. Тіл білімінде фразеологизмдер, қай елдің болсын тарихындағы өзекті мәселелерді еске түсіретін құралдардың бірі. Қазақ және ағылшын халқының этнолингвистикалық сипатын күнделікті тұрмыс-тіршілікке және де мезгіл, ай, апта, күн аттарына байланысты пайда болған фразеологизмдер арқылы да анықтауға болады. Ал жан-жануарлар аттарына қатысты фразеологизмдерді таңдаған себебім, қазақ халқының төл мәдениеті төрт түлік малмен тікелей байланысты екендігінде.
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдерге жүргізілген талдау бойынша айтатын бір мәселе ол топтамаларда көрсетілген фразеологизмдер қос тілдің халықтарына ғана тән және олардың шығу тегін білу арқылы ұғынуға болады. Сонымен қатар, ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдерді ұғыну арқылы қос ұлттың салт-дәстүрінен, тарихынан, көркем әдебиеттегі ұлы ақын шығармаларынан тіпті күнделікті тұрмысынан ақпарат алудың бірден бір жолы екендігі қос тілдегі фразеологизмдерге жүргізілген талдау арқылы анықталды.
Сонымен қатар, ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдерге жүргізілген талдау нәтижесінде анықталған қызықты ақпараттардың бірі «ай, апта, күн аттарына» қатысты фразеологизмдердің топтамасынан айтуға болады. Себебі, әдетте, ағылшындар адамның адал қасиетіне байланысты man Friday идиомасын қолданады (ол Даниель Дефоның әйгілі Робинзон Круз романындағы кейіпкердің есімі Жұма, себебі Круз оны жұма күні жолықтырған.) және де қаржыдан қысылу немесе кез-келген сәтсіздікке ұшыраған күнді вlack Friday деп айтса, қазақ халқы үшін жұма күн қастерлі күн, сондықтан қасиетті жұма деп атайды. Себебі, Хазіреті Адам алейһиссалам жұма күні жаратылған және т.б. ерекшеліктері бар.
Ал жексенбі күнді ағылшындар – ерекше жағдайға байланысты алынған жаңа киімді атаған, себебі әдетте туған күн, той, мерекелік іс-шаралар жексенбі күні өтетін болса, сол күнге ағылшындардың арнайы алатын киімдері Sunday best / Sunday clothes деп атаған. Ал қазақ халқы үшін жексенбі күн кейде базар күні деп атайды, себебі бұл күні мал шаруашылығымен айналысатындар базарға барып мал сатады. Осылайша, осындай қарапайым мысалдар арқылы ағылшын және қазақ тіліндегі күн аттарымен байланысты фразеологизмдердің өзі қос тілдегі ұлттардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты туындап, қос елдің өмір сүру мәдениетін айқындап тұрғанын айтып кеткен жөн.
Соңғы «жан-жануарларға» қатысты топтаманың ерекшелігі ол қазақ халқының көшпелі заманда негізгі тіршілік көзі және төл мәдениетін білдіретін – төрт түлік мал болғандықтан, төрт түлік атауларына қатысты фразеологизмдер сөздік қордан біршама орын алады. Төрт түлік деп түйе, жылқы, сиыр, қой малдарын айтады, яғни үй жануарлары. Ал, ағылшын халқы үй жануарларынан ит және мысық секілді жануарларға ерекше көңіл аударғандықтан, соларға қатысты біршама фразеологизмдер туындаған. Демек, жан-жануарларға қатысты фразеологизмдердің де қос тілдің этнолингвистикалық сипатын көрсететін фразеологизмдер тобына жатады.
Cонымен, қарастырылған ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдер топтамасы қос тілдің халықтарына тән мәдениетін айқындайтынын көрсетеді. Бұл ғылыми жұмысты келешекте ағылшын және қазақ тілдерінің лингвомәдени сипатын анықтауда мақал-мәтелдер топтамасын қосу арқылы өз жалғасын таба алады. Себебі, мақал-мәтелдер тілдегі ұлттық ерекшеліктерді анықтайтын аспектілердің бірі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |