Қазақстан Республикасында білім беру саласында жүріп жатқан реформаның жүзеге асуы мемлекет дамуындағы ұзақ мерзімге межеленген мақсаттарға жету бағытындағы қоғамдық прогрестің заңдылықтарынан туындайды. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуы, қазақстандық білім берудің халықаралық білім кеңістігінен лайықты орын алуы стратегиялық маңызға ие жоба есебінде көрсетілген.
Сондықтан да қазіргі қоғам өмiрiнiң барлық білім беру саласында, соның iшiнде тұлға қалыптасуының негізін қалайтын жалпы білім беретін мектептің базалық білім мазмұнына болашаққа бағдарланған жаңартулар жасауды қажет етеді.
Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басымды бағыттарының бірі ретінде көрсетілген 12 жылдық оқыту моделіне көшу үдерісі білім беру мазмұнының когнитивтік, іс-әрекеттік және аксиологиялық компоненттерін кіріктіру негізінде жаңартылған мазмұндағы стандарттарды әзірлеу мен енгізуді ұйғарады.
Оқытудың 12 жылдық моделіне көшу қазіргі білім беру саясатының бағыттарын іске асырумен қазақстандық білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың келесі міндеттерін орындауы тиіс: сапалы білім алуы үшін барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктерді ұсыну; қазақстандық патриоттыққа, адам құқықтары мен бостандығына құрметпен қарауға, азаматтық жауапкершілікке және құқықтық сана-сезімге тәрбиелеу; ұлттық мәдениетке құрметпен қарауға, толеранттыққа тәрбиелеу; қоғамда әлеуметтену қабілеттілігін қалыптастыру; оқушылардың оқу жүктемесін білім беру деңгейлеріндегі жас ерекшелік мүмкіндіктерімен және психофизиологиялық даму заңдылықтарымен өзара байланыстыру; жеке білім беру траекториясын қалыптастыру; жалпы орта білім беру деңгейінде оқытуды бейіндендіру; тілдерді деңгейлеп оқытуды енгізу және оның негізінде көптілді тұлғаны қалыптастыру.
12 жылдық білім берудің жаңартылған мазмұнының базалық принципі əрбір мектепте тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуды ынталандыратын ізгі білім беру ортасын құруды (өзін-өзі анықтау жəне өзін-өзі жетілдіру), білім беру ұйымдары мен отбасыларда адамгершілік-рухани мəдениеттің жоғары деңгейіне қол жеткізуді, жалпыадамзаттық құндылықтар-дың дамуын меңгеруді, коммуникативтік дағдыларды және ақпараттар мен технологияларды басқара білуді, проблемаларды шеше білуді көздейді.
Оқытудың 12 жылдық моделі бойынша жалпы орта білім беру деңгейінде білім беру сапасын жетілдіру, мемлекеттің және қоғамның, тұлғаның өзекті және болашақтағы қажеттіліктерін жүзеге асыру үшін жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттары бойынша бейіндік оқыту ұсынылады.
Бейіндік оқытудың мақсаты – кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруге жоғары сынып оқушыларын даярлау, оларға кәсіптік бағдар алу үшін жағдай жасау, оқушылардың арнаулы бейімділігі мен қызығушылығын, танымдық қабілетін ескеруге бағытталған білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнын ұйымдастыру, білім беруді даралау мен саралап жіктеу. Сондықтан бейіндік оқыту жүйесі дамуының өзектілігі бірқатар факторларға байланысты, олар: білім беру нәтижелері жүйесінің кеңейуі білім, білік, дағды және құзыреттіліктер; жоғары сыныпта оқу үдерісін ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесі; техникалық, кәсіптік және жоғарғы білім беру жүйесінің дамуымен байланыстырылады.
Жалпы орта білім беру деңгейінде бейіндік оқыту жүйесінің дамуы 16-18 жастағы азаматтардың білімділік деңгейін, олардың қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып бәсекеге қабілеттілігін көтеру мақсатында мүмкіндіктерді кеңейтуге; жоғары сыныптағылардың мектептен кейінгі өмірлік жолды таңдауға бейімделудің негіздерін жасау, олардың кәсіптік мақсаттарын іске асыруға; еңбек нарығын кәсіби техникалық кадрлармен қамтамасыз ету проблемаларын шешуге бағытталған.
Осыған орай 12 жылдық мектептің жалпы орта білім беру деңгейіндегі бейіндік оқытуды дамытудың тұжырымдамалық негіздерін және оны жүзеге асыру механизмдерін анықтау, жалпы орта білім берудің базалық білім мазмұнын жобалау, бейіндік оқытудың құзыреттілікке негізделген оқу бағдарламаларын әзірлеудің ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау өзекті мәселе болып табылады.
Қойылып отырған мәселенің шешімдерінің бірі ретінде, яғни 12 жылдық жалпы орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтауға арналған әдістемелік құралын ұсынылады.
Әдістемелік құралда жалпы орта білім берудің базалық білім мазмұнын анықтайтын оқушылардың физиологиялық, психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері, бейіндік оқытуды дамытудың тұжырымдамалық негіздері, білім беру мазмұнына қойылатын талаптар мен дидактикалық принциптер берілді.
Әдістемелік құрал төрт бөлімнен, әр бөлім ішкі тақырыптардан тұрады. Бірінші бөлімде, мектеп жасындағы жасөспірім шақ оқушылардың физиологиялық ерекшеліктері мен жалпы орта білім беру деңгейінде оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру гигиенасы беріледі. Екінші бөлімде, жасөспірімдік шақ оқушылардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасы, психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері, болашақ мамандықтарына бағыт берудің психологиялық аспектілері тберілген. Үшінші бөлімде, жоғары сыныптарда бейіндік оқытуды ұйымдастыру бойынша шетелдік және қазақстандық тәжірибелерге талдаулар, бейіндік оқытудың тұжырымдамалық негіздері, жалпы орта білім берудің базалық мазмұнын жобалау негіздері беріледі. Төртінші бөлімде, жалпы орта мектепте негізгі оқу пәндерінің үлгілік базалық мазмұны білім салалары бойынша тұжырымдалған.