1. Оқу əдістерін дидактикалық мақсаттарға орай топтастыру. Мұндай топтастыруға байланысты əдістерді бөлу ең алдымен оқу мақсатын назарға алады. Бұл жағдайда оқу мақсатына қол жеткізуге бағытталған мұғалім əрекетіне көп көңіл бөлінеді. Мақсатты көздеген əдістер тобына енетіндер:
- білім жинақтау əдісі;
- ептілік жəне дағды қалыптастыру əдісі;
- білімді қолдану, пайдалану əдісі;
- білім, ептілік, дағдыларды бекіту мен тексеру (бақылау) əдістері.
2. Оқу əдістерін білім көзі бойынша топтастыру. Тəжірибеде негізгі үш білім көзі нақты танылған: сөз, көрнекілік, іс-əрекеттік (практика). Осыған орай ажырататынымыз: сөздік əдістер (білім көзі ретінде ауызша не жазба сөз қызмет етеді); көрнекі əдістер (білім көзі- бақылауға түскен заттар, құбылыстар, көрнекі құралдар) жəне іс-əрекеттік əдістер (білім жəне ептіліктер ойын, оқу, қарапайым еңбектік істер процесінде қалыптасады).
Оқу əдістері жүйесінде басты орын сөздік əдістерге беріледі. Олар-əңгімелеу, түсіндіру, сұхбат, сөз-жарыс, пікір-талас, дəрісбаян (лекция), кітаппен жұмыс.
Əңгімелеу – оқу материалын тыңдарманға сипаттама не баян формасында монологты, бірізді сөйлеп жеткізу.
Түсіндіру – бұл игеруге қажет обьект, құбылыс, кейбір ұғымдар заңдылықтары мен мəнді қасиеттерін талқы, талдау, мысал келтіру жолымен дəлелдеп, оқушы санасына енгізу. Сұхбат – оқудың диалогтық əдісі: педагог бірізді сұрақтар қоя отырып, оқушыны жаңа материалды түсіну, ұғу деңгейіне көтереді не ұсынылған материалдың қаншалықты меңгерілгенін тексереді.
Дəрісбаян (лекция) - көлемді материалды монологтық жолмен баяндау. Дəрісбаянның басқа сөздік əдістерден өзгешелігі – қатаң құрылымды, мол ақпаратты, баяндалуы қисынды, білім мəнін ашу жүйелікке негізделеді.
Дəрісбаян ғылыми-көпшілік жəне академиялық болып ажыралады. Өткен материалды қорытындылауға, қайталауға шолу дəрісбаяндары қолданылады.
Қазіргі кезеңде дəрісбаян əдісін қолданудың көкейкестілігі ірі бөлімдер мен жеке тақырыптарды игеруде оқу материалын топтап ұсыну (блок) тəсілін пайдалану қажетттігінен туындап отыр.
Оқу сөз-жарысы (дискуссия) əдіс ретінде нақты проблема бойынша пікір алмасуға, жекеленген көзқарастар білдіруге негізделеді. Сөз-жарыс барысындағы оқушының ой-пікірі өзінің меншікті шешімі не басқа тұлғалардың ғылыми –теориялық ұсыныстары болуы мүмкін. Оқу сөз –жарысының басты қызметі –шəкірттердің танымдық ұмтылыстарына дем беру.
Сөз жарыс жəрдемімен оған қатысушылар жаңа білімдерді игереді, өз пікірлерінің дұрыстығына не қателігіне көзін жеткізеді, өз көзқарастарын қорғап қалуға үйренеді, басқалар ой топшылауларымен есептесу қажеттігін түсінеді.
Кітаппен (оқулықпен) жұмыс – кітап оқу сөздік əдісінің аса маңызды түрлерінің бірі. Бұл əдістің тиімділігі –оқушы өзіне қолайлы жағдайда, өз түсініміне орай оқу материалын қалауынша қайталап игеруге мүмкіндік алады.
Баспа көздерімен оқу жұмысын атқарудың бірнеше жолы бар:
- конспектілеу - оқылған ақпараттың қысқаша жазбасы не баяны.
Конспектілеу түрлері- түгелдей көшіру, іріктеумен таңдап жазу, толық не қысқа конспект түзу. Оқушы конспектіні үшінші тұлғаның атынан емес, өз атынан жасағаны жөн, осы жағдайда оның дербес ойлау қабілеті дамиды;
- тезистер түзу - негізгі идеяларды белгілі бірізділікпен қысқаша баяндау;
- реферат құрастыру – тақырып бойынша бірнеше ақпарат көздеріне шолу беріп, олардың мазмұны мен формасына өз бағасын беру;
- мəтін жоспарын жасау - мəтінді бөлімдерге келтіріп, əрқайсысына атама беру; жоспар жай не күрделі болуы мүмкін;
- сілтемелер беру (цитирование)- мəтіннен өзгертілместен бөліп алынған көшірме. Сілтемеге байланысты қойылатын талаптар: əдептілік болуы,
мағынаның өзгеріске түспеуі, сілтеме алынған еңбектің авторын, атамасын, баспа орыны мен атын, жария жылын, бетін дəл келтіру;
- түсініктеме беру (аннотация)- оқылғанның мəнді тараптарын жойып алмастан, қысқа, ықшам баяндау (ауызша не жазба);
- пікір беру (рецензирование)- оқылған жөнінде өз ойын білдіруге арналған қысқаша ауызша не жазба баян.
- анықтама (справка) түзу –ізденіс нəтижесінде жинақталған ақпарат бойынша мəлімет. Анықтамалар түрі - өмірнамалық дерек, сандық- статистикалық, жағрапиялық, терминологиялық жəне т.б.
- формальды –қисынды модель жасау - оқылғанды сөз-сүлбе (схема) күйінде жеткізу;
- тақырыптық тезаурус құрастыру - тақырып, бөлім не түгелдей пəн бойынша тірек ұғымдардың реттелген жиынтық тізімін жасау;
- идеялар матрицасын жасау - біртекті заттар, құбылыстар жөнінде келтірілген түрлі авторлар еңбектеріндегі салыстырмалы сипаттамаларда кесте формасына келтіру;
- пиктографиялық жазба –сөзсіз бейнелеу.
Білім көзіне орай топтастырудың жəне бір реті - бұл көрнекілік əдістер. Көрнекі əдістерді пайдалану барысында ақпараттық материалды игеру оқу процесінде көрнекі құралдар сүлбе (схема), кесте, сурет, модельдер, приборлар, техникалық құралдарды тікелей қолдануға тəуелді. Бұлардың бəрі оқушының сезім тетіктеріне ықпал жасауға негізделіп, сөздік жəне практикалық əдістермен бірге пайдаланылады.
Оқудың практикалық əдістері - оқушының іс-əрекетіне, оқу қызметтеріне негізделеді. Бұлардың басты міндеті –тəжірибелік ептіліктер мен дағдылар қалыптастыру. Мұндай топтастыруда жаттығу, лабораториялық жəне тəжірибелік əдістері бірігеді.
Жаттығулар – материалды игеру не игерілгеннің сапасын көтеру мақсатында оқу əрекеттерін (ақыл не қызметтік) көп мəрте қайталаумен орындау.
Жаттығулар ауызша, жазба, графикалық жəне оқу-еңбектік болып ажыралады.
Ауызша жаттығулар оқушылардың сөйлеу мəдениетінің, қисынды ойлау, ес, зейін, таным мүмкіндіктерінің дамуына ықпал жасайды.
Жазба жаттығулардың басты міндеті игерілген білімді бекіту жəне олар бойынша қажетті ептіліктер мен дағдыларды қалыптастырып, қолдануға бейімдеу.
Оқу-еңбектік жаттығулар ерекше əдістер тобын құрайды. Бұларды пайдалану нəтижесінде оқушылар теориялық біліктерін еңбек іс-əрекеттерінде қолдануға үйреніп, еңбек құрал-саймандарымен, лабораториялық жабдықтармен қатынас жасауға дағдыланады, құрастырушылық-техникалық ептіліктерін дамытады.
Оқушылардың өзіндік əрекеті мен дербес жұмыс істеуіне байланысты қалаған жаттығу қайта жасау, дағдылану, шығармашылдық сипатына ие.
Оқу процесінің белсенділігін көтеру, оқу тапсырмаларының сапалы орындалуына түсіндірмелі жаттығулардың тиімділігі орасан. Бұлардың мəні – оқушы орындап жатқан əрекетіне сипаттама береді, осыдан жаттығу ісі мен білімі көтеріңкі саналылықпен меңгеріледі.
Лабораториялық жұмыстар əдіс ретінде оқушылардың өз бетінше арнайы приборлар мен құралдарды пайдалана отырып, тəжірибе не эксперимент жүргізуіне негізделген. Жұмыс дара не топта жүргізіледі. Бұл əдісті қолдану барысында оқушылар жоғары белсенділік жəне дербестікпен қатысып, зерттеу істеріне етене араласуға мүмкіндік алады.
3. Оқу əдістерін шəкірттердің танымдық əрекеттеріне орай топтастыру Танымдық іс-əрекет сипаты оқушының ойлау белсенділігінің деңгейінен көрінеді. Мұндай топтастыру тұрғысынан келесі əдістер түрі ажыралады: түсіндірме – көрнекілі (ақпаратты – рецептивті, іштей түсіну), қайталай жасау (репрадуктивті), проблемді баяндау, бөлшектеп ізденіс (эвристикалы) жəне зерттеу.
Түсіндірме – көрнекілі əдістің мəні – оқытушы əрқилы құрал-жабдықтар көмегімен дайын ақпаратты хабарлайды, ал оқушылар оны қабылдайды, түсінеді жəне есте қалдырады. Оқушылардың танымдық іс-əрекеті дайын білімдерді есте қалдыруымен еленеді, бірақ бұл бейсаналық деңгейде де болып, ақыл-ой белсенділігіне ешқандайда əсер етпеуі ықтимал. Осыдан түсіндірме, яғни ақпаратты- іштей түсіну əдісі əрдайым тиімді бола бермейді.
Қайта жасау (репродуктивті) əдісте оқытушы ақпаратты дайын күйінде хабарлап, түсіндіреді, ал оқушылар оны меңгеріп, ұстаз тапсырмасымен сол күйінде қайталап айтып береді. Білім өзгеріске түспейді, оқушыдан шығармашыл белсенділік талап етілмейді.
Қайта жасау əдісінің, ақпараттық іштей түйсіну əдісіндегідей басты тиімділігі- уақыт, күш қуат үнемділігі.
Бұл əдіс қысқа уақытта, көп күш жұмсамай ауқымды көлемдегі білім қоры мен ептіліктерді түсіндіріп жеткізуге мүмкіндік береді. Сабақ барысындағы көп қайталаудан білім бекімі бірқанша жоғары болады. Бірақ бұл əдіс те оқушылардың ой белсенділігін көтеруде өзінің тиімсіздігімен байқалады.
Проблемді оқу əдісі - оқу процесіндегі орындаушылық қызметтен шығармашыл іс-əрекетке өту құралы ретінде танылады. Бұл əдістің мəні – оқытушы мəселе ұсына отырып, оның шешімін береді, таным процесіндегі ой өрісінің даму жолын көрсетеді. Оқушылар дайын білімдерді, қорытындыларды тек қана түсініп, есте қалдырумен шектеліп қалмай, дəлелдер қисынына, ой пайымдау тəсіліне бақылау қояды. Мұндай əдісті қолдану барысында оқушылар таным процесінің тікелей қатысушысы болмағанымен, мұғалімнің ой топшылауларына зер сала отырып, өздеріде проблема шешуге үйреніп барады.
Танымдық процестің біршама жоғары деңгейде танылғаны - бұл бөлшектеп ізденіс (эвристикалық) əдісі. Бұл əдіске байланысты оқушылар күрделі оқу
проблемасын толықтай бастан-аяқ шешпестен, проблеманы бөлшектерге келтіріп, оларды бірінің ізімен екіншісіне жауап тауып отырады.
Оқытушы мұндайда оқушының ізденіс əрекетіндегі əр қадамына назар сала отырып, оған бағыт-бағдар сілтейді.
Оқудың зерттеу əдісі – оқушының білім игерудегі шығармашылдық ізденісіне басты назар аударады. Бұл əдісті қолданудағы басты мақсат- оқушының білім игерудегі саналылығын көтеру, құбылыстар мен оқиғаларды нақты күйінде қабылдамай, олардың мəн-мағынасына тереңдей ұғынуға үйрету, қорытындылар жасауға баулып, игерген білім, ептілік жəне дағдыларын тұрмыста қолдануға жаттықтыру.
Бұл əдістің бір кемшілігі – көп уақыт жұмсауды талап етеді.
Жоғарыда аталған дəстүрлі əдістерінің бəрі оқушының таңдау, есте қалдыру, мұғалімнің айтқанын қайталау əрекеттерін дамытуға бағытталып, шын мəніндегі шығармашыл еңбек, белсенді таным мүмкіндіктерін өрбітуде тиімсіздік танытады. Бұл кемшілікті белсенді жəне жедел əдістермен толықтыруға болады. Оқудың белсенді əдістері – оқушы іс-əрекетіне өнімділік, шығармашыл- жасампаздық жəне ізденісті - зерттеу сипатын беретін жол-жобалар тобы. Оқу танымдық процесте шəкірт белсенділігін көтеруге дидактикалық ойындар, нақты ситуатцияларды талдау, іскерлік ойындар, проблемді мəселелерді шешу, алгоритм бойынша оқу, ақыл шабуылы (“мазговая атака”), жеке ұғымдармен жұмыс істеу.
Жедел əдістер – қысқа уақыт аралығында оқу сеанстарына ұзақтай ендіру жолымен көзделген іс-əрекетке үйретуде қолданылады (шомдыру əдісі). Бұл əдістер бизнес, маркетинг, шет ел тілдерін, практикалық психология мен педагогиканы оқытуда кең қолданылуда.
Қазіргі уақыттары жалпы педагогикада теориялық негізін тауып, оқу-тəрбие процесіне еніп жатқан бұрын соңды естімеген əдістер тобын келтіруге болады: суггестопедия - иландыру жолымен оқыту; гипнопедия –ұйқыда оқыту; фармакопедия - дəрі-дəрмек қолданып оқыту. Бұл əдістердің бəрі адамның табиғатындағы, ішкі мүмкіндіктеріне қозғау салып оқытуға бағытталған.
Сонымен, əдіс көп, оның топтастырылуы да сан қилы, əрқайсысы өз алдына тиімді де, кемшілігі де жоқ емес.Осынысына көз жібере отырып, зерделі ұстаз оқу мақсатына, мазмұнына, алдындағы оқу субъектіне сай келетін нақты əдіс таңдайды, оны қолданудың жолдарына мəн береді.
2.Оқушылардың білім мазмұнын игеру іс-əрекеттері əрқилы формада жүзеге асып барады.
Латын сөзі «форма» тысқы бейне, сырттай көрініс, қандай да нəрсенің құрылымы дегенді аңдатады. Оқуға байланысты форма екі мағынада қолданылады: 1) оқу формасы; 2) оқу-ұйымдастыру формасы.
Дидактикалық категория ретінде оқу формасы оқу процесі ұйымдастырылуының сырттай көрінісін білдіреді. Ол оқу процесінің мақсаттары, мазмұны, əдістері мен құрал-жабдықтарына, материалдық жағдайларына, қатысушылар құрамы жəне т.б. элементтеріне тəуелді.
Оқушылар санына, оқу уақыты мен орынына, іске асыру тəртібіне орай оқу формасы əрқилы болып келеді. Қазіргі мектеп тəжірибесінде келесідей оқу формалары қалыптасқан: жеке-дара, топтық, толық сыныптық, ұжымдық, жұптастық, дəрісханалық жəне дəрісханадан тыс сыныптық жəне сыныптан тыс, мектептік жəне мектептен тыс, əлбетте, мұндай топтастырудың (классификация) жетілген ғылыми негіздемесі əзірге болмай тұр. Дегенмен, осы тұрғыдан оқу формаларының көптүрлілігін біршама ретке келтіру мүмкін.
Жеке-дара оқу формасы мұғалімнің бір оқушымен педагогикалық қатынасқа келуінен құралады.
Оқудың топтық формасында оқушылар əрқилы мүдде- мақсатқа орайласқан топтарда оқиды, тəрбиеленеді.
Толық сыныппен жұмыс (фронталь) формасы оқуда мұғалім бір мезетте барша оқушылармен, біркелкі тапсырма, міндет белгілеп, сынып қатысушыларының бəріне ортақ іс-əрекеттер төңірегінде бірқалыпты оқу жұмыстарын алып барады.
Оқудың ұжымдық формасы. Бұл оқу түрінің фронталь оқу формасынан өзгешелігі: сынып оқушылары өздеріне тəн ара қатынас, өзара ықпал жасау ерекшеліктерін сақтаумен біртұтас, мақсат-мүддесі ортақ, біртекті жұмыс бағытында бірігіп, бекіген ұжым ретінде қарастырылады.
Жұптасып оқуда негізгі өзара байланысты оқу əрекеттері екі оқушының қатысуымен орындалады.
Дəрісханалық жəне дəрісханадан тыс, сыныптық жəне сыныптан тыс, мектеп ішілік жəне мектептен тыс оқу жұмыстары өздерінің өткізілетін орындарымен белгіленеді.
Оқу ұйымдастыру формасы – бұл оқу процесінің жекеленген бөлігінің құрылымы, дəрістің белгілі бір түрі (сабақ, дəрісбаян, семинар, саяхат, факультатив дəріс, емтихан, сынақ жəне т.б.)
Оқудың ұйымдастырылу формалары əрқилы негіздемелерге байланысты қарастырылуы мүмкін.
- Оқу процесінде басым болған мақсатқа орай – кіріспе сабақ; білімді тереңдете оқыту дəрісі; практикалық сабақ; білімді жүйелестіру жəне қорытындылау сабағы; білім, ептілік жəне дағдыларды бақылау, тексеру сабағы; аралас сабақ формалары.
- Дидактикалық мақсаттарға орай – теориялық, практикалық, еңбектік, аралас сабақтар формалары;
Жеке-дара өтілетін дəріс түрлері: репетиторлық , тьюторлық, менторлық, гувернерлық, отбасылық оқу, өзіндік оқу.
Ұжымды-топтық сабақ түрлері өз ішіне дəрісбаян, семинар, конференция, олимпиада, оқу саяхаттары жəне іскерлік ойындарды қамтиды.
Даралықты-ұжымды дəрістер-пəн, тақырып жұмыстарына толық шомдыру (погружение), шығармашылдық апталары, ғылыми апталар, жоба (курстық, диплом) жұмыстары.
Оқу формаларының қалыптасуы мен жетіліп баруы
Оқу формалары қозғалысты, қоғам, өндіріс, ғылымның даму деңгейіне тəуелді пайда болады, өрістейді, бірі бірімен ауысып отырады. Əлемдік білім тəжірибесі тарихында əрқилы оқу жүйелері қалыптасып, олардың əрқайсысы өзіне ыңғайлы оқу формаларына сəйкес, қолданылған.
Алғашқы адамзаттық қауымның өзінде-ақ тəжірибені бір адамнан екіншіге, ересектен жас əулет өкіліне өткізу мақсатында жеке-дара оқыту жүйесі іске асырылды. Бірақ мұндай жолмен көп санды оқушы қамту мүмкін болмады. Қоғамның бұдан былайғы дамуы сауатты адамдардың көп болғанын қажет етті. Осыдан жеке–дара оқыту басқаша ұйымдастыру формаларымен ауыса бастады. Дегенмен, жеке-дара оқыту өз маңызын осы күнге дейін жоғалтпастан, репетиторлық, тьютарлық, менторлық, гувернерлық оқу формаларында қолданым табуда.
Репетиторлық, əдетте, оқушыны емтихан жəне сынақ тапсыруға дайындаумен байланысты.
Тьюторлық пен менторлық шет елдерде кең тараған жеке-дара оқыту формасы. Оқушының білім жолындағы іс-əрекетінің өнімділігін арттыруда өте пайдалы. Ментор немесе ұстаз –оқушы кеңесшісі, оқылып жатқан пəн мазмұнына даралық сипат береді, тапсырмалар орындауға жəрдемдеседі, тұрмысқа бейімделуге көмек көрсетеді. Тьютор-оқушыға ғылыми жетекшілік жасап, оны конференцияларға, ғылыми іс-шараларға дайындайды.
Соңғы кездерде отбасылық оқу-тəрбие формасы - гувернерлық қайта жаңғыруда.
Ғылыми білімдердің дамуы мен білім аймағына көпшілік қауымның тартылуымен жеке-дара оқыту жүйесі даралықты-топтық оқыту формасымен ауысуда. Мұндай оқытуда мұғалім балалардың бүтін бір тобымен оқу жұмысын алып барады, бірақ дəріс жеке оқушымен жұмыс сипатын жоймайды. Мұғалім дайындығы əр деңгейлі, əр жастағы 10-15 баламен шұғылданады. Ол кезегімен əр оқушыдан өтілген материалды сұрастырып, əрқайсысына жаңа оқу материалын жеке түсіндіріп, дара тапсырмалар беріп отырады. Балалардың бəрі бірдей, мұғалім пайымдауынша, дəріске байланысты ғылым негізін, кəсіп не өнерге тиесілі материалды меңгергенше аталған оқу жұмыстары қайталанады. Дəрістің басталуы мен аяқталуы, оқу мерзімі əр оқушы үшін даралықты сипатымен ерекшеленеді. Осыдан оқушы мектепке оқу жылының өзі қалаған мерзімінде, күннің өзі таңдаған мезетінде келуге құқылы болды.
Даралықты-топтық оқу əрқандай өзгерістерге ұшырап, біздің заманымызға дейін сақталып келді. Ауылдық жердегі оқушы саны өте аз бастауыш мектептер мұның айғағы. Бір оқу бөлмесінде бірінші сынып бағдарламасымен
оқитын 2-3 бала, бірнешесі-екінші сынып материалын игеріп жатқан оқушылар отыруы мүмкін.
Орта ғасырларда қоғамның əлеуметтік-экономикалық ілгерілі дамуына байланысты білімді тұлғалардың көптеп қажет болуынан білімдену аймағы өрістей кеңіді. Бір қатар жастағы балаларды бір топқа біріктіре оқыту мүмкіндігі туындады. Осыдан оқудың сынып-сабақтық жүйесі пайда болды. Бұл жүйе XVI ғ. Белорусия мен Украина мектептерінде қалыптасып, өзінің теориялық негіздемесін XVIІ ғ. Ян Амос Коменскийдің “Ұлы дидактика” кітабында тапты.
Бұл жұйенің сыныптық белгісі-белгілі бекіген құрамды, теңдей жастағы балалар тобының (сыныбының) болуы. Сабақтық аталуы-оқу процесі қатаң белгіленген уақыт аралығында – дəрісте өткізілуінен.
Сабақ теориясына Я.А. Коменский дəуірінен кейінгі кезеңде елеулі үлес қосқан белгілі орыс педагогі К.Д. Ушинский болды.
Сынып-сабақтық жүйе барша елдерде кеңінен тарап, уақыт озуына қарамастан өзінің негізгі белгілерімен əлі күнге дейін сақталуда.
Алайда, XVIІІ ғ. соңына қарай сынып - сабақтық жүйе орнына қолданылғандай оқуды ұйымдастырудың жаңа формаларын іздестіру көбіне оқушылар санын ұлғайту жəне оқу процесін басқару проблемаларымен байланысты болды.
Сынып-сабақтық жүйені реформалаудың алғашқы қадамын XVIІІ ғ. аяғында- XIХ ғ. басында ағылшын священнигі А. Белл мен мұғалімі Дж. Ланкастер жасады. Олардың ниеті- жұмысшылар арасында бастау білімдерді кеңінен ен жайдыру қажеттігі мен оқыту жəне мұғалім дайындығына жұмсалатын қаржыны көбейтпеу аралығындағы қарама-қайшылықты үйлестіру еді.
ХІХ ғ. ақырында АҚШ-та батав жүйесі, ал Батыс Европада мангейм жүйесі аталған таңдамалы оқу формалары пайда болды. Біріншісінің мəні-мұғалім уақыты екі бөліктен тұрады: алғашқысы-бүкіл сыныпен ұжымдық оқу ісіне арналады да, ал екінші бөлімінде қажетсінген оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіледі.
Мангейм (Европада) қаласында қолданылған мангейм оқу формасы негізінен сынып сабақтық оқу талаптарын сақтай отырып, оқушылардың қабілеттеріне, ақыл-парасат даму деңгейі мен дайындық дəрежесіне қарай əртүрлі сыныпқа бөліп отыруды көздеді.
1905 ж. Дальтон (АҚШ) қаласында алғашқы рет Елена Праксхерт қолданып, дальтон-план аталған жекеленген оқу жүйесі пайда болды. Бұл жүйе педагогикада көбіне зертханалық немесе шеберханалық оқу жүйесі деп те аталады. Жүйенің алға қойған мақсаты-оқушыға өзіне тиімді шапшаңдық жəне қарқынмен оқып, өз қабілетіне орай білім игеруге мүмкіндік беру. Оқушылар əр пəнге байланысты жылдық тапсырмаларын алу мен белгіленген мерзімде олар бойынша есеп беріп отырды. Дəстүрлі сабақ формасындағы оқу шегерілді, баршаға ортақ дəрістер кестесі болмады. Оқушылар табысты оқуы
үшін қажетті оқулықтардың, əдістемелік нұсқаулардың бəрімен қамтамасыз етілмеді. Ұжымдық оқу жұмысы күніне бір сағат өтіліп, қалған уақытта олар пəн шеберханалары мен зертханаларында өзіндік жеке дəріспен айналысты.
Жұмыс тəжірибесі көрсеткендей, оқушылардың көбінің мұғалім жəрдемінсіз дербес білім игеруге шамасы жетпейтіні белгілі болды. Сонымен дальтон –план педагогикалық іс-тəжірибеде кең өріс жая алмады.
1920-жылдары дальтон-план ғалымдар мен мектеп қызметкерлері тарапынан қатаң сынға кезікті. Дегенмен, сол уақыттың өзінде ол ССРО-да пайда болған оқудың бригадалық- зертхана формасына өрнекке алынып, қатаң құрылымды сабақты ығыстырды. Бригадалық –зертхана оқуының дальтон-планнан ерекшелігі – бүкіл сыныптың ұжымдық жұмысы бригадалы топ оқу ісі мен əр оқушының жеке оқуы арасындағы байланысқа негізделді. Жалпы дəрістерде оқу жұмыстары жоспарланды, тапсырмалар талқыланды, мұғалім қиын сұрақтарды түсіндірді жəне көпшілік оқу іс-əрекетін қорытындылады. Бригада тапсырмасын белгілей отырып, мұғалім оның орындалу уақытын көрсетті, əр оқушының міндетті оқу тапсырмасын анықтап, қажет болса, əрбір оқушының шамасын байқап, оған бөлінген тапсырмаларға даралықты сипат беріп отырды.
Əмбебап оқу жүйесі ретінде қабылданған бригадалы-зертхана оқуына тəн сипаттар: мұғалімнің жетекші ролі мойындалмады, оның қызметі оқушыларға ретті кеңес берумен шегерілді.
1960 жылдары американдық педагогика профессоры Л.Трамп ізденісіне байланысты жарық көрген Трамп жоспарымен оқу жүйесі үлкен маңызға ие болды. Оқуды ұйымдастырудың бұл формасында үлкен дəрісханалардағы (100-150 адам) оқуды 10-15 адамдық шағын топтар мен жеке оқушылар
жұмыстарын байланыстыра жүргізу көзделді. Əрқилы техникалық жабдықтармен өтілетін жалпы дəрісбаяндарға оқу уақытының 40%, дəрісбаяндарды талқылау жəне кей бөлімдерді тереңдей меңгеру мен ептілік жəне дағдылар қалыптастыру семинарларына 20% бөлініп, ал қалған уақытты (40%) оқушылар мұғалім не жетекші оқушы басшылығында өз бетінше оқу ізденісіне пайдаланды. Бұл жүйеде сынып шегеріліп, шағын топтар құрамы тұрақсыз болды.
Қазіргі уақытта Трамп жоспары бойынша аз санды жеке меншікті мектептер ғана жұмыс істейді, ал көпшілік оқу орындарында бұл жүйенің кейбір элементтері сақталған, атап айтсақ, олар – бір пəнді оқытушылар бригадасы алып барады (біреулері дəрісбаяндар жүргізсе, басқалары семинарлар ұйымдастырады); үлкен топ оқушыларымен дəріс жүргізу үшін арнайы білімі болмаған жəрдемшілер тартылады; кіші топтарда өзіндік жұмыстар ұймдастырылады. Жалпы білім беретін мектепке жоғары оқу орындарындағы білім жүйесін қарадүрсін енгізумен бірге Трамп жоспары даралықты оқу принципін ұстана отырып, оқушыға білім мазмұны мен оны игеру əдістерін таңдауда толық еркіндік береді. Бұл жоғарыда аталған кей жүйелердегі
мұғалімнің жетекшілігін мойындамай, білім стандартынан бас тартудың əлі де сақталуына жол қойып отыр.
Оқу ұжымдастырудың ерекше формасы шомдыру (погружение): оқушы белгілі уақыт (бір не екі апта) аралығында бір немесе екі пəнді игерумен ғана айналысады. Осыған сəйкес Вальдорф мектептерінде дəуірлер бойынша оқу ұйымдастырылған.
Оқуды ұйымдастыру формалары дамуының қысқаша тарихы осылайша.
Жоғарыда аталған барша жаппай оқыту формаларының арасында үлкен тұрақтылығымен сақталғаны сынып-сабақтық оқу жүйесі. Шынымен де, осы оқу формасы педагогикалық ой мен жаппай мектеп озық тəжірибесінің аса құндылықты жемісі.
Оқу процесін ұйымдастыру формалары
Оқу процесі əрқилы ұйымдастырылуы мүмкін. Оның ұйымдастырылу формалары да сан түрлі: сабақ (дəстүрлі түсінімде), дəрісбаян, семинар, конференция, зертхана-практикалық дəріс, практикум, факультатив, оқу саяхаты, курстық жоба, дипломдық жоба, өндірістік практика, өзіндік үй жұмысы, кеңес, емтихан, сынақ, пəн үйірмесі, шеберхана, студия, ғылыми қоғам, олимпиада, конкурс жəне т.б.
Қазіргі заманда еліміз мектептері тəжірибесінде оқушыларға келелі тəлім-тəрбие берудің бірден-бір формасы да, құралы да– сабақ өз маңызын жойған емес.
Сабақ – оқу процесін ұйымдастырудың ең тиімді формасы. Бұл оқу барысында педагог дəл белгіленген уақыт аралығында оқушылардың тұрақты тобымен (сыныбымен) шəкірттерге игерілуі тиіс пəн негіздерін қабылдауына тиімді жағдайлар жасап, қажетті жұмыс түрлерін, құрал-жабдықтары мен əдістерін қолданып, танымдық жəне басқа да іс-əрекеттерді
ұйымдастырады, онымен бірге оқушыларды тəрбиелеп, олардың шығармашыл қабілеттері мен рухани күштерінің көзін ашып, жетілдіріп, дамыта түседі. Əр сабақ негізгі бірліктерден құралады.Олар – жаңа материалды түсіндіру, бекіту, қайталау, білім, ептілік, дағдыларды тексеру. Бұлардың əрбірі мұғалім мен оқушының қандай да өзіндік сипатына ие іс-əрекетімен ұштасады. Аталған бірліктер сан қилы байланысқа түсіп, сабақ құрылымының, оның кезеңдері арасындағы көптеген сан жəне сападағы көрініс береді.