Әбу Насыр Әл-Фараби (870-950 жж.)- түркі, араб, парсы, грек тілдерін жетік меңгерген көрнекті ғалым, ойшыл, математик, музыка теоретигі. Әбу Насыр Оңтүстік Қазақстандағы Фараб (Отырар) қаласында дүниеге келіп, сол шаһарда өзінің алғашқы білімін алған. Ол Шашта,Самарқанда, Бұхарада білім алып және еңбек еткен. Әл-Фараби білімін Араб халифатының мәдени орталығы - Бағдад қаласында жалғастырды.Мұнда ол грек тілдерін, логика және медицинаны оқыды. 941 жылы ғалым Дамаскіге көшіп, онда ғылыми қызметпен айналысты. Әл-Фараби Платон мен Аристотельдің еңбектерін зерттеп, оларға түсініктемелер жазған. Шығыс перипатетизмнің негізін қалаушылардың бірі болып, сол үшін Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атауына ие болды. Әбу Насыр Әл-Фараби өмір бойы философия, математика, музыка, астрономия, филология, жаратылыстану ғылымдары бойынша 164-ке жуық трактат жазған. Оның еңбектері ортағасырлық Еуропада латын және иврит тілдеріне аударылды. Ойшылдың 1100 жылдығы мен 1150 жылдық мерейтойлары бүкіл әлемде кеңінен атап өтілді