Әбжаппар аблақовтың СӨз тіркесі туралы ой-тұжырымдары нұреке Ақмарал  5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет1/12
Дата08.06.2018
өлшемі398,26 Kb.
#41199
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12



ӘБЖАППАР АБЛАҚОВТЫҢ СӨЗ ТІРКЕСІ ТУРАЛЫ ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАРЫ
Нұреке Ақмарал 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының

4-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: п.ғ.д., доцент Рахметова Р.С.
Сөз тіркесі мәселесі 1950 жылдарға дейін жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлемдер аясында қаралып, арнайы зерттеу обьектісі болмаған. Тіл ғылымының саласы синтаксистің дамуы барысында сөз тіркесі синтаксисі түркологияда арнайы зерттеліп, оның өзіндік зерттеу обьектісі анықталды. Нәтижесінде сөз тіркесінің мазмұны айқындалып, кейбір мәселелердің одан әрі зерттелуіне жол ашылды. Сөз тіркесін зерттеген ғалымдардың бірқатары сөз тіркесіне номинативтілік қасиет, ал сөйлемге коммуникативтік қасиет тән деп көрсетеді. Мәселен, В.В.Виноградов, А.С.Смирницкий, В.В.Бабайцева, К.Аханов, А.Н. Баскаков сөз тіркесіне номинативтік қасиет тән десе, Ю.В.Фоменко, Л.И.Моисеев, М.Б.Балақаев сөз тіркесінің номинативтілігін жоққа шығарады. Қазақ тіл білімінің маманы К.Аханов осы жайлы: «Сөз тіркестері номинативті сипатқа бұрыннан жасалып қойған, даяр тұрған единицалар ретінде емес, сөздердің тілдің грамматикалық заңдары бойынша тіркесуі арқылы ие болады»,  дейді [1,4]. Ал ғалым Ә.Аблақов мұндай пікірді құптамайды және осы ойын былай жеткізеді: «Номинативтілік – сөздерге тән қасиет. Сөздердің номинативтілігін барлық ғалымдар бір ауыздан қуаттайды. Демек осылай дейтін болсақ, номинативті мәнге ие сөздердің тіркесінен, яғни толық мағыналы екі сөзден үшінші бір номинативтілік мән пайда болады деу ақылға сыйымсыз тәрізді. Ал бір сөздің бойындағы номинативтілік екінші сөз тіркесінде ешбір өзгеріссіз сол қалпында қалып қоймайды, егер ол сөзге екінші сөздің тіркесуінен ешбір мән қосылмаса, өзгермесе, онда екінші сөздің тіркесуінің ешбір қажеті де болмас еді: мұны мынадан байқауға болар еді. Тау, көл, тас дегендер заттардың жеке, дара атаулары болса, қызыл, көк, алғыр, епті деген сөздер сапа атаулары, сондай-ақ, қазу, ою, орнату деген сөздер іс-әрекеттің аттары. Осындай номинативті білдіретін сөздер өзара тіркескенде тағы бір номинативтілік мәнді білдірмейді, тіркескен екі сөздің арасынан жаңа мағыналық қатынас пайда болады, яғни жекеленген номинативті мағынаның үстіне анықтауыштық, толықтауыштық пысықтауыштық тәрізді жаңа граммматикалық мағыналар пайда болып, ой құрауға септігін тигізеді. Мысалы, епті жігіт дейтін болсақ, сапа атауы «епті» мен зат атауы «жігіт», басқаша айтқанда номинативті атаулардың тіркесінен тағы бір номинативті мән пайда болған жоқ, жаңа грамматикалық мағына жасалып тұр, ол – анықтауыштық қатынас. Сондай-ақ жер қазу деген тіркес зат атауы мен іс-әрекет атауы тіркесіп келіп, толықтауыштық қатынасты білдіріп тұр» [1, 3-6]. Бұл тұжырым арқылы номинативтілік қасиетінің жеке сөзге тән құбылыс екенін, ал сөз тіркестерінің осы номинативті мағынаның үстіне жаңа грамматикалық мағыналардың қосылуы арқылы жасалатынын көреміз.

Сөз тіркесінің табиғатын ашу барысында ғалым бірнеше мәселелерге көңіл бөледі. Сөйлем, оның ішінде жай сөйлем мен сөз тіркестерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетеді. Сөйлем сөз тіркесінен, ең алдымен, коммуникативтік қызметі, яғни бірдеңе жайында хабар беру қызметі жағынан ажыратылады, ал сөз тіркесінде мұндай қасиет жоқ. Ғалым өз ойын мына мысалдар арқылы жеткізеді: 1) Мұғалім келді. 2) үйден келді. Біріншісі – сөйлем, екіншісі  сөз тіркесі. Сөйлемнің өзіне тән белгілі бір құрылымдық үлгісі болады, ол – сол үлгі бойынша жасалады. Дербес қолданылуға мүмкіндік беретін құрылымдық үлгі – бастауыш-баяндауыштық құрылымдық үлгі. Бұл тек сөйлемге тән құрылымдық белгі. Сонымен сөйлем сөз тіркесінен предикативтілік қасиетімен, коммуникативтілік қызметімен, бастауыш-баяндауыштық құрылымдық үлгісімен, сондай-ақ интонациялық, модальдылық белгілерімен ажырытылады. Бұл қасиеттер сөйлемнің негізгі белгілері. Осы қасиеттері арқылы біз сөз тіркесімен айырмашылығын білеміз. Ендігі мәселе сөз тіркесінің өзіне тән негізгі белгілері, сөз тіркесі деп танудың жолдары.



Ғалым Ә.Аблақов сөз тіркесін өзге құбылыстардан ажыратудың бірнеше белгілері бар екенін, бірақ солардың ішінде тіркес құрамындағы сөздердің бірінің екіншісіне бағына байланысы немесе бірімен-бірінің екіншісіне бағына байланысы немесе бірімен-бірінің бағыныңқы граммматикалық байланыс арқылы тіркесуі ажырытушы белгілердің ішіндегі ең маңыздысы екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда предикативтік қатынас негізінде жасалған тіркестерді сөз тіркестерінің қатарына жатқызамыз ба, әлде сөйлемнің қатарына жатқызамыз ба деген сұраққа тіл білімі мамандары әр түрлі жауап береді. Бұл жайында О.С.Ахманова былай дейді: «Байланыстың негізгі үш түрі –атрибутивті, комплективті және предикативті түрлерінің ішінен біріншісі әрқашан да сөз тіркесін тудырады; байланыстың екінші түрі өздерінің тығыз байланысты формаларында ғана сөз тіркесін тудырады; үшіншісі оны ешқашан да тудыра алмайды» [1,8]. Мұндай пікірді жақтаушылар предикативті қатынас негізінде жасалған тіркестерді сөз тіркестерінің қатарында қарамай, предикативті конструкция немесе предикативті тізбек деп есептеп, бұларды сөз тіркестерінің синтаксисі емес, сөйлемнің синтаксисі деп тану керек дейді. Мұндай көзқарасқа профессор М.Б.Балақаев қарсы пікір айтады: «Сөйлемді сөйлемдік қасиеттеріне қарап сөз тікестерін де өзіндік қасиеттеріне қарап танып, мысалы, жазық дала дегенді сөз тіркесі деп танысақ, атқа мінді дегенді әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі деп қарау керек»,  дейді» [1,9-10] Осы секілді ғалымдардың пікірін талдай отырып, ғалым өзінің ой-тұжырымдарын былай жеткізеді: «Біздің пікірімізше, атқа мінді деген – сөйлем емес, сөз тіркесі. Өйткені мұнда сөйлемге тән бастауыш-баяндауыштық құрылымдық үлгі жоқ, меңгерудің бағыныңқы байланысына тән тәуелді, бағынышты септік бар, ол барыс жалғаулы сөз, яғни ат деген сөз мін етістігінің лексика – грамматикалық мағынасына орай барыс септігінің -қа жалғауын қабылдап тұр» [1,11]. Осылай мұндай тіркестердің сөз тіркесі екенін дәлелдей келе, ғалым оның сөйлемнің обьектісі ретінде қарастырылуына мынадай тұжырым келтіреді: «Атқа мінді дегеннің сөйлем сияқты көрініп тұрған белгісі мінді етістігінің тұлғасына байланысты. Сөз тіркесі болу үшін мінді етістігінің қай тұлғада тұруы емес, мінсе, мініп, мін, мінбей бола беру мүмкін. Ал етіcтіктің жедел өткен шақ және 3-жақ жіктік жалғауының нөлдік тұлғасы сөз тіркесінің байланысына қатысы жоқ, бірақ осы жерде 3-жақ субьектінің бар екенін нұсқап тұр. Атқа мінді деген сөйлемді белгілеп тұр, сөйтіп, сөйлемге тән модальдылық, интонация және коммуникативтік сипат жедел өткен шақ пен жіктік жалғау тұлғалары арқылы беріліп, ол деген сөзбен бастауыштық-баяндауыштық қатынасқа түсу негізінде ой білдіріп, сөйлем болып тұр» [1,13] Ғалым бұл тұжырымы арқылы сөз тіркесі мен сөйлемнің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетеді. 3-жақ субьектінің болуы оның сөйлемге тән белгілерінің бірі болып табылады. Осы мәселелермен қатар сөз тіркесінің атаулық мәнді білдіретін тіркестерден өзгешелігі, атаулық тіркестер мен сөз тіркестерінің және фразеологиялық тіркестер мен сөз тіркестерінің бір-бірінен айырмашылығын көрсетеді. Атаулық тіркестердің еркін синтаксистік тіркестерден айырмашылығы тұрақты фразеологиялық тіркестердегідей атаулық тіркестердің грамматикалық байланысы орын тәртібі арқылы тұрақты болады. Мұндай лексикалық орамдардың құрылысы да, құрамы да біршама тұрақты. Құрамындағы сөздер қалай болса солай ауыса бермейді. Мысалы: еңбек ақы, жер шары, т.б. Бұл тіркестер синтаксистік сөз тіркестеріндегідей сөйлеу процесінде құрылмайды, осы тұлғасында даяр бір бүтін лексема ретінде қолданылады. Сондықтан олар жеке-жеке бөлініп, сөйлем мүшелері бойынша бөлшектеп талдауға көнбейді, бұлардың арасына сөз салып қолдануға да болмайды. Осындай белгілерін ескере келе атаулық тіркестер мен фразеологиялық тіркестердің ұқсастығын айтады. Бірақ бұлардың өзіндік айырмашылықтары бар. Атаулық тіркестер, негізінен, заттың, құбылыстың атауы болса, фразеологиялық тіркестер атаулық мағынада қолданылмайды. Олар көбінесе көркемдік, бейнелік мағынада қолданылады, ал атаулы тіркестер ондай қызмет атқара алмайды. Фразеологиялық тіркестердің екінші бір ерекшілігі – оның метафоралық ауыспалы мағынада қолданылуы. Бұл  фразеологиялық тіркестің басты белгісі. Келесі бір тіркестің түрі бұл – салаласа байланысқан тіркестер. Бұл тіркес түріне ғалым мынадай анықтама береді. «Тілімізде толық лексикалық мағынасы бар сөздер тізбегінен тұратын бірқатар тіркестер кездеседі. Бұлардың қатарына қыз бен жігіт, әке мен шеше, сабырлы да ажарлы тәрізді тіркестер жатады. Осы типтес тіркестер тіл білімінде салаласа байланысқан тіркестер немесе сөздердің салалас қатарлары деп аталып жүр» [1,19]. Салаласа байланысқан сөз тіркестерінің негізгі ерекшелігі  ретінде тіркестердегі бағыныңқы және басыңқы сыңарлардың болмауы, олардың бірыңғай мәнде, тең дәрежеде байланысуы. Екінші бір ерекшелігі мұндай тіркестер құрамындағы сөздердің бірін түсіріп айтуға және орын алмастырып айтуға болады, бірақ бұдан салаластық қатар ыдырамайды. Мысалы: ұл мен қыз-ұл, қыз немесе қыз бен ұл-қыз, ұл және т.б. Сөйтіп, бұлар сөйлемнің бірыңғай мүшелерін құрайды, сөз тіркесі бола алмайды. Ал сабақтаса байланысқан сөз тіркестері сыңарларының бірін түсіріп айтуға немесе орны жағынан өзара алмастыруға болмайды, өйткені мұндай жағдайда сөз тіркесінің мазмұны мен грамматикалық табиғаты өзгеріп кетеді. Ендігі бір тіркес түрі бұл  түйдекті тіркес. Бұл тіркес сөз тіркесі болу үшін, басқа бір лексикалық мағынасы бар сөздермен тіркесуі керек: үйге дейін барды, ауылдың маңы терең сай.

Ғалымның тағы бір кеңінен қарастырған маңызды мәселелерінің бірі – сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен формалары. Сөз тіркесінің байланысу тәсілдеріне ғалымдар аналитикалық, синтетикалық және аналитикалық-синтетикалық тәсілдерді жатқызады. Ғалым мынадай нәрселерді айқындай түсу қажет екенін айтады: 1.Сөз бен сөзді байланыстыруға дәнекер болатын тәсілдердің қатарына қосымшалар жатқызылады. 2. Жалғаулар сөз тіркесі құрамындағы сөздерді өзара байланысқа түсіретін амал ретінде қаралады да, олардың қатарына септік, тәуелдік, көптік, жіктік жалғаулары енгізіледі. Осы арада бір мәселені ескертіп өтеді, көптік жалғаулары барлық уақытта сөз бен сөзді байланысқа түсіре алмайды, ал жіктік жалғауы сөз бен сөзді байланысқа түсіреді, бірақ сөз тіркесін құра алмайды, себебі жіктік жалғауы арқылы байланысқа түскен сөздер бастауыш, баяндауыштан тұрады да, сөйлемнің қаңқасын құрайды. Демек, қиыса байланысқан тіркестер сөз тіркесінің емес, сөйлемнің обьектісінде қаралуы тиіс. 3. Сөз бен сөзді байланыстыру тәсілі ретінде бірде шылау атты сөз қолданылса, бірде көмекші сөз атты термин қолданылады. 4. Сөз тіркесі құрамындағы сөздердің байланысу тәсілдеріне жалғаулар, шылаулар, сөздердің орын тәртібі, интонация жатқызылады да, олар одан әрі қарай аналитикалық, синтетикалық және аналитикалық–синтетикалық тәсілдер ретінде сараланады.

Профессор Ә.Аблақов сондай-ақ етістіктердің меңгеріле байланысуын, оның дамуын әрбір септік жалғаулы сөз тіркестерінің өзгерістеріске түсу, жетілу жолдарын ашып көрсету арқылы айқындап көрсетеді. Ғалым өзінің «Қазақ тіліндегі шығыс жалғаулы сөз тіркестері», «Қазақ тіліндегі барыс жалғаулы сөз тіркестері» еңбектерінде осы септік жалғаулары арқылы сөз тіркестерінің жасалу жолдарын анықтап берді. Ғалым сөз тіркесінің жасалу жолдары жайлы: «Қазіргі қазақ тіліндегі барыс септігінің жалғаулары арқылы қалыптасқан сөз тіркестері өздерінің тамырын тым әріден бастайды. Алайда бұлар тілдің дамуы барысында құрылысы жағынан да, мағынасы жағынан да өзгерістерге ұшыраған»,  дейді [2,18]. Бұл өзгерістер барысында септік жалғауларының қалыптасқанын, яғни тарихи үдерістен өткенін дәлелдейді. Осының себептерін былай көрсетеді: 1) қазіргі қазақ тілінде барыс септігінің

-қа жалғауы болса, тәуелдік жалғауынан соң жалғанбайтын болса, ал Орхон – Енисей, әсіресе Енисей ескерткіштерінде тәуелдік жалғауынан соң да, зат есімдерден соң да жалғана берген. 2) барыс жалғаулы сөз тіркестері табиғатында қимыл-әрекеттің бағытын, кімге бағытталғандығын көрсетеді. 3) тым ертеде барыс жалғаулы сөз тіркестері қимыл-әрекеттің бағытын білдірсе, кейінгі уақытта қимыл-әрекеттің мақсатын, әрекетін, мезгілін білдіретіндей болып қалыптасты. 4) күрделенген сөз тіркестері құрамдарынан шылаулардың түсіп қалып ықшамдалуы да барыс жалғаулы сөз тіркестерінің қалыптасуына ықпал жасады. Мысалы: қонақ болу үшін барды – қонаққа барды. 5) қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдер құрамынан сөздердің түсіп қалып ықшамдалуы. Мысалы: үйіне шақырып еді, бірақ біздер бармадық. 6) Басыңқы және бағыныңқы сыңарлардың дамуы. Мысалы: түс етістігінің дамуы, суға түсу, институтқа түсу. 7) Орыс тілінің ықпалы. Мысалы: партияға кіру, колхозға мүше болу. Бұл барыс жалғаулы сөз тіркестерінің жасалуының негізгі белгілері. Бұл белгілер тарихи үдерістер негізінде сұрыпталып қазірге уақытқа жетті.

Ғалым өзінің «Қазақ тіліндегі шығыс жалғаулы сөз тіркестері» атты еңбегінде шығыс жалғаулы сөз тіркестері әртүрлі грамматикалық мағыналарды білдіретінін айта келіп, осылардың ішінде басқаларға негіз бола алатындай екі түрлі мағынаны атап көрсетеді: 1) кеңістіктегі қимыл-әрекеттің басталар орны мен шығар жерін білдіру мағынасы. 2)қимыл-әрекеттің кімнен, неден басталатынын білдіру мағынасы. Шығыс жалғаулы сөз тіркестерінің қолдану шеңберінің кеңеюіне бағыныңқы сыңарлар мен басыңқы сыңарлардың мағыналық жағынан дамып, жетілуі ғана емес, сонымен бірге күрделенген сөз тіркестері құрамдарынан сөздердің түсіп қалып қолданылуына мынадай мысалдар келтіреді: «жас кезінен бастап білетін – жас кезінен білетін, құлынынан бастап өсірген – құлынынан өсірген»[3,20]. Яғни күрделенген сөздердің ықшамдалу процесі арқылы сөз тіркестері қалыптасты. Ғалым осы сықылды әрбір септік жалғауы арқылы жасалған сөз тіркестеріне талдау жасап, олардың ерекшеліктерін көрсетеді.

Қорытындылай келгенде, Ә.Аблақов сөз тіркесінің толық табиғаттын, оның жасалу жолын, байланысу тәсілін, формасы мен жай сөйлемнен айырмашылығын және жалпы лексикалануы сынды мәселелерді толығымен қарастырған. Сөз тіркесі синтаксисіндегі шешімін таппаған мәселелерге құнды пікірлер қалдырған. Ғалымның сөз тіркесі синтаксисі туралы келелі тұжырымдары аталған саланы дамытуға өз ықпалын тигізді. Сондықтан ғалымның синтаксис саласының дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесін саралап айқындау  біздің міндетіміз.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Аблақов Ә., Исаев С., Ағманов Е. Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі.  Алматы: Сана», 1997.  319 бет.

2. А.Аблақов. Қазіргі қазақ тіліндегі барыс жалғаулы сөз тіркестері.  Алматы, 1973.  73 бет

3. А.Аблақов. Қазіргі қазақ тіліндегі шығыс жалғаулы сөз тіркестері.  Алматы, 1977.  79 бет.




WEB КЕҢІСТІГІНДЕГІ ЖАСТАР ТІЛІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Жанғазы Ақиқат - 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент) С.А.Жиренов


  • Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы және XXI ғасырдың бұл ағымы - қоғам дамуының жаңа дәрежесіне жеткізді. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды. Қазірдің өзінде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі, интернет арқылы, дәлірек айтқанда, әлеуметтік желі арқылы «әңгімелеседі».

  • Ал сіз интернетте ұзақ отырғанды жақсы көресіз бе? Таңертең тұра салысымен ноутбугіңізді қосып поштаңызды тексеремісіз? Бұл сұраққа Назарбаев Университет және басқа оқыту мекеме студенттері ойланбастан "ия" деп жауап береді. Себебі, студенттердің әлеуметтік өмір жаңалықтары ғаламтор арқылы жүзеге асады. Күн сайын жастардың жүзбе-жүз сөйлесуі азайып, әлеуметтік жүйе қолданысы, керісінше, артып келеді.  Ғаламтор жүйесінінң дамуына 10 жыл ғана болса да, қазірдің өзінде ғаламтор қолданбайтын жастарды табу қиын.

  • Бүгінгі күні Интернет немесе жаһандық желі тек ақпаратты (мәліметті) жеткізу құралы ғана емес, сондай-ақ дүние әлеміндегі адамның бағыт-бағдарын айқындап отыратын маңызды құралдардың бірі болып саналады. Адам желі арқылы пайдалы ақпараттарды аша алады, өмірлік серігін, саяхатқа шығатын жолсерігін табады, ұтымды сатып алу, сату әрекеттері болады, жұмыс жасап пайда табады, әскери келіміс-шарт жасайды, әйгілі немесе танымал болады, қызығушылық мүдделері ортақ жандармен сұхбаттаса алады т.б. Адамның осылайша желілер әлеміне еніп, ықпалдасуы, тікелей қатыстылығы әртүрлі білім саласындағы зерттеушілердің қызығушылығын оятпай қоймады.

  • Жалпы Интернет дегеніміз – компютерлік желілердің ақпарат алмасуға арналған бүкіләлемдік қауымдастығы, бір-бірімен телекомуникация арналары (телефон, радио, жасанды жер серігі көмегімен байланыс) арқылы мәлімет алмасатын әртүрлі аймақтағы компьютерлік желілердің біріктірілген тарабы интернет деп аталады.

  • Тілімізге әрқашан болатын әртүрлі құбылыстар алдымен ауызекі тіл негізінде танылады, себебі ол қоғаммен, әлеуметтік өмірмен тығыз байланысты. Сондай-ақ жазбаша сөздің және ауызекі тілдің ара қатынасын анықтау, яғни тіл мен сөйлеудің өзара қарым-қатынасын, айырым тұстарын анықтау сынды көптеген проблемаларды сөз етуге болады. Осындай мәселелердің бірі «интернет тілі» проблемасы.


Қарым-қатынас түрлері. Интернет қарым-қатынас жүйесіндегі сөйлеу тілінің орны

Сөйлеу тілінің анықтамасы қарым-қатынас категориясы тұрғысынан сипатталады. Қарым-қатынас категориясын қоғамдағы субъектілердің (кластар, топтар және тұлғалар) іс-әрекетімен байланысының мықтап орын алыуымен түсіндіруге болады, қоғамдағы субъектілердің қызметінің, тәжірибесінің, қабілетінің, ақпараттың, білімділігінің және іс-әрекеттің нәтижесінің алмаса қолданылуы; тұлғаның және дамуы мен қалыптасуы тікелей жалпы қоғамдағы керекті жағдаяттарға байланысты. Ауызша және жазба категориялары болмаса қарым-қатынас жүйесі толық іске аспайды. Осыған байланысты қарым-қатынас жүйесін екіге бөліп қарастыруға болады. Бірінші қарым-қатынас типі – контактілі, екіншісі – дистантілі. Бұл қарым-қатынас түрлерінің өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары бар. Айталық, контактілі қатынаста сөйлеушілер тікелей уақыт режімінде байланысады, сөйлеуші мен тыңдаушы өзара ым, ираша, интонация арқылы да түсінесе береді. Ал дистантілі қатынаста сөйлеушілер қатар тұрмайды, олардың арасында белгілі бір кеңістік болуы мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет