В.Г.Белинский
Александр Пушкиннің шығармалары
... Бүкіл адам баласы бүкіл дүниелік-тарих өмірімен жалпы бір аккорд жасайтыны – бұлардың әр қайсысы осы аккордтың ерекше үні болып табылады, өйткені бір келкі үннен аккорд шықпайды. Әр халықтағы ең жаманшылық жағы да, жақсы жағы да сол халықтың өзіне ғана тән, және бұл қасиеттері басқа бір халық тағы жаманшылық пен жақсылыққа сайма-сай болмақ емес, әйтпесе соған ұқсамақ емес. Жеке нәрседен жалпылық нәрсе жоғары, дарашылдықтан күдіксіз нәрсе жоғары, жеке бастан ақыл жоғары, - бұл даусыз шындық, бұған қарсы түк айтуға болмайды; бірақ жалпылық, жеке нәрсе арқылы, күдіксіз нәрсе – дарашылдық арқылы көрсетіледі, ал ақыл – жеке бастан шығады ғой, сондықтан жеке дара және жеке бас болмайынша жалпылық күдіксіз нәрсе және ақыл-парасат нағыз шындық болмайды, тек қиялдағы мүмкіншілік қана болып табылады. Ақынның творчестволық әрекеті де осы тәрізді, өзімен-өзі болып жатқан, өзгеше бір тұтас, тұйық дүние, ол өз заңына, өз негізіне, өз себебіне сүйенеді, ең алдымен осыны бар деп есептеп, бұл туралы пікір айту керек. Ақын шығармаларының бәрі де мазмұн, түр жағынан алуан болса да, олардың өзіне тән өзгешелігі бар, бәрінің де бір жалпы пішіні болады, өйткені олардың бәрі де бір кісінің басынан, екіге жарылмайтын меннен шыққан нәрселер. Сөйтіп, ақынды зерттеуге кіріскенде, алдымен оның әр алуан шығармаларындағы оның жеке басына тән құпия сырды, яғни онан өзгеге тиісті емес, ақын рухының өзгешелігін түсіну керек. Бірақ бұл өзгешеліктер ақынның бір ғана жеке басына тән, басқа адамдарға жат деген ұғым шықпайды; бұл, жалпы адам баласына ортақ нәрсенің бәрі келіп бір кісіден ешуақытта табылмайды деген сөз; бірақ, әр адам өз әлінше азды-көпті дүниенің неше алуан сансыз салаларының адам баласы рухының бір жағын жасап шығу үшін туған. Адамның жеке басының лайықты орны мен маңызы міне осы мәңгі инкарнациялау міндетінде: өйткені рухтың іске асуы, жүзеге шығу шындығы осы болып табылады. Жеке адам бәрін бірдей қамти алмайды, сондықтан, ол барлығынан да өзгеше нәрсе. Адам баласының рухының түрлі жақтары тәрізді, жеке бастар сансыз және неше алуан, бұлардың әрбіреуі қажет болғандықтан өмір сүреді демек әр қайсысының тіршілік етуге заңды правосы бар. Сондықтан қашанда біріне-бірі тіпті ұқсамайтын, әйтпесе, бірінен бірінің қандайда болса айырмашылығы бар, жеке біреуді басқа біреудің өлшеуішімен өлшеуден жаман қиянат нәрсе жоқ. Дүниеде қызу қанды адамдар да, жеңіл адамдар да бар, салқын қанды адамдар да, сақ адамдар да бар, егер қызба адам дүниеге салмақты адамдардың керегі жоқ, олардың болмағаны-ақ тәуір болар еді деген болса, мұнысы жалғандық болар еді; салмақты адамның да қызба адам туралы осындай пікірі жалған болар еді.
Сөйтіп, ақынның творчестволық қызметінің шығатын бұлағы ақынның өзінің басынан көрінетін рухы, сондықтан оның шығармасының сипаты мен рухын ең алғаш ұғындыратын нәрсені оның бейнесінен іздеуіміз керек...
...Өмір поэзиясымен тығыз байланысты болған ақындар бар, жалаң мінез-құлқы ғана маңызды ақындар да бар. Жеке адамның қара басында болатын бұл айырмашылықтарды естен шығармау керек. Байронды Гетенің өлшемімен өлшеуге болмайтыны тәрізді, Гетені Байронға салыстырып өлшеуге болмайды. Бұл екеуінің тұрпаты екі басқа, Гетеге Байронша өмір сүрмедің, Байронша жазбадың, әйтпесе: Байронға Гетеше жазып, Гетеше өмір сүрмедің десе, нағыз оңбаған сөкеттік болар еді. Бұл еңгезердей пілге, жолбарыстай шапшаң, епті бол, әйтпесе, жолбарысқа еңгезер пілдей бол деумен бір есеп; табиғат саласында піл болсын, жолбарыс болсын, екеуі де өзінше орынды, өзінше қажет. Гете мен Шиллердің тұрпаты біріне бірі тіпті қарама-қарсы еді, бірақ осы қарама-қарсылықтың өзі ұлы ақынның сыйласып дос болуына себеп болды: бірінің бойындағы өзгеше қасиетке екінші бірі тәнті болды. Сынның міндеті Гете неліктен Шиллерше жазып, Шиллерше өмір сүрмегенін шешу емес, Гете неліктен басқаша емес, Гетеше жазып, Гетеше өмір сүргенін шешу...
Бірақ ақын шығармасынан оның өзіндік бейнесінің құпиясын қалай табуға болады? Бұл үшін оның шығармасын зерттегенде не істеу керек?
Ақынды зерттеу дегеніңіз оның шығармасымен шұқшия оқу арқылы танысу ғана емес, сонымен бірге, оның суреттегендерін өз басыңнан кешіре білу. Шын ақындар, ал ұлы ақындар әуел бастан көркемдіктің қай сатысында тұрса да, ешуақытта өтірік жазбайды, жалпы адам баласына ортақ нәрсені жанды, әсерлі формаға бөлейді. Адамның ұлы ақындардың шығармасына кісінің таңырқайтын себебі, әр уақытта онан өзіне көптен таныс, өз басынан кешірген әйтпесе бұлдыр көмескі түрде сезген немесе өзі көңілінде болғанымен, оған ақын бейне бере білмеген нәрсесін ақын шығармасынан үнемді кездестіріп отыратын болғандықтан. Ақын неғұрлым жоғары дәрежеде болса, яғни неғұрлым оның поэзиясының мазмұны жалпы адам баласына ортақ болса, оның шығармасы солғұрлым ұғымды болады да, оқушы осыны жаза салу менің ойыма қалай түспеген: бұл өзі сондай ұғымды, оп-оңай нәрсе ғой! – деп таңданады. Ақынның өзіне ғана тән басқа адамды қызықтырмайтын шығарма түкке тұрғысыз, бос нәрсе. Ақын шығармасының ақынның өзіне қандай тән болса, оның бүкіл адам баласына сондайлық тән екендігі, міне осы ортақ белгі, художниктің шығармаларын зерттегенде, бойында адамгершілігі (яғни рухани жігері, ақыл-санасы) бар барлық адамның сол шығармаларды бастан кешіруге мүмкіншілігінің негізі бола алады. Ақынның шығармасын өз басынан кешіру деген сөз оның байлығына сүйеніп, мазмұнына терең бойлап ауыратын жерінде ауырып, қайғысына қайғырып, қуанышына, үмітіне, шаттығына рахаттану деген сөз. Біраз уақыт ерекше ақынның ықпалында болып, соның тілімен сөйлеуді, соның көзімен қарауды, соның құлағымен тыңдауды жақсы көрмейінше оны түсінуге болмайды. Біраз уақыт жан-тәнімен гетешіл болмай Гетені, байроншыл болмай Байронды, шиллершіл болмай Шиллерді зерттеу мүмкін емес. Әрине, бұл сияқты өз ықтиярыңмен басқаның әсеріне түсу дегеніміз ақынды салмақтылықпен, байыммен, дұрыс түсіну емес, әзірше тек эстетикалық елігу ғана, - мұндай ұғымға албырттана елігуден сабырлы салқын қандылықпен талғауға көшу арқылы жетуге болады, бірақ ақынға осылайша елігу оны зерттеу процесіндегі алғашқы және қажетті кезең. Сондықтан да бір мезгілде бір ақыннан артық ақынды зерттеуге осы мезгілдің ішінде оны басқа ақындардан жоғары санамауға, басқа ақындардың шығармаларын түсінбей, қоя тұруға, оған сүйсінбей қоя тұрмауға болмайды. Ұлы ой көңілді тегіс жайлап, әбден ойға сіңіп алғанда көңілде басқа түрлі ойға орын қалмақ емес!
Жалпы адамбаласына ортақ нәрсенің шексіздігі өзінің тек идеясында ғана. Бірақ осы адам баласына ортақ нәрсе іс жүзіне аса келе белгілі характер, өзгеше колорит бейнесін алады. Ұлы ақындар өзінің шығармасында жалпы адам баласына ортақ нәрсені жырлағанымен, олардың әрқайсысынң шығармасында өз характері болатыны да осыдан. Шекспир де ұлы ақын, Байрон да ұлы ақын бірақ бұлардың шығармасында айрықша өзіне бөлек белгі бар. Даңқты емес, былайша тәуір ақындардың жай ақындардан айырмашылығы сол, олардың шығармасында өздеріне меншікті характерлік таңбасы бар, ақын неғұрлым жоғары тұрса, оның творчестволық дүниесінің өзгешелігі соғұрлым молырақ. Олардың бейнесінің құпиясы мен поэзиясының құпиясы осы характерлі өзгешелікте. Осы өзгешеліктің асылын тауып, белгілеу дегеніміз ақын бейнесі мен поэзиясы құпиясының кілтін табу деген сөз. Бұл кілтті қайдан іздеу керек?
Әрбір поэтикалық шығарма ақынды билеген құдіретті ойдың жемісі. Егер біз бұл пікірді ақынның әрекетінен туған нәтиже десек, искусствоға ғана емес, соның мүмкіншілігіне де балта шапқан болар едік. Шынында да, егер ақын болу үшін бұл пікірді ойлап тауып, оны өз ойынша бір формаға түсіру ғана керек болса, мұқтаждықтан, еркіндіктен немесе пайдакүнемдіктен ақын бола салудың не қиындығы бар? Жоқ, бейім жаралған, соған бейнесі сай ақын бұлай етпейді! Ойланып, пікірі қанша сәуегейлік, шын терең болғанымен, жаратылысында ақын емес адамның шығармасы жансыз, кемтар, жалған, саяз боп шығады, қаншама шыншыл жан болғанымен, ол өзінің айтқан пікірлерімен кімнің де болсын көңілін қалдырады! Бірақ тобыр өнерді осылай түсініп жүр, ақындардан осыны талап етіп жүр! Оған, көңіл көтеретін бір пікір ойлап тап, содан кейін гауһардан алтын жасағандай етіп, оны бір қисын айналдыр! Міне, мұнымен іс бітеді. Жоқ, ақынды билейтін және оның әсерлі шығармасының әсерлі ұқсасы болатын мұндай пікір емес! Өнер дерексіз философиялық идеяны маңына жуытпайды: ол тек поэтикалық идеяны ғана ұнатады, поэтикалық идея дегеніміз силлогизм де, догмат та, ереже де емес, ол әсерлі құмарлық, ол – пафос... Пафос дегеніміз не? Творчество – ойыншық емес, ал көркем шығарма – еріккеннің ермегі емес. Ол суреткердің еңбегімен келетін нәрсе. Жаңа шығарманың ұрығы қиялында қалай пайда болғанын оның өзі де аңғармай қалды, ақындық пікірдің ұрығын ол, нәрестені ішіне сақтап жетілдірген анадай-ақ өсіреді, творчество процесі, нәрсете табу процесіндей-ақ бұл да, әрине, бейнетсіз, азапсыз болмайды. Сондықтан, егер ақын творчестволық іске, еңбекке бел байласа, демек, әлденендей айбарлық күштің, өшпес құмарлықтың оны осыған құлшындырғаны, талаптандырғаны болып табылады. Бұл күш – құмарлық – пафос. Пафоста ақын, тамаша, сүйкімді жаңа ғашық болғандай, идеяға ғашық болады соған жан-тәнімен құмартады, сүйтіп, оны пайымдағанда санамен, сезіммен, жан жүйесінің бір ғана сезігімен емес, өзінің бар мінез-құлқымен, болмысымен пайымдайды, - сондықтан да, оның шығармасындағы идея құрғақ пікір де, жансыз, форма да емес, әсерлі зат боп табылады; мұндағы форманың әсерлі көркемдігі ондағы шарапатты идеяның барлығын дәлелдейді, онан соң мұнда жамау, жасқауды көрсететін сипат жоқ, - қысқасы, идея мен форманың арасында жік болмайды, екеуі де біте қайнасып тұтасып жатқан нәрсе болып табылады. Идея ақылдан шықпақ, бірақ, әсерлілікті жарататын және тудыратын ақыл емес, махаббат. Мұнан құрғақ идея мен поэтикалық идеяның арасындағы айырмашылық айқын көрінеді: біріншісі – ақылдың жемісі, екіншісі – құмарлықтың, махаббаттың жемісі. Мұның құмарлық деп аталмай, пафос деп аталуы неліктен? – дерсіздер. Себебі, “құмарлық” деген ұғымда сезім молырақ болса, пафос деген ұғымда сүйіспеншілік молырақ. Құмарлықта қара бастың қамы, өзімшілдік, дарашылдық қараңғы ой көп; онда тіпті оңбаған, пасық ниет те болуы мүмкін, өйткені бір ғана әйелге емес, бірнеше әйелдерге, бір ғана атаққа емес, ақшаға да, арақ-шарап гастрономияға да құмарту болады. Құмарлықта жалаң сезімге, қанған, жүйке тамырларға, тәнге, пенделікке берілушілік көп. “Пафос” дегеніміз де құмарлық, онан соң бұл да басқа құмарлық секілді, қанның қобалжуымен, бүкіл жүйе системасының тебіренуімен жымдасып жатады; бірақ, пафос идеямен тұтанатын, қашанда идеяға талпындыратын құмарлық, демек, ол нағыз рухани, таза құлықты, қасиетті құмарлық. Пафос жәй ғана ақыл табыстарын идеяға, сүйіспеншілікке айналдырады, бұл идеяда тасыған жігер, құмартқан талап болады. Философиядағы идея тәнсіз идея, пафос арқылы ол тұлғаға, нағыз фактыға әсерлі затқа айналады. Патетикалық деген сөз пафос, әйтпесе патостан (pathoc) шыққан: шын мағынасында пафоспен жазылатын драма поэзиясында бұл көбірек қолданылады...
... Ұлы ақынның шығармасының саны қаншалықты көп және неше алуан болғанменен, әрқайсысының өзінше өмірі, демек өз пафосы болмақ. Солай бола тұрса да, бүкіл ақын творчествосының да, оның бүкіл ақындық еңбегінің де өзіне тән бірыңғай пафосы болмақ, мұның қасында әрбір шығарманың пафосы бүтін бір нәрсенің бөлшегі, негізгі идеяның сәулесі, құбылысы, сол идеяның сансыз көріністерінің бірі сияқты боп тұрады. Бұған шығармасы бір сарынмен шыққан Байрон тәрізді бірер ақын ғана емес, шығармасы сегіз қырлы болуымен және неше алуан бағытта болуымен таң-тамаша қалдыратын Шекспир тәрізді ақындар да кіреді. Бұл мейлінше табиғи нәрсе: әр адамның өзіндік бейнесі болады, онда оның көптеген мүддесі, көптеген бағыты болуы мүмкін, бірақ кісі, әр уақытта осылардың ішіндегі басым болған негізгі біреуінің ықпалында болып отырады, ал адам творчестволық әрекеттің төте қайнар бұлағы болғандықтан, ақынның барлық шығармасы бірыңғай рухта, бірыңғай пафоста болуы керек. Ақынның толық творчестволық әрекетінің оның өзіндік бетінің, оның поэзиясының кілті, міне осы пафос. Ақынды бағалаушы және түсіндіруші сыншының тұңғыш жұмысы мен алғашқы міндеті, - оның шығармасындағы пафостың қандайлық екенін таба білу. Мұнсыз ол, ақын шығармасының қайсы бір әдемілігін немесе қайсыбір жетімсіздігін ғана әйгілер, ол жөнінде толып жатқан әсем сөздер сөйлер, бірақ, оның сынынан ақынды, ақын шығармасының мәнін, құпиясының шешуін іздеген оқушыларға да, сыншының өзін де, - бұл құпия болып қала бермек. Ол, ол ма, мұндай сынды ақынды орнысыз мақтап, яки орынсыз жамандап, оған оның өзінде жоқ қасиеттер мен кемшіліктерді тағуы немесе оның бойында бар нәрселерді сезбей қалуы кәдік. Ең негізгісі – мұндай сыншы, зерттеген ақыны туралы жасаған жалпы қорытындысында қашан да қателеспей қоймайды...
Достарыңызбен бөлісу: |