Е.Д.Тұрсынов
Ақын типінің пайда болу дәуірі жөнінде пікірлер
Әйгілі жазушы С.Мұқановтың айтуына қарағанда, ақын типі жырау типінің негізінде дамыған. Демек, ақындардың ең көне түрі – жыраулар. Бұл пікірді проф.Е.Ысмайылов та қостайды: “Тарихи деректерге қарағанда, жырауларды ақындардың ең көне типі деп есептеуге болатын сияқты”. Проф. Н.Смирнованың да пікірі бойынша ақындар жыраулардан кейінгі дәуірде қалыптасты: “Қазақтың ақын дегені – жыраудың кейінгі кезде шыққан атауы”. Проф. Е.Ысмайыловпен бірігіп, “Қазақ әдебиетінің тарихы” үшін жазған тарауында автор да осы пікірді қолдаған болатын: “Ақын сөзінің талдауы қазақ фольклоры үлгілерін тудырушы әрі сақтаушы-таратушыларының осы типі жыраулардан кейінгі дәуірде пайда болғандығын дәлелдейді”.
Осыған қарағанда, ақын типі жырау типінен кейінгі дәуірде пайда болғанға ұқсайды. Алайда ақындар мен жыраулардың репертуарлары мен атқаратын міндеттерін салыстырып қарасақ, ақындардың бойынан көне дәуір сипаттарын, ал жыраулардың бойынан одан кейінгі дәуірдің сипаттарын байқаймыз. Ол қандай сипаттар?
1. Ақындардың арасында еркектер де, әйелдер де кездеседі. Тіпті, қыз бен жігіттің айтысы қызсыз өтуі мүмкін емес. Жыраулар болса, тек ер кісілер арасынан шығады. Мұның өзі жыраулардың тек патриархаттың әбден нығайған кезінде пайда болғандығын көрсетеді.
2. Ақын – рудың өкілі. Айтыс кезінде ол өз руының атынан сөйлейді. Жырау болса – бүкіл елдің, яки тайпалар одағының (жүздің, хандықтың) өкілі. Ақын ауыл ішінде жүрсе, жырау хан ордасында жүреді, бүкіл хандықтың, елдің тіршілігіне байланысты жағдайларда ол ханға, бүкіл елге ақыл айтады, кеңес береді. Осыдан жыраулардың бұрын жеке-жеке өмір сүрген тайпалардың тайпалық одақтар құрып, біріге бастаған дәуірде пайда болғандығын байқауға болады. Ақындар кейінгі дәуірде ғана пайда болып, жыраулар дәстүрін әрі қарай жалғастырған сәтте олар жыраулардың бүкіл елдің (жүздің) атынан сөйлеу дәстүрін де жалғастырған болар еді. Бірақ ақындар тайпалық одақтың (жүздің) атынан тек көрші жүздің ақындарымен кездескенде ғана сөйлейді. Қалған жағдайлардың барлығында ақын жеке рудың (немесе тайпаның) өкілі болып есептеледі. Осыған қарап, ақындар тайпалық одақтар дәуірінен бұрынғы дәуірде пайда болды деп болжамдауға болатын сияқты.
3. Бұл болжамның негізсіз емес екенін мынадан да байқауға болатын сияқты: ақын – ырыми рәсімдерді атқарысуға қатысатын адам, оның үстіне ол тек қана қатысушы емес, ол ырыми рәсімдерді басқарушы міндетін атқарады. Аса көңіл аударарлық жайт: бұл рәсімдер ең көне рәсімдердің қатарына жатады. Бұлар: үйлену тойы, кісі өліміне байланысты жасалатын ырыми рәсім (ас). Үйлену салтына байланысты басты ырымдарды (бет ашар айту, тойды өлеңмен бастау) ақын атқарады. Үйлену тойы мен астарда ол жаршы міндетін атқарып, тойдың өткізілу тәртібін басқарып отырады. Жыраулар болса, бұл міндеттердің ешбірін орындамайды. Үлкен астарға қатысқан кезде олардың ырыми рәсімге қатысты атқаратын негізгі міндеті - өлген кісінің аруағын мадақтап, толғау, жыр айту. Аруақтар культінің әскери демократия дәуірінде (тайпалық одақтар құрыла бастаған кезде) қалыптасқандығын, ал үйлену салты мен өлікке ас беру сияқты салттың одан едәуір бұрынғы заманда қалыптасқандығын ескерсек, оның үстіне, ақындардың жырауларға қарағанда синкреттік сипаттарының молдығын (әрі ырыми рәсімдерді басқарушы, әрі ырыми фольклор үлгілерін орындаушы, әрі көркем шығармашылықпен айналысушы) қоссақ, ақындардың жырауларға қарағанда кенелеу тип екендігін мойындауға мәжбүр боламыз.
4. Ақындарға тән көне сипаттар осымен шектелмейді. Халықтың ұғымы бойынша, ақындық өнер адамға тылсым күштердің әмірімен дариды. Бұл ұғымның ән-күйдің, көркем сөздің магиялық қызметі жөніндегі ұғыммен байланысты екендігін жоғарыда айтыа өттік. Ақындықтың даруы жөніндегі әңгімелер түркі-монғол халықтардың фольклорында молынан кездеседі. Бұл ұғымның жырауларға да қатыстығы бар екендігін айтуымыз абзал. Дегенмен, бұл жайттың ақындар жыраулардан кейін пайда болды деген пікірге сүйеу бола алмайтынын да айтып өтуіміз жөн.
5. Ақын типінің көнелігін дәлелдейтін тағы бір жайт: ақындар өнері туралы ұғымдардың ішінде тотемдік ұғымдар кездеседі. Тотемдік ұғымдар ең көне наным-сенімдер қатарына жататындығы белгілі. Мысалы, Жамбылдың айтуынша, әр ақынның ақ кейпіндегі жебеушісі болады-мыс. Бұл жебеуші тек ақынның көзіне ғана көрінеді, өзге ешбір адамның көзіне көрінбейді. Жамбылдың жебеушісі оның көзіне арыстан кейпінде, ал Сүйімбайдың көзіне көк бөрісі көрінгенде, ақын қарсыласын жеңіп шығатын. Жырауларға тотемдік ұғымдар тіпті тән емес.
6. Ақын типінің тамырларының өте ерте дәуірдің тереңінде жатқандығын олардың негізгі жанры – айтыс жанры екендігінен де байқауға болады. Жыраулар болса, айтысқа түспейді. Бұл жайттың аса маңызды жайт екендігін ескере отырып, бұл мәселеге кеңірек тотаймыз. Бірақ мұның алдында жоғарыда айтқан пікірлерімізді фактілерге сүйене отырып дәлелдей түсейік...
“Сал” және “сері”
Қазақта “сал” және “сері” сөздері қатар айтылады. Кейде салды “сері”, серіні “ сал” деп атай береді. Жай адамдар түгіл, сал, серілердің өздері де осы екі атауды бір-бірінен қонысы аулақ атаулар деп есептемегенге ұқсайды. Мысалы, Біржан сал бір өлеңінде: “Сіз бұрын естіп пе еңіз Біржан серді?” – деп айтады. Біржанның шөберісінің келіні Рахия деген кісінің сөзіне қарағанда, Біржанның жұбайы Әпіш күйеуін “сері” деп атаған. С.Мұқанов “Халық мұрасы” деген кітабында мынадай қызықты әңгіме келтіреді. Бір күні Біржан сал жолаушылап, бір жатақтың үйіне келіп сусын сұрайды. Үйде отырған қыз оған сапты аяққа құйылған қара көже ұсынады. Біржан оны менсінбей, көжеге ернін де тигізбей, қызға аяқты қайтара береді. Қыз аяқты алмай:
Жақсының жейтін асы жая мен жал,
Шығады нақ қырсықтан осындай сал.
Дәмнен үлкен дүниеде ешнәрсе жоқ,
Көжеге кекіреймей ерніңді мал! –
депті. Сонда Біржан ұялып қап:
Жетеді тоқсан жасқа ердің ері,
Атандық ақындықпен “Біржан сері”.
Қарындас, айтқан сөзің өтіп кетті,
Көжеңді басып-басып әпкел бері! –
деп аяқтағы көжені ішіп қойған екен.
Ақан сері өзінің Мұқанмен екінші айтысында “сал, сері” сөздерін синоним есебінде қолданады:
Серінің ел сүйетін қылығы бар,
Сөзімді қор қыламын саған неге?
Домбыра, насыбаймен – ер сипаты,
Салдарға жараспасын бұлар неге?
Ақанмен айтысқан Тезекбай:
Салдықпен сайран қылып жүргеніңде,
Иемденіп жүр дейді ғой жын мен перің, -
десе, Смағұл:
Қадірлеп айтқан өлең, қағаз жаздым
Баласы Қорамсаның Ақан салға, -
дейді.
Салдар сияқты, серілер қымбаттан тігілген киім киіп, арғымақ ат мініп, бүркіт баптап, құс салып, қасына ерген нөкерлерімен ел аралап, той-думанның еркесі болған ақындар. Салдар сияқты, серілер жасы ұлғайғанда серілік құруды тоқтататын.
Халық есінде аттары қалған серілерді салдардан айыратын екі-ақ нәрсе бар: біріншіден, серілердің жүріс-тұрыстарында көзге ерсі көрінетін қылықтар болмаған. Серілердің бойында алғырлық, кербездік, жомарттық, ақындық, сыпайгершілік бір жерден тоғысатын. Ерсі қылық, ерсі мінез көрсету серілерде болмаған. Киімдерінің етек-жеңі жинақы, ерсіліктен тіпті аулақ болатын, әрі қымбатты заттардан, әрі алыстан көз тартарлықтай етіп, әрі сымбатты, көз жанарын қандыратын үлгімен тігілетін.
Екіншіден, репертуарлары салдардың репертуарларынан едәуір аз болатын. Серілер лирикалық әндер, мақтау өлеңдерін шығарып орындайтын, айтыстарға түсетін. Ойын көрсету, фокус көрсету, күреске түсу, өлең айтқанда актерлік қимылдары жинақы әрі кербез болатын, жүріс-тұрысында паңдықтың белгісі сезілетін.
Серілер творчествосының негізгі бағдары, тақырыптары, функциялары салдар творчествосына ұқсайтын. Салдар сияқты, серілер ақындарша ру ішіндегі кіші-гірім ырым-салттарды өткізуге басшылық етпейтін. Салдар поэзиясы секілді, серілер поэзиясының негізгі саласы – богема лирикасы, богема сарындары, яғни махаббат, жастық шақтың қызығын, той-думан, шаттық көңілді жырлау болып табылады.
Қазақ серілерінің тамаша өкілі – атақты Ақан сері Қорамсаұлы. Біржан сал, негізінен, серілер тобына жақын. Оның серілерден айырмашылығы – киімінің кейбір ерекшеліктері мен өлең айтқандағы актерлік қимылдары ғана. Бұл сапалық айырмашылық емес, түр айырмашылығы ғана. Осыған және салдар мен серілер творчествосының ортақтастығын көрсететін жоғарыда келтірілген фактілерге қарап, серілерді – сал типінің эволюциясы нәтижесінде пайда болған жаңа түрі деп есептеуімізге әбден болатын сияқты. ХІХ ғасырда сал дәстүрінің түр ерекшеліктерінің ғана кейбір элементтерін сақтап қалған Біржан секілді жаңа сапалы салдармен қатар серілер тобына жататын Ақан сияқты өнер иелерінің пайда болуына және осы кезде “сал”, “сері” деген ұғымдардың бір тектес ұғымдар есебінде пайдалана бастауына қарағанда, сал, серілер творчествосы мен дәстүрлерінің тығыз ішкі байланыстылығына қарағанда, серілер – сал типінің негізінде өткен ғасырда қалыптасқан өнер иелерінің жаңа түрі деп айтуымызға болады. Генезисі жағынан алғанда, серілер – ыдырай бастаған құпия одақтар мүшелерінің соңында жүріп, олардың ойындары мен билеріне қатысқан “фанаунау” секілді серіктерімен тамырлас болғанға ұқсайды. Серілердің жүріс-тұрыстары мен репертуарларында оларды салдардан спецификалық түрде айыратын элементтер жоқ. Алайда салдар творчествосына тән негізгі сарындар – богема сарындары өз дамуын серілер поэзиясынан тауып отыр...
Жырау
Проф. Н.Смирнова: “Жырау” сөзінің мағынасы – “жыр айтушы” деген сөз... Бұл жыр айтушылар институты қаншалықты көне болса, атауы да соншалықты көне”, - деп жазады. Проф. Е.Ысмайылов Н.Ильминскийдің пікіріне және татар тілінде “жыру”, “жыруче” сөздерінің “жыр” сөзімен мағыналас екендігіне сүйене отырып, “жырау” сөзін “жыр”, “жыр айтушы”, “жырламақ” сөздерімен байланыстырып, бұл сөздің мағынасы “тарихи жыр айтушы, болашақты болжаушы” екендігін айтады. Бұл пікірді қарақалпақ фольклоршысы Қ.Айымбетов те қолдайды. “Жырау” деген сөздің шығу негізі – “жыр жырлау”. “Жырау” сөзінің пайда болуы туралы, оның шығу негізі “жыр” сөзінен келіп шыққаны туралы өткен ғасыр ғалымдары Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, Л.З.Будагов, Ш.Ш.Уәлиханов, - міне, бұлардың бәрі де “жыр жырлау” сөзімен байланыста екендігін айтады”, - деп жазады ол.
Сөз ыңғайы келіп тұрғанда айта кетуіміз керек: В.Радлов “жырау” сөзінің “жыр жырлауменен” байланыстығы жөнінде ештеңе айтпаған болатын. В.Радлов сөздігінің І томы, 2-бөлігінде “ыр”, 3 томы, 1-бөлігінде “йыр”, “йырлыжы”, “йырла”, “йырцы”, 4 томы 1-бөлігінде “жырау”, “жыраушы” сөздері әрқайсысы жеке-жеке мақалаларда бір-бірімен байланыссыз түрде көрсетіледі. Л.Будаговтың сөздігінде “жырау” сөзі “йыр”, “ыр”, “жырламақ”, “йырламақ”, “йырлычы”, “жырлачы”, “йырлачы”, т.с.с. сөздермен қатар көрсетіледі. Осыған қарап, Л.Будаговтың “жырау” сөзін “жыр” түбірінен шығарғандығы туралы қорытынды жасауымызға болады.
Ежелгі түркілер “йырағу” деп жыршыны, өлеңшіні айтқан. Бұл атаудың осы мағынасы орта ғасыр түркілерінің де тілінде сақталғанға ұқсайды. Лүтфидің “Гүл уа Наурыз” атты дастанындаф: “Йыраулар саф уа сақилар гүләндәм” (“Саф таза жыраулар мен гүл жүзді шарап құюшылар”) деген жол кездеседі. Дастанның екінші бір жерінде түркі дастандарын жырлаушы Бұлбұл туралы:
Йырур атым ол йылда Бұлбұл маст,
Білүрмін түмен дастан біл-ә даст,
Забур әлханилық йырлар білүрмін,
Надимлық ічрә тадбирләр білүрмін
Есімім ол жердегі Бұлбұл ғашық,
Білемін сан дастанды жатқа,
Құдірет кітабындай жырлар білемін,
Достықты нығайтар амалдарды білемін, -
деп айтылады. Науаидың шығармасында:
Саф майжам орағар гүл ділкәш-дүр,
Тостаған ічірә қымыз һәм хош-дүр.
Ей йырау, сен һәм ашықны көркүз,
Йетуған бірлә ұлұғ йырны түз
Құйылған саф ішімдік гүл-жұпар – дүр,
Тостаған ішіндегі қымыз иісі де хош-дүр.
Ей жырау, сен де өнеріңді көрсет,
Жетігенге қосылып, ұзақ жыр айт, -
деген жолдар кездеседі.
Татарлар “жыр айту” дегенді “жыру” деп айтады. Татар жазушысы әрі фольклор білгіші Нақи Исәнбәт: “Жырчы” – бұрынғыша “жырау”. Жыр, дастан айтушылар осылай аталған... “Жырчы” сөзі де осы түбірден жасалған... Тоқайда: “Мин кунакчыл бер жыручы, миндә бар ярлыгидай”, - деген сөз кездеседі”, - деп жазады. Монғолдар “әнші”, “сайраушы” дегенді “жиргээч” деп айтады. Демек, “жырау” деген атау “йыр/жыр” сөзінен “йырағу/жыру” формасы арқылы жасалған сөз деп айтуымызға әбден болады.
Тіл тарихында бір-бірімен қоңсы отырған халықтар тілінде өзара сөз ауысуы нәтижесінде жат тілді халықтарда белгілі бір халықтар тілінің көне сөздері мен сөз түрлерінің сақталып қалатын жағдайлары жиі кездеседі. Мысалы, түркілердің “зат”, “нәрсе” мағынасындағы ежелгі “табар” (“тавар”) сөзі “товар” түрінде, финн-угорлардың “балық” мағынасындағы “урба” сөзі “рыба” түрінде орыс тілінде, финн-угорлардың “жұрт”, “халық” мағынасындағы “йүз” сөзі “жүз” түрінде (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) қазақ тілінде сақталып қалды. Түркілермен тығыз байланыста болған және ғасырлар бойы түркілердің мәдени ықпалында болған армяндардың тілінде “жырау”, “жыршы” мағынасын білдіретін “ата”, “деде” сөздері сақталып қалып отыр. Түркілер Қорқытты “ата”, “деде” деп атап жүр. Ендеше “Қорқыт ата”, “деде Қорқыт” сөздерінің түпкі мағынасы “қорқыт жырау”, яғни “насихат, өсиет айтушы жырау” деп айтуымызға хақымыз бар сияқты...
Достарыңызбен бөлісу: |