М.Жұмабаев
Ақан серінің сөздері
“Ақан серінің сөзінен өмірі сұлу” деп біз Ақанның өмірін жазған мақалада ескерткенбіз. Алайда, оқушыға Ақан туралы аз ба, көп пе қоғамдық ұғым беру үшін Ақанның сөздерінің мінезін білдіріп, түрлерін көрсетуді керек деп білдік.
Тағы бір ескеретін нәрсе – біздің қолымызға Ақанның барлық өлеңдері түскен жоқ. 1922 жылы жаз бірер ай әдейі Ақанның сөздерін жинамақ үшін Көкшетау оязын аралағанымызда, Ақан өлеңдерінің қорлы болып жиналған жерін ұшырата алмадық. Әркімнің аузынан бір-екі ауыздан жиюға тура келді. Жалғыз-ақ Шыңғысұлы Қоқыш ақсақал мен Самыратұлы Қазыдан біраз жазылған өлеңдер ала алдық. /Қазының айтуына қарағанда, бұл өлеңдердің бірталайы Ақанның өз қолымен жазылған болса керек/. Сонда да қолымызда Ақанның 3-4 жүз ауыздай өлеңі бар. Аз да болса, осы өлеңдері бойынша оның ақындығын шолмақпыз.
Жалпы жолға қарсы болса да, Ақанның сөздерін мағына жағынан тексермес бұрын, біз Ақанның тілінен бастамақшымыз. Бұған себеп – Ақанның тілінің таза еместігі. Қазақ ақыны Ақанның қазақ тіліне араб, парсы /жазаласа/ орыс сөздері көп кіріп кеткен. Оның мағына жағынан, әсіресе, сурет жағынан сұп-сұлу өлеңдерінің тілдері шұп-шұбар. Ақан бұл шұбар жолға өзі қалап түскен емес, оны заман түсірген.
Адамның бір атаның баласы екені рас болса, белгілі бір заманның баласы екені де даусыз. Ақан – заманның баласы. Ол заман - өткен тоқсан тоғыз, жүзінші жылдар, қазақ даласын оңтүстік пен солтүстіктен екі албастының келіп басқан заманы. Біреуі – Бұқардан ишандардың, қазіреттердің, молдалардың, халфелердің шаңырақтай сәлделеріне, күпілерінің күйектей етектеріне жабысып келген мұсылман албастысы. Екіншісі – болыстардың знак, мөрлеріне, тілмаш, “учительдердің” қақиған картоздарына, сымпиған шалбарларына оралып келген орыс албастысы. Ол дәуір – осы екі албастының кесірінен елдің өмірі іріп, шіріп, тілінің тарғылданған дәуірі. Ол дәуір халфелердің:
Фараухун уә райханун әнфісәк сәні,
Болғанда хуснун уәе абиз тәнің, -
деп, тілмаштардың:
Көйлегің сексен теңге серо-бурый,
Дамбалың московский материя, -
деп, учительдердің:
Милая, тебя вижу, қырандаймын,
Без ответ, все таки, ұрынбаймын, -
деп қыздарға хат жазатын дәуірлері. Ақан қазақ тілінің сол тарғылданған дәуірінде өмір сүрген. Оның үстіне өмірден соққы жеген Ақан сопылық, дін жолына түсіп, жан тыныштығын табамын деп жүріп Бұқардан оқып қайтып, талай елдің осы күнге шейін көзін аштырмай кеткен көкшетаулық Науан қазіретке шәкірт болған. Ақанның тілінің тарғыл болуының себебі – осы. Оның тарғыл тіліне ең ашық мысал мынау өлең:
Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия,
Көптен-көп сәлем айттым, Гүлназия,
Тағырифын тамам қылып танығандай,
Діл бардан ділмар керек шаибазия.
Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия,
Шери зат дұхтар саһи гүлнаһия,
Әр нақыш мәдахымды түсінерсің,
Діл араи, діл хафзаи гүлнахия.
Сәдәфтің шашыраған жәуһәры сіңіре,
Көңілімнің зәһрасына салған ұя.
Гәсуа дарын секілді бент махбуб,
Ксәния секілді кінәзия.
Көптен-көп поклон айттым, скажия,
Сырымды кімге айтамын, сізден зия.
Именной, искренный, ескеріңіз,
Хорошенько, сетра, сватия,
/Құдаша, қарындас дегені ғой!/ Мынау шұбар тіл үшін, әрине, Ақанға рақмет айтарлық ештеңе жоқ. Бірақ Ақан – мың сол тарғыл тілді өлеңдерін адам ұғып оқыса, тегінде суреттеуге шебер. Ақанның сол тарғыл тілмен де суреттей алғандығын көруге тиісті. Ақан бір өлеңінде Қалқа баласына былай дейді:
Тағрифін тамам қылып жеткізе алмас
Қамыстар болса – қалам, бахыр1 – сия.
Мынау құранның құдайды суреттеген сөзімен ақын Ақан Қалқа баласын суреттегені ғой!
Тағы ақын Ақанның молдадан үйренген мұсылмандықпен, арабша үйреніп молда болғандығымен қалай пайдаланғанын мынау суреттеуі шешіп береді. Ақан Қалқа баласын былай суреттейді:
Қасың қара қаламның сиясынан.
Қолың нәзік өзеннің миясынан...
Ақша бетің үстіне нәркес көзің –
Ақ қағаз нүктесіндей нонға тартқан...
Сымбатыңды қарасам, Қалқа бала,
Мен секілді “машайық” шынға тартқан…
/Мінсіз басың “машайықтың” мемі секілді, бұраңдаған бойың мем-нен соң бұраңдаған “машайықтың шыны” секілді дегені ғой/. Мынадай суреттер екіден бірдің-ақ қолынан келетін нәрсе.
Онан соң, Ақанның өлең ұйқастыруына да молдалықтың шарапаты тимей қалған емес, сол жолда Ақанға, әсіресе, әсер қылған – атышулы “Мұхаммадия” болған. Мұсылманша оқығандар біледі, “Мұхаммадияның” өлеңдері ылғи ұйқас қуып кетеді. Мысалы, бір өлең “я-ға” ұйқастырылса, сол өлең бір-екі бетке созылса да “я-ға” ұйқастырылады да отырады. Ақан өлең ұйқастарында көбінесе осы “Мұхаммадияның” жолына түскен. Бұлай ұзақ ұйқастырудың өлеңнің сырт сұлулығына пайдасы болғанмен, лайықты сөз табылмай қалып, мағынасы аз сөз кіріп кету қаупі де зор. Ақанның да ұзақ ұйқастырылған өлеңдерінде осы себептен мағынасы аз сөздер әжептәуір орын алады. Бірақ, өлең ұйқастыру ауданының кеңеюі көзінен қарағанда Ақанның бұл тәжірибесін онша мінеуге болмайды.
Қысқасы, қазақ тілінің қуғын көрген дәуірінде өмір сүрген Ақанның тілінің тарғыл екені рас. Бірақ, тарғыл тіл шын Ақанның тілін тұтықтыра алмаған. Ақын Ақан қауырсын қаламын сыңқырлатып жазатын “н” харіпінен, жазаласа, ишанның машайығынан, құранның аятынан шәкірттің қағаз-сиясынан, молданың мың бейнетпен, өзіне керек суретті жасай білген.
Енді Ақанның сөздеріне мағына жағынан келгенде оның өлеңдерін беске бөлуге болады:
1. Сықақ. 2. Ғашықтық. 3. Айтыс һәм мақтау. 4. Сопылық. 5. Қазақ қайғысы туралы өлеңдер.
Бұл бөлімдердің сықақтан басқасы Ақанның өмірінің түрлі дәуірлеріне байланған.
Бұл туралы Ақанның өмірін жазған мақалада айтып өткеміз. Жалғыз-ақ сықақ – Ақанның сүйегіне біткен сипаты. Ақан өмір бойына өзінің көңіліне ұнамаған адамды сықақ қылып, іліп тастамай қойған емес. Ілетін орны келгенде пәленше-түленше деген атына, затына қараған да емес. Қарауылдың ақсақалдары осы күнге шейін Ақан десе, алдымен оның улы тілін есіне түсіреді.
Ұнамаған адамға Ақанның тілінен құйылған у талай-талай заман шыбжыңдатса керек.
Тілінің уының күшті екенін Ақан өзі де білген.
Қағысқанды қыламын под надзором,
Патшаның мизамындай мен де сотпын, -
дейді Ақан.
Достыққа баға бере алмай, сыртынан өсек жүргізгені үшін Жүсіп деген белгілі бір, төреге Ақан былай дейді:
Жүсіп-ау, төрелік жоқ баяғыдай,
Дәрежең қара қазақ аяғындай.
Досыңды дұспан көріп айбаттайсың,
Мінезің әзәзілдің таяғындай.
Жүсіп-ау, неше мысқал басыңда ми?
Айдаған мал, үстіңде тігулі үй.
Қиямет таразысы құрған шақта
Айса, Ермек, Тортай болады би.
Мүңкір-нәңкір бесеулеп ұрған шақта,
Көтіңнен шығады ғой сонда бір қи.
Майын мінген аттай ғып қайтарарсың,
Күншеңнің1 арқасынан шығармай ши.
Қарауылдың белгілі Шөбегінің немересі – қотыр ауыз Мұқанәлі деген Ақаңды періге иеленген деп жамандап өлең шығарады. Ақан оны білмейді.
Бір жерде ол өлеңді ести салып, сөздің ыңғайынан кім шығарғанын біле қойып, Ақан айтыпты:
Адамды сырттан айбат жарамайды,
Айбатсыз ақымақ асы тарамайды.
Мына өлеңді шығарған ақымақтың
Аузына жағар ма еді қара майды.
Бір жиында Ғалиянұр деген бір ноғай молда Ақанмен айтыспақ болады. Ақан – ноғайдың ормақ мұрнына тие сөз бастайды. Ноғай “мен ормақ болсам, пайғамбар да ормақ мұрын болған” десе керек.
Сонда Ақан:
Мұхаммед – құдай досы, пайғамбары.
Пайғамбарды көрген жоқ жұрттың бәрі.
Пайғамбардың сипаты сендей ме екен,
Ормақ мұрын, шегір көз, ақжал сары, -
дейді.
Ақаның ғашықтық өлеңдеріне келсек, басқа өлеңдерімен салыстырғанда оның шеберлігі сонда көрінеді. Сері Ақанның мұндай өлеңге шебер болуының, әрине, таңы жоқ. Ғашықтық өлеңдерінде Ақанның әрбір сөзінен ақындық иісі аңқып тұрғандай, ұсатусыз, суретсіз сөз жоқ деуге болғандай:
Оралдың мен ақ иық сыр андағы.
Сен сәулем – қызыл түлкі қыр аңдағы.
Қия тас қиынына кетсең-дағы,
Қамшылап қанатымды бұрам-дағы.
Қия тас қиыныңда бекінсең де,
Тәуекел майданында тұрам-дағы.
Асыл зат, алқызыл гүл қарындасым...
Ақанның ғашықтық өлеңдерінің ішінде көп жерге тарап кеткені – “Ақ көйлек” өлеңі. Бұл – Ақанның ең сұлу өлеңінің бірі. Ту басында жүз бірнеше өлең болса керек, бәрі “Ақ көйлек” деп басталған.
Бір ауызы:
Етегі ақ көйлектің ілмеленген,
Қастарың харіф мәттей сүрмеленген.
Сүмбіл шаш, лағыл ерін, асыл қалқа,
Іш-бауырым ғашық отпен тілмеленген…
Мынау өлеңдеріне қарағанда, ғашықтыққа Ақанның көзқарасы мен жай бозбаланың көзқарасы арасында артық айырма жоқ сықылды. Алайда Ақан ғашықтыққа тереңірек қараған адам. Ол ғашықтықты “ақ төске білектің артылуы, артылмауымен” ғана байлап қойған емес. Бұл – Ақанның өмірінен белгілі – бір. Екінші, мынау өлеңдерінде ишара бар:
Кісідей өкпелеген мойның бұрмай,
Білдің бе кемшілік деп ғашықтықты?..
Жоқ болса айтар сөзің жұбайыма,
Жүрейін, амалым не, өз жайыма.
Обалың, айнымасам, маған емес,
Жаратқан жақсы қылып құдайыңа.
Сен сүймей кетсең де, мен де сүйе бермекпін. Сені мендік болғаның үшін емес, жақсы жаратылғаның үшін сүйемін… дегені ғой.
Ақанның айтыс һәм мақтау өлеңдері туралы ешнәрсе деуге мүмкін емес.
Мұндай өлеңдері менің қолыма түспеді. Жұрттың айутына қарағанда, бірнеше ақынмен ауызбен де, жазысып та айтысқанға ұқсайды. Өзгесін жеңді, бірақ Орымбайдан жеңілді деседі. Орымбайға Ақан былай дейді /Орымбай жиында әйелдер отырған үйге кіріп шықса керек/:
Ор-еке, сөз бастайын, жолың қисаң,
Мурит боп ең ғой пірге, сен, Зейнолла ишан.
Жаңа тағы өңкеңдеп қол тапсырдың,
Шулаған, ақ сәлделі бұ қай ишан?
Сонда Орымбай қартың:
Ақыл аста, күш атта, сөз малды да,
Ақыл, айла болмайды жоқ-жарлыда.
Парыз, уәжіп баршасы тамам қылып,
Жалғыз-ақ әйел деген сөз қалды ма? –
- деп Ақанның ораза, намазға салақтығын бетіне басып, тоқтатып кетті деседі.
Ақанның сопылық туралы өлеңдері де менің қолыма жөнді түспеді. Алайда, серілік пен сопылықты қоса білген, намаз, оразаны жанының тілеген уақыттарында ғана атқаратын Ақанның сопылығы жанына жын ұялаған, сиыр көзді соғылғандардың сопылығынан бөлек болған десек, құрғақ сәуегейлік қылған болмаспыз. Бұл пікірге алдымен Ақанның өмірі күшті дәлел болса, мынау өлеңі де ишара қылады:
Дүниенің қызығын кешіп өтіп,
Тәттіліктің алмадық еш ләззатін.
Пәраудигар сопылардың жолыменен
Құдайға құлшылықта ғибадатым
Айырушы алла бар, не қамым бар,
Адамның ішкі сырын, заһыр, батын.
Енді Ақанның қазақ қайғысы туралы өлеңдеріне келсек, оның сері Ақан болумен бірге жаралы елдің шын азаматы болғандығы сол өлеңдерінде көрінеді. Дұрыс, бұл өлеңдер таза ақындық, сұлу сурет, ұйқас теру жағынан басқа өлеңдерінен көп төмен. Бірақ бұл төмендікті оның ойлы азаматтығы жуып кете аларлық. Ақан бұл өлеңдерінде елдің қайғысын көре білген, сол қайғының себебін таба білген. Ол қайғы – қазақтың ата тұрмысының аз дәуірдің ішінде көріне көзге қирағаны, қираудың себебі – қазақ даласына қарашекпендердің құжынап келіп орнағаны. Ақан соны жырлайды. Жерінен айрылған елдің көзінің жасы болғанын айтады. Қарашекпеннен көрген қорлықты санайды. Үкіметтің орыс, қазақты ала ұстайтынын білдіреді.
Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,
Соятын крәсиянға лақтай боп.
Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң,
Шетке шығып қалдық қой брактай боп…
Қор болып крәсияның табанында,
Қалайша күн көреміз дәурен кешіп?
Темір айыр, ақ балта қолдарында,
Тілге келмей ұрады өңмеңдесіп.
Іштен келген тоң мойын, надан халық,
Бұл жұртты ойран қылмай ма төбеленіп!..
Осы күнде мағылұм сұрасаңыз,
Талай жанның тастап жүр басын кесіп.
Қасиетті ата, баба зиратының
Үстіне егін салды, жайлап есіп,
Тірі түгіл, өлінің көрін алып,
Бұлайша іс қылады ерегісіп.
Қай дума, комиссия болса-дағы,
Бұған закон сұраймыз төрелесіп.
Жетпіс екі милләтте жол бар ма екен
Сүйекті, дінді қорлауға тепкілесіп?..
Қазақтың мұндай күйге түскенін Ақан ә дегенде жергілікті әкімдердің надандығынан, қаралығынан деп біледі.
Патша алыс, жете алмаймыз Петрборға
Және де сегіз санат алыс қия, -
Дейді. “Ақ патша”, сегіз санат қазақ даласындағы мынау зомбылықты білмей отыр ғой, білсе олар аяр еді дейді бала елдің бала ақыны.
Мал өсірген халықпыз, егін екпей,
Аз жерге сия алмаймыз сызғандай-ақ.
Шеттен келген төрелер норма қылған,
Қазақ жайын білмейді жалғыз қарап.
Петрбордан шафқатты санат келсе,
Патшадан жарлық алып құдай қалап.
Қазақ үшін қайғырып жылар еді,
Ол мейірбан ер болса ұялмай-ақ.
Қойдан қоңыр не қылған халық еді деп,
Көз жасын қайтар еді тия алмай-ақ.
Есті Ақан ұзамай-ақ мынау ақкөңілділіктен құтылады. Бәленің басы Петрбордағы “патша ағзамда” екенін біледі. Енді Ақан Петрбордан жай мархамат күтудің орынсыз екенін ұғып, “ақ патшаға” баяғы жеріңе тимеймін деген уәдеңнен тайдың деп, қыр көрсетіп, өкпе айтады. Мұндай қыр, өкпеден де ешнәрсе өнбейтінін біліп, үкіметке тіпті бізді аямай-ақ қой, өз мемлекетіңнің пайдасын ойлашы. Өзің үшін қазақ жерін, қазақ малын құртпағаның пайдалы ғой дейді. Мұндай негізді пікірге ол күнде екінің бірі-ақ ие болған шығар:
Пара-пар крісиянға тең болмадық.
Тартылып қай жараға ем болмадық?
Малымыз, жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға дем болмадық?
Орыс, ноғай, сарт-сауан саудагерге
Қалайша малмен, жермен тең болмадық!
Сексен бес жыл болыпты бодандыққа,
Қайырсыз патшамызға ел болмадық.
Газет, журнал оқымаған, пікірлі азаматтың бетін көрмеген надан Науанның шәкірті – Ақанның мынадай пікірге келе білгендігі шынымен тамаша, өз миымен шаруа түрлерінің арасындағы байламды көре білген Ақан, не десең де, тым-ақ жабайы жан емес.
Соңғы кезде Ақан патшаға көшіп кетеміз деп қоқан-лоқы қылады. Өзі шынында құтсыз қоныстан ауу керек деген пікірге келеді:
Бостаншылық берсе егер басымызға,
Патшамыз мархамат қып ризаласып,
Бетімізбен біз де өлмес күнін көріп,
Тынышты жай іздер ек арын-ашып.
“Құрметті” крәсианаға жер кеңісін,
Орнымызды сол алсын еһлесіп.
Өлтірсе құн, сатылсақ пұлымыз жоқ,
Құр елді не қыласыз “құрметтесіп”?
Ақанның соңғы сөзі:
Мархабат патшамыздан ала алмадық,
Я Бұқар кетеміз бе, я Турция?
Ворон иттің астында қалғаныңша,
Тірлікте ізденіңіз исламия,
Бір үш кез жер тимейді өлгеніңе…
Бұ не кеп, бұ не қасірет, ғамкіния?
Соңғы сөз: “бұл не кеп, бұл не қасірет, ғамкіния”. Шерлі Ақан осы сөзбен дүниеден қайтқан.
Ақанның сөздері – осы. Соңғы өлеңдерінің мағынасы дұрыс екені даусыз.
Ілгергі өлеңдерінде бірталай сұлу сурет бар екені рас. Сонымен бірге, соңғы өлеңдерінің тілі тұтқыр, барлық өлеңдерінің тілі тарғыл екені рас. Осы өлеңдерді шығарған Ақанның өз өмірі жалпақ елге жат болғаны, жұмбақ болғаны тағы рас. Бұлардың бәрінің себебі Ақанның өмір сүрген дәуірінде. Ол Дәуір – Нухақтың толқындары арасында қазақтың қайығы қалтылдап батып бара жатқан дәуір. Ойы – тұман, тілі – тарғыл да жасыған, тілі де жасыған. Қалың қазақ қайықтың батып бара жатқанын білмейді. Бірақ, Ақан сықылды бірен-саран сезімпаз ұлдары ғана болар-болмас сезген де, көпке алдымен өзінің өмірімен ереуіл жасаған, оның өзінің – сері, жолдасының – пері атанғаны осыдан. Тұманды дәуірдің ұлы – Ақанның тілінің таза болмауы тағы осыдан. Ақанның барлық кемшіліктерінің үстіне бір сұлу сипаты – елдің сол дәуірдегі өмірін өлеңдерімен, әсіресе, өзінің өмірімен суреттей білген. Өмірді өлеңмен, ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек.
Біздің міндетіміз - өткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың “Ескісіз жаңа болмайды” деген мәтелін киімнің қолтығына ғана қамап қоймай, балапан әдебиетімізге де қабыстыру.
Сөз соңында Ақанның сөздерінің тегіс жиналмағандығын ескертеміз. Көкшетаудағы Біләл жолдас жинауға кіріссе дұрыс болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |