АЛҚА
Табалдырық
Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бір жол, алдында мың жол. Мың жолдың ішінде өзен өрлегені де, шөлге улегені де, барса келері де, барса келмесі де бар. Қазақ әдебиетін мынау мың жолдың тарауына алып келіп, аңыртып тұрған – тұрмыс. Қазақ тұрмысы орыс тұрмысымен, орыс тұрмысы арқылы Ауропа тұрмысымен соқтығуы қазақ әдебиетінің орыс әдебиеті екпініне, орыс әдебиеті арқылы Ауропа әдебиеті екпініне кез келуі тас пен жапалақтың жапалағы өлмек, әрине, қазақ тұрмысы қирамақ, әрине, қазақ әдебиеті еліктемек.
Бірақ бізге молда болатын Ауропа әдебиетінің өзі бір молда емес, мың модда. Алыстағы анау Ауропаны қоя-ақ қоялық, көршіміз орыс әдебиетін алалық. Оның өткен дәуірлерін бүркеп, осы күнгі дәуірін алалық. Осы күнде пролетариат төңкерісі дәуірінде, кеңес өкіметінің өзіне орыс әдебиетінің мың бағыты тұр. Бәрінің де жалауы – қызыл, ұраны – төңкеріс алды, ортақшылдық сықылды. Алайда ескүстба әм оның бір саласы болған әдебиет туралы түрлі жақтың түрлі ұғымы бар. Ескүстба бар әм болмақ деген бағыттан бастап, ескүстба жоқ әм болмақ емес, бұрын болса да, бұдан былай болмақ емес, болуға тиісті емес деген бағытқа шейін бар.
Оның үстіне біз – дүние астан-кестен болған заманның адамымыз. Жұмыр жердің бетіндегі шірік қауды өртеп, ертең өрттен шығару үшін қылыш-найзаны қолдан түсірмей майданда жүрген әскеріміз. Әйеліміз, еріміз, саясатшыларымыз, шаруашыларымыз, әдебиетшілеріміз – тегіс әскерміз. Әскер болуға міндеттіміз. Төңкеріс те осыны тілейді. Тұрмыс осыны тілейді. Бірақ, майдандағы әскердің әрбір тобының, әрбір табының да бес міндеті болмақ. Әр тап өз міндетін дұрыс атқарса ғана, жалпы әскер соғысы ұтып шықпақ. Болмаса, тап өз міндетін ұмытып, көптің дүрмегімен, айқай-аттаның желімен лап қойып кете барса, майдан құр ойранға айналмақ.
Қазақтың жазушылары да – аз әскердің кішкене бір қанаты, үркердей бір тобы.Бұлардың мойнында жалпы әскерлік міндеттен басқа міндет бар. Жазушылықтың, ақындықтың өз міндеті бар. Жазушыларымыз әскерлік міндетін біліп, ақындық міндетін білмесе, атқара алмаса – ақын емес. Ақындықты біліп, әскерлікті білмесе - әскер емес.
Қазақ елі Ауропа мәдениеті көзінен қарағанда мәдениет қоры, әдебиет қоры жоқ, кедей ел болғандықтан, біздің жазушыларымыз не әскерлік, не азаматтық міндетін ұмытып, құр ақындыққа қамалып қалуға мүмкін, әсіресе ақындық міндетін біле алмай, жалпы айқайдың екпінімен кетуге мүмкін. Әдебиетті айқай ғана деп, ақындықты үлгі насихат қана деп ұғуға мысал: әдебиет не діншілдіктің бәдуәмі, не дінсіздіктің бәдуәмі. Әйтеуір бәдуәм деп ұғуға мүмкін... Үлгі боларлық орыс әдебиетінің түрлі тарауының тұрақсыз бір тарауына, не барса келмесіне, не ұзамай құрып кететін сиырдың шұбырындысына түсіп кетуі мүмкін.
Осы мүмкіндіктердің шет бүшел ғып көріп, әдебиет қазанының бір құлағына жармасып жүрген бір тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегі пікірлерді ортаға салуды өзіміздің борышымыз деп білдік. Бұл құрғанымыз – сегіз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес – абылайша. Майдан, ойран, жорық дәуірінде дағарадай орда, айдай ақ отау құрып отыруға болмайды. Аттан дәуіріне абылайша керек. Жорық басылар, жаңа тұрмыс орнар, абылайша қалып, бәріміз сиятын, боз орда тігілер. Бұл – келешек. Әзірге баспана – абылайша.
Оқушы! Жақсы келдің. “Табалдырықты” аттап, төрге шық”. “Алқаға” кір.
Достарыңызбен бөлісу: |