Е.Тілешев
Көркемдік әдіс, жанр және жаңашылдық
Жалпы, әдеби-тарихи дамуда ірі суреткерлер шығармаларында бедерлене байқалатын жаңашылдық қырларының түп-төркіні олардың заманынан да ілгері кезеңдерде жасаған ақын-жазушылардың туындыларынан аңғарыла бастайды. Бұл бір жағынан – тарихи-әлеуметтік қатынастардың орнығу эволюциясымен, соған сәйкес қоғамдық пікірдің қалыптасуымен бастауымен байланысты болса, екінші жағынан әдеби дәстүр жалғастығымен де түсіндірілсе керекті. Қоғамдық сананың бір түрі болып табылатын көркемдік сананың осындай заңдылығы сөз өнеріміздің сан ғасырлық тарихында бірнеше тұста мейлінше ерекшелене көзге түседі.
Қазақ хандығы тұсындағы деп аталынып жүрген төрт ғасырлық тарихы бар жыраулар поэзиясында жауынгерлік пафостың орны айрықша. Дегенмен, Ақтамберді, Үмбетей, Марғасқа толғауларындағы әлгіндей идеяны бұл дәуір поэзиясының ең басты мазмұны дей алмаймыз, оған қоса ел бірлігі, өсиеттік- ғибраттық мазмұндағы толғауларды да атауға болады. Ал, жауынгерлік-күрескерлік поэзия дегенде санамызға Исатай бастаған көтеріліс, Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс төңірегінде туған әдебиет еске түседі. Осы тараптағы ақындардың бейнелеу арсеналында жыраулар дәстүрінің бірқатар көркемдік компоненттерін көруге боларлық. Сыншылдық, сынай отырып өнеге айту дәстүрі Абайға дейінгі дәуірде арысы-жыраулар поэзиясында, берісі - Дулат пен Шортанбай замандарында молынан көрінгені мәлім. Алайда, қоғамдық қарым-қатынастардағы келеңсіздіктерді сынау, жеке адам болмысындағы кемшіліктерді мінеу, олардан қорытынды шығара отырып, игі, ізгі, иманды қасиеттерге қарай бейімдеу, бағыттау қазақ әдебиетінде Абай шығармашылығында толымды сипатқа айналғаны да белгілі. Сондай-ақ, қазақ поэзиясында ертеден келе жатқан философиялық сарындар өзінің ұлы қорытындысын Абайдан тапты. Асылы, бастапқыда әдебиетке енген идея болсын, тақырып болсын пікір, алдымен ойтүрткі ретінде туады да, өзінің көркемдік қорытындысын келесі дәуірлерде тапса керек. Бұл әлгі идеялардың қоғам өмірінде кең орын алуымен және көркем түрдің жетілуімен байланысты болады деп ойлаймыз. Міне, осындай заңдылықты Мағжан Жұмабаевтың шығармаларынан да көреміз.
Отаршылдыққа қарсылық сонау Бұхар жырау заманынан, одан бері де зар заман ақындарынан құнарлы орта тауып, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Дулат, Мұрат, Шортанбай т.б. ақындардың шығармаларында кеңінен айтылды. Дулат пен Мұраттағы, Шортанбай мен Нарманбеттегі отаршылдыққа дегенге сын – дәстүрдің бұзылуы, жердің тарылуы, діннің әлсіреуі сияқты кері өзгерістерді бейнелеу арқылы, бүгінге өткенді қарама-қарсылықта көрсету арқылы көрінсе, ғасыр соңында мұндай қарсылық ағартушылық идеялармен сабақтастырыла бастады. ХХ ғасыр басындағы ұлтты ояту, рухани жаңғыруға үндеу бағытындағы А.Байтұрсынов, М.Дулатов өлеңдеріндегі ағартушылық пен сыншылдықта Абайдың дәстүрі сезіліп тұратын. Дегенмен ол қазақ қоғамындағы Абай заманынан түбегейлі айырмашылығы бар жаңа кезең еді. Жаңа кезеңнің жаңа сөзін дәстүр салтындағы қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер емес, жаңа кезеңнің тарихи-қоғамдық жағдайында тәрбиеленген, қалыптасқан қаламгер айтуы тиіс еді. Ұлт-азаттық қозғалыстың идеялары Ахмет, Міржақып, Ғұмар т.б. шығармаларынан көрініс тапқанымен, оның көркемдігі кемел көрінісі Мағжан шығармашылығына тән. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов саналы ғұмырларын ағартушылық, қайраткерлік жолға арнады. Ғ.Қараштың ақындық бетінде жырауларды үлгі тұтқан консервативті бағыт басым болды. Оны кезінде М.Әуезов пен Ж.Аймауытов жазған еді. Ал, М.Жұмабаевтың ақындық қабілеті ұлт-азаттық идеяны көркем кестелеуге бейім тұратын. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Мағжанның табиғи дарынында ағартушылық рационализмнен гөрі, сезімшілдік, ағымдағы оқиғаны жылдам қабылдайтын ұшқырлық басым жататын. Екіншіден, ақын өлеңді үгіт-насихат құралы деп түсінбеген, оған қаламгер шығармаларындағы әдеби-эстетикалық танымның тереңдігі дәлел. Үшіншіден, оның болмысында өмірді романтикалық тұрғыдан бейнелеу қабілеті өзгелерден де терең болатын. Жалпы, әлемдік әдебиет тарихының тәжірибесі дәлелдеп отырғанындай ұлт-азаттық қозғалыс, ұлттық сананың ояну дәуірінде, әдетте, романтизм өркен жаятыны белгілі. Төртіншіден, жаңа дәуір өзінің жаңа идеяларын ала келсе, көркем әдебиет оларды табиғатына сай соны формада бейнелеуі заңдылық. Осы орайдан келгенде Мағжан шығармашылығының жанрлық болсын, тілдік-стильдік болсын қырларындағы жаңалықты аңғармау мүмкін емес. Бесіншіден, Мағжанның ұлт-азаттық тақырыбындағы шығармалары уақыт жағынан, кеңістік жағынан алғанда қазақтың қай ақынының болса да шығармаларынан кең. Рухани бостандық, ұлт бостандығы сонау Қорқыт, одан берідегі Абылай, Кенесары замандарынан өз дәуіріне дейін желі тартып жатыр. Алтыншыдан, жалпы бостандық, ерік, азаттық мәселелері – Мағжан шығармашылығының алтын арқауы. Осынша көлемде осындай іргелі тақырыптарды жырлаған ақын оған дейін де, оның заманында да болған емес.
Ілгеріде айтылған жайлардан шығатын түйін - әдебиеттегі тақырып пен идея бір кезеңнің ғана жемісі емес, үлкен әдеби процестің өнебойында байқалатын, ауқымды, бай дәстүрлі құбылыс. Алайда, өмір шындығының әдебиетке көшуі, автордың оған берген эстетикалық тұжырымы уақыт өте келе басқа авторлар тарапынан өзгере, өңделе, дамытыла береді. Мұндай процесс идеяның пікір жүзінде тууынан бастап көркемдікке қарай жетіле түседі. Кезінде тікелей айтылған ойлар бейнелі байламдарға айналады. Міне, осындай көркемдік сапаның артуы кезінде Бұхардан, Дулаттан бір байқалса, Абайда ірі көркемдік деңгейде көрінді. Ал, ХХ ғасыр әдебиетінде Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы әлгіндей көркемдік өсудің алғашқы толыққанды үлгісі болды. Бұл жалпы алғанда қазақ әдебиетінің соны көркемдік олжасы еді.
Жалпы, көркемөнердегі сияқты, сөз өнеріндегі жаңа бастаманың орнығуы адамды, адам мен қоғам арасындағы күрделі де, әрқилы қарым-қатынасты жаңа қырынан бейнелеумен байланысты. Міне, осы бір арналы тұстан өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыру, қоғамдық ортада болып жатқан өзгерістерді таныту, автордың суреттеп отырған объектісіне қатысы, адамгершілік, ізгілік көзқарастары, суреткерлік шеберлігі мен дүниетанымы айқындала көрінеді...
Достарыңызбен бөлісу: |