Әділханова жанна сайынқызы


-90 жылдардағы әдеби сын және С. Сейітов



Pdf көрінісі
бет9/17
Дата31.01.2023
өлшемі0,79 Mb.
#166958
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17
Байланысты:
annotation15841
Òà?ûðûï ¹ ?ëåóìåòòàíóëû? òåîðèÿëàðäû? äàìó êåçå?äåð³í òàëäàó. Òà, Презентация (1)
1.3 60-90 жылдардағы әдеби сын және С. Сейітов 


45 
Әдебиеттену ғылымының негізі – әдеби сын. Сын – әдебиеттің
айнасы. Қашанда әділ сынға жүгініп, көркем әдебиеттің сипатын, даму
жолын, бағытын байқаймыз. Сын әдебиетті жан-жақты саралап,
оқырманға талдап түсіндіретін сөз өнерінің күрделі түрі. Сынның
мақсаты – өнер туындыларының тууы, оның оқырманның жанына, ішкі
әлеміне әсер етуін анықтау және әдеби пікірталас, әдеби ағымдардың
эстетикалық жарысын көрсетіп, жаңашылдықты айтып отыру. Шынайы
сын көркем шығармаларды талдау арқылы әдебиетті қалыптастырады. 
Бұл туралы А.Байтұрсынов : “Әдебиет алқасына кіретін шығармалар қара
сөз, дарынды сөз болып екі айырылады. Сынға түскенде, мұның екеуі
екі жүйе таразымен өлшеніп, сынға түседі. Қара сөздер, мейлі әуезе,
мейлі әліптеме, мейлі байымдама болсын – ғылым таразысына түсіп,
ғылым жүйесінің сынымен тексеріледі. Ғылым сыны ғылым жүйесіне
дұрыс, теріс қарайды, шынында сондай нәрсе ме, топшылауы дұрыс па,
дәлелдері толық па, сипаттары күшті ме деп, со жағынан тексереді”,–
деген болатын [49.266-267-б.б.]. Ал, “Әдебиеттану терминдер сөздігінде”: 
“Әдеби сынның негізгі міндеті шығарманы нақты тексеріп, жетістік-
кемшіліктерін саралап, эстетикалық баға беру.”,– деген анықтама берілген 
[50,67-б.]. Ендеше, сынның көтерер жүгі ауыр, жазушы алдында үлкен
жауапкершілікті талап ететін, ар алдындағы тазалықты талап ететін
маңызды жанр.
Классикалық филологияда бірінші болып Буало сыналса, ол өз
кезеңінің әдебиетін, яғни француз классикасының ерекшеліктерін
анықтап, оны дәлелдеп көрсеткен. ХҮІІІ ғасырда Германияда Лессинг, 
Францияда Дидро еңбектерінің мәні зор болды. Орыс әдеби сынынның
басы болып, В.Г. Белинский мойындалса, ол да өз уақытының
әдебиетінің маңызды шығармаларымен өз замандастарын таңғалдыра
білген. Ұлы сыншы көркем әдебиет пен сөз өнерінің айырмашылығын
дәлелдеген. В.Г.Белинскийдің шығармашылығы орыс әдебиетінің
қалыптасуына тікелей әсер еткені тарихтан белгілі. Сонымен қатар,
Писарев, Н.АДобролюбов, Н.Г. Чернышевский т.б. әдебиетшілер орыс
қоғамының рухани әлемін оятып қана қоймай, басқа халықтардың әдеби-
мәдени жағынан дамуына ықпал етті. Пушкиннің, Некрасовтың, 
Толстойдың, Горькийдің, Маяковскийдің, Шолоховтың әдебиеті – жоғары
шеберліктің мектебі болды. Кеңес дәуірі кезінде “социалистік реализм”
терминінің туып, қалыптасуына негіз болып, оның өріс алуына жол
ашты. Орыс әдебиеті туралы сөз қозғағанда басқалардан биік көрінетін
тұлғалардың бірі Н.А.Добролюбов өз еңбегінде жазушының өмірді терең
түсініп, оның ең елеулі тұстарын айшықты да ажарлы суреттеуін аса
жоғары бағалай келіп, былай дейді: “ Нақты сынның міндеті – жазушының
шындық дүниеге қатысын анықтау. Шындыққа сәйкестікті көркем
шығарманың жетістігі деуден гөрі, оның қажетті шарты деу дұрыс. Ал
шығарманың нағыз құндылығын біз жазушы көзқарасының кеңдігінен,
өзі суреттеп отырған құбылыстарды мінсіз дұрыс түсінуден және оны
жан бітіре бейнелеуден көреміз”.[51.172-б.] Бұл пікірі А.С. Пушкиннің 


46 
“Где нет любви к искусству, к справедливости и к истине, там нет и
критики” деген пікірімен сабақтасып жатқанын байқаймыз. Шындығында
да өнерге, шындыққа және әділдікке деген сүйіспеншілік жоқ жерде
сын да, сыншы да болуы мүмкін емес. Өмірде шындық үшін күресе
білмейтін адам, өнерде шындықты айтуды мұрат тұта алмасы анық.
Өмірдің жолы ғана емес, шындықтың, күрестің жолы да шырғалаңы мен
шытырманы көп жол. Өткен тарихымызға үңіле отырып, сол шындықтан
халықтың жүріп өткен жолын ғана көріп қоймайсың, әдебиетін,
мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани болмыс-бітімін танып-білесің. Өткенсіз
бүгін жоқ. В.Г. Белинскийдің : “Адамзат қоғамының даму заңдылығы
сондай – бүкіл адам баласының басынан кешкендері уақыт атты
тұңғиықтың иіріміне батып із-түзсіз жоғалып кетпейді. Шын мәнінде
өмірден өткен жайдың талайы оның санасында тірлік кешіп жатады.”– 
деуінде терең мән бар [52,236-б]. Тарихқа табан тіреп, өткенмен
есептесіп отыру – болашақты ойлайтын адамға борыш. Ерте есейген
еңселі елдер мен тамырын тарихтың терең қойнауынан таратқан
тағлымды жұрттардың қай-қайсы да өткен күнге ой көзімен қарап
келген. Кешегісін айтқанда келешегін ойға алып отырады. Сыншы-ғалым 
С.Әшімбаевтің сөзімен айтсақ: “Кешегіні ойлау – кемел келешекті ойлау.
Бүгінгі жақсылық та, жамандық та көктен түскен жоқ. Бәрі өткеннің
жемісі, келешегінің салдары” [53,509-б.]. Олай болса, әдеби-көркем
сынымыздың өткен кезеңіне сын көзімен қарап отыру, табысымызға
тасымай, шала ісімізге жасымай, жоқты бардай, барды дардай етіп бұра
тартпай, объективтік қорытындылар жасау – өмір талабы мен қоғамдық
ойдың даму заңдылығынан туып отырған уақыт қажеттілігі. 
Бұл тұрғыдан келгенде КПСС Орталық Комитетінің 1972 жылғы 
«Әдеби көркем сын туралы» қабылдаған қаулысы кеңестік дәуір
әдебиетінің бірер жылға емес, сол кезеңді тұтас қамтыған әдеби-көркем
сынның жетістігі мен кемшілігін сарапқа салып, саралаудың
нәтижесінде қабылданған тарихи маңызы бар құжат болды. Қоғамдық
және рухани өміріміздегі дәуірлік мән-маңызы айрықша әлеуметтік
факторларға тоқталмай өтуге болмайды. Өйткені, сын эстетикалық қана
емес, идеологиялық құбылыс бола білгенін естен шығармауымыз керек. 
Осы қаулыдан кейін жалпы Одақ көлеміндегі сыншыл ойдың даму
процесінде жаңа бетбұрыстар кезеңі басталғаны белгілі. Оның нақты бір
дәлелі – «Жазушы» баспасының жанынан сын редакциясы құрылып, сын
кітаптарының жаппай жарық көруі. Рас, баспасөз атаулы партия мен
өкіметтің қатал бақылауында қала берді, үнемі коммунистер саясаты
мадақталды, әдебиет пен өнерге, таптық-пролетарлық көзқарас таңылып
отырды. Сол жылдары съездерді, пленумдарды, қаулыларды, Ленин
мұрасын, партия қайраткерлері шығармаларын дәріптейтін
қаламгерлердің қалың шоғыры қаулап шыққаны жасырын емес.
Ал, тұтастай алғанда қазақ әдебиеттануы мен әдебиет сыны
әлемдік орыс, Еуропа мәдениетіне тән методологиялық тәсілдерді
меңгеруді, ұлы ойшылдар мен түрлі әдеби мектептерден үлгі алды. Өзге


47 
өркениет мұраларын меңгере отырып, өз өткенімізді тануда ұлттық өнер
мен әдебиеттті дұрыс бағалап, саралауда көп іс тындырды. 
Қазақ сөз өнерінде әдеби сынның туып, қалыптасып, даму
тарихында ұлы А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сәдуақасов, 
С.Сейфуллин, Қ. Кемеңгеров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сияқты 
алыптарымыздың еңбектерінен бастау алып, Ғ.Тоғжанов, Ы.Мұстамбаев, 
Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ғ.Мұстафин, Қ.Нұрмаханов, А.Нұрқатов, 
Ә.Тәжібаев, 
М.Қаратаев, 
С.Қирабаев, 
Қ.Жұмалиев, 
Е.Ысмайылов, 
Ш.Елеукенов, С.Сейітов, Р.Бердібаев, Р.Нұрғалиев, Т.Кәкішев, М.Дүйсенов, 
З.Ахметов, М.Базарбаев, Ә.Нарымбетов, З.Қабдолов, З.Серікқалиев,
Ф.Оразаев, Т.Тоқбергенов т.б. көптеген зерттеуші-ғалымдарымыздың
әдеби-сын мен әдебиеттануда қалдырған еңбектерімен ұласады. Қазақ
қаламгерлерінің қарымды еңбек еткен жемісті жылдар осы кезең
болды. 
Жетпісінші жылдардың ортасынан былай қарай сын процесінде 
едәуір соны серпіліс байқалғанын атап айту керек. Бұл тұстағы
рецензия, диалог, шолу, және проблемалық сын мақалалардың мазмұны,
концепциясы біршама тереңдеп, формалық тұрғыдан да ептеп елең
еткізерлік өзгерістер, жағымды жаңалықтар болды. Сынды өркендету
және оның дамуы ең алдымен аға сыншылар қатарының тұрақты
кадрлармен толығуымен сабақтас құбылыс. Сын мақалаларымен
жұртшылық назарын аударған Р.Тоқтаров, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, 
Б.Сарбалаев, А.Егеубаев, Қ. Әбдезұлы, Ж.Тілепов, Б.Ыбырайымов, 
Б.Майтанов, Ә.Бөпежанова, Д.Ысқақов, Ә.Дербісалиев, Ж.Дәдебаев, 
С.Негимов, З.Бисенғалиев, Ө.Әбдіманов, т.б. еңбектері бір төбе. Қазақ
әдебиетін орыс тілді оқырманға танытып, көп еңбек жазып, ғылыми-
танымдық дүниелерін ұсынған М.Сильченко, Н.Смирнова, З.Кедрина, 
К.Зелинский, А.Петросян, П. Косенко, И.Брагинский, Е.Лузинова, В. 
Сидельников сияқты орыс әдебиетшілерінің еңбегін ризашылықпен
атаған жөн. Әдебиетіміздің даму тарихында лайықты орны бар ақын,
жазушы, драматург, және сыншылар туралы кең тынысты,
шығармашылық портреттер, кемел ойлы ғұмырнамалық әдеби очерктер,
тағлым-тәлімі мол танымдық эсселер жазылды. Біз олардың негізгілеріне
тоқталып өтуді дұрыс деп ойлаймыз. Өйткені, қазақ әдебиетінің дамуына
бастан-аяқ қатысып, өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған С. Сейітов 
олардың бел ортасында бірге болды. М.Әуезовтың «Әр жылдар
ойлары» (1959.), С.Мұқановтың «Өсу жолдарымыз» (1960.), кейінірек
«Жарқын жұлдыздар» (1964.) сынды ғұламаларымыз Абай мен Шоқан
туралы эстетикалық мәні бар ғылыми маңызды еңбектеріне өзінің
көзқарасын білдіріп отырды. Сондай-ақ, Қ.Жұмалиевтің ұзақ жыл
зерттеулерінің қорытындысы есебінде «Қазақ эпосы мен әдебиеті
тарихының мәселелері» (1958.), «Қазақ әдебиеті тарихының және Абай
поэзиясының тілі» (1960) атты екі томдық зерттеу еңбегін ерекше
атаймыз. Ақындық табиғаты, оның ұлттық ерекшелікпен байланысты
проблемалары профессор Есмағамбет Ысмайылов еңбектерінде тарихи


48 
жағынан ғана емес, ғылыми жағынан да терең зерттелгенін ғалымның
еңбегінде аталып өтіледі. Оның «Ақындар» монографиясы (1956) орыс
тіліне аударылып, сол кездегі одақтық сында жақсы бағаланды. Одан
кейін «Ақын және революция» (1964) деген С.Сейфуллин туралы
зерттеуін, бірнеше сын кітаптарын «Сын және шығарма» (1960), 
«Әдебиет жайлы ойлар» (1963) тәрізді еңбектері жарияланғаны белгілі. С. 
Сейітовтің те өз кезінде С. Сейфулин туралы алғашқылардың бірі болып,
сын-зерттеу жазғандардың бірі екенін байқаймыз. Ол: «Мен Сәкеннің
өзін көрмесем де, есімі мен шығармалары құлағыма ерте шалынған
буынның өкілімін. Ауыл мұғалімінің отбасында туып-өсіп, кітапқа
үйірлеу келген менің қолыма әйгілі ақынның от қанатты өлеңдері
бұрынырақ тиді,– дей келе, оны ауыл адамдарына бала кезінде жатқа
оқығаны, «Көкшетау», «Аққудың айырылуы» сияқты поэмаларымен
танысқанын айта келеді де,– 1936 жылы ақынның шығармашылық
қызметінің 20 жылдығына байланысты оған арнау өлең жаздым. 1956 
жылы Сәкенді ақтау туралы мәселе көтеріліп, сол комиссияның бір
мүшесі болдым. Оның барлық шығармаларымен егжей-тегжей танысып, 
оны ақтау туралы ұсыныс енгіздік. «Жазушы С. Сейфулиннің әдеби
шығармалары туралы қорытынды» деп аталатын сол құжаттың
машинкаға басылған 16 беттік бір нұсқасы менің мұрағатымда сақтаулы
тұр»,– дейді [54]. Осыдан кейін Сәкен шығармалары Е. Ысмайылов, С. 
Қирабаев, Т. Кәкішев сынды ғалымдарымыздың жан-жақты терең зерттеу
нысанына айналды.
Қазақ әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымының қаз тұрып, өсіп,
өркендеп, жақсы өріс, кең жайлауға шығуына мол еңбек сіңіріп, сол
мақсат үшін сапарда көп іс тындырған қарымды қаламгер
ағаларымыздың бірі – Мұхаметжан Қаратаев. Оның бұл тұста
жариялаған кітаптарының ішінде «Туған әдебиет туралы ойлар» (1958), 
«Шеберлік шыңына» (1963), «Эпостан эпопеяға» (1969), «Әдебиет және
эстетика» (1970)т.б. елеулі орын алады. Аталған еңбектерде сын
мақалалар мен зерттеулер, әдеби портреттер мен эсселер бар. Өнер
табиғатын байсалды түсіну, эстетикалық тереңдік, эрудиция байлығы,
публицистік пафос, суреткерлік шеберлік – Қаратаевтың сыншылдық
талантына етене тән қасиеттер. Ол әдеби процестерді бағалаған уақытта 
объектіні жан-жақты қамтып, түбегейлі қозғайды, салмақты мәселе
көтеріп, маңызды ойлар айтады: «Болмашыны місе тұтпайтын бүгінгі
биік талапты оқырманға ғылыми-теориялық және идеялық іргесі берік, 
эстетикалық сапасы мүлтіксіз кемел, көркем туынды қажет, әдеби сын
қажет. Жазушы оқырманнан, сыншы жазушыдан зерттеу оъектісін артық
білмесе кем білмеуі керек»,– деп, сыншыға жоғары талап қояды.[55, 258-
б.] Академик сыншы жалғыз қазақ әдебиетінің аясында ғана жұмыс
жасамай, тұтас орыс әдебиетінеде шолу жасады. Осы қатарда Белинский, 
Плеханов, Луначарскийлердің эстетикалық мұрасын қарастырған
зерттеулерлерінің құны өте зор. Оның мақалалары «Литературная газета», 
«Вопросы литературы» басылымында жиі жарияланып тұрды. Орыс


49 
оқырмандарының назарына қазақ әдебиетінің мәселелерін тартып 
«Мировозрение и мастерство» (1956), «От домбры до книги» (1969) 
«Вершины впереди» (1972) кітаптарын ұсынды. Бұл еңбектерде сын
табиғаты, аударма жайы зерттелді, Лермонтов және қазақ әдебиеті,
Белинский және қазақ әдебиеті мәселелері С. Сейітов зерттеулерімен
үндес екенін байқатады. Академик-әдебиетшінің үш томдық (1974) 
ғылыми-сын еңбектері қазақ сынының кәсіби дәрежесінің өсіп, әдеби-
эстетикалық салмағының артып, биік өреге жеткендігінің куәсі.
Осы бағытта ауқымды еңбек еткен әдебиетші-ғалым Бейсенбай
Кенжебаев болды. Оның іргелі зерттеулерінің бірі – «Қазақ халқының
ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958) монографиясы. 
Мұнда тұңғыш рет мұрағат қорларынан, кітапханалардың сирек газет-
журнал, кітаптар сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында
жинақталған қазыналардан алынған бай материалдар, қолжазбалар,
әдеби-тарихи деректер, сан алуан шығармалар жаңа методология
тұрғысынан екшеліп, әдебиеттанудың үздік жетістіктері, дәстүрлі үлгісі
негізінде талданған болатын. Алғаш 1941 жылы жарияланған «Қазақ
әдебиетін дәуірлеу мәселелері туралы» еңбегінде көне дәуірден жеткен
«Диуани- лұғат ат түрік», «Кодекс Куманикус», «Мұхаббат-наме» т.б.
шығармалар туралы жеке-жеке арнаулы мақалалар жазған ғалым, оның
қазақ әдебиетіне қатысты арналарын терең ашып, көрсетіп берді. 
С.Торайғыров мұрасын зерттеу, жариялау, бағалау, насихаттауда Б. 
Кенжебаев көп еңбек етті. Ақын шығармаларының әдебиет тарихындағы
орнын айқындап берді. Профессор Б. Кенжебаевтың әр кезеңде, түрлі
басылымдардың бетінде, ғылыми кеңестерде айтылған ой-пікір, мақала,
рецензия түрінде айтып келген тұжырымдары С. Сейітов пікірімен
орайлас екенін аңғарамыз. Өйткені, кез-келген елдің әдебиеті тереңнен
тамыр алатыны сөзсіз. Ғалымның ойлары «Қазақ әдебиеті тарихының
мәселелері» (1973) және «Жылдар жемісі» (1984) жинағында асыл сөз,
әдебиет туралы көптеген мәнді мәселелерді қозғайды, терең ой толғайды. 
Оны С. Сейітов та солай пайымдайды.
Қазақ әдебиетіндегі сын жанрының дамуына ерекше еңбек еткен
қарымды қаламгер – Серік Қирабаев . Оның алғашқы зерттеуі «Ғабиден
Мұстафин» (1956ж.) атты библиолграфиялық очерк. Проза шебері
Ғабиден Мұстафин туралы жазылған бірден-бір тиянақты еңбек осы еді.
Кейін қазақ мәдениеті тарихында өшпес ізі бар Спандияр Көбеевтің
әдеби мұрасына жан-жақты әдеби шолу ғылыми тұжырым жасап, 
ақындығына әділ баға берген халыққа ұсынған «Ыспандияр Көбеев» 
(1958) деген кітабы жарық көрді. Осылайша ғылымдағы өз жолын
салып әдеби-ғылыми қауымды елең еткізген С. Қирабаев жаңа
белестерге, күрделі тақырыптарға ойысты. С.Сейфуллиннің негізгі
еңбектерін, газет-журнал басылымдарын, мұрағат деректерін, ақын
шығармашылығына қатысты барлық ғылыми құжаттарды толық жинап,
екшеп, жазып шыққан күрделі еңбегі – «Сәкен Сейфуллин» (1962)
монографиясы осы бағыттағы үлкен табыс ретінде танылды. Бұл еңбек


50 
қазақ және орыс тілдерінде Алматыда, Мәскеуде жарияланды. Орыс,
армян, өзбек халықтары әдебиетіндегі Владимир Маяковский, Егише
Чаренц, Хамза Хаким -Заде Ниязи тәріздес ғажайып таланттарымен иық
тірестірген өнегелі өмір иесі бар Сәкен Сейфуллин туралы Есмағамбет
Ысмайылов, Тұрсынбек Кәкішевтің белгілі еңбектерін ескере отырып
Серағаң әдебиеттануымыздың жаңа, әрі заманауи бағыты – революция
және әдебиет ұғымдарымен өзектес – Сәкентанудың берік негізін қалады. 
С.Қирабаевтың С. Сейітов еңбектерімен ұштасар тұсы көп. Жоғарыда
атап өткен Сәкен шығармалары турасында, әдебиеттер байланысы
туралы, әдебиеттегі достық тақырыбындағы үндестіктер қазақ әдебиеті
үшін үлкен олжа болғаны рас. Тұңғыш әдеби-сын мақалалар жинағы – 
«Өрлеу жолында» (1960) сыншы С.Қирабаев стилінің қаламгерлік
бағытын айқындады. Бұл еңбекте автор екі мәселеге айрықша мән
береді. Біріншісі – жалпылық, жинақтаушылық сипаттағы мақала болса, 
екіншісі – портрет үлгісіндегі материалдар. Ғалымның Ж.Саин,
М.Иманжанов, Х. Ерғалиев, Ә.Нұршайықов туралы сын мақалалары
кезеңдік әдебиеттануда үлкен із қалдырды. «Октябрь және қазақ
әдебиеті» (1968) сын кітабында автор «Әдебиеттің есею жылдары», 
«Соғыс және әдебиет», «Қазақ поэзиясының елу жылдығы», «Уақыт және
қаламгер», «Сыншы еңбегі» секілді проблемалық зерттеулермен қоса,
Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиев туралы
монографиялық этюдтерін енгізген. Сыншы талантының кемелденген
тұсында туған «Өнер өрісі» (1971), «Әдебиет және дәуір талабы» (1976) , 
«Революция және әдебиет» (1977), «Шындық және шығарма» (1981), 
«Талантқа құрмет» (1988) зерттеу кітаптарында қазақ әдебиетінің көрнекті
өкілдері – Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Ә.Кекілбеав. Ф.Оңғарсынова, О.Бөкеев
шығармашылықтары сөз болады.
Осы жылдары зерттеуші, сыншы ғалым Ш. Елеукеновтің
шығармашылығы да осы дәуірде жемісті еңбек болды деп айтуға
болады. Оның «Казахский роман и современность» (1968), «Замандас
парасаты» (1977), «От фольклора до романа-эпопеи» (1987) атты еңбектері
қазіргі қазақ романының жанрлық және идеялық-эстетикалық
ерекшеліктерін, қазақ әдебиетінде реализмнің даму, баю жолдарын
тиянақтылықпен қарастырған бағалы зерттеулер қатарына кіреді. 
Әдебиеттегі идеялық-әлеуметтік ізденістерге, сын жанрының туып,
қалыптасуына, шығармаларының құжаттық деректік негіздеріне, мұрағат
(архив) материалдарына көп көңіл бөліп, осы бағытта өнімді жұмыстар
жазған профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Сын сапары», «Оңаша отау»
атты еңбектері әдебиетіміздің тың табысы болды. Кейін ғалымның бұл
аталған зерттеулері біріктіріліп, «Қазақ әдебиетіні сынының тарихы» 
(1994) деген іргелі еңбектің негізін құрады. Бұл кітап қазақ әдебиеті
сынының тарихи дамуына үлкен үлес болып қосылды. Мұнда бұрын
белгісіз болып келген тарихи, әдеби, мәдени деректерге мен құнды
құжаттық, биографиялық мәліметтер де мол. Сәкен Сейфуллин туралы
ғұмырнамалық кітап жазып, оны орыс тілінде Мәскеуден шығарып,


51 
абыройға ие болған автор қазақ әдебиеттануының тереңірік зерттелуіне
зор үлес қосты. Профессор Т. Кәкішев С.Шәріпов, Е.Бекенов, 
Ж.Тілепбергенов, С.Ерубаев мұрасын жинап, алғысөз, түсініктемелерін
жазып, халыққа ұсынған еңбектерін ілтипатпен атауға болады.
Орыс тілді басылымдарда Е. Лизунова қазақ әдебиетінің аса
көрнекті қайраткері М. Әуезовтің шығармаларын зерттеу ісімен тұрақты
айналысты. Оған ұлы жазушының қызы Ләйлә Мұқтарқызы Әуезованың
көмегі ерекше болды.
Әдебиеттанудың сын жанрына қомақты үлес қосқан ғалым – 
Рахманқұл Бердібаев. Ғалым әуеліде сын жанрында қалам тербеп, қазақ
әдебиетінің үлкен өкілдері Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Иса, Сәкен, Ілияс,
Асқар, Әбділда, Сырбай поэзиясы, М.Әуезов, С Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, 
Ғ.Мұстафин, Ә.Нүрпейісов, І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, Ә.Нұршайықов
прозалары туралы салмақты ойы бар монографиялық еңбектер жазды. 
Ғалым-сыншыға тән бір ерекшелік – әдебиеттегі жаңалықтарға дер
кезінде үн қосып отыруы. Ол С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, 
М.Мағауин, С.Сматаев, Д.Досжанов шығармаларына тоқталған сын 
мақалалары арқылы өзінің дарынды сыншылығын көрсете алды. Р. 
Бердібаев қаламынан туған «Қазақтың тарихи романы» (1979) ұлттық
прозаның үлкен жанрына арналса, «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» 
Мұхаңның «Абай жолында» әлемдік көркемдік дәрежені қалай игеріп,
қалай дамытты деген сауалдарға жауап береді. Сыншының «Қазақ
эпосы» (1982) «Сарқылмас қазына» (1983) «Кәусар бұлақ» (1989) сынды
еңбектерінде негізінен көне дәуір әдебиеті мен фольклордың
байланыстары жыршылық пен айтыс өнерінің тарихы, дәстүр
проблемалары қарастырылды.
60-90 жылдары шыққан сын, әдебиеттану еңбектерінің тақырыбы,
жанрлық ерекшеліктері, авторлар құрамы, көтерген, шешкен мәселелері
қазіргі әдебиеттің биіктен көрінуіне мүмкіндік берді. Қазақ сыншылары
мен әдебиетшілері көркемдік талдау мен социологиялық, философиялық,
эстетикалық саралау үлгілерін ұштастыруға, реализм әдісінің қазіргі
кезеңдегі методологиялық мәселелерін қарастыруға, жанрлық-стильдік
ізденістерді анықтауға, көрнекті қаламгерлердің шығармашылығын
тануға күш салды. Ғалымдарымыздың осы салаларда жеткен белгілі
табыстарын көрмеу, айтпау, елемеу, сөз жоқ, әділетсіздік болар еді.
Әдеби сынға жағдай жасау, бағалау бағытында жасалған
шаралардың қатарында жазушылардың сыни еңбектерін жариялау
дәстүрінің жалғасқанын айтуға болады. Жетпісінші жылдары
Ғ.Мүсіреповтің «Суреткер парызы» (1970), Ғ.Мұстафиннің «Ой әуендері» 
(1978) кітаптары жарық көрді. Жұбан Молдағалиевтің үш томдық
таңдамалы жинағының соңғы кітабына сын мақалалары енгізілсе, 
драматург Қ.Мұхамеджановтың екі томдық таңдамалысының бір томы
түгелге жуық әдеби-сын мақала, шолу, портрет, рецензиядан тұрады. 
Жазушы, драматург Т.Ахтановтың екі томдық шығармасының бір томы
сын мақалаларға арналған. Белгілі ақын Ғ.Қайырбеков «Бір кеменің


52 
үстінде» деген атпен сын мақалаларының жинағын шығарды. 
Ғ.Қайырбековтың сын жинағын теориялық-эстетикалық заңдылықтарға
бағынатын тараулардан тұратын ғылыми трактат емес, ағымдағы
құбылыстарға селқос қарай алмайтын сергек қаламгердің поэзиялық
туындыларға жазған пікірлерінің, шолуларының топтамасы деп
тұжырымдауға болады. Екінші «Портреттер» деген бөлімде Абай,
Ыбырай, С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Орманов, Қ.Аманжолов, І.Омаров, 
Қ.Жармағамбетов, Ж.Молдағалиев, С.Мәуленов, Қ.Есенжанов, Қ.Бекхожин, 
Х.Ерғалиев туралы жазылған әдеби- сын мақалалары топтастырлылған. 
«Шығарма арқауы – шындық», «Замандас тұлғасы» монографияларының
авторы сыншы-ғалым Нығмет Ғабдуллиннің «Уақыт сыры» (1981) кітабы
әр кезде жазылған мақала, рецензиялардан құралған. Оның жазғандарынан
әдеби құбылыстардың өзгерісі, көркемдік өміріміздегі даму жөнінде
бағалы мағлұматтар алуға болады. Н.Ғабдуллиннің сыншы ретінде әдеби
қозғалысқа үнемі белсенді түрде қатысып отырғанын байқаймыз. Өмірден
ерте кеткен талантты сыншы Айқын Нұрқатов туралы жылы лебізін де
осы еңбектерден көре аламыз.
Әдебиетші қауым сын төңірегінде жоғарыда атап өткен
сыншылармен бірге С. Сейітовпен тұлғалас бұл есімдердің қатарында 
қазақ әдебиеттану ғылымына зор еңбек сіңірген ғалымдар Қ. Жұмалиев, М. 
Базарбаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Ә. Жәмішев, Х. Сүйіншәлиев т.с.с. Олар
еңбектерінде әдеби құбылыстар мен өзгерістерге, прозамыз бен
поэзиямыздың өзекті мәселелеріне терең талдау жасады. Олардың 
еңбектерінде әдебиеттегі негізгі тенденциялар, маңызды шығармалар
талданады. Замандас қаламгерлері туралы ғалым: «Академиктер 
З.Ахметов, С. Қирабаевтардың әдебиетке қосқан үлестері орасан зор. Осы
арада мен М. Базарбаевты да атап, оның қазақ поэзиясының түбегейлі
мәселелерін зерттеген майталман мамандардың бірі деп бағалаймын»,– 
дейді [56].
Сын туралы сөз қозғағанда С. Әшімбаевтің есімін атап өткеніміз
дұрыс. Ол (1982), «Парасатқа құштарлық», «Сын мұраты» (1985)тәрізді
әдеби-сын кітаптары мен жекелеген зерттеу мақалалары сөз зергерлерінің
ықыласына бөленді. Нәтижесінде С.Әшімбаев «Сын мұраты» кітабы үшін
«Жастар» сыйлығын иеленді.
Қазақ әдебиетшілері бұл дәуірде Одақ көлемінде жақсы нәтиже
берген тарихи-типологиядық, салыстырмалы-кешенді зерттеу әдістерінің
методологиялық тәсілдерін меңгеріп, жоғары деңгейлі ғылыми-ізденістер
жүргізді. Бұл саладағы алғашқы жақсы табыс деп М.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының бір топ қызметкерлері жазған «Қазақ
фольклорының тарихы» (авторлары: Р.Бердібаев, Б.Уақатов, Б.Адамбаев, 
Т.Сыдықов, Н.Төреқұлов, С.Қасқабасов, Е Тұрсынов, Ш.Ыбыраев, 
З.Сейітжанов) ұжымдық монографиясын айтуға болады. Бұрын ұлттық
фольклорымыздың негізгі шығармалары тақырыптық өрісі, образдар
жүйесі, идеялық нысанасы, тілдік ерекшеліктері тұрғысынан талданып
келді. Өз кезеңі үшін бұлай зерттеудің де тиімді жағы мол болды. Ал


53 
ғылымның бүгінгі мүмкіндіктері мен жаңа талаптары орасан бай
фольклорымызды әлемдік филологияның үздік тәсілдерімен қарастыруды
қажет еткені даусыз. Фольклорды тек әдебиет жолымен ғана тану
мүмкін еместігін әбден ұққан оқымыстылар археология, этнография,
социология, тіл білімі, философия табыстарын ескере отырып, жан-
жақты кешенді тәсілдермен зерттеу жасау қамына кірісті. Аталмыш
еңбекте қазақ фольклорының түп-төркіні, тарихи негіздері, поэтикалық
ерекшеліктері әр түрлі деңгейде, сан алуан мән-мәтінде қарастырылады.
Жалпы сыншылардың шығармашылығы әр түрлі бағыттағы
ізденістерінен хабар берді. Газет-журнал беттерінде қызулы, өткір
мақалалар жазған, кейінгі әдеби қозғалысқа білек сыбанып араласқан
Т. Кәкішев, Б. Майтанов, А. Егеубаев, Ж.Тілепов, Д. Ысқақаов ,
А. Жақсылықов, Б. Ыбырайымов, Қ. Ергөбеков, Б. Дәрімбетов, 
Қ.Әбдезұлы, Ж. Дәдебаев, З. Бисенғалиев, Ө.Әбдіманұлы, Қ. Алпысбаев т. б. 
ғалымдарымыздың пікірлерінен ең алдымен байқалатын нәрсе – даралық, 
эстетикалық байлық, көркемдік игілік. Мысалы, Б.Ыбыраймовтың
«Көркемдік көкжиегі» кітабында, негізінен, бүгінгі проза материалдары
бойынша талдаулар жасайды. Жас буын, орта буын қаламгерлер
шығармашылығындағы құбылыстарды көрсетуге көңіл бөлген. Қазақ
әдебиетінің фактілерін басқа ұлт әдебиеттеріндегі мысалдармен
салыстыра қарағанда автор ұтымды тұжырымдар жасайды. Стилі
салмақты, кәсіби зерттеуге төселген ғалым.
Бүгінде қазақ сынының сан алуан жанрлық формалары қалыптасты. 
Олар негізінен мыналар: мақала, рецензия, шоғыр мақала (цикл), сұхбат, 
сын-биографиялық очерк, шолу, әдеби портрет, әдеби айтыс, (полемика,
пікірталас), теориялық, проблемалық сипаттағы ғылыми пайымдама,
монография, оқулық, көп томдық зерттеулер. Кеңес дәуірі әдебиетінің
сын жанрындағы жетістіктер бүгінгі күнмен салыстырғанда анағұрлым
өткір болды деп айтуға болады.
Міне, осындай жолмен дамыған ұлт әдебиетінің сынына қарымды
еңбек еткен, ақиқатты алдаспан етіп, шындықты айтуға ұмтылған
ғалымдарымыздың бірі – Сағынғали Сейітов болды.
Жасыратыны жоқ, бұл дәуірдің әдебиеті, жоғарыда атап
өткеніміздей, түйткілі көп, қатаң схеманың қыспағында болған әдебиет. 
Соған қарамастан, әдебиетші ғалымдар мен жазушы-ақындарымыз ұлттық
әдебиетіміздің негізін қалауға күш-жігерін аямады. Осы топтың бел
ортасында С.Сейітов абыройлы із қалдырды. Оның қаламынан туған
«Өмір өрнектері» (1969) /әдеби-сын мақалалары/, «Ақын сапары» (1958) 
/сын-биогафиялық очерк/ , «Өлең өлкенсінде» (1984) /мақалалар мен
зерттеулер/,
 
т.б. ауқымды еңбектер төл әдебиетіміздің дамуына қосылған
үлкен ғылыми кітаптар. Оның сыртында алғашқы тарауда атап өткендей,
өзі қызмет еткен Әдебиет және өнер институтында тікелей қатысқан
ұжымдық жинақтар мен туысқан халықтар әдебиетіне арналған зерттеу
жұмыстары өз алдына бір төбе. Мұның бәрі ұлттық әдебиеттануға
қосылған қомақты рухани байлық. Ғалымның мұндай еңбектерін атап


54 
көрсету, бағасын беру, әдебиет төрінен өзіне лайықты орнын белгілеу –
бүгінгі зерттеуіміздің мақсаты. Ғұмырының соңына дейін қаламын
қолынан тастамаған ғалым қарапайым, адами тұлғасын жоғалтпады.
Қоғам өміріне, әсіресе, әдебиет мәселелеріне дер кезінде үн қосып,
салмақты мақалалар беріп отырған. Ол: «Бүкілодақтық әдеби процесті
жіті барлап, оның бағыт-бағдарын сипаттайтын сыр-сымбаттарды
байымдайтын болсақ, біз көп ұлтты әдебиетіміздің даму тарихындағы
жаңа белгі нышандардан идеялық бірлік, көркемдік әралуандық 
интерноционализм пафосы – қазіргі әдебиетіміздің айтарлықтай жеңісі»–
деп атап көрсетеді [57]. Әдебиеттің күрделі проблемаларын шешуге оң
ықпалын тигізетін жаңа ғылыми еңбектер туралы айта келіп, академик
З.Ахметовтың әдебиеттану ісіне қосып келе жатқан ауқымды еңбегіне
тоқталады. Оның сол кезде жарық көрген «Қазақ әдебиетінің дамуы мен
дәстүрлері» деген монографиясының қазақ әдебиеттануындағы ғылыми-
теориялық биік деңгейдегі құнды еңбек екендігін алғаш атап көрсеткен
ғалымдарымыздың бірі: «Әдебиеттің күрделі проблемаларын зерттейтін
құнарлы да құнды еңбектерімен көзге түскен З.Ахметов «Қазақ
әдебиетінің қазіргі дамуы мен дәстүрлері» атты осы монографиясы
арқылы өрелі өріске, ғылыми-теориялық биік деңгейге көтерілгенін
танытты»,– деп, жоғары баға береді [57]. Рас, әдебиетіміздің қалыптасып,
даму үстіндегі бұл кезеңде мұндай еңбектер саусақпен санарлықтай еді. 
«Поэзиямызда жаңа дәстүрдің дамуы» атты мақаласында ғалым
қазақ поэзиясының ізденістері туралы: «Қазақ өлеңінің мәдениеті артты,
өрнек бояуы молайды, ырғақ, интонациясы байыды. Топтама өлеңдердің
аясы кеңейді, баллада, сонет, сықақ, мысал жанрларында жаңа нышан
белгілер өркен жайды. Поэма жанры да ішкі өзгерістерге ұшырамай
қалмады: эпостық, лиро-эпостық, лирикалық, философиялық поэмалар
мазмұны, түр жағынан жетілді, поэма-диология пайда болды»,– дей келіп 
[58], өз дәуіріне үн қосқан ақындардың шығармаларына шолу жасайды.
С.Сейітовтің сын мәселесіндегі ауқымды еңбектерінің бірі – «Өмір
өрнектері» 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Ол еңбек
туралы автор: «…Мұнда менің соғыс басталар жылы жазылған екі
нәрсем және соғыстан кейінгі он екі жылдай уақыт уақыт ішіндегі
мақалаларым қамтылды. Әр мақала жазылған жылдарына қарай,
хронологиялық тәртіп бойынша орналастырылды. Бұрын баспасөз бетін
көрген нәрселерімді ішінара редакциялағаным болмаса, пәлендей
өзгеріске ұшыратпадым. Рас, жекелеген мақалаларға тың материалдар,
фактілер, мағлұматтар қосуға, соның есесінен кеңейтіп, толықтыруға
тура келді. Бұл кітапта қазақ әдебиетінің шеңберінде қалып қоймай,
ұлттық әдебиетіміздің туысқан әдебиеттермен творчестволық байланысын,
кейде нақты әдебиеттердің өзара қатынасын сөз етуді негізгі нысан етіп
алдық» – дейді [24]. Жалпы ғалымның еңбегін оқып, зерттеу барысында
көз жеткізгеніміз – ғылымға деген жанашырлық пен өз ісіне деген
ыждағаттылық. Ғалым қай мәселеге келсе де, немқұрайлы қарамай,
үлкен жауапкершілікпен кіріседі. Хронологиялық жүйелілікті мығым


55 
ұстанады. Сөз етіп отырған еңбекте топтастырылған мақалалар осыны
айғақтап тұрғандай. Бұл кітапқа ғалымның жиырма бес мақаласы кірген. 
Әр мақаланың көтерер жүгі салмақты. Бірінші тақырып: «Жазушы өз
дәуірінің қайраткері болуға тиіс» деп аталады. Бұл оның соғыстың
алдында, студент кезінде жазып, жарияланған алғашқы ғылыми
мақалаларының бірі болатын. Онда ғалым орыс әдебиетінің классикалық
рухани дүниелерін төл әдебиетімізбен қатар қойып, жазушыларымыздың
әдебиетті дамытудағы бағытын айқындауға ұмтылған. «Турасын айту
керек, әдебиетіміз жаңа дәуірді, оның жаңа адамдарын көрсету ісінде
бірсыпыра табыстарға жетті»,– дей келе, әдеби реализм әдісі
эстетиканың кең аясында философиялық, ғылыми, социологиялық,
көркемдік тұрғыдан қарастырып, жаңа қоғамдағы негізгі (өндіріс, еңбек)
тақырыбы туралы, соғыстан кейінгі жаңа өмір туралы жазылған
шығармаларға тоқталады.
Ал ғалымның «Сөйле, Шашеке!» деген мақаласы эссе жанрында
жазылған көркем дүние деуге болады. Тақырыбының өзі ерекше көтеріңкі
екпінмен қойылған бұл мақала қазақтың көрнекті ақыны Шашубай
Қошқарбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы дерекке толы
мазмұнды, қызықты мақала. Шашубайдың дүниеге келуі, отбасы
жағдайын баяндай отырып, оның 1888-1895 жылдар арасында туған 
«Жамалға», «Майда қоңыр», «Кербез кер», «Мамық қызға», «Жетім қыз», 
«Сырлы қайың», «Ақ қайың», «Ырғыма-сырғыма», «Сыпайыға» сияқты
бірқатар лирикалық өлеңдерін талдай келіп, олардың халық жүрегінен
орын алғандығын айтады. Оның атақты Балуан Шолақпен дос болып
бірге жүргені, 1909 жылы Жамбылмен айтысы туралы айта келе: «Қазір
ол Балқашта тұрады, жасы жетпіс беске келе тұрса да, Шашекең әлі
жап-жас, қажырлы, қайратты, ажарлы. Әлі шабысынан танбаған. 
Бабындағы тұлпар сияқты. Ол шыға сілтейтін өрен жүйрік. «Сөйле,
Шашеке!» дейсің оған, іркілмейді. Қолына гармонын алып, құйындата
жөнеледі» ,– деп аяқтайды сөзін ғалым.[24,15-б.] Дерек пен көркемдікті
үйлестіре отырып, автор төл өнерімізді биікке көтерген талант тұлғасын
шағын мақалада шебер суреттеп бере білген. Жалпы, Сейітов
зерттеулеріндегі өнерге жанашырлық көзқарас, әсіресе, халық әндеріне,
әншілік өнеріне ыстық ықылас көптеген мақалаларында байқалады.
Сондай-ақ, осы кітапта бұдан басқа да өнер тарландары мен
әдебиет майталмандарының алғашқы шығармашылық қадамдары туралы
мәнді мақалаларды оқуға болады. «Жас жігіттер, жас қыздар» деп
аталатын мақаласында өз дәуіріндегі жастар бейнесін суреттейтін 
С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Т.Жароковтың «Тасқын», Ә.Әбішевтің 
«Достық пен махаббат», Қ.Аманжоловтың «Құпия қыз», «Ақын өлімі
туралы аңыз», Д.Әбілевтің «Мұңсыз Мәриям», Қ.Бекхожиннің «Орман
қызы» тәрізді шығармаларға тоқтала келе, сондағы образдар арқылы
жаңа қоғам иесінің психологиялық, тұлғалық өсу деңгейі қалай өрілгенін 
дәйекті талдайды.


56 
Бұл зерттеу кітабына автордың жиырма екі ғылыми мақаласы 
енген. Бұлардың барлығы қазақ әдебиетінің өкілдері – Әбу Сәрсенбаев 
(«Сезім серпілісі»), Қалижан Бекхожин («Қайырлы қадам»), Ғабиден
Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин,
Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Мариям
Хакімжанова, Жақан Сыздықов – («Менің замандастарым»), Сейтжан
Омаров(«Қалам еңбеккері»), Ғабдол Сланов, Жұмағали Саин, Әлжаппар
Әбішев («Таланттың толысуы»), Ғали Орманов («Өлең өмірі»), 
Баймағамбет Ізтөлин («Күрескер,педагог, ақын»), СаттарЕрубаев, Қасым
Аманжолов, Тайыр Жароков, Жұбан Молдағалиев – («Бомбадан күшті»), 
Қажым Жұмалиев («Дала дастаны»), Үмбетәлі Кәрібаев туралы («Жыр
жолымен»), Дихан Әбілов («Талғампаздық тұрғысынан»), Хамит Ерғалиев 
(«Кезеңдер кеңістігінде»), Сәбит Мұқанов ( «Жастардың қамқоршысы»), 
жалпы поэзия туралы («Сөз өнерінің салиқалы саласы»), сондай-ақ
жекелеген ғылыми тұжырымдары мен байыпты ой-пікірлерге кең орын
берілген.
Ғалым «бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, // Ол ақынның білімсіз
бейшарасы» дейтін ұлы Абай сөзін үлгі тұтып қара сөздің қасиетін
кетірмей сөйлеуді, стиль мәселесіне көркемдік тұрғысынан келуді қатаң
талап етіп, електен өткізіп, саралап отыруды өзіне міндет етеді. Сол
дәуір ғалымдарының ерекше қасиеттерінің бірі осы – әдебиетке келген
қаламгерлердің аяқ алысы мен бағытын айқындап жазғандарын жіті
қадағалап, дер кезінде пікір білдіріп, халыққа жеткізіп отырғандығы. Бұл
бүгінгі күні біздің замандастарымыздың жоғалтып алған жақсы
дәстүрлердің бірі. Талант пен талғамды анықтап, жақсы мен жаманның
парқын белгілеп отыратын аға буын көрсеткен жолды дұрыс жолға
қоятын кез әлдеқашан келген. Бірақ, тоқсаныншы жылдардағы өтпелі
кезең дәуірі мен егемендік алғаннан кейінгі әдебиеттің дамуы, әсіресе,
көркем әдебиет туралы осындай құнды пікірлерге халықтың сусап
қалғаны жасырын емес. Кеңес кезеңінде әдеби қауым баспасөз
беттерінде, ғылыми еңбектері мен сын-мақалаларында сыншыл пікірлерін
айтып, рецензия, шағын мақалалар болса да уақытында жазып,
жұртшылыққа жеткізіп отырған. Осы бағытта қарымды еңбек еткен
ғалым қазақ әдебиетінің шынайы жанашыры осы Сағынғали Сейітов
болды. Бола білді. Әрдайым жаңалыққа үн қосып, алаңдаушылық
білдіріп отырған: «Біз өз поэзиямыз бен ақындарымыз хақында
тәжірибелі әдебиетшілердің ой-пікірін тыңдағымыз келеді»– деуі де
осыдан [ 37, 312-б.]. 
С.Сейітов қаламынан туған сын мақалалар мен зерттеу еңбектері
мұнымен ғана шектелмейді. Өмірінің соңына дейін ақ қағаз бен қасиетті
қаламды жанына серік еткен сөз зергері әдебиеттің әр саласындағы
мәселелеріне тоқталып, құнды пікірлер қалдырды. Ғалымның
артықшылығы сол – ол өзімен үзеңгілес қазақ әдебиетінің
майталмандары – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, 
Қ.Аманжолов, Т.Жароков, С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, т.б. көптеген


57 
саңлақтарымыздың көзін көріп, өмір жолында сапарлас болды. Олар
туралы көргенін, куә болып, білгенін жазғаны, шындықты айтуға
ұмтылуы –айрықша құнды. 
«Алыптар тобы» деген аталы анықтаманың авторы Ғабит
Мүсірепов әдебиет мәселесінің қай саласында болсын, түгел атсалысқан
үлкен топқа Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлинді, Ілияс
Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты қосады да, оларды
«біздің бұл дәуірдің бүкіл адамын, бүкіл беталысын бір жолмен мықтап
белгілеп кеткен» деп жоғары бағалайды. С.Сейітов осы бағытты адал
жалғастырушы болды. Құнды дүниелерді ой елегінен өткізіп, сын
тұрғысынан талдап, әдеби мұраның дамуына ат салысты.
Сәбит Мұқанов тауып айтқан : 
Сөз – халықтың қымбаттан қымбат кені, 
Жүректің шахтасынан халық оны –
Мыңдаған жылдар қазып, кен тасына 
Тереңнен әрең барып жетті қолы,– деп. 
Халықтың қымбат қазынасы – сөз құдіретін өткен дәуір өкілдері терең
түсінген.
Сөз. Адам баласының қаншама рухани асыл қазынасы сөз құдіреті
арқылы жасалған! Оның ғаламат сиқыры мен тұңғиық сырын халық
қашан да терең ұғынып, айрықша қастерлей білген. Ол бір күнде емес,
жүздеген жылдар бойы жасалған, сұрыпталып, іріктелген; сай тасындай
салмақты да сындарлы сөздер қатар-қатар қаланып, әдебиет мұрасының 
меруерт, маржандары талай уақыттың сынынан өткен. Соларды сыни 
сүзгіден өткізіп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген кешегі алыптар тобы туралы 
ғалым талмай көп айтқан. «Бір ғажабы ,– дейді ғалым,– алыптар
тобындағы жазушыларымыз жас жағынан алғанда да ерте ер жеткендер:
олар отыз бен қырықтың арасында классикалық туындыларды дүниеге
келтіріп үлгерген. Есептеп қараңыз: «Тар жол, тайғақ кешу» мен 
«Советстанды» Сәкен 31-33 жасында жазса, Сәбит «Сұлушашты»
жазғанда 28 жаста болған екен. Атақты «Абай жолы» эпопеясының 
«Татьянаның қырдағы әні» тарауын жұртшылыққа алғаш ұсынған
Мұқтар қырыққа енді шыққалы тұр екен. Ал «Раушан – коммунист» пен 
«Даланың» авторы отызды орталағандар ғана. Ғ.Мүсірепов «Тулаған
толқынды» жазған кезде, небәрі 26 жаста ғана еді», – деп [24] жазған
ғалым қазақ әдебиетінің туып, қалыптасуына зор еңбек етіп, ұлттық
рухани дүниеміздің дамуына мұрындық болған тұлғаларымыз туралы
осындай салиқалы сараптаулар жасайды. Ұрпаққа қалдырар асыл мұраның
бағасын әділ береді 
Ғалымның «Алыптың тұлғасы» деп аталатын сыни мақаласы Сәбит
Мұқановтың әдебиеттің барлық саласында еткен еңбегін талдап
көрсетеді. Ол : «Сәбит Мұқанов – әдебиетімізде өзгелерге ұқсамайтын


58 
көркемдік әлемін жасаған аса дарынды жазушы. Оның басқалардан
мүлде дараланып тұратын өз қолтаңбасы, нәр-нақысы, жазу мәнері, стилі
бар. Ол жасаған образдар мен характерлерді тұрғыластары немесе кейінгі
буын қаламгерлері қалыптастырған образдармен, характерлермен
шатастыру мүмкін емес. Ақын, прозаик, драматург, публицист, әдебиет
тарихшысы, теоретигі, сыншы Сәбит барлық жанрда да өте өнімді
жұмыс атқарды, тіпті кейбір салаларда алғашқы сөзді айтушы болды»,– 
деп бағалайды және жазушының барлық саладағы еңбектерін тәптіштеп
талдап көрсетеді [59] . 
Қаламгер шығармашылығына арқау болмаған әдебиет өкілі кемде
кем. Өз дәуірінің үні болған оның әдебиет зерттеушілері туралы
жазылған, әдебиетіміздің күрделі проблемаларын зерделейтін құнарлы да
құнды еңбектер қалдырған. Солардың бірі – 1958 жылы Мемлекеттік 
Көркем Әдебиет Баспасынан жарық көрген Тайыр Жароковтың өмірі мен
шығармашылығына арналған «Ақын сапары» атты сын-биографиялық
очерк
кітабы. Т.Жароков туындылары туралы көлемді, толық талдау
жасалған тұңғыш зерттеу еңбек осы еді. Мұнда ақынның алғашқы
өлеңінен бастап, ірі-ірі поэмаларына толық талдау жасайды. Ақынның
«Тасқын» поэмасы дүниеге, болмысқа көзқарасын танытатын шығарма
деп бағалайды.Оны А. С.Пушкиннің «Мыс салтатты» поэмасынаның игі
әсері сезілетінін байқаған. Ғалым екеуін қатар қойып салғастыра-
салыстыра отырып зерттейді, ұқастығы мен ерекшелігін тілге тиек етеді. 
Поэмадағы бас кейіпкер Қайсардың образы арқылы автор табиғаттың
тілсіз, мылқау күшін бағындырған, адамға қызмет ететін ғылымның
жетістігін айғақтайды. Бұл зерттеуде автор Т.Жароков поэзиясының
көркемдік келбетін, сөз қолданысын, образ, сюжет, композиция жасау
шеберлігін жан-жақты қарастырып, ғылыми талдау жасайды. «Поэманың
композициялық құрылысындағы бір өзгешелік: ақын оқиғаны тіке
тартылған желі арқылы баяндамай, экспозициялық шегіністер арқылы
баяндайды. Жароков шығармасына өз атынан авторлық сөздер,
лирикалық толғаулар кіргізіп отырады. «Тасқынның» тілі көркем, мұнда
нелер келісті суреттер кездеседі»,– дей келе ақын жырынан мынандай
үзінді келтіреді. 
«Орғып су мың бүктеліп, тоқсан толқып, 
Талқандап көпірлерді, қамал қырқып. 
Тастарды мәңгі жатқан мөңкіткендей, 
Лақтырды допша қағып жұлқып-жұлқып. 
Арынын асау тасқын арқыратып, 
Майданда мың қылышты жарқылдатып, 
Аттана шапқан жойқын қалың қолдай,
Ақырып, қаланы алды толқындатып!» –
ақын тілінің көркемдігін осы бейнелі теңеу, эпитет сөздердің
қолданысын көрсетіп береді. Ғалым Т. Жароковтың осындай біраз
көрнекті шығармаларына тоқталып, әдеби-ғылыми сараптама жасайды.
Шығармашылық жолымен қоса, оның өмір жолы, туып-өскен ортасы,


59 
білім алған мектептерінен бастап, әдебиетке қалай келгені, тырнақалды
туындылары мен әдебиетке қосқан үлесі, еткен еңбектерін саралай келе,
«Бүгінгі Тайыр Жароков қоғамдық өмір шындығы жағдайында өскен,
өзіндік стиль ерекшелігін танытқан, поэзияда іргелі орын алып, қазақ
әдебиетінің қабырғалы қайраткерлерінің біріне айналған көрнекті ақын», 
– деп бағалайды [60]. Тайырдың әдебиетке қосқан еңбегі туралы
айтқанда 1932 жылы жарық көрген «Жұлдыз жарығы» атты тұңғыш
жинағынан бастап, кейінгі жылдарда шыққан «Коммунизм таңы», 
«Нефтістан», «Күн тіл қатты», «Мотор жыры», «Өмір сөйлейді»
жинақтары, кейінірек «Мұз тұтқыны», әлгінде тілге иек қылған «Тасқын»
поэмаларын кеңінен сөз етеді. 
Тайыр Жароков 1939 жылдан 1942 жылға дейін атақты
Жамбылдың әдеби хатшы болғаны тарихтан белгілі. Ол сол жылдары
әскери комиссар бола жүріп, Ұлы Отан соғысы тақырыбында да
жалынды жырларын жазады. Зерттеуші оның «Зоя туралы жыр», 
«Жапанды орман жаңғыртты», «Қырда туған құрыш», «Құмдағы дауыл» 
т.б. шығармаларына тоқталып , ақынның шығармашылық өмірінің мән-
мағынасын аша түскен. Сондай-ақ, С.Сейітов Тайырдың аударма
саласындағы қарқынды еңбегін ерекше атап өтеді. Оның А.С.Пушкиннен
(«Кавказ тұтқыны», «Цыгандар», «Ағайынды қарақшылар», т.б.), Шота
Руставлиден («Жолбарыс терісін жамылған батырының » үзіндісін), Тарас
Шевченкодан ( «Кавказ», «Түс» т.б.), М.Ю. Лермонтовтан («Черкестер», 
«Қылмысты»), И.С. Тургеновтан («Рудин»), Н.А. Некрасовтан («Орылмаған
алқап»), А.С.Грибоедовтан ( «Ақылдың азабы»), т.б. шығармаларды сәтті
аудару арқылы қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін тыңғылықты
тұжырымдайды. 
С.Сейітов ақынның поэзиясын зерттеу барысында жалаң
баяндаулар мен жалпы мадақтаулардан ада, өткір сын-пікірлерді орынды
айта білгендігін аңғарамыз. Ақындық талант пен ізденушілік зор 
қабілеттің көрінісі болар, ол өзі зерттеп отырған кез-келген поэзиялық
шығармаға биік талғампаздықпен қарайды. «Алуан тақырыптың
меңгерілуіне, шеберлік деңгейіне, шығарманың көркемдік дәрежесіне
тоқталғанда «Жұлдыз жарығында» әлі төселіп жетпеген, өзіндік стиль
жасап бітпеген ақын екенін аңғарамыз. Оқиғаның ішкі мәніне үңілуден
гөрі, сырт көрінісін тамашалауға бой ұрыңқырайды, көргенін көрген
қалпында, естігенін естіген күйінде қабылдау басым. Заводта гүрс те
гүрс, шахтада шақ-шақ деушілік, трактор жөнінде «тегершігі тыр да
тыр, гүрілдеген кеуде гүр де гүр» деушілік соның салдары. Сол тұстағы
әлгіндей «шақ-шақтар» мен «гүр-гүрлер» басқа ақындарымызға да тән. 
Құрылыс қарқынының ырғағына, еңбек күнінің екпініне сай түр табу
әрекетімен жүріп, «сыртқы үндестікке» ұрынады. Поэзия осындай теріс
әдеттен кейінгі кезде ғана арыла бастады»,– деуінен әдебиеттің бет
алысына деген шын күйзелісін байқауға болады [60,24-б].
Жалпы, ғалымның сын-зерттеу еңбектерінің қай-қайсысын оқып
қарасаңыз да, таза кәсіби талдау мен шынайы бағалауды көресіз. Ақ


60 
пен қараны қақ айырып, қай шығарманы болмасын жан-жақты талдау
жасап, өз уақытында бағасын беріп отыруды өзіне міндет етіп
қойғандай. Ол туралы көрнекті қаламгер Қалижан Бекхожиннің
естелігінде былай делінген: «Соғыстан кейінгі дәуірде Сағынғали Сейітов
поэзияға да, әдеби-зерттеу ісіне де жауынгерше жалындап кірісті. Көп
оқып, терең толғам жасайтын, әдебиет тарихына да алғыр ақын көзімен,
эстетикалық талғаммен қарайтын білгір әдебиетшінің қаламынан бірнеше
бағалы еңбек дүниеге келді. С.Сейітов қаламынан туған «Қырық
жылда», «СССР халықтарының әдебиеті», «Қазақ поэзиясындағы
Маяковский дәстүрі» секілді іргелі еңбектер – әдебиеттану ғылымына
қосылған бағалы үлестер. Ақындық сезгірлік, талғампаздық болмаса –
ақын жазған дүниеге қазы болу қиын. Асылы поэзия сыншысының өзі
ақын болса, тіпті ғанибет. Поэзия мәселесі сөз болған жиындарда,
баспасөз беттерінде ол өз тұрғыластарының туындылары жайында әділ
де бағалы ой-пікірлер айтып, поэзиямыздың өрлеуіне айтарлықтай
атсалысып келеді» [61]. Осы айтылған пікірден де әдеби қауым өз
уақытында ғалымның қарымды еңбегін біліп, жоғары бағалап отырғанын
байқауға болады. Ол не жөнінде жазса да, мәселенің байыбына баруға,
мәніне терең үңілуге, әдебиет проблемаларына немқұрайлы қарамай, 
ғылыми тұрғыдан пайдалы ой-пікір білдіруге тырысады. Ғалымның
«Сарабдал суреткер» деп аталатын мақаласы осы сөзімізді дәлелдей
түсетін сияқты. Мақалада қазақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиевтің
ақындық таланты мен азаматтық тұлғасы туралы: «Хамит – өзгелерге
ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы, асқақ даусы, сөйлеу мәнері бар
жаңашыл ақын. Оның жаңашылдығы – дүниетанымында, өмір
құбылыстарын, оқиғаларды өзінше қабылдауында, поэтикалық жүйесінің
сонылығында, образдар галереясының іріктелуінде, көркемдік
бояуларының байлығында, өлең техникасын мейлінше меңгеруінде. 
Басқасын айтпағанда, Хамит қазақ өлеңіне күрделі ұйқастардың небір
үлгілерін енгізді»,– дей келе, ақынның шығармаларындағы жаңалықтар
мен ізденістеріге арнайы тоқталып, нақты мысалдармен дәлелдейді [62]. 
Х.Ерғалиевтің поэзиясы арқылы ғалым жетпісінші жылдардағы қазақ
поэзиясының жай-күйін, даму деңгейін көрсетеді. Мұны шығармашылық
адамының даралық сипатын танытуға септігі тиетін бағалы пікір деп
білген дұрыс. «Туған поэзиямызда Хамит биіктігі бар, ол басқа
биіктерден оқшау емес, қарайлас, қанаттас. Өзгені көлегейлемейді, өзі де
өзгенің көлеңкесінде қалып қоймайды. Хамит биіктігінің сыртқы, ішкі
сипаттары – ақындық дарынның қайталанбас бітімінде, болмысында, 
парасаттылығында, өмір құбылыстарын түйіндеудің, ойлаудың , сезінудің
ешкімге ұқсамайтындығында»,– деген пікірдің өзі Хамиттей ірі ақынның 
қазақ поэзиясындағы қолтаңбасын толық айқындап тұр. Замандастары
туралы осындай пікір білдірудің өзі көкірек көзі көреген, парасат-
пайымы биік, білімі терең азамат екенін танытатындай. 
Сөзімізді түйіндей келе, айтпағымыз – С.Сейітов қаламынан жүзден
аса мақала, оннан аса зерттеу кітаптары дүниеге келіп, рухани


61 
құндылықтарымызды еселеді. Оның дені – әдебиеттанудағы сын жанрын
толықтыратын, сөз өнерінің деңгейін анықтауға септігін тигізетін бағалы
материалдар болып табылады. Табиғатымызға тән салғырттықтан ба,
әлде басқа бір себептер бар ма, белгісіз, ақын, ғалым С. Сейітовтің
әдебиеттану ғылымына қосқан еңбегі әр жерлерде аталып өткенмен, осы
күнге дейін толық талданып, лайықты бағасын алмаған. Қазақ
әдебиетінде оның есімі майдангер ақын ретінде танылып, оның
поэзиясы, әсіресе, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер ретінде
құрметке бөленіп, өлең өлкесіндегі туындылары азды-көпті жоғары 
бағаға иеленгеніне дау жоқ. Дей тұрғанмен, С.Сейітов ақын ғана емес,
үлкен әдебиет зерттеушісі, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан
талантты ғалым екенін әдеби орта, санаулы филолог ғалымдар біледі. 
Ал, былайғы қалың оқырман, ел-жұрт оның халықтың рухани өсуіне,
әдебиетіміздің өркендеуіне қосқан үлесі туралы көп біле бермесі анық. 
Сондықтан да осы жұмыстың мақсаты – ғалым, әдебиет зерттеушісі
С.Сейітовтің сөз зергері, сыншы, талантты әдебиетшілігіне баса назар 
аудару. Ғалымның замандасы Ә.Нілібаев өзінің мақаласында: «С.Сейітов
ақындығымен қоса белгілі ғалым, білікті сыншы. Сәкең ғылыми
жұмысты да, сыншылдықты да өлеңмен бірге бастапты. Осынау өрісі
кең үш өнерді қатар, жарыстыра өрбітіп отырыпты. Ол студент кезінде-
ақ әдебиет мәселелеріне қызу атсалысып, өзіндік үнін танытты,– дейді 
[63]. Біз осы сөзден ғалымның әдебиет ауылына кездейсоқ келмеген,
қаршадайынан сөз өнерінің құдіретін жанына жалау еткен шынайы
талант, әдебиет жанашыры екенін танимыз. Оның қаламынан туған
салмақты зерттеулер төл әдебиетіміздің шын жанашыры екенін бірден
байқатты. Жоғарыда аталған еңбектердің сыртында баспасөз беттерінде
жарияланып, жинақтарға енбей қалған ғылыми мақалалары қаншама. 
Қазақ әдебиетінің алтын қорынан табуға болатын мына рухани
дүниелер: “Ән дегенде мейіріңді қандырған” (“Соц.Қаз.”),”Дүдәмәлсіз 
деректер” (“Орал өңірі”1991жыл, 16 шілде.), “Дарабоз тұлға”(“Парасат” 
1991жыл, №9), (Осы үш мақала да қазақтың әнші-компазиторы Мұхит
туралы), “Аға деп арқа тұтатын”( Қ. Жұмаливтың әдеби мұрасы туралы. 
“Жетісу” 1993жыл, 2 наурыз), “Жалын жастық жалауын желбіреткен” 
(“Қаз. әдеб.”1990жыл, 21 желтоқсан.Ақын А.Жұмағалиевтың ақындық
әлемі туралы), “Ақырын жүріп анық басқан” (“Қаз. әдеб.” 1992 жыл, 16 
қазан. С.Омаровтың шығармашылығы туралы),”Драгоценное чувство
современности” (“Простор” №10 .1977жыл, Ә.Әбішевтің еңбектері туралы), 
“Түпнұсқа: тең түсу ме, кем түсу ме?” (“Жұлдыз” №5, 1983ж. аударма 
поэзия туралы), “Мағжанның аудармашылық әлемі” (“Халық кеңесі” 
1992жыл, 5 ноябрь.), 
“ 
“Мцыриды” алғаш аударған Ахаң” (“Егемен Қаз.” 
1993жыл, 30 қаңтар.), “Міржақыптың екі аудармасы” (“Алматы ақшамы” 
1992жыл 8 қазан) , “Қос арна” (“Халық кеңесі. 1992ж. 19 сәуір. Абай мен
Лермонтов туралы), т.б. мұндай танымдық мақалалары мен эстетикалық
тәрбие беретін эсселері жүзден асады. Біз солардың маңыздыларына
тоқталып өттік.


62 
Ғалымның терең білімділігі мен кісілік келбетін танытатын көркем
дүниелер өткенін іздеп, тереңге үңілгісі келген кез-келген оқырманға, 
ізденушіге бағдаршам бола алады. Қазақ қаламгерлері шығармаларының
қай-қайсысын алсақ та, Сағынғали аға талғамынан, оның сын сүзгісінен
өтпегені кемде кем. Талантты тануда, еңбекті бағалауда С. Сейітов әсте
жалыққан емес.
Қазіргі кезде қалыптасып келе жатқан саяси-қоғамдық ахуалдар әр
алуан өмір саласындағы демократиялық ағымдардың өріс жолына,
ақиқаттың кең айдынға шығып, тереңнен сыр қозғауына тиімді жағдай
жасап, келелі мәселелер мен түрлі құбылыстарға жаңа көзқарас
туғызып, жаңаша ойлау жүйесін орнықтырып отыр. Тәуелсіз Қазақстан
азаматтарының ар-ұждан тұрғысынан тазаруына, тарихи әлеуметтік
жеңісін нығайтуға, адамдардың белсенді азаматтық позициясын
күшейтуге жауапкершілік жүгін бұрынғыдан да ерекше сезінген әдебиет,
өнер және ғылымның міндеті тұр. Қазіргі әдебиет пен өнер, мәдениет
салаларында үлкен серпілістер жасалып, қалтарыстарда қалып қалған,
дер кезінде тиісті бағасын алмаған тұлғалар мен туындылар халықпен 
қайта қауышып, жаңаша пайымдаулар ұсынылып жатыр. Бұл да біздің
саналы түрде ұлттық құндылықтарымызды жинақтап, жанашырлықпен 
қарап, таным таразысына қайта салғанда, ар алдындағы ақиқатқа
жүгінуімізді талап етеді. Осы ретте, халық алдында да, ұрпақ алдында
да азаматтық борышын адал орындап, артына мол мұра қалдырған
С.Сейітовтің есімі ерекше аталуы тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет