Бағалау - Оқушылардың үйренгенін, материалды меңгергенін тексеруді қалай жоспарлаймыз? Бұл бөлімде оқушылардың сабақ барысында үйренгенін бағалау үшін қолданатын әдіс-тәсілдерді жазу керек. Бағалау дегеніміз оқушылардың үйрену деңгейін анықтау болғандықтан, мұнда мұғалім қалыптастырушы бағалауды сабақта қалай қолданғанын жазуы керек. Мұнда мұғалім мына мәселелерді есте сақтап, қадағалауы керек:
«Қалыптастырушы бағалаудың міндеттері:
• оқу мақсаттарын, бағалау критерийлерін анықтау, білім алушыларға ұсыну;
• білім алушының қай деңгейге жеткенін дәлелдеуге көмектесетін бірлескен (коллаборативті) оқытуға арналған орта құру;
• білім алушыларды дамытуға жағдай жасайтын сындарлы (конструктивті) кері байланысты қамтамасыз ету;
• білім алушыларды бірін-бірі бірлесе оқытудың сапалы көзі ретінде қатыстыру;
• білім алушыларға өзінің оқуын «құрушылар/жасаушылар» ретінде жағдай жасау болып табылады» (Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық: Оқу-әдіст. құрал /«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ /О.И.Можаева, А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциясымен. - Астана, 2016. - 48 б. – 14 б.).
Мұғалім осы мәселелерді сабақта қалай жүзеге асырғандығын көрсетуі керек. Мысалы, оқушыларға табысты оқу үшін қандай жағымды жағдай жасағандығын, оқушыларға кері байланысты қалай бергендігін, олардың өзін-өзі және бірін-бірі бағалауын қалай ұйымдастырғандығын, оқушыларды қалай ынталандырып, көмектескендігін, оларға қандай жоғары деңгейдегі сұрақтар қойғандығын келтіргені дұрыс.
Сабақ бойынша рефлексия Мұғалімнің ең басты міндеті - өзінің кәсіби біліктілігін тұрақты, жүйелі, шынайы түрде дамыту. «Кәсіби даму дегеніміз тәжірибе және рефлексия» деген ұстанымға сәйкес әр сабақтан кейін (тәжірибе) мұғалім сабақты талдау мен бағалау арқылы оның ұтымды жақтары мен жақсартуға қажетті тұстарын айқындап, өз тәжірибесін қалай дамытуға болатындығын айқындау дағдыларын қалыптастыруы керек.
Осы мақсатта сабақтан кейін өз сабағын талдау барысында мұғалім бұл бөлімге сабақ туралы өз пікірлерін жазады. Бұл үшін мынандай сұрақтарғаа жауап беру ұсынылады:
Сабақтың оқу мақсаты шынайы ма?
Бүгін оқушылар не білді?
Сыныптағы ахуал қандай болды?
Мен орындаған саралау шаралары тиімді болды ма?
Мен бүкіл уақыт ішінде үлгердім бе?
Мен өз жоспарыма қандай түзетулер енгіздім және неліктен?
Әрине, бұл сұрақтардың тізімін жалғастыра беруге болады. Пайғамбарымыз (ҒС) «Көркем сұрақ – ғылымның жартысы» деп айтқан екен, демек осы сынды сұрақтарды өзіне қойып, оларға шынайы түрде жауап беру арқылы мұғалімнің өз сабағын бағалап, кәсіби дамытуын жалғастыра түсетіндігі анық.