III-VII ғасырлар аралығында Қытай мемлекетінде қалалар көбейе бастады. Үздіксіз соғыстарда қалалар қирап,орнына қайтадан жаңа қалалар бой көтеріп отырды. Қалалар негізінен сауда жолдарында, теңіз жағаларында салынды. Ежелгі Қытай мемлекетінде Чанъань, Лоян, Тайюань, портты қала Гуанчжоу өсіп жетілді Қалалар көркейіп, қолөнер мен сауданың орталығына айналды. VII-IX ғасырларда темір өндіру ұсталық өнердің күшеюіне әкеліп, темірден шеге, кемелерге керекті зәкір, ауыл шаруашылығына қажетті құралдар шығарыла бастады. Мата тоқу өндірісі кең етек алды. Мата мақтадан тоқылды. Ежелгі қыш өндірісімен қатар фарфор өндірісі жедел өркендеді. Қытай фарфоры күні бүгінге дейін дүние жүзіне әйгілі. Сонымен қатар кітап басу ісі тез дами бастады. Қағаз өндіріліп, баспаханалар салынып, кітапты көптеп шығару қолға алынды.
V-IX ғасырлардағы Қытай мәдениеті
V-VI ғасырларда Қытай мемлекетінде өнер, әдебиет және ғылым дами бастады. Адамдардың табиғат жөніндегі танымы кеңейіп, халық емшілігі, аспан әлемі туралы көптеген ғылыми жаңалықтар ашылды. Жоғарыда айтқанымыздай, Ежелгі Қытайда кағаз жасау, кітап шығару, шөптердің құрамын біліп, дәрілер әзірлеу ерте дамыды. Халық емшілігі ғылымы дүние жүзіне әйгілі бола бастады.
Будда дінінің таралуы жаңа дүниетаным тудырып, идеалистік көзқарас қалыптасты. Материалистік танымның негізін қалаған философ Фань Чжэнь еңбегінің маңызы зор болды. Қытай жиһангерлерінің еңбегі жаңа жерлерді білуге мүмкіндік ашты. Қытай географтары Үндістанға, Орта Азия елдеріне сапар шегіп, ондағы тұрғын халықтар өмірінен еңбектер жазды. 645 жылы Үнді жеріне барған Сюань Цзянь үнді халықтарының тарихы туралы кітап жазды.
Конфуций ілімі
Конфуций ілімінің ерекшелігі сол, ол адамгершілік мәселелерін бірінші кезекке қойған. Ал рух, аспан денелерінің қозғалу заңдылықтарына еш көңіл бөлмейді. «Өмірдің не екенін білмей жатып, өлімнің, рухтың не екенін қайдан білейік», — деген екен ол. Алайда, көкті пір тұтқандығы ақиқат, көк тәңірісіне құрбандық шалуды оған деген адамдардың көрсеткен құрметі деп түсінген.
Даосизм
Даосизм- атақты ойшыл Лао Цзы идеяларына негізделіп құрылған ежелгі Қытай философиялық және діни дәстүрі (тікелей аудармасы«жол мектебі»), Даосизм - табиғат күштерін мойындаудың және онымен үйлесімділікте болудың маңыздылығын қолдайтын теория.
Даосизм - байырғы Қытай философиясындағы негізгі бір бағыт. Б.з.д. 4-3 ғасырда пайда болған. Даосизмнің негізгі идеялары «Лао-цзы» және «Чжуан-цзы» трактаттарда берілген.
«Чжуан-цзыда» конфуцийшілікке қас идеялар айтылып, табиғат қоғамға карсы қойылады. Адам өзін қоршаған міндеттерден босанып, табиғатқа жақын тұрмысқа қайтса, Дао (әлемнің түпкі негізі, сезімге қонбас сырды, тіршіліктің бүтіндігі) жолына келеді деген ой-пікірді білдіреді. Осынымен бірге Даосизмдегі табиғатты зерттеуге шақырған идеялар Қытайда алғашқы іліми түсініктердің және ойлап табулардың шығуына көмекші болады.
«Лао-цзыда» дао түсінігі әлемнің маңызы және жаратылыс себебі деген мағына береді. Адам күрес пен қалаулардан бас тартып, өзі менен өзі болып, саяси істерге қатыспау, өкімет елдің тұрмысына зиян келтірмеуі керек деген көзқарастар айтылады.