Сәлима. Күңкілді айтасың, шаң-шұңды көрмедің бе жаңа?
Сәлім. Ол басқа. Маған қосылсаң, сен ол шатақтан құтыласың.
Сәлима. Қайрат – біздің әулеттен қалған жалғыз тұяқ. Мен – ендігі қалған өмірімді соны қатарға қосуға арнаған адаммын. Құтылуды айтасың, қайта ол теріс айналса, мен аяғына жығылуға әзірмін. (Шайын жаңартып). Одан да шай іш.
Сәлім.Шай бар болсын, маған жауабың керек.
Сәлима (күліп).Қызықсың сен, Сәлім. Айттым емес пе, қартайғанда басты қатырып қайтеміз? Қояйық бұл әңгімені.
Сәлім. Қоймаймын. Сен – менің өмір бойғы арманымсың. Жас кезімде жолымыз болмады, енді кеудемнен қақпа. Біз бір-бірімізге рухани жар боламыз. Қартайғанда адамға өткен-кеткенді айтып, мұң-шерді тарқатып отыратын серік керек. Екеуіміздің мына жарық дүниеде көргеніміз өле-өлгенше айтып отыруымызға молынан жетеді.