Жидебай(жымиып). Сіз де бөтен емессіз, аға.
Сақ. Оның рас. Мен де күнтумін. Мен де жасымда ән ұстағанмын, бәрі қалды. Маған ендігісі – Сауытбектің әсем әнін, сенің шешен сөзіңді естіп, «Әл, бәрекелді» деп отыру.
Сауытбек.Жидеке, «Тірімісің?» дейсіз ғой, сырттай – тірі, іштей – өлімін. Ақбөпені малы көптер алып барады, ажыратып алуға шамам жетпей, жер болып тұрмын.
Сақ. Олар – Ноғайбай болыстың адамдары, күйеу жігіт – баласы. Оларға ешкімнің шамасы жетпейді.
Жидебай(Сауытбекке). Ноғайбайдың қолынан қағатын адам жоқ бұл жалғанда.
Сауытбек. Кім білген?
Сақ(қатуланып). Ноғайбай – күшті, сүйегіңді отын, етіңді борша қылады.
Жидебай.Солай. Осы жерден тоқта, Сауытжан.
Сауытбек. Қайтіп тоқтаймын? Маған Ақбөпесіз жарық дүние – қараң, өмір – өксік.
Жидебай. Сенің ендігі өмірің – өлең. Айт, толға мына күйіңді.
Сақ. Мен де соны айтып тұрмын. Іштегі шер айтса, тарқайды.