Жидебай. Сөйтеді. Өлең сөз – құдыретті. Ол сенің шеріңді тарқатып қана қоймайды, көңіліңді де өсіреді.
Сауытбек. Кім біледі, жер болып қалған көңіл көтерілер ме?! Көрейік, «Әу» деп.
Аралтөбе түбінде бес үй отыр,
Ақбөпе жоқ ішінде несіне отыр?
Әлдеқашан бір ойран етпес пе едім,
Кедейшілік қолымды кесіп отыр.
Айтып жүрген Саукеңнің жыры, қане,
Бастан-аяқ келіскен сыры, қане?
Ақбөпеден айырылып қалғаннан соң,
Тұмсығында Ұланның ұлығаны.
Қалғаным ба Ұланның жотасында,
Ғашық болдым Ақбөпе ботасында.
Кемшілік боп кедейлік соққаның ба,
Жарамадым Бөпенің қолқасына.
Қаңғып қалдым далада қолым жетпей,
Ашадағы жақсыға сөзім өтпей.
Малым жоқ, ақшам да жоқ қалыңмалға.
Жүрекке тиіп барад жанған өрттей.
Қаңғып қалдым қол жетпей боз далада,
Күлкі-мазақ болдым ба бозбалаға?
Кезендің кердең заман кедей үшін,
Қолда жоқ қайрат-қуат жол бола ма?
Құрттың ба шаруаның қысқалығы,
Жаз айында киемін қыстағыны.
Өткен күзде бір қырға шығармақ ем,
Боп кетті болыс-бидің іштарлығы.
Болысына беретін атым да жоқ,
Биекеңе өтетін парқым да жоқ.
Бір атаның баласы – бәрі кедей,
Атсалысар ауқатты жақын да жоқ.
Бөрі жеген, Ақбөпе, болдың лақ,
Айыра алмай Ұланда қалдым жылап.
Елу қара берді де бай әкетті,
Бес қара таба алмадым басын құрап.
Ақбөпе, торғай болдың жылан сорған,
Қаңғырып ажыратпай, қайттым жолдан.
Басқа тұрмақ мінерге жалғыз ат жоқ,
Не келер жылағанмен енді қолдан?
Қош бол, Бөпе, көрем бе, көрмеймін бе,
Айналып келемін бс, келмеймін бе?
Бөпе, сенен бар болса, немді аяр ем,
Елу тұрмақ алпысты бермеймін бе.
Тыңдайтұғын бар болса әділ заман,
Басты тігіп жолыңда өлмеймін бе.
Қош бол, Бөпе, ақ Бөпе, алтын Бөпе,
Жақсы туған жайдары, жарқын Бөпе.
Малды артық баладан бағалаған,
Қайтерсің бұл қазақтың салтын, Бөпе?
Үш жыл жүрдім соңыңда үміт артып,
Таппадым еш нәрсенің шартын, Бөпе!
Тұсымдағы жігіттің
Сауықта мен серкесі.
Ауылдың әрін кіргізген
Қыпшақтың сен ең еркесі.
Шеңгелге шыққан қызыл гүл,
Өтелбайдай момынның
Туылған аппақ бөпесі.
Малға сатты зарлатып,
Үстіне беріп әйелдің,
Әкенің қызсын шекесі.
Жиырма жеті жасында
Сауытбектің қиылды
Кедейліктен желкесі.
Азаға салған тайлақтай
Жетекте кеттің байланып.
Саудагердің малындай,
Бір жерден жылжып, бір жерге
Базарға кеттің айдалып.
Ықтиярлы заман жоқ,
Арыстанның аузында.
Босқа кеттің шайналып.
Бір басыма бір көзім,
Жеге алмай қалдым зар жылап,
Тентек қойша айналып.
Екеуіміз де туыппыз,
Әділетсіз уақытта.
Күнім өтер жылаумен,
Қолым жетпей суатқа.
Жаман да болса бай ұлы,
Ойнаған кез шуақта.
Екеуіміздей қол қысқа,
Жылай-жылай күнбе-күн,
Көз жаспен бетін жуад та.
Баянсыз өткен бұл дүние,
Кедейге жоқ жақсылық,
Мал ие етер қуатқа.
Әйел үсті бір байға
Қордайға кетті зар жылап.
Қақпанға түскен қасқырдай,
Амалым жоқ, мен қалдым
Жылап-сықтап шырылдап.
Қан жұтарсың қайғыдан
«Тоқал» десе, қалжыңдап
Жөн білмейтін бір тентек.
Орнына кеттің байталдың
Қалыңмалға сатылып,
Жібек жалды арғымақ.
Қалған жерім қаңғырып
Жадыраның даласы,
Әулиеата, Пішпектің
Екі дуан арасы.
Күні құрысын кедейдің,
Болмаған соң қарасы.
Сауытбек қалды сандалып,
Түкке жетпей шамасы.
Қара баста ерік жоқ.
Әйел жатыр сатылып,
Қу заманға қарашы.
Жүрегімнен оқ тиіп
Ұлып қалдым далада,
Дүниеде бітпес жарасы,
Ит-құс боп ұлып, ән салып.
Билер зұлым болған соң,
Естілер кімге наласы?
Өз балаңды саудалап,
Сол жеріңді қайтейін,
Бойға сіңген бұл ауру –
Қазақ атамның шаласы.
Жылап қалдым далада,
Ем таба алмай жараға.
Өксіп-өксіп жылаймын,
Ұқсадым сәби балаға.
Артыңнан қуып іздедім,
Қолда қару, ақша жоқ,
Кім жүреді арада?
Үш жыл еткен еңбегім,
Босқа кетті далаға.
Малға болса кедеймін,
Сөзімді қулар ала ма.
Жоқтап жылап өтермін,
Өле-өлгеншс зар жылап,
Күлкі боп бала-шағаға.
Қош бол, Бөпе, не дейін,
Атадан туа кедеймін.
Алысқа кеттің айдалып,
Енді қайтіп көрмеймін.
Ете алмадым жігіттік,
Уәдеге мәрт болдым,
Оныңды қашан өтеймін?
Жылап-сықтап өтермін,
Көп жиылған жиында,
Соры да жалғыз көмейдің.