7.2 Адамның белгілі ортаға бейімделуі, оның әлеуметтік дамудағы, әлеуметтенудегі орны мен рөлі
«Адаптация» термині (латын. adaptatio) – бейімделу сөзінен шыққан. Оны адам ағзасының, оның қызметтерінің, ағзалары мен жасушаларының белгілі ортаның жағдайына бейімделуі деп түсінуге болады. Адаптация индивид денесіндегі жүйелердің, ағзаларының және психикалық құрылымдарының өзгерген жағдайға бейімделуіне бағытталады.
Әлеуметтік педагогика – әлеуметтік бейімделу мәселесін зерттейді – адамның белсенді түрде әлеуметтік ортаға (өмірлік орта) бейімделуіне байланысты өзін-өзі анықтауға және қоғамда қабылданған мақсаттар, құндылықтар, қалыптар мен іс-қимылдар стиліне табиғи түрде араласуы. Ең маңыздысы баланың әлеуметтік бейімделуі – жеке басындағы үдерістері мен баланың мүмкіндіктеріне орай айналасымен, өзгерген орта, жаңа өмірлік жағдай, белгілі әлеуметтік-психологиялық ортадағы қарым- қатынас құрылымына орай өзгеруі, ортада қабылданған қалыптар мен ережелерге сәйкес бола білуі.
Әлеуметтік бейімделу адамның әлеуметтенуінің қажетті шарты. Ол өзіне, өзгелерге қарым-қатынасын, іс-әрекетін бейнелеп, әлеуметтік үдерістер мен құбылыстарға белсенді қатысып, осыған байланысты өзінің табиғи әлеуметтік жетілуін қамтамасыз етеді. Табиғат адамды әлеуметтік бейімделуге және әр түрлі өмірлік ортадағы әрекетіне орай, әлеуметтік үдерістерге бейімделуін қалыптастырған. Ондай мүмкіндіктер әр адамның бойында бар және ол әр түрлі деңгейде болады. Осыған байланысты адамдар әр түрлі жағдайларға, сонымен қатар өте күрделі және жағымсыз жағдайларға да бейімделе алады. Адамның әлеуметтік бейімделуінің көрсеткіші, оның сол ортаға қанағаттануы, өзін бейнелеуі және соған сәйкес тәжірибесінің қалыптасуы.
Бейімделу (адаптация) үдеріс, көрініс және нәтиже түрінде қарастырылады.
Бейімделу үдеріс ретінде – адамның табиғи мүмкіндіктерінің белгілі бір өмірлік жағдайда (мысалы, бала бақшасында, сыныпта, топта, өндірісте, тынығуда т.б.) дамуы. Ол адамның өзінің табиғи мүмкіндіктерін жүзеге асыруымен, әлеуметтенуін білдіреді. Мысалы, баланың әлеуметтенуі белгілі бір жағымды орта жағдайында өтуі. Ол отбасы, бала бақшасы, мектеп.
Бейімделу көрініс ретінде – типтік мінез-құлық, жүрі-тұрыс, яғни іс-қимылын, қарым-қатынасын, нақты орта жағдайындағы адам іс-әрекетінің нәтижесін, оның белгілі мерзімде нақты жағдайға бейімделуін (жағымды көңіл-күйін) сипаттайды. Баланың бойындағы бейімделу көріністерін, оның белгілі орта жағдайына бейімделуінен байқауға болады. Тәжірибе көрсеткендей, тәрбиеші баланың ортадағы типтік емес іс-қимылын (отбасында, бала бақшада, мектепте, көшеде, өз қатарларымен қарым-қатынаста) көп жағдайда анықтай алмайды. Оны дер кезінде анықтау үшін баланы жақсы танып, түрлі жағдайдағы оның мінез-құлқын, іс-қимылын білу керек. Баланың типтік емес іс-қимылын көре білу арқылы тәрбиеші оның жағымсыз әрекеттерінің алдын-ала білуі тиіс. Тәрбиеші осындай фактылардың себебін анықтап көре білуі арқылы, баланың алдында туындайтын қайшылықтар мен қиындықтарды жеңуге көмектесуі қажет. Тәрбиешінің алдын-ала жүргізетін іс-әрекеті баланы ортаға тез бейімделуге, оқу барысында, бос уақытта, өзгелермен қарым-қатынас жасау кезінде, өз мүмкіндіктерін жүзеге асырып, әлеуметтенуіне көмектеседі.
Бейімделу нәтиже ретінде – баланың жас ерекшелігіне қарай өмірлік ортаға, белгілі жағдайға және оның іс-қимылы, қарым-қатынасы мен іс-әрекетінің сол әлеуметтік ортаға, әлеуметтік қалыптар мен ережелерге сәйкесуі, оның белгілі әлеуметтік ортаға қандай деңгейде бейімделгенін көрсетеді. Балаға қатысты бұл көрсеткіш – оның жасына сай әлеуметтік дамуы мен тәрбиеленуі, өз құрбы-құрдастарына тең (тең емес) екендігін бағалауы. Басқа сөзбен айтар болсақ, бұл баланың жасына сай әлеуметтік тұрғыдан дамуын немесе дамымау қалпын бағалау. Бір жағдайда оның іс-қимылдары, балалар және үлкендермен қарым-қатынасы, оқуының нәтижелілігі мен түрлі ойындарда өзін табиғи қалыпта ұстай білуі және өзге балалардан ерекшеленбеуі. Бұлар оның әлеуметтенуі мен тәрбиесінің нәтижесін білдіреді. Мұндай бағалау бала бақшасында, мектепте, үйде қолданылады.
Адамның жеке басына тән ерекшеліктері – бұл оның тек өзіне ғана тән тұлғалық сапасы және кез келген жағдаятқа бейімделе алуы. Есейе келе адам өзгереді, оның сапалық қасиеттері жетіледі немесе кейбір мүмкіндіктерін жоғалтып, оның бейімделуіне ықпалын тигізеді. Адамның өзіндік ерекшелігіне оның өмірлік іс-әрекеті және түрлі жағдайға бейімделу тәжірибесі ықпал етеді.
Бейімделу тәжірибесі – жеке тұлғалық сапаның қалыптасуына ықпал етіп, жаңа жағдайға тез бейімделуіне көмектеседі. Адамның өзіндік ерекшелігі кез келген жағдаятқа сәйкес жинақталған бейімделу тәжірибесіне және соған ұқсас жағдаяттардағы іс-әрекеттеріне байланысты болады. Сонымен бірге оның әлеуметтену қабілеті, оның өмірге әлеуметтенуінің және өзін-өзі жүзеге асыруында маңызды рөл атқарады. Неғұрлым адамның бейімделу тәжірибесі мол болса, соғұрлым ол жаңа жағдайға тез бейімделеді. Ол өз тәжірибесіне ұқсас жағдайларға белсенді түрде бейімделуге қабілеттілік білдіреді.
Баланың тәжірибесі орта жағдайына бейімделу уақытын қысқартады. Бұл фактының тәжірибенің бейімделу мүмкіндіктерінің табиғи қалыптасуын түсінуге тигізетін маңызы зор. Үй жағдайында тәрбиеленген мектеп жасына дейінгі баланың бақшадағы балалар тобына және мектептегі сыныпқа бейімделуі қиын болады.
Адамның белгілі бір кезеңдегі жақсы өмірлік жағдайы, бейімделудің қажетсіздігі, оның іс-әрекеттік тәжірибесін қалыптастырмайды. Ал бейімделу қажет болса, онда оған белгілі бір қиындық келтіреді.
Көңіл түсу – бұл іштей бейімделуге көңілдің аууы. Ол адамның көңіл-күйіне әсер етеді. Тіпті тәжірибесі болса да өзін көрсетуге, өзін жүзеге асыруға көңілі түспесе, бейімделуі іске аспауы мүмкін. Сонымен бірге адамның қызығуына түрткі жасау, тілек, ұмтылыс білдіруі арқылы өзін көрсету үдерісінің қалыптасуы байқалады.
Күй, хал-жай – іштей өзін көрсетуге дайындығын анықтайды. Ол көңіл түсуге жағымды немесе жағымсыз әсер етеді. Күй, хал-жай ішкі фактормен анықталады (мысалы, денсаулық, көңіл түсуі жағымды немесе жағымсыз, қорқыныш және т.б.) және сыртқы (жаңалығы, ортаның қабылдауы немесе қабылдамауы және т.б.). Күй, хал-жай бейімделу барысында орта жағдайы мен өзін іске асыруына байланысты оң немесе теріс жаққа өзгеруі мүмкін.
Өзіндік белсенділік – бұл факторды бейімделу барысында адамның өзі анықтайды. Осыған көп нәрсе байланысты. Ол қиындықтарды жеңуге көмектеседі және ортаға бейімделудің немесе бейімделмеудің көп факторларына тәуелсіз.
Баланың ортаға бейімделуі үшін отбасы, бала бақша, мектептің атқаратын маңызы зор. Баланың бақшаға бейімделуін оның топта өзін мейілінше табиғи ұстай білуінен көруге болады. Баланың ортаға бейімделуіне жүргізілетін тәрбие іс-әрекеті жағымды ықпал етеді. Мұндай жағдайда жүретін үдеріс пен баланың әлеуметтік даму жағдайы басшылыққа алынатын бағдарлама мен тәрбиешінің қызметімен тығыз байланысты жүзеге асады. Мектепте (орта және жоғары оқу орындарында) баланың оқу жағдайына бейімделуін және мектеп ( кәсіптік-техникалық, жоғары оқу орны) бағдарламасын табысты игеруі үшін жеке бас мүмкіндіктері ескеріледі.
Бейімделу өзге жағдайларда да болуы тиіс. Ең негізгісі:
мектеп, интернат мекемесіне бейімделуі;
кәсіби қызмет орнының ауысуына байланысты бейімделуі;
зейнеткердің бейімделуі. Әр бейімделудің өзіндік мазмұны және адам үшін өмірлік маңызы бар. Мысалы, кәсіби білім беру ұйымдары түлегінің (бастауыш, орта және жоғары) кәсіби іс-әрекет ортасындағы әлеуметтік даму жағдай үдерісін және бейімделу нәтижесінің табыстылығын көрсетеді. Бейімделудің табыстылығы, ол маманның өнеркәсіп ұжымындағы өз орнын табуы, өз кәсібіндегі іскерлігі, кәсіби іс-әрекетінде табысты, оң нәтижеге ие болуы. Мұндай бейімделу жас маманға да, өнеркәсіпке де қажет.
Функционалдық адаптация - қызметке бейімделу деген түсінік қолданылады. Ол адамның белгілі іс-әрекетті, кәсіби міндетін атқару барысындағы үдеріске бейімділігін және оған адамның бейімделу нәтижесін сипаттайды. Ол кез келген қызметке араласатын адамға тән. Функционалдық адаптацияға қажетті уақыт адам қызметіндегі үзіліске байланысты. Неғұрлым қызметте үзіліс ұзақ болса, оның қызметке бейімделуіне соғұрлым уақыт та қажет болады.
Функционалдық адаптация сол қызметке сәйкес маманның тәжірибесіне, уақыт үзілісінің ұзақтығына, мысалы, қызмет етуге дайын болуына, көңіл-күйіне және өзіндік белсенділігіне де байланысты.
Ата-аналар, бала бақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдері балаларға жеңіл жағдай жасау арқылы бейімделу үдерістерінің даму мүмкіндіктерін еріксіз бәсеңдетеді. Мұндай жағдайдағы балалар жаңа жағдайда бейімделуге, осыған орай, өзін-өзі жүзеге асыруға және әлеуметтік дамуға қиынсынады, мысалы бала бақшасына бармаған баланың мектепке келгеннен соң, мектеп ұжымына бейімделуі күрделі болады.
Адамның түрлі жағдайларға бейімделу тәжірибесі оның бойында адаптивтілік, яғни бейімділік сапасын қалыптастырады. Мұндай сапа адамға түрлі жағдайларда қажет болады: оқуда, кәсіби қызметінде, өзге адамдармен қарым-қатынасында. Мәселен, оқу барысында оқушының білім беру ұйымының мазмұнына, формасына және оқыту әдістерінің өзгерістеріне бейімділігінен көрінеді.
Арнайы әдебиеттерде адаптациялық синдром деген сөз тіркесі кездеседі. Бұл сөз тіркесі балаға қатысты өзгеріске ұшырағанын білдіреді.
Әлеуметтік адаптация – үдеріс және индивидтің, топтың жаңа әлеуметтік ортаға, өзгерген немесе өзгеретін қоғамдық өмір жағдайына белсенді бейімделу нәтижесі.
Адаптивсіздік (бейімсіздік) - адам іс-әрекетінің қойған мақсаттары мен күтетін нәтижелерінің сәйкессіздігін сипаттайды. Бұл ұсынылып отырған жағдай, оның іс-әрекет етуге бейімсіздігін көрсетеді.
Адамның бейімделгіштігі ортаға тәуелді. «Адаптивтік орта», белгілі бір топ адамдардың ортаға мейілінше бейімділігін білдіреді. Адаптивтік ортаға бейімділік, ол адамның (топтың ) табиғи кірігуге бейімділігі. Мысалы, бала бақшасы - мектепке дейінгі баланың, мектеп - оқушының бейімделуіне қолайлы жағдай болып саналады.
Адамның түрлі жайдайларға бейімділік (адаптация) мүмкіндігі тұрақты емес. Түрлі жағдайларда, адамның өзінің қалпына байланысты адаптациясы төмендеуі немесе артуы мүмкін Адаптация мүмкіндіктерінің төмендеуі дезадаптация (бейімделмеу) құбылысымен сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |