9.2 Субмәдениет және мәдени-әлеуметтік әлемінің
қалыптасу бастаулары
ХVIII ғасырдың ортасына дейін педагогикада дәстүрлі тұрақты қателіктер басымдылық танытты, ол баланы «ересек адамның кіші формасына» теңеу еді. Гуманистік бағытты ұстанғандар бұл көзқарастың қателігін көрсеткен болатын. Мысалы, Иоан Златуст (347-407) бала тәрбиесінің ең жоғары өнер екеніне тоқталып, тәрбиеленушіні алғашында түсініп, онан кейін оны жоғары көтеру қажет» деп жазған. Баланы түсіну үшін оны жете білген абзал. Бұл шынында да, сол кезде айтылған даналық тұжырым болатын. Кейіннен Руссо «Эмиль, немесе Тәрбие жайлы» (1762) еңбегінде былай деп жазды: «Балалықты ешкім білмейді: ол туралы қалыптасқан жалған түсініктер, күн ілгерілеген сайын, соғұрлым қателіктерге жол береді. Біздің арамыздағы ең данышпан дегендеріміз, ересек адамдар үшін не маңызды болса, соны балаға жапсырып, оның оны қабылдай алатын қабілетін ескермейді. Адамдар үнемі бала бойынан ересек адамды іздеп, ересек болудың алдында не болатыны жайлы ойланбайды».
Руссо мынадай пікір айтады: «Ең алдымен тәрбиеленушілеріңді зерттеп, жақсы біліңдер, өйткені сіздер оны мүлде білмейсіздер». Шындығында ХVIII ғ. соңында баланы бойы кішкентай ересек адам деп қабылдаған еді. Бұл тұжырымның бейнесін сол кезеңдегі көркем суреттер мен мүсіндерден байқауға болады.
«Мен күмәнданбаймын, - деп жазды Пирогов, өзінің «Болу және көріну» атты мақаласында, баланың өзіне тән әлемі бар, ол біздердің әлемнен ерекше... ол, өзінің рухы сомдаған өз әлемінде өмір сүреді және соның заңдылықтарына тәуелді. Егерде балалардың біздің заңдылықтарды бұзуға шаралары жетпегені тәрізді, біздердің де балалардың әлемін жазықсыз және заңсыз бұзуға құқықтарымыз жоқ». Ал «біз, ересектер, балалар өмірінің үйлесімділігін бүлдіреміз. Біз оларды өз әлемінен күшпен жұлып алып, әр сәтте оларды өзімізге және ересек ортамызға балаймыз. Біз оларға ғасырлар бойы қалыптасқан өзіміздің білгендеріміз бен түсініктерімізді таңуға асығамыз. Біз өз жетістіктерімізді мақтан етіп, балалар бізді түсінеді деп ойлаймыз, ал өзіміз оларды түсінгіміз келмейді, олар біздің айтқандарымызды өздерінше қабылдайды. Біз балалармен жұмыс жасағанда оларды өз ортасынан ажыратпай, олардың рухани әлеміне ене білуге тиіспіз».
ХХ ғ. белгілі польяк педагог-гуманисті Януш Корчак та (1878-1942) біздердің баланың әлемін жақсы білмейтінімізге назар аударады. «Бала ақымақ емес: ересектермен салыстырғанда, олардың арасында ақымақтар көп емес...
Бала – шетелдік, ол тілді түсінбейді, көшенің бағытын және заң мен дәстүрді білмейді. Арасында айналасына өзі назар аударғысы келеді; ақыл-кеңес сұрау ол үшін өте қиын. Оған жол көрсетіп, барлық сұрақтарын түсіндіріп, жауап беретін жетекші керек. Оның білмегеніне құрмет көрсетіңдер!»
Адамның әр жас кезеңіндегі әлеуметтік сапалық өзгерістері әлеуметтену үдерісінің негізі мен мәнін құрайды. Оның себебі айналадағы ортаны өзінше қабылдауына және соған лайық мінез-құлық, әрекет, іс-қимыл жасауына бағыттайды. Баланың айналасында болып жатқан құбылысты қалай қабылдауына қарай, соған сәйкес іс-әрекет жасап, жауап береді. Біртіндеп ол айналасын саналы сипатта қабылдай бастайды. Баланың әлеуметтік өзгеріске ұшырауы заңдылық. Әр жас кезеңінде бала өзіндік ерекшеліктерге ие болады, ол оның әлеуметтік қалыптасуының ерекшелігін анықтап, осы үдерісте маңызды рөл атқаратын белгілі субмәдениетті қалыптастырады.
«Субмәдениет» термині (лат. sub – асты... қосымша және мәдениет) кез келген әлеуметтік немесе демографиялық топтың мәдениетін білдіреді. Мысалы, балалар субмәдениеті, ұлттық субмәдениет, кәсіби субмәдениет т.б.
Балалар субмәдениеті кең мағынада қоғамның балалар үшін жасағаны, ал тар мағынада құндылықтардың мағыналық кеңістігі, шарты, іс-әрекеті, балалардың нақты-тарихи әлеуметтік даму қауымдастығындағы қарым-қатынас формасы. «Балалар субмәдениеті» түсінігі балалардың даму кезеңдеріне байланысты және сол кезеңде оның тұлға ретінде игеретін әлеуметтік мазмұыны: шынайы құбылыстарды түсінуі, соған сәйкес әрекет етіп, сол әлеуметтік ортамен сіңісуі. Әр жас кезеңінде оның өз тілімен, мазмұнымен ортадағы құбылысты өзіндік қабылдау ерекшелігімен, ойымен және іс-қимылымен қабылдауы, оның әлеуметік ортадағы іс-әрекеттеріне әсер етеді.
Субмәдениет балалардың ойынында, фольклорда, шығармашылық істерде, дәстүрде көрінеді. Жынысына, психикалық даму ерекшеліктеріне және балалардың әлеуметтенуіне қарай, субмәдениеттің өзіндік ерекшеліктері байқалады, ол олардың құпия тілдерінде, құпиялы істерінде, тентек іс-әрекеттерінде, балалық «сиқырлықтарында» және т.б., мысалы, ойындарында, санамақтарында, жұмбақтарында, бірін-бірі мазақтау, келеке етулерінде; фольклорлық репертуарларында, балалар дәстүрінде (8-13 жас аралықтарында); жеткіншектердің соңғы үлгідегі сымбаттылыққа (супер) еліктеуі, бейресми топтың мүшелігіне кіруінде, түрлі ережелер мен қарым-қатынастарында және т.б. байқалады.
«Әлеуметтік мәдениет» термині әр бала жасына лайық, бір жағынан, белгілі бір субмәдениетті көрсетсе, екінші жағынан – бала тұлғасының әлеуметтік ортаға байланысты дамып, қалыптасқан нақты мәдени субмәдениетін білдіреді. Сонымен бірге белгілі жас кезеңіне байланысты жеке басына тән ерекшелігін анықтап, жүзеге асқан әлеуметтік мәдени шындықты анықтайды. Нақты бала субмәдениеті оның ішкі субмәдени әлемінде және шынайы болмысында көрінеді.
Баланың әлеуметтік мәдени әлемі оның әлеуметтік-педагогикалық сипатын көрсетеді, айналадағы шындықты қабылдауы (тіршілік ортасын), оған жауап беруін және жасына қарай оның әлеуметтік өзгерісі көрінеді. Ол оның белгілі әлеуметтік ортадағы типтік реакциясын, қарым-қатынасын және іс-қимылын сипаттайды.
Баланың типтік және жеке даралық әлеуметтік мәдени әлемін бөліп көрсетуге болады. Типтік – бұл әлеуметтік мәдени әлем, белгілі бір жас кезеңіне тән. Ол әлеуметтік ортаны табиғи қабылдау және баланың сол кезеңге байланысты реакциясын баса сипаттайды. Баланың жас ерекшелігін және әлеуметтік дамуы мен тәрбиесінің заңдылықтарын ескереді. Оның көмегімен сол жастағы баланың әлеуметтік дамуын, тұлға ретіндегі әлеуметтік тәжірибесін бағалауға болады.
Жеке даралық әлеуметтік мәдени әлем – нақты баланың әлеуметтік дамуы мен тәрбиесінің ерекшеліктерін және жеке басына тән өзіндік ерекшелігін анықтайды. Оның көмегімен баланың әлеуметтену деңгейінің сәйкесуін немесе сәйкеспеуін, алға жылжығанын немесе кері кеткенін бағалауға болады. Әр бала даралығымен ерекшеленеді, сонымен бірге жасына лайық, әлеуметтенуінің дамуы мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты типтік әлеуметтік мәдени әлемге сай келеді.
Баланың әлеуметтік мәдениетінің негізі әлеуметтік педагогикалық сапасының сипаттары:
- айналадағы ортаны қабылдау, оған жауап беру;
- сөйлесе білу;
- жан дүниесі және көңіл-күйі;
- өзінше көрінуі (тұлғалық Менінің көрінуі), айналаға қарым-қатынасы, өзара қатынасы;
- тәртібі, іс-қимылы, әрекеті .
Айналадағы ортаны қабылдау және оған жауап беру. Айналаны қабылдау баланың жасына лайық өзгереді. Ол оның дамуына, әлеуметтенуіне және әлеуметтік толысуына байланысты болады. Баланың психикалық дамуы оның зияттық және әлеуметтік өзгерісіне себепші болады, өз кезегінде, оның психикасының дамуына әсер етеді. Балалардың әр жас кезеңіндегі психикалық дамуын, жас ерекшелік психологиясы зерттейді.
Сөйлесе білу. Балалар сөйлеуге табиғи түрде бейім келеді. Бұл әлеуметтенудің бір қыры. Белгілі психолог А.Р.Лурия (1902-1977) былай дейді: «егіздер сөйлесудің «өзіндік» тілін қалыптастыруға қабілетті, олар бір-бірімен өздерінше қатынас орнатып, бірін-бірі түсінеді».
К.Д.Ушинский ана тілінің білімдік маңызын атап көрсеткен. Бала ана тілін игеру арқылы, тек жеке сөздерді ғана емес, оларды байланыстырады және өзгертеді, көптеген шексіз түсініктерді, заттарға деген көзқарастарды, көптеген ойларды, сезімдерді, көркем бейнелерді, қисынды және тілдің философиясын жеңіл және жылдам 2-3 жасында игереді, онан кейінгі кезеңде оның жартысын 20 жылда мұқият оқыту әдістемесімен ғана меңгере алмайды.
Сөйлеу табиғатынан әлеуметтік саналады: баланың бойында сөйлеуге деген қажеттілік бар, бірақта оның ашылуы әлеуметтік факторға тәуелді, оның өзіндік ерекшелігі баланың сөйлеуді меңгеру қабілетіне байланысты болады.
Әр тіл – көптеген ғасырлар бойы рухани өмірде қалыптасқан нәтиже, ол халық ойының органикалық бітімін, сезімін көрсетеді, сондықтанда тілді меңгеру сол халықтың ортасында ғана жақсы меңгеріледі. Ол ортадан тыс үйренген тіл үстірт болады және қажетті дамуға ықпал етпейді. Бірінші күннен ана тілімен танысқан бала, бастамасынан халықтың рухани өмірімен біте қайнасып, оны қабылдайды. Міне, сондықтан да Коменский мен Ушинский тілді үйренуді ана тілінен бастау қажет дейді. Ана тілін жақсы меңгергеннен кейін, оған жағымды ықпалдан соң ғана, шетел тілін үйренуге болады. Шетел тілін орыстардың ортасында игеру оның рухани өмірінің дамуына ана тіліне қарағанда күшті ықпал етпейтінін көрсетеді; шетел тілі оның рухы мен тәніне терең бойламайды, ешқашан тұлға бойына толық, терең тамыр жаймайды және оны жеке тұлға ретінде дамытпайды.
Тілдік орта баланың әлеуметтік мәдени әлемін қалыптастырады. Күнделікті өмірде жиі айтылатын «кішкентай қария» немесе «кішкентай шал» деген түсініктер бар. Жасы келген адамның тәрбиесінде болған баланы солай атайды. Ол қариядан сөйлеу мәнерін, тілін, оның ой түйінін және т.б. қабылдайды. Бастауыш сынып мұғалімдері өз оқушыларының ата-аналарын олардың іс-әрекетінен, тілінен және басқа да көріністерінен жеңіл ажырата алады.
Қарым-қатынас дегеніміз өзге адамдармен сөйлесу барысында рухани және эмоциялық құндылықтармен алмасып, өзара әрекеттесу. Қарым-қатынас бір қырынан адамның өзіне ғана тән қызмет болса, екінші қырынан, ол барлық өмірлік қарым-қатынастардың негізін құрайды.
Қарым-қатынастың екі негізгі түрі бар. Біріншісі, өмірлік қажеттерге қызмет ететін қарым-қатынас, оны рөлдік деп атауға болады. Екіншісі, эмоциялық қатынасты қамтамасыз ететін, әр адамға тән қарым-қатынас, оны тұлғааралық деп атауға болады. Тұлғааралық қатынас жеке тұлғаның өз ортасымен қарым-қатынасы, олар үнемі кездесетін және тұрақты қарым- қатынаста болатындар.
Қарым-қатынас мазмұны рухани-құндылық мәселелерді қамтиды: (өмірдің мәні, әлемдік мәселелер, өмірлік жоспарлар, адамдардың өзара қарым-қатынастары); түрлі оқиғалар (отбасы, топ, таныстар, өзінің және өзгелердің іс-қимылдары; өткен оқиғаларды еске түсіру; жақында іске асыратын жоспарлар); өмірлік көңіл-күй ахуалдары (өзіне және өзгелерге қарым-қатынасы, көңіл-күйі, уайымдары, іс- әрекеттері)) тұрмыстық мәселелер (түрлі заттар). Балалардың жасына, жынысына және басқа да қарым-қатынасқа түсушілердің сипаттарына қарай қарым-қатынас түрлерінің толысуы да алуан түрлі болады.
Қарым-қатынас диалог формасында болады. Оның төрт типін атауға болады:
фатикалық - әңгіме желісін үзбеу үшін айтылатын реплика;
ақпараттық - маңызды ақпаратпен бөлісу;
пікірлестік - түрлі көзқарастың түйісуі немесе оларды талдау;
ағынан жарылу - жеке басы үшін маңызы зор, сенім артатын әңгіме.
Баланың жан дүниесі оның ішкі қалпының жеке (субьективтік) эмоцииялық бағасы мен айналасындағы адамдардың оған деген қатынасы арқылы анықталады. Баланың көңіл-күйі оның балалық тұлғасының ерекшеліктерін көрсетеді: ішкі дүниесіндегі жағымды немесе жағымсыз сезімі, өзіне өзгелердің қарым-қатынасы және өзінің өзгелерге қарым-қатынасын бағалауы, олармен әрекеттесу бағытының қауіпсіздігі және олардан қорғануы, оған көмектесу т.с.с. Баланың жан дүниесі өз мәнінде баланың әлеуметтік жағымдылығын немесе жағымсыздығын анықтайды және оның реакциясына, іс-қимыл, әрекеттеріне әсер етеді.
Бала жан дүниесінің әсерленушілігі – бұл оның нақты ортааға білдіретін сезімдік қалпы, жақын адамына, жақсылық пен жамандыққа, шындық пен жалғандыққа қатынасы; әділетсіздікке сезімталдығы. Бұлар көп жағдайда психиканың тұрақтылығын, тепе-теңдігін немесе күйзелісін баланың ашушаңдығы мен түрлі әрекеттерінен байқауға болады. Баланың жан дүниесінің қалпы мен реніші өзара тығыз байланысты және оның өзіндік ерекшеліктерін сипаттайды.
Олар табиғи күйінде бала бойында қорқыныш тудырады, ал ол баланың өзін қорғау ұмтылысын білдіретін реакциясы. Белгілі бір жағдайларда қорқыныш қалыптан тыс ауытқуға әкеліп соқтыруы мүмкін. Мысалы, аяқ астынан болатын ащы және қатты дыбыс, дауыс; бала психикасына ұзақ уақыт әсер ететін факторлар, оның сезіміне әсер ететін (жиі айтылатын қорқынышты әңгімелер, жас ерекшелігіне лайық емес сиқырлық туралы ертегілер; қараңғылық және жалғыз қалу). Ата-аналардың әлеуметтік педагогикалық сауатсыздықтары, бала күтімі мен тәрбиесінде жіберетін типтік қателіктері, баланы үрейлендіруі жиі жағдайда қалыптан тыс ауытқуға әкеліп соқтыратынын, олардың алдын-алу және онан арылту шараларын білмейді.
Балалардың тәртібі, іс-қимылдары. Бұл баланың әлеуметтік мәдени әлемінің көрінісі. Бірітіндеп есейе келе, кейбіреулері әдетке және оның сипаттарының біріне айналады немесе жойылады. Бұл факт баланың әлеуметтік қалыптасуында өте маңызды рөл атқарады. Осы факт баланың өзіндік ерекшелігін көре білу қажеттігін көрсетеді, оның субмәдениетінің келешектегі өзгерісін түсінуді, оның динамикасын болжауды және оған мақсатты педагогикалық ықпалды анықтауды білдіреді. Ең маңыздысы балаға алдын-ала жас ерекшелігіне және дамуына сәйкес келмейтін талап қоймау және бір орында тұрып қалмау (балаға тәне қасиеттерді сақтау және әлеуметтік дамуын тежеу).
Сонымен, баланың әлеуметтік мәдени сипатының әлеуметтік- педагогикалық негіздері қарастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |