Әлеуметтік педагогика


Мемлекет (қоғам) тұрғысынан әлеуметтік тәрбиенің мәні



бет29/90
Дата25.09.2022
өлшемі1,49 Mb.
#150614
түріОқулық
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   90
Байланысты:
аза стан республикасы ылым ж не білім министрлігі леуметтік п

8.1 Мемлекет (қоғам) тұрғысынан әлеуметтік тәрбиенің мәні
Әлеуметтік тәрбиенің мағынасы – баланы жасанды ортаға емес, шынайы өмірге, ең алдымен, бірінші орында оның әлеуметтік күш-қуатын және жан дүниелік әлеуетін қоғамдық өмірге дайындау. Мемлекет (қоғам) тұрғысынан әлеуметтік тәрбие азамат қалыптастыруға бағытталады. Ол Платон кезеңінен белгілі жәйт. Әр мемлекет өзінің тарихи даму кезеңдерінде арнайы немесе арнайы емес бағытта әлеуметтік тәрбие беруді көздейді, ол өскелең ұрпақты болашақ қоғамдық өмірге дайындауды белгілейді.
Әр кезеңдерде философиялық және педагогикалық ағымдар, жеке педагогтар мен философтар әлеуметтік тәрбие идеясын алға мақсат етіп қойған. Ол еңбектер әлеуметтік педагогика теориясының негізіне алынып, тек ХIХ ғасырдың соңында ғана қоғам оны қабылдады. ХХ ғасырдың басында ол идеялар Ресейде әлеуметтік тәрбие түрінде дами бастады.
Әлеуметтік тәрбиенің мәні мен мазмұнын түсінудің екі жолын қарастыруға болады.
Азамат тәрбиелеу (азаматтық тәрбие) әр қоғамға қажет, ол мемлекетке тәуелді және оның бақылауында жүргізіледі (В.В.Зеньковский, А.В.Луначарский, Н.Н.Иорданский т.б.). Мемлекет оқушы жастарды тәрбиелеуде, оларды қоғамдық өмірге дайындауды көздейді. Мемлекет азаматтық тәрбиенің мақсатын, мазмұнын және оны жүзеге асыру жолдарын анықтап, оған қажетті институттарды ұйымдастырып, ондағы тәрбиелік іс-әрекеттерді өзінің қадағалауында ұстайды. Мемлекеттің әлеуметтік тәрбие қызметі осы институттар арқылы жүзеге асырылады.
Азаматтық тәрбие арқылы жеке тұлға қалыптасып, оның отансүйгіштік сезімдері мен белсенді өмірлік ұстанымдары дамиды. Әлеуметтік тәрбиенің осындай міндеттерін өз кезеңінде Платон (б.з.д. 428 немесе 427 ж. б.з.д. 348 немесе 347 ж.) да белгілеген еді. Ол «Мемлекет» және «Заң» атты еңбектерінде жастарға азаматтық тәрбие берудің маңызын және оны іске асырудың жолдарын көрсетті. Өзінің дамуы жағынан алдыңғы шепте болуын ойлайтын мемлекет, жастарды бағытты іс-әрекетке тәрбиелеп, олардың әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуді мақсат етеді. «Заң жасаушы», - дейді Платон, - бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмауы тиіс. Заң жасаушының назары ең алдымен бала тәрбиесінен басталуы қажет. Оның мұндай пікірге келу себебі, ол өз мемлекетінің дұрыс дамуына талдау жасап тұжырымдаған.
Қоғамдық тәрбие, қоғам үшін адам тәрбиелеу (В.В.Зеньковский, Н.Н.Иорданский т.б.). Бұл бағытты қоғамдық-мемлекеттік деп атауға болады, өйткені оны жүзеге асыратын мемлекет және мектеп. Олар қоғамдық өмірді және мемлекетті жетілдіру болып саналады. Өскелең ұрпақтың тәрбие жүйесін жетілдіре отырып, оны қоғамды өзгерту құралына айналдырады. Мәдениетті және тәрбиелі ұрпақ, өзі өмір сүріп отырған қоғамды жағымды даму бағытына өзгертеді. Қоғам, балаларды өз ата-аналарына қарағанда жоғары мәдениетті деңгейде болуын тәрбиелеуді белгілейді. Әр жас ұрпақ өзінің алдындағы ұрпақтан мәдениетті болуы тиіс. Зеньковскийдің пікірінше, «Тәрбие заман талабына сай болуы керек, ол өмірге қажетті жаңа сапа, басқа дағдылар мен түсініктерді қалыптастыруы шарт.
Әлеуметтік тәрбиені жүзеге асыруда жетекші рөлді мектеп атқарады. «Мектеп (басқа да тәрбие ұйымдары тәрізді), - деп жазды Зеньковский, - өзіне әлеуметтік тәрбие міндеттерін алуы тиіс, ол тек білімді адамдарды, іскер азаматтарды ғана тәрбиелеумен бірге, олардың қоғамдық жұмысты ынтымақтасып атқару қабілеттерін дамыту керек».
Бұл баланың жеке басына тән қасиеттеріне және даралық ерекшеліктеріне ешқандай нұқсан келтірмейді, тек оларға жаңа мағына береді.
Қазіргі жалпы білім беретін мектеп тәрбие институты ретінде мыналарды қамтиды:

  • білім беретін және тәрбиелейтін мекеме, тәрбиені оқыту қызметі арқылы жүзеге асырады;

- оқу үдерісінен тыс уақытта педагогтардың оқушылардың өмірін ұйымдастыруы;
- әлеуметтік-психологиялық топтардағы (жалпы мектеп және соның ішіндегі кішігірім топтар) педагог ұйымдастырмаған оқушылардың еркін қарым-қатынастары.
Мектептегі тәрбиені осылай бөліп көрсету арқылы оқушылардың өзара әрекеттесу белсенділіктері жүзеге асырылып, жеке тұлғалық сапалары жетілдіріледі.
Белгілі американдық маман У.Глессер, «егерде баланың тұлғалық қажеттері үйде іске асырылмаса, олар мектепте жүзеге асуы тиіс. Оқушы табысқа қол жеткізу жолдарынын мектепте үйренеді: өз құрбы-құрдастары және ересектермен өзара қарым-қатынас орнатады. Жалғыздық, яғни тек өзімен өзі жеке қалған бала немесе ересек адам болсын, іштей қанағат сезіміне бөлене алмайды. Мектептің өзіне ғана тән ерекшелігі бар, ол балаларды жалғыздықтан сақтайды немесе жеке тұлғаның теріс дамуына жол бермейді. Мектеп оқушының өзіне деген сенімін және өзінің мәнін сезінуін, білім мен ойлау білігін арттырады. Мектептегі оқу үдерісі оқу мен әлеуметтік мәселені оқушының өзбетінше шешуіне лайық ұйымдастырылуы тиіс».
Мектеп ашық әлеуметтік жүйе ретінде мынадай жұмыс түрлерін ұйымдастырады:
- мектептің отбасымен қатынасын кеңейту;
- мектептің қосымша білім беру ұйымдары, мәдени және басқа да әлеуметтік институттармен бірлескен іс-әрекеттерін ұйымдастыру;
- педагогтардың ұйымдастыруымен оқушыларды қоғамдық ортамен байланыстыру, мысалы, мектеп түлектері, ардагерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері;

  • педагогикалық ұжымның көмегімен өзге балалар шығармашылық ұйымдарымен біріккен іс-шаралар ұйымдастыру;

  • сабақ пен сабақтан тыс іс-шараларды мектептен тыс орындарда жүргізу: шеберханалар, зертханалар, табиғат аясында.

Адамды әлеуметтік идеалға, яғни мұратқа сәйкес тәрбиелеу (Иорданский). Бұнан байқалатын мүмкіндік, жаңа ұрпақ қалыптастыру арқылы, соған сай қоғамды дамыту. Мұндай әлеуметтік тәрбиенің негізінде баланың әлеуметтік күш-қуатын, жаңа адам сапасын әлеуметтік мұратқа сәйкес бағытты дамытып, қоғамды жағымды өзгеріске түсіру.
Мұндай жалпы көзқарас педагогикада да және жеке алғанда, Ресейде де орын алған. Руссо ХVIII ғасырда өз шығармаларында «жаңа адам» қалыптастыру пікірі бойынша, сыртқы ортаның ықпалынсыз, тұтастығы бүлінбеген табиғат аясында «жаңа санаттағы» адамдарды қалыптастыру туралы жазды. Руссо тұжырымдамасының басты кемшілігі, ол баланың жеке тәжірибесі мен жинақтаған әлеуметтік тәжірибесін бірге қарастырмаған еді. Ол «шектеулі» әлеуметтік тәрбиені ұсынған.
II Екатерина тұсында И.И.Бецкой (1704-1795) шетелден шақырылып, оның ұсынған жобасында дворян жастарын тәрбиелеу арқылы жаңа қоғам құру белгіленген. Ол үшін дворян жастарын қоғамнан және отбасынан алшақ тәрбиелеу, сондықтанда жабық оқу орындарын ашу қажеттігі туралы айтылды. Ондай оқу орындары ашылған да еді. Бецкой ол мекемелерді ұйымдастырудың негіздерін және арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеген. Ол оқу орындарын бітірушілер де болды, бірақта, олардың саны Ресей қоғамын өзгертетіндей шамада болмады. Дегенмен де, ол оқу орны қоғам дамуына белгілі деңгейде ықпал етті. Бұл жоба бастапқы белгіленген өз міндетін атқара алмады, өйткені крепостнойлықтың сақталуына орай, сол кезеңде қоғамда сапалы өзгеріс болуы мүмкін емес еді.
1920-шы жылдары Кеңес үкіметі осындай міндеттерді тағы да көтерді, яғни әлеуметтік тәрбие арқылы - жаңа қоғам құрлысшыларын дайындау мәселесі қойылды. Мұндай тәрбие таптық, партиялық сипатта болды және оның басты мұраты - жан-жақты үйлесімді дамыған адам тәрбиелеу еді. Жас ұрпақты белгілі бағытта бір нұсқада тәрбиелу, ересек адамдарды қайта тәрбиелеу (отбасы мүшесі, еңбек және оқу ұжымы және т.б.) қолға алынды. Кеңестік Ресейде әлеуметтік тәрбиені жүзеге асыру үшін соған сәйкес институттар мен академиялар қызмет етті. Мемлекет әлеуметтік тәрбие институттары арқылы түрлі адамдарға белсенді ықпал етті.
Осындай бағытта әлеуметтік тәрбие - әлеуметтік белсенді тұлға қалыптастыруды, қоғамдық тәрбиені өмірлік қажеттілік деп таныды (В.В.Зеньковский, Н.Н.Иорданский және т.б.). Әлеуметтік тәрбиенің негізгі міндеті - әлеуметтік белсенділікті дамыту, әлеуметтік әрекеттің «дәмін тату», ынтымақтастық рухын сезіну, қоғамдық мүддені жеке басынан, өзімшілдіктен жоғары қою.6
Мемлекеттік білім беру жүйесі әлеуметтік тәрбие мақсатын жүзеге асырудың құралы болды. Ресейде әлеуметтік тәрбие академиясы құрылды. Ол ғылыми-педагогикалық орталыққа айналып, әлеуметтік тәрбиенің мазмұнын және оны іске асыру жолдарын негіздеді. Барлық оқу мекемелері (мектепке дейінгі, жалпы және жоғары мектеп) оқушы жастарды тәрбиелеуде мемлекеттің алға қойған міндеттерін орындады. Оқу орындарында әлеуметтік тәрбиенің теориясы мен тәжірибесі оқытылды. 1923 жылы алғаш рет Иорданскидің әлеуметтік тәрбиеге арналған оқу құралы басылып шықты.
Басқа елдердің белгілі адамгершілік құндылықтарын оқушы жастарға күштеп жапсыру, санаға ендіу және оларды насихаттау. Мұндай қатынас әсіресе балаларға, жеткіншектерге, жастар ортасына және жеке тұлғалардың санасына ықпал ету арқылы ендіруге бағытталады. Ол ақпарат құралдары, мемлекеттен тыс мекемелер, түрлі ұйымдар, жеке тұлғалар - сол мұраттарды, құндылықтарды және өмір сүру бейнесін қабылдағандардың қатысуымен насихатталып, жүзеге асырылып келеді. Оның бастауын Орта ғасырдан іздеу керек. Сол кезеңде Христостың идеяларын көпшілік санасына жаулауға дін таратушылар белсенді іс-әрекет етті және ол ілімді бүкіл әлемге таратты. Ол тек сөз жүзінде ғана емес, қарудың күшімен де жүргізілді. Сол мақсатта түрлі арнайы бірлестіктер, діни қауымдар, мысалы, 1534 жылы иезуит ордені - Христос сарбаздары құрылды.
Қазақ жерінің оңтүстік өңірлеріне VIII ғасырдан бастап ислам діні таратыла бастады.
Қазіргі жағдайда мұндай бағыттар ақпарат құралдары, түрлі уағызшылар, қоғамдық ұйымдар арқылы біздің елімізде, бұрынғы ТМД мемлекеттерде американдық мұраттарды, құндылықтарды, түрлі діни ілімдерді насихаттауда. Сондай іс-әрекеттің мысалы ретінде діни секталарды айтуға болады, олар түрлі жастағы балалар, жеткіншектер арасында өз мұраттарын насихаттап, өздеріне тән ұстанымдарды басшылыққа алуға шақырады. Осындай діни секталар адамдардың психикасына ықпал етіп, олардың басын айландырып, денсаулықтарына нұқсан келтіріп, материалдық игіліктерін талан-таражға түсіруде. Көптеген елдерде мұндай секталардың жұмысына заң жүзінде тиым салынғаны белгілі.
Осындай түрлі әлеуметтік ықпалдар педагогикалық және психологиялық әдебиеттерде қарастырылмаған. Оны адамдардың санасын мәдени, идеологиялық және діни тұрғыдан жаулау деп қабылдаған абзал.
Сонымен, мемлекет тарапынан әлеуметтік тәрбие мазмұны, оны іске асыру жолдары бақыланады. Мемлекет жас жеткіншектерге әлеуметтік бағытта тәрбие беру үшін түрлі институттар құрады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   90




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет