Әлеуметтік педагогика


Баланың жеткіншектік мәдени-әлеуметтік өмірінің көрінісіндегі ерекшеліктері және оны есепке алу қажеттігі



бет33/90
Дата25.09.2022
өлшемі1,49 Mb.
#150614
түріОқулық
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   90
Байланысты:
аза стан республикасы ылым ж не білім министрлігі леуметтік п

Баланың жеткіншектік мәдени-әлеуметтік өмірінің көрінісіндегі ерекшеліктері және оны есепке алу қажеттігі

Бала дамуы жағынан өз қатарластарынан алда болуы мүмкін, бұл оның әлеуметтік мәдени әлемінен көрінеді. Баланың дамуын тежеудің қажеті жоқ, оның жеке бас ерекшелігіне қарай, оны белсендіруге түрткі тудыруға болады. Ең маңыздысы баланың әлеуметтік мәдениетін дамытатын орта жасай білу керек. Кейде бала өзінің дамуында кешеуілдеуі де мүмкін. Мұндай жағдайда оның дамуын қалыптастыру жолдарын ойластыру керек. Бұндай іс-әрекеттер әр баланың дамуына және тежелуінің себептеріне (ортаға, тәрбиеге) байланысты жасалады. Әр кезеңде баланың әлеуметтік мәдени дамуы мен тәрбиесіне ерекше қатынас құру қажет. Баланың әлеуметтік мәдени дамуына әсер ететін факторлар мыналар:


- «жас ерекшелігіне» сай (игерілген) мәдениеті;
- ата-аналар, тәрбиешілер, өзінен үлкендер, құрбы-құрдастары;
- өмір сүру ортасы (үйде, көшеде, бақшада, т.б.);
- баланың әлеуметтік мәдени әлемін қалыптастыруға түрткі тудыруға мақсатты іс-әрекет ету;
- баланың зияттық-шығармашылық іс-әрекетіне өз тарапынан күш жұмсауы.
Баланың «жас ерекшелік» (игерген) мәдениеті - ұрпақтан ұрпаққа берілетін дәстүрдің, баланың өмір сүрген және дамыған, тәрбиеленген ортасындағы субмәдениетінің нәтижесі.
Әр жас кезеңіне лайық субмәдениеттің өзіндік қалыптасуы мен көрінісі орын алады. Мысалы, американ психологы Г.Эриксон жеткіншектік кезеңде өзіндік сана қалыптасуындағы типтік шиеленістерді бөліп көрсетеді, олар соған сай субмәдениетті және жеке тұлғаның әлеуметтік қалыптасу нәтижесін сипаттайды:
1) уақытша келешек немесе уақыттың нақты сезінбеу;
2) өзіне деген сенім немесе ұяңдық;
3) түрлі рөлдерді тәжірибеден өткізу немесе бір рөлде ғана тұрақтау;
4) шәкірттік немесе еңбек әрекетінің тоқталуы;
5) жыныстық полярлылық немесе екіжыныстылық бағдар;
6) көшбасшылық – бірізділік қатынас немесе анықталмаған бедел;
7) идеологиялық сенім немесе құндылықтар жүйесінің нақтылығының болмауы.
Ата-аналар, ересектер, құрбы-құрдастар – бұлар мәдениет иелері және оны таратушылар, олардың арасындағы өзара қарым-қатынас барысында баланың да әлеуметтік әлемі қалыптасады және дамиды. Баланың баламен әрекеттесуі бір-біріне еліктеудің маңызды факторы (бастауы) және оның әлеуметтік дамуына мейілінше ықпал етеді. Матео Вежио (1406-1458), итальян гуманисті балалар көбінесе үлгімен тәрбиеленеді, оларды жағымсыз мінезді жолдастарынан және теріс қоғамнан сақтау қажет деп жазған еді. Соған орай, халық арасында «Досың кім, мен сенің кім екеніңді айтамын» деген даналық тұжырым бар.
Баланың өзге адамдармен араласуы, олармен қарым-қатынас құра білуі, оның табиғи формасын көрсетеді. Алғашқы қарым-қатынас – «бала – ата-ана» арасында қалыптасады. Міне осы тұста ересек адамның мәдениеті мен баланың әлеуметтік әлемінің өзара байланысы жүзеге асады. Әсіресе, баланың анасымен жағымды әлеуметтік байланысының арқасында, бала мәдениетінің дамуын байқауға болады. Анасы оның тірегіне, қорғаушысына айналады, оның барлық қажеттерін орындайды, сөйтіп оның әлеуметтік дамуы мен мәдениеті қалыптасады. Бала есейе келе өзгелермен өзінің қызығушылығына орай қарым-қатынас жасайды. Оны ең әуелі балалар мен өз қатарластарымен қарым-қатынас жасауы қызықтырады. Балалардың арасында олардың ортақ қызығушылықтары анықталады, бірін-бірі түсінеді және ортақ қызығушылықтары білінеді. Онан кейінгі кезеңде баланың ересектерге деген қызығушылығы төмендейді. Оның түрлі себептері бар, ең біріншісі өзара түсіністіктің бүлінуі салдарынан – «ұрпақтар шиеленісі», «әке мен бала» арасында туындайтын мәңгілік мәселелер. Сонымен қатар өз құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас орнатуға қызығушылығы арта түседі, олардың қауымдастығына кіру, жеткіншектер мен жастарға тән ортақ қызығушылықтар сипатына ие болады.
Бала өмір сүру ортасында үйінде, көшеде, бала бақшада және т.с.с. өзара әрекеттестікке түседі. Адам белгілі бір ортада қалыптасады. Ортада жеке тұлға қалыптасады. Ортаның әр факторының өзіндік әлеуметтік-педагогикалық мүмкіндіктері бар, мәселен, отбасы; пәтер, оның жабдықталуы; бала пәтерінің, үйінің орналасу орны (қала, ауыл); көше, баланың айналасындағы қатарлас достары, ересектер және т.б. Әлеуметтік педагогика жеке тұлғаның қалыптасуына әлеуметтік орта факторларының ықпалын, оларды мақсатты пайдалануды және олардың жағымсыз ықпалының алдын-алу мәселелерін зерттейді.
Баланың әлеуметтік мәдени әлемін қалыптастыруға және дамытуға мақсатты түрткілік әрекет жасау. Ол стихиялық сипатта болуы мүмкін. Көпшілік ата-аналардың «баланың бәрі өскен және өседі» деген желеу сөздері, олардың стихиялы түрде тәрбиеленетінін көрсетеді. Арнайы педагогикалық зерттеулерге назар аударсақ, тәрбие мақсатты түрде жүзеге асырылуы тиіс. Мысалы, балалардың тілін дамыту үшін Г.Крайг ата-аналарға мынадай ұсыныстар жасайды:
- ашық түсті заттарды балаға көрсетіп, оның орнын алмастыру;
- бөбектің алдына жақын жерге оны қызықтыратын затты қою, ол оны қолымен алуы, оны зерттеп білуі керек;
- баламен сөйлесу, оның есімін жиі атау;
- баланың алдына түрлі заттарды қою, ол заттарды қолына алып, зерттеп білуі тиіс;
- баламен ойын ойнау «ку-ку», «жасырынған нәрсені тап»;
- қауіпсіз орын дайындап, баланың қозғалысына, зерттеу бағытын іске асыруға, түрлі ойыншықтар мен заттарды орналастыру, олардың арасынан белгілі бір затты табуды тапсыру;
- өз іс-әрекетін сөзбен бекіту: («мен допты қолыма алып, артыма жасырдым, сен оны алып бер»);
- біртіндеп ойынды күрделендіру («жасырған нәрсені тап»);
- қуыршақтармен ойнату;
- баланың әрекетін қайталап, оны еліктеуге түрткілеу;
- болып жатқанды түсіндіру («Доп үстел астына домалап кетті, өйткені сен оны ұрдың»);
- баланы суға түсіргенде онымен ойнау, суға жүзетін, су құятын, шашатын ойыншықтарды қолдану;
- балаға сұрақ беріп, оның беретін жауабын күту;
- балаға символдық ойын ойнауға ойыншықтар беру.
Ересектердің балаларға қатысты әлеуметтік-педагогикалық қызметінің негізгі міндеттері олармен мақсатты әрекеттесу және олардың белсенділіктерін, өзіндік бастамаларын, өзіндік іс-әрекеттерін арттыру.
Баланың әлеуметтік мәдени әлемін қалыптастырудағы ерекше орынды ойынға беруге болады, ол бала қызметінің негізгі өмірлік формасы саналады. Балалардың ойыны, ол бала ағзасының әлеуметтік қызметі, баланы тұлға ретінде дамыту құралы және өзін көрсету тәсілі болып есептеледі. Әлеуметтік педагогикалық тұрғыдан, бала ойынында қарапайым түсінік түрінде әлеуметтік қалыптар мен талаптар кіріктіріліп, халықтардың ұлттық ерекшеліктері түрінде берілген. Ол баланың жандық және физикалық күшінің көпғасырлық тәжірибесі түрінде жинақталып, оның туған этникалық ортасында қалыптасады. Ұлттық ойындар баланың бойында оның ұлтына тән менталитетін және ұлттық тұлғаға тән типті, өзіне сәйкес ерекшеліктерімен бірге қалыптастырады.
Отбасылық ойындар ұлттық және отбасылық дәстүр немесе ата-аналарының кәсіби қызметіне байланысты болады. Балалар өз ата-аналарына еліктеуді ұнатып, жақсы көреді: мұғалім, дәрігер, сатушы, әскери кызметкер т.б. Ойын арқылы белгілі әлеуметтік-педагогикалық міндеттерді шешуге, баланың әлеуметтік мәдени әлемін қалыптастыруға түрткі тудыруға болады.
Ойынның мазмұны рөлдік іс-қимылдан және бағытты белсенділіктен тұрады, ал түрлі ойыншықтар – құрал ретінде қолданылады. Ежелден ойыншықтарды жасауға түрлі халықтар тәжірибесі және жекелеген ойшылдар шығармашылығы ықпал еткен.
Аристотель тәрбие мақсатында балалар үшін ойыншықтар жасау қажеттігін, олар болмаса, олар немен айналысарын білмей, тұрмысқа пайдалы заттарды бүлдіреді деген.
И.К. Лафатер (1741-1801) – швейцарлық жазушы, ағаш кірпіштерден үй қалау ойынын және т.б. ұсынған. Платон ер балаларды ойын арқылы келешекте айналысатын жұмысына бағыттап тәрбиелеу керектігін жазған. Локктың пікірінше, барлық ойын түрлері балалардың жағымды және пайдалы әдеттерін қалыптастыру керектігіне кеңес берген. Дәл осындай пікірді француздың мектепке дейінгі педагогы Ф.В. Фребель (1782-1801) де тұжырымдаған. Ол ойынды «баланың ең жоғары даму деңгейі»- деп көрсетіп, ойын теориясын жазған.
Ежелгі славяндар тұрақтарының қазбасынан археологтар көп ойыншықтар тапқан, олар сол кезеңдегі ата-аналардың балаларына қамқор болып, оларды жақсы көргендіктерін айғақтайды және бала үшін ойыншықтың маңыздылығын көруге болады. Ойын баланы жан-жағын бақылауға, байқағыштыққа, жақсы мен жаманды түсінуге, заттың көлемін, мықтылығын ажыратуға, ұшқыр ойлауға, тәжірибе жинақтауына, сын тұрғысынан ойлай білуге, көрегендігін тәрбиелеуге ықпалын тигізеді.
Ойын екі түрге бөлінеді: жеке және бірге ойнау. Әр қайсысының өзінің әлеуметтік мәні бар. Жеке ойын баланың өзбетінше ойын үдерісіне берілуіне және онан шынайы ләззәт алуына көмектеседі. Ол әлеуметтік дамуды және өздігінен шешім қабылдау дағдысын қалыптастыруға, қарапайым міндеттерді шешу арқылы, өз мүмкіндіктерін іске асыруға көмектеседі. Осындай мүмкіндіктердің болмауы, баланың дамуына теріс әсер етеді. Баланың әлеуметтік мән ретіндегі психикалық дамуы заңдылығы екі қарама-қайшы үдеріспен (тенденциялармен) анықталады; жалпылау және жекелену ұмтылысы. Осы заңдылықтардың шарттарының бүлінуі, баланың әлеуметтік дамуына теріс әсер етеді. Оның дәлелін мемлекеттік мекемелерде, балалар үйлерінде тәрбиеленген балалар бойынан байқауға болады, өйткені олардың жеке ойнауына қоғамдық тәрбие орындарында мүмкіндіктері болмайды.
Олар үшін ойын үдерісінің өзі маңызды. Ойын баланың мейілінше дамуына ықпал етеді. Мысалы мынадай суретті байқауға болады. Анасы баласымен бірге дем алып отыр. Баласы құммен ойнап, оны шелекке толтырып, қайтадан төгіп ойынға мейілінше беріледі. Үйге кету керектігінен, анасы баласының ойынды тез аяқтауын талап етеді. Ойынды жеделдету үшін анасы баланың шелегіне құмды толтырып көмектеседі. Бала оны қаламайды, ол мазасызданып, жылап, шелектегі құмды төгіп тастап, оны қайтадан өзі толтырғысы келеді. Ана үшін толған шелектің мәні жоқ, ал бала үшін мәнді - үдеріс, яғни шелекке құмды өзбетінше толтыруы.
Бала өзгелерге еліктеп, ойын барысында іс-әрекет тәжірибесін игеріп, ішкі жан дүниесінде оны талдағысы келеді. Оның бастау көзі - болып жатқан құбылысты баланың көріп білгісінің келуі, яғни талдай білуі (затты бөлшектеу, құралдарды жіктеу), оның қарапайым санасы тұрғысынан өмірді талдап тануына және соның қатарында, қоғамдық қатынастар айналымын тануға көмегін тигізеді. Бастапқы кезде бұл талдау тым қарапайым болады (балаға бір ойыншық ұнайтындықтан, онымен ұзақ уақыт ойнайды, сонан кейінгі кезекте, оның ішкі құрлысымен танысқысы келгендіктен, оны бөлшектейді). Өз ісінің нәтижесін көріп, ол жабырқап, оны қалпына келтіруді талап етеді. Міне, ол осындай талдаудан кейін, шығармашылық іс-әрекетке бет бұрады. Шығармашылық ойындар қатарына символдық ойындар, нақтырақ айтсақ: құстар, жануарлар, әскерилер, т.б. жатады.
Баланың дамуындағы маңызды орынды ойын алады, ол өмірлік тәжірибе жинақтауға көмектеседі. Соның көмегімен балалар санауды, құрылыс ережесін, сызу, ән айту, жарысу т.с.с. игереді. Бұл ойындар Платон дәуірінен бергі кезеңде де балалардың қабілеттері мен дарындылықтарын, ұшқыр ойлауын және мінезқұлқын қалыптастыруға қолданылып келеді. Осындай ойындар арқылы педагогтар балалардың ақыл-парасатын дамытуды, белгілі бір істерді орындау қабілеттері мен дағдыларын арттыруды бағытты көздейді.
Әлеуметтік дамуда бірігіп ойнайтын (қоғамдық) балалар ойынының да маңызы орасан зор. Балалар жолдастарымен ойнау барысында олармен жарысады, қарым-қатынас тәжірибесін және әлеуметтік ортада өзін ұстай білу дағдыларын игереді. «Өмірден өмір, жалыннан жалын тұтайды» деп тегін айтылмаса керек. Жолдастарының арасында бала өнертапқыш, шешім қабылдағыш, батыл және осындай ортада қоғамдық іс атқаруға қызығушылық, өзгелерге қамқорлық білдіру, оларды құрметтеу, достасу, бірін-бірі жақсы көру, сонымен қатар тәртіпке мойын ұсынудың маңызын және көшбасшының талабын орындау қажеттігін түсінеді. Бала өз тәртібін өзгелермен сәйкестендіру арқылы, оның қоғамдық қатынастар туралы түсінігі қалыптасады.
Осы жоғарыда айтылғандардың бәрі, баланың әлеуметтік мәдени әлемінің кейбір ерекшеліктерін, олармен әрекеттесу және олардың тұлғасын қалыптастыру барысында ескеруді қажет етеді.
Іскерлік ойындар – заттық және әлеуметтік мазмұндағы кәсіби іс-әрекетті, белгілі бір тәжірибеге тән қарым-қатынасты модельдеу формасы. Ойын арқылы адамның белгілі бір типті тәжірибелік әрекет жасауын ұйымдастыруға байланысты және қатысушылардың мақсатына орай, ойынның мынадай түрлері ажыратылады: оқу, зерттеу, басқару, аттестациялық (қараңыз: Психология. Словарь. – М., 1990. – С.128).
Әлеуметтік тәрбие үшін іскерлік ойынның мынадай сипаттарын ескеруге болады:

  • ойын арқылы шынайы өмірде қол жеткізе алмайтын мәселеге қол жеткізіп, сонан кейін оны шынайы өмірде қолдануға болады;

  • ойын арқылы адам жаңа идеяны белгілі бір іс-әрекет, іс-қимыл арқылы жылдам игеруге ұмтылады;

  • ойында қиял элементі болғандықтан, ол адамның жасырын қабілетін ашуға мүмкіндік береді;

  • өзге адамның рөлін орындау арқылы, сол адам үшін ненің маңызды екенін және оның жеке басына тән түрткісін түсінуіне көмектеседі.

Тәрбиеленуші іскерлік ойынның танымдық мазмұнымен танысу арқылы өзге қатысушылармен өзара әрекеттесуге, белгіленген нұсқаға сәйкес бірігіп қызмет атқаруға және оны шешуге дайындалады, өз шешімімен бірге, ортақ шешім қабылдауға дағдыланады. Түрлі жағдаяттық мәселелер қатысушыларды бірігіп әрекет етуге, ортақ пікірге сай шешім қабылдауға жаттықтырады.
Жеке тұлғаның іскерлік ойын барысындағы шығармашылығы, әсіресе дұрыс шешім қабылдай білуі мен оның оң бағалануы, өзінің Менін сезінуіне көмектеседі; ойын үдерісіндегі өзінің бар мүмкіндігін жинақтауы, бастапқы кездегі қысылу, тартыну қалпын жеңіп, ойын үдерісіне кірісу сезімін бойынан өткізеді. Ойынға деген қызығушылықтың басымдылығынан, шығармашылық түрткі мен жағымды көңіл-күй пайда болып, жаңаша ойлауға мүмкіндік алады. Ойын барысында қатысушылар арасында өзара байланыс пен шығармашылық қатынас орнайды.

СҰРАҚТАР МЕН ТАПСЫРМАЛАР


1.Балалар субмәдениетін қалыптастырудың маңызын түсінудің бастауы неде?


2. «Субмәдениет», «балалар субмәдениеті», «әлеуметтік мәдениет», «баланың әлеуметтік мәдени әлемі» түсініктерін ашып көрсетіңіз.
3. Баланың әлеуметтік мәдени әлемінің типтік және жеке даралық ерекшеліктерінің мәні неде?
4. Баланың әлеуметтік мәдени әлемінің негізгі құрылымын атап, оны сипаттаңыз.
5. Баланың әлеуметтік мәдениетінің көрінісідегі ерекшеліктерді атаңыз.
6. Баланың әлеуметтік мәдени әлеміне ықпал ететін негізгі факторларды атаңыз.
7. «Жас ерекшелік» субмәдениеттің бала дамуына ыұпалы қандай?
8. Баланың әлеуметтік мәдени әлеміне ата-аналардың, тәрбиешілердің, ересектердің, құрбы-құрдастарының ықпалы неден байқалады?
9.Баланың өмір сүру ортасының, оның әлеуметтк мәдени әлеміне қандай әсері бар?
10.Баланың әлеуметтік мәдени әлемінің қалыптасуы мен дамуына түрткі тудыратын мақсатты іс-әрекеттің ерекшеліктерін ашып көрсетіңіз.
11.Баланың өзін-өзі мәдени жетілдіруге, өз тарапынан күш жұмсауы ның әсері қандай?
12. Әлеуметтік тәрбие үшін іскерлік ойынның қандай маңызы бар?




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   90




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет