Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері
Азаматтық құқықта міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін тәсілдерге заңда немесе шартта көзделген, борышкердің міндеттемені тиісінше орындауына ынта беретін және несие берушінің мүдделерін қорғауды жеңілдететін, мүліктік сипаттағы арнаулы шаралар жатады. Бұл шаралар, әдетте, мына мақсаттарды көздейді:
• борышкердің жауапкершілігінiң ауқымын ұлғайту және залалдың барлық мөлшерін немесе оның бір бөлігін өндіруді оңайлату - бұл шараларға мерзімді өткзіп алғандық үшін өсімақы немесе міндеттемені орындамағаңдық немесе тиiсінше орындамағандық үшін айыппұл жатады;
• борышкердің жауапкершілігін үшінші жаққа тарату және оларды орындауға жауапты адамдар қатарына тарту - бұл шараларға, атап айтқанда, кепілдік және кепілдік беру жатады;
• несие берушіге белгілі бір заттар есебінен өз талаптарын артықшылықпен қанағаттандыруға құқық беру («адамға емес, заттың құнына сенемін») - бұл шараларға, мысалы, кепіл зат жатады;
• борышкер міндеттемені орындаудан бас тартқан жағдайда несие берушінің қайтарылмайтын аванс алуы - бұл шараларға кепілақы мен кепілдік жарна жатады;
• борышкердің қарсы, әдетте, ақшалай міндеттемені орындағанына дейін несие берушінің затты немесе өзге мүлікті беру жөніндегі міндеттемені орындамауына құқық беру - бұл шараларға мүлікті ұстап қалу жатады.
Мміндеттемені қамтамасыз ету тәсілдерінің тізбесі АК-ның 292-бабының 1-тармағында тұрақсыздық айыппұл, кепілзат, кепілдік, кепілдік берушілік, кепіл немесе мүлікті ұстап қалу сияқты дәстүрлі тәсілдермен шектелмейді. Борышкерді міндеттемені тиісінше орындауға ынталандыратындардың барлығы, сөзсіз, егер заңды болса, міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдеріне жатады. Аталған дәстүрлі тәсілдермен қатар міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің басқа да көптеген конструкциялары болуы мүмкін, олар қамтамасыз етуші шаралар ретінде заңнамада әдейі көзделуі де (мысалы, кепілдік жарна, қаржыландыру шарты бойынша ақша талабынан қайту туралы жағдайды пайдалану), заңнамада көзделмей шартта белгіленуі де мүмкін.
Міндеттемені қамтамасыз ету тәсілдері, жалпы ереже бойынша, қамтамасыз етілетін міндеттемеге қатысты қосымша (акцессорлық) болып табылады, яғни оның заңдылығына және заңдық күшіне тәуелді болып келеді. Бірақ бұған банк кепілдігі жатпайды, оның қамтамасыз етілетін міндеттеменің заңдылығына тәуелсіздігі заңдастырылған, бұл банк кепілдігін берудің кәсіпкерлік сипатына және соған ілеспе кәсіпкерлік қауіпке негізделген.
Несие берушінің борышкердің міндеттемені орындамағаны үшін жауаптылығының азаматтық-құқықтық принциптеріне негізделген, міндеттеменің бұзылуынан келген залалды борышкер мүлкі есебінен өндіріп алу құқығына қарағанда міндеттемелерді қамтамасыз ету жөніндегі арнаулы шараларды қолдану өзінен өзі болмайды. Міндеттемелерді қамтамасыз ету жөніндегі жалпы ереже қамтамасыз етуші шараларды қолдану мүмкіндігін ғана қарастырады. Қандай да бір міндеттеме қандай да бір нақты тәсілмен қамтамасыз етілуі үшін тараптардың келісімі немесе заңның арнайы міндеттеуі керек. Бұл ретте, міндеттемені қамтамасыз етудің кейбір тәсілдері заңнамада да, тараптар келісімінде де (мысалы, кепіл зат, тұрақсыздық айыппүл, мүлікті ұстап қалу), кейбіреулері - тек тараптар келісімінде (мысалы, кепілақы) көзделуі мүмкін.
Міндеттемені қамтамасыз етудің кейбір тәсілдері (тұрақсыздық айыппүлы, кепілақы) бір жағынан заңдық жауапкершілік шаралары да болып табылады, себебі олар міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған адамға қосымша мүліктен айырылуды (ауыртпалық) жүктейді, ол сөзсіз және тікелей міндеттемені орындамаудан туындайды. Басқалары (кепіл зат, мүлікті ұстап қалу, кепілдік және т.б.) жауапкершілік шараларына жатпайды, себебі оларды қолдану олардың туындау негіздерін дәлелдеудің кейбір процедураларымен және қамтамасыз етілген міндеттемеден заңда немесе тараптар келісімінде көзделген тәуелсіз жағдайлардың туындауымен байланысты.
2.Міндеттемені қамтамасыз ету тәсілдерін сипаттау:
1) Түрақсыздық айыбы - міндеттеме орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда борышкердің белгілі бір ақша сомасын төлеуінің қамтамасыз етілетін басты міндеттемеге қосымша шарты ретінде түсінеміз. Тұрақсыздық айыбымен қамтамасыз етудің мақсаты - борышкерді қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша өз міндетін оны күрделендіріп алмау қаупімен дел орындауға мәжбүрлеу, ал күрделенген жағдайда - міндеттеме нысанын құрайтын міндеттер көбейеді, белгілі бір ақша сомасын төлеу түрінде қосымша міндеттер пайда болады. Міндеттемені қамтамасыз етудің тәсілі бола тұрып тұрақсыздық айыбының өзі алдын ала анықталған ақша сомасын білдіреді, бұл ақша сомасы да тұрақсыздық айыбы деп аталады.
Өсім немесе айыппұлдеп аталатын тұрақсыздық айыбы міндеттеме орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда белгіленеді, мысалы, орындау мерзімінің бұзылуы (өткізіп алу), өнімнің сапасы, ассортименті, буып-түйілуі туралы шартта көрсетілген талаптардың бұзылуы, т.б. Тұрақсыздық айыбын қолдану заңнамада да, мысалы заңнамада басқаның ақша қаражатын заңсыз пайдаланғандық үшін тұрақсыздық айыбы белгіленген, кез келген міндеттемені қамтамасыз ету үшін жасалған тараптар келісімінде де, мысалы, жалдау шарты бойынша жалдау ақысын уақтылы төлемегендік үшін, көзделуі мүмкін.
Тұрақсыздық айыбының түрлері:тұрақсыздық айыбы, негізінен, оның туындау негізіне және мөлшерінің қандай тәртіпте - заңмен немесе тұрақсыздық айыбы туралы келісіммен анықталатындығына қарай түрге бөлінеді. Егер ол соманың мөлшері заң актісімен анықталса, ол - заңдынемесе нормативтік,ал шартпен анықталса - еріктінемесе шарттықтұрақсыздық айыбы деп аталады.
Тұрақсыздық айыбы өсімнемесе айыппұл түрінде де болады. Заңнамада «тұрақсыздық айыбы» «айыппұл», «өсім» ұғымдарымен тектес ұғым ретінде берілген.
Заңнамада немесе шартта мынадай жағдайлар қарастырылуы мүмкін: залалды емес, тек тұрақсыздық айыбын ғана өндіруге болады; залалды тұрақсыздық айыбынан бөлек толық мөлшерде өндіртіп алуға болады; несие берушінің қалауы бойынша не залал, не тұрақсыздық айыбы өңдіріледі. Ерекше, айыптық және балама тұрақсыздық айыбының айырмашылықтары, міне, осында: ерекше тұрақсыздық айыбында тұрақсыздық айыбын өндіртуге болады, бірақ залалды өндіртіп алуға жол берілмейді; айыптықта - залал тұрақсыздық айыбынан тыс өндіріледі; баламалыда - несие берушінің қалауы бойынша не залал, не тұрақсыздық айыбы өндіріледі.
Кейбір реттерде тұрақсыздық айыбы бас тарту төлемі- борышкердің несие берушіге міндеттемені орындаудың орнына беретін белгілі бір ақша сомасы ретінде болады. Тұрақсыздық айыбын төлеу міндеттеменің тоқтауына әкеп соғады деп тараптар өзара келісіп, оны шартқа енгізген жағдайда тұрақсыздық айыбы бас тарту төлемі болып саналады. Әдетте, ерекше және баламалы тұрақсыздық айыбы бас тарту төлемі болады, себебі олар тұрақсыздық айыптарын өндіртіп алғанда залалды өндіртуге жол берілмейді.
Тұрақсыздық айыбын борышкер қамтамасыз етілген міндеттемені бұзған жағдайда оның белгілі бір ақша сомасын төлеу міндеттемесі ретінде ресімдеу әңгіменің шарттық немесе заңды тұрақсыздық айыбы жайында екендігіне байланысты.
Заң талабы бойынша тұрақсыздық туралы келісім тұрақсыздық айыбымен қамтамасыз етілген міндеттеме туындайтын мәміленің формасына тәуелсіз жазбаша түрдеболады. Тұрақсыздық айыбы туралы келісімнің жазбаша формасы ауызша мәміледен туындайтын міндеттеме тұрақсыздық айыбымен қамтамасыз етілген жағдайда керек. Тұрақсыздық айыбы туралы келісімнің жазбаша формада болмауы оны заңсыз деп тануға әкеп соғады.
2) Кепілпұлдегеніміз - шарт жасасқан кезде бір адамның екінші адамға міндеттемеден туындайтын белгілі бір әрекеттер орындағаны үшін беруге жататын ақша сомасының бір бөлігін төлеуі. Кепілпұл - борышкер несие берушіге төлеуге тиісті қандай да бір ақша сомасының бөлігі. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі ретiндегі кепілпұлдың маңызы сонда, ол шартты қандай да бір тараптың орындамауынан сақтандырады. Шартты орындамау оның орындалуына жауапты тарап үшін қолайсыз зардаптар әкеледі. Кепілпұл, негізінен, борышкердің қандай да бір ақша сомасын төлеу жөнінегі негізгі міндеттемесі бойынша міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге бағьгтталған, мысалы, сатып алушының сатылатын бағаны төлеу міндеті, жалгердің жалдау ақысын төлеу міндеті, т.б., ал қамтамасыз етуге сол кепілпұл берген адамның кейін шартты орындаудан бас тартқан жағдайда сол кепілпұлдан айырылып қалу қаупі арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар, кепілпұл алған адамның шартты орындамауы да оған алған кепілпұлды қайтару, сондай-ақ контрагентке алған кепілпұлдың сомасына тең сома төлеу түрінде қолайсыз зардаптар алып келуі мүмкін.
Кепілпұл туралы келісім, оның сомасына және негізгі міндеттеменің формасына қарамастан, заңсыз болады деген үреймен жазбаша түрде жасалуы тиіс.
3) Кепілдік және кепіл болушылық: кепілдік пен кепіл болушылықтың құқықтық тегі бір. Кепілдік пен кепіл болушылықтың мiндеттемені қамтамасыз ету тәсілі ретіндегі мәні - борышкердің міндеттемені тиісінше орындау жөніндегі жауапкершілігін үшінші жақтарға тарату және оларды орындауға міндетті адамдар қатарына тарту. Борышкер үшін негізгі міндеттемені орындаған кепілші мен кепіл болушыға несие берушінің құқықтары ауысады, ол ауысу еш қандай ресімдеуді керек етпейді және ешкімнің ырқына тәуелді емес, себебі ол заң актісінің міндеттеуі негізінде жүзеге асырылады.
Борышкердің үшінші жақтардың қосымша міндеттемелері есебінен міндеттемені орындауды қамтамасыз етуінің түрлері өзара ұқсас болғанмен, олардың құқықтық реттелуін өзінше қарауды талап ететін айырмашылықтар да бар. Кепілдік пен кепіл болушылықтың негізгі айырмашылығыолардың қосымша міндеттеме ретінде ортақтастығында не субсидиялығында, сондай-ақ кепілші мен кепіл болушының борышкер міндеттемесін орындауының шегінде және оларға талап қою тәртібінде.
Кепілдік дегеніміз - кепілші деп аталатын белгілі бір адамның басқа адамның несие берушісі алдында міндеттемесін сол негізгі борышкермен ортақтасып орындауға жауап беру міндеттемесі.Кепілдік - қамтамасыз етілетін міндеттеме бойынша несие беруші мен негізгі міндеттеме бойынша борышкер емес адам арасында орнатылатын құқықтық қатынас. Кепілші келбеті борышкерге келмейді, негізгі міндеттемеге қатысты алғанда кепілші әрқашанда үшінші тұлға болып қалады. Кепілдік бойынша міндеттемеге, тіптен, негізгі міндеттемеге туындыға да, негізгі борышкердің тікелей қатысы жоқ және бұл құқық қатынасына қатыспайды. Кепілші мен борышкер арасыңдағы негізгі міндеттеме бойынша қатынас кепілдік және негізгі міндеттеме бойынша құқық қатынастарынан тыс қалады және олар үшін ешқандай маңызы жоқ. Кепілші мен борышкер арасындағы қатынастардың негізі не өзінше бөлек келісім (шарт), не басқа мән-жайлар болуы мүмкін, мысалы, кәсіпкерлік қызметпен ұзақ уақыт бірге айналысу, жарғы капиталына бірге қатысу (атап айтқанда, «аталық» және «еншілес» коммерциялық ұйымдар, тәуелді акционерлік қоғам және оның жарғы капиталына қатысатын өзге заңды тұлға), достық, туыстық, ерлі-зайыптылық байланыс және т.б.
Кепіл болушылық дегеніміз - кепіл болушы деп аталатын белгілі бір адамның басқа адамның несие беруші алдындағы міндеттемесін негізгі борышкермен бірге толықтай немесе жарым-жартылай субсидиялы орындауға жауап беру міндеті. Кепіл болушылық арқылы, әдетте, борышкердің ақшалай міндеттемені орындауы қамтамасыз етіледі. Бұл кепіл болушының жауаптылығының мәнінен туындайды: кепіл болушы, егер заңнамада өзгеше көзделмеген болса, кепіл болушылықта көрсетілген сома мөлшерінде жауаптылық көтереді. Кепілші сияқты, кепіл болушы да, егер кепіл болушылықтың шарттарынан, заңнамадан, негізгі міндеттеменің мәнінен немесе іскерлік айналым дағдысынан өзгедей туындамаса, не кепіл болушылықта көрсетілген ақша сомасын төлеуге, немесе борышкер міндеттемесін зат түрінде орындауға құқылы, ал соңғысы міндеттемені үшінші жақтың орындауы туралы жалпы ережеден туындайды.
Кепілдік пен кепіл болушылықтың туындау негізі екіжақты шартболып табылады. Кепіл болушылық шартының немесе кепілдік шартының тараптарына қамтамасыз етілетін міндеттеме бойынша несие беруші мен негізгі міндеттемеге қатысты үшінші жақтар болып табылатын кепілші немесе кепіл болушы жатады. Бұл жерде бір тарап ретінде бір уақытта бірнеше адам қатыса алады. Кепілдік пен кепіл болушылыққа негіз болатын негізгі міндеттеме бойынша несие беруші мен кепілші немесе кепіл болушылық арасындағы қатынастар кепіл болушылық шартының немесе кепілдік шартының жағдайларының шегінен тыс қалады.
Кепілдік шарты мен кепіл болушылық шарты біржақтыміндеттеуші шарттар болып табылады (біржақты мәмілемен шатастырмау керек), себебі олар бойынша тек бір тарапта ғана - кепілшіде немесе кепіл болушыда міндет туындайды, ал несие берушіде тек құқық болады, онда міндет болмайды.
Кепілдік шарты мен кепіл болушылық шарты консенсуалдықболып табылады. Біржақты міндеттейтін шарттар ретіндегі және несие беруші мен кепілші немесе кепіл болушы арасындағы келісім ретіндегі кепіл болушылық шартының немесе кепілдік шартының мәнінен олардың ақысыздығытуындайды.
Кепіл болушылық және кепілдік шарттары жазбаша формадажасалуы тиіс. Сол жазбаша форманы сақтамау ол шарттарды заңсыз деп тануға әкеледі, себебі мұндай салдар заңнамада тікелей көрсетілген.
Жалпы ереже бойынша кепілші несие беруші алдында борышкердің барлық жауапкершілігін,оның ішінде борышкердің негізгі міндеттемені орындамауынан немесе тиісінше орындамауынан несие берушіге келген залалды өтеу жөніндегі жауапкершілігін де көтереді.Сонымен қатар шартта кепілшінің жауапкершілігінің шегі мен мөлшерін анықтаудың өзге тәртібі көзделуі мүмкін. Сол себепті кепілшінің жауапкершілігінің шектері, көбіне, кепілдік шартындағы жағдайларға байланысты.
Кепілдік шартында, сонымен қатар, борышкердің негізгі міндеттеменің орындалмауынан немесе тиісінше орындалмауынан туындаған шығындарды өтеуіне қатысты кепілшінің жауаптылығының басқа тәртібі кепілшінің залалды өтеу жөніндегі жауапкершілігін кепілдік шартының талаптарымен шектеу арқылы белгіленуі мүмкін. Кепілшіге қарағанда кепіл болушы, жалпы ереже бойынша, несие беруші алдында, кепіл болушылық шартында көрсетілген шектерде шектеулі жауапкершілік көтереді.Кепіл болушылық шартында кепіл болушының жауапкершілігінін, өзгедей шектері көзделуі мүмкін.
Кепілші міңдеттемені орындағанда осы міндеттеме бойынша несие берушінің қүқығы оның талабын кепілші қаншалықты орындаса, сол көлемде оған ауысады.Кепілшінің, жаңа несие беруші ретінде борышкерге қоятын талаптарынан басқа, жалпы ереже бойынша, борышкер үшін жауапкершілікпен байланысты өзі тартқан шығынды толық көлемде,оның ішінде ақша қаражатын негізгі міндеттемені орындау үшін жаратумен байланысты шығындарды, АК-ның 353-бабына сәйкес өндіртіп алуға қүқығы бар.
Кепілдік пен кепіл болушылық негізгі міндеттемеге қосымша (акцессорлық) міндеттеме болып келеді, олар өздері қамтамасыз ететін міндеттеме тоқтағанда тоқтайды,бұл ретте кепілдікпен немесе кепіл болушылықпен қамтамасыз етілген міндеттеме қандай негізбен: тиісінше орындалғандықтан, есепке алынғандықтан және т.б. себептермен тоқтағанының маңыздылығы жоқ.
4) Кепіл(кепілдік қүқық) деп несие берушінің міндеттеме бойынша өз талаптарын борышкердің немесе заттық кепіл болушының белгілі бір затының не өзге мүлкінің құндылығы есебінен канағаттандырудағы айрықша қүқығы танылады.
Кепілдің акцессорлық сипаты: кепіл өзінен өзі болмайды, ол несие берушінің негізгі міндеттеме бойынша талаптарының қанағаттандырылуын қамтамасыз ету үшін керек. Сондықтан кепілде қосымша және тәуелді, акцессорлық сипат болады, және ол қамтамасыз етілетін міндетгемеден бұрын туындай алмайды, ол тоқтағанда бұл да тоқтайды.
Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша несие берушіде екі талап болады: біреуі - қамтамасыз етілетін міндеттеме бойынша борышкерге талап, екіншісі - кепіл нысаны болып табылатын мүліктің кепіл берушісіне талап. Егер кепілге өткізілген мүлікті сатқаннан түскен ақша толық қанағаттандыруға жетпесе, онда несие беруші, жалпы ереже бойынша, кепілге өткізілген мүліктің құны жаппаған бөлікті борышкердің орындауын, оның ішінде өндіртіп алуды борышкердің барлық мүлкіне аудару есебінен орындауын талап етуге құқылы.
Кепіл объектісі: борыш төленбеген жағдайда өндіртіп алуға жіберілуі мүмкін зат кепіл объектісі (кепіл құқығы) деп аталады. Кепіл объектісі (заты) белгілі бір құндылығы, бағалылығы бар, негізгі міндеттеме орындалмаған жағдайда несие берушiнің мүддесін қанағаттандыра алатын кез келген мүлік бола алады. Сонымен, кепіл құқығының объектісі бола алатын мүлік ретінде заттарды, ақшаны, оның ішінде шет ел валютасын, бағалы қағаздарды, жұмысты, қызметті, шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелерін, фирмалық атауларды, тауар белгілерін, кейбір даралау құралдарын, мүліктік құқықтарды және «мүлік» ұғымына жататыңдардың барлығын алуға болады. Ескеретін бір жағдай - мүлік деп материалдық түрдегі қандай да бір жеке зат немесе құндылықтын қандай да бір жеке түрі ғана танылмайды. Мүлік деп қандай да бір субъективтік құқықтың объектісін де түсіну керек, ал ол объект мүліктің көптеген түрлерін біріктіруі мүмкін, мысалы, заттар мен мүліктік құқықтар, олардың барлық жиынтықтары да мүлік - нақты субъективтік құқықтың объектісі болып табылады.
Кепіл қатынастарына кемінде екі адам - кепіл ұстаушы және кепіл берушіқатысады.
Кепілдің туындауының негізі шартболып табылады. Кепіл нысанының жойылуы немесе кепіл нысанына меншік қүқығыныңзаң актілерінде көзделген негіздермен және тәртіпте (алып қою немесе мемлекет пайдасына сатып алу, реквизиция, ұлт меншігіне айналдыру және т.б.) тоқтауынегізгі міндеттеме тоқтамай-ақ кепіл құқығының тоқтауына әкеп соғады.
Достарыңызбен бөлісу: |