Шеткері эндокринді бездердің біріншілік гипофункциясы (біріншілік гипотиреоз, гипокортицизм, гипогонадизм) кезінде қанда сол без гормонының деңгейі төмендеп, сәйкес гипофиздің тропты гормонының деңгейі (АКТГ, ТТГ, ФСГ) жоғарылайды. Сондықтан біріншілік гипогонадизмді кейде гипергонадотропты жағдай деп те атайды. Гипофизге-тәуелді эндокринді бездердің екіншілік гипофункциясы кезінде сол без гормоны деңгейінің төмендеуі сәйкес тропты гормон өндірілуінің азаюымен түсіндіріледі (екіншілік гипотиреоз, гипокортицизм, гипогонадизм). Шеткері эндокринді бездің гиперфункциясы кезінде (Грейвс ауруы, бүйрек үсті безінің кортикостеромасы) тропты гормондар деңгейінің (ТТГ, АКТГ) төмендеуі, сәйкес деңгейі жоғарылаған шеткері гормондардың (тироксин, кортизол) оны тежеуімен байланысты болады.
Қазіргі таңда гормональды сараптамалардың жетілуіне қарамастан, функциональды сынақтардың диагностикалық эндокринопатиядағы орны ерекше. Функциональды сынақтар стимуляциялаушы (ынталандырушы) және супрессивті (тежеуші) болып бөлінеді. Сынақтарды жүргізудің жалпы қағидасы стимуляциялаушы сынақтар эндокринді без қызметінің жеткіліксіздігіне күмәнданғанда, ал супрессивті сынақ бездің гиперфункциясына күмәнданғанда тағайындалады.