Энергетика


тақырып. Саяси ғылымның қалыптасуы мен дамуының негізгі



Pdf көрінісі
бет6/27
Дата08.02.2022
өлшемі1,08 Mb.
#120917
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
Байланысты:
саяси

2 тақырып. Саяси ғылымның қалыптасуы мен дамуының негізгі 
кезеңдері 
 
1 Адамзат өркениетіндегі саяси идеялардың генезисі. Ежелгі дәуір 
ілімдеріндегі саясаттанудың элементтері. 
2 Қайта өрлеу және Ағарту дәуіріндегі саяси идеялардың дамуы.
3 Қазақ ағартушыларының саяси көзқарастары. Қазіргі саяси ғылымның 
негізгі бағыттары.
 
 
Дәрістің мақсаты: 
адамзат өркениетіндегі саяси идеялардың пайда 
болу тарихына, саяси ғылымның қалыптасуы мен дамуының негізгі 
кезеңдеріне талдау жасау. 
1.
Саяси ой-пікірдің қалыптасу және даму тарихы саясат пен 
мемлекеттік басқару формаларының пайда болуынан бастау алады. Саяси ой 
Ежелгі Шығыс елдерінде пайда болып, ұзақ уақыт бойы қоғамдағы қарым-
қатынастар мен үдерістер діни-мифолологиялық көзқарас тұрғысынан 
түсіндіріліп келді. Ежелгі Шығыс елдері Египет, Вавилон, Қытай, Үндістанда 
қоғамдағы әлеуметтік-саяси іс-әрекеттер құдайдың құдіретімен, тылсым 
күштердің әсерімен байланыстырылды. 
Ежелгі Шығыстың саяси ойлары тарихындағы беделді ілімнің бірі 
ежелгі Қытай философы, әрі көрнекті ойшылы Конфуций (б.д.б. 551-479) 
негізін салған конфуцийшілдік болды. Конфуцийдің саяси көзқарастары 
негізіне ең алдымен этика, яғни әдептілік нормалары тән. Бұл барлық басқару 
жүйесіндегі басты фундамент болуы шарт. Билеуші өз құзырындағы 
бағынышты халыққа өз баласындай қамқорлық танытып, сәйкесінше, халық 
билеушілеріне құрмет көрсетіп, сөзсіз бағынуы тиіс.
Конфуций ілімі бойынша «табиғатында барлық адамдар ұқсас болып 
келеді, оларды бір-бірінен бөліп тұратын әдет-дағдылары мен алған 
тәрбиелері. Тек жоғары даналық пен шектен шыққан ақымақтық қана 
әрдайым өзгермейді». 
Бірде Конфуцийге шәкірті Цзы Гун мынадай сауал қояды: «өмір бойына 
қолданатын тәртіп ережесін бір ғана сөйлеммен білдіру мүмкін бе?». 
Конфуций «мүмкін. Өзіңе тілемеген нәрсені, өзгелерге де тілеме», - деп жауап 
берген екен. Рақымшылдық, адамгершілік пен ізгілік Конфуций этикалық 
ілімінің негізгі идеялары болды.
Ежелгі Үндістандағы саяси ой-пікірлердің көрнекті өкілінің бірі б.з.д. VI 
ғасырда өмір сүрген, Будда деген атпен белгілі болған Сиддхартха Гаутама. 
Гаутама ілімі бойынша «ең бастысы – адамның атағы мен шыққан тегі емес, 
оның адамгершілігі». 
Будда ілімін жақтаушылардың пікірінше, адам өмірінің мәні байлық пен 
атақта емес, әрқашан шындықты айтып, мейірімділік пен қайырымдылыққа 
ұмтылуында. 


12 
Ежелгі Үндістандағы Дхарма түсініктемелеріне (адамның өз міндеттері) 
сәйкес адамдардың бір-біріне бауырмалдығы, қайырымдылығы, жамандыққа 
жақсылықпен жауап беруі арқылы ізгілікті өмірге қол жеткізуге болады.
Адамның өз міндеттерін (дхарма) адал атқаруына қалай жетуге болады 
деген сұраққа «Артхашастраның» («Табиғат пен адамның өз міндеттерін адал 
атқаруы туралы») авторы, император Чандрагупта Маурьидың бас кеңесшісі 
Каутилья (б.з.д. IV ғ.) жауап беруге тырысты. Оның көзқарасы бойынша 
құдайдың құдіретімен орнаған жердегі тәртіпті ақылды билеуші ғана сақтай 
алады. Ол халықты тура жолға бастап, олардың өз міндетін адал атқаруына 
қол жеткізуі тиіс. 
 
Ежелгі Шығыстың саяси ой-пікірі Ежелгі Грецияның саяси ілімдеріне 
үлкен ықпал етті. Дегенмен гректердің мемлекеттік істерге белсенді қатысуы, 
полистердегі қызу саяси өмір мифологиялық түсініктің дағдарысын тудырып, 
қоғамдағы болып жатқан өзгерістерді түсіндірудің басқа бір үлгісі - саяси 
сана теориясын өмірге әкелді. 
Ежелгі грек ойшылдарының қатарында ұлы ойшылдар Сократ(б.з.д. 
470-б.з.д.399), Платон (б.з.д. 427- б.з.д.347), Аристотель (б.з.б.384-б.з.д.322), 
Цицерон (б.з.б. 106-б.з.д. 43) , т.б. бар.
Сократ 
Ежелгі 
Грек 
философиясының негізін 
қалаушы ежелгі 
грек философтарының бірегейі. Сократтың шәкірті Платон былай жазған 
екен: «Мен өз шығармаларымды ең ұлы дана - Сократқа арнадым. Адамдар 
мені ұмытып кетуі мүмкін, бірақ менің шығармаларым арқылы Сократты 
ұмытпайтын болады». 
Сократ философия тарихында үлкен бетбұрыс жасаған ойшыл. Ол 
ғарышты зерттеуден адамды зерттеуге, адамның ішкі рухани шындығына 
үңілуге, себепті танудан мақсатты тануға бұрылуға әсер етті. 
Оның этика саласына жасаған үлесі айырықша. Этика мәселесінде Сократ 
рационализм қағидасын дамытқан. Ол рақымшылдық білімнен келеді, 
мейірімнің не екенін білетін адам ешқашан жамандыққа бармайды. 
Мейірімнің өзі білім, сондықтан ақыл-парасат мәдениеті адамды мейірбан ете 
түседі деген пікірде болған.
Сократтық диалектика әдісі күні бүгінге дейін түрлі пікірталастарда жиі 
қолданылады. Оның мағынасы: түрлі-түрлі сұрақтар тек жауап алу үшін ғана 
емес, қатысып отырғандарға қарастырылып отырған мәселенің түп-тамырына 
үңілу үшін де қойылады. 
Платон - атақты философ, Сократтың үздік шәкірттерінің бірі болды. 
Платонның екі жүздей еңбектері бар екен. Олардың ішінде саясаттану 
ғылымына тікелей қатысы бар мына шығармаларын атауға болады: 
«Мемлекет», «Заңдар», «Саясатшы», «Парменид», «Софист». 
Платонның пайымдауынша, игіліктің төрт түрі бар. Оларға жүректілік, 
данышпандық, естілік және әдептілік кіреді. Мұндай игіліктер бар адамға 
бірдей дарымайды. Осы игіліктердің даруына қарай қоғамдағы әлеуметтік 
топтар үш топқа бөлінеді: 


13 
1)
Игіліктердің төрт түрінің төртеуі де дарыған - философтар, бұлар 
мемлекетті басқарулары керек.
2)
Данышпандықтан басқа қалған үш игілік дарыған әскербасылар.
3)
Игіліктің соңғы екеуі ғана дарыған қолөнершілер, шаруалар, 
саудагерлер, т.б.
Бұл әлеуметтік топтардың әрқайсысы мемлекет үшін пайдалы және өте 
қажет. Сондықтан мемлекет өз тарапынан азаматтарды игілік рухында 
қалыптастыруға, тәрбиелеуге жағдай жасауы керек. Дамыған мемлекетте осы 
үш әлеуметтік топ бір-бірімен тіл табысып, әрқайсысы өз ісімен айналысқанда 
мемлекетте игілік орнайды.
Платонның ойынша, адамдар өз қажеттіліктерін жеке дара өтей 
алмайды. Олар өмір сүру үшін тамақ, киім өндіріп, үй салулары, т.б. 
жасаулары керек. Біреулері егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, 
үшіншілері құрылыспен, төртіншілері етікшілікпен, т.б. айналысады. Сөйтіп, 
олардың бәрі бірігіп қана қажеттілігін өтейді. Осы бірігудің арқасында қоғам, 
мемлекет пайда болады. Мемлекет адамдардың бәріне бірдей әділ қызмет етуі 
керек.
Платон мемлекеттік құрылыстың бес түрін бөліп көрсетеді. Олар 
аристократия, тимократия, олигархия, демократия және тирания. 
Бұлардың 
ішінде аристократиялық мемлекетті ең жақсысы деп таниды. Оның пікірінше, 
аристократиялық мемлекетте ақыл-естілік, парасаттылық үстемдік етеді. 
Оның қағидалары адамгершілік, абырой, ар-намыс деп санады. Платон 
қоғамдық меншікті қолдап, жеке меншікке қарсы тұрды. Өйткені қоғамдағы 
кикілжіңдер мен дау-дамай, жанжалдарды тудыратын жеке меншік деп 
есептеді. 
Ежелгі грек ойшылдарының қатарында Платонның шәкірті Аристотель 
бар. Афины қаласында өз мектебін ашып, онда тұңғыш рет саяси ғылымды 
пән ретінде кіргізіп, өзі сабақ береді. Сол себепті де көпшілік «Аристотельді 
саясаттанудың әкесі» деп таниды. Саясаттану ғылымына қатысты «Саясат», 
«Афиналық полития», «Этика» атты еңбектері бар.
Аристотель өзінің қоғам мен мемлекеттік билік туралы негізгі ойларын 
«Саясат» атты трактатында баяндаған. Ойшылдың пікірінше, мемлекет 
адамдар арасындағы келісім нәтижесінде емес, тарихи, табиғи жолмен пайда 
болады. Мемлекеттің қайнар көзі – отбасы.
Аристотель кез-келген мемлекетте азаматтардың үш тобы: ауқатты, орта 
және кедей кездеседі. Бұлардың ішінде тәртіпке икемдісі - орта топ, соларға 
сүйеніп мемлекеттік төңкерістердің себебі болып табылатын байлар мен 
кедейлер арасындағы антагонизмді бәсеңдетуге болады деп есептеді. 
Мемлекетте тұрақтылық болуы үшін орта топ басқа екі топтан немесе 
соның бірінен әлдеқайда басым болуы шарт. Ол адамдардың аса байып немесе 
шектен тыс кедейленіп кетуін құптамады.
Аристотель ұстазы Платон ұсынған қоғамдық меншікке қарсы шығып, 
жеке меншікті қолдады.


14 
Ұлы ойшыл саяси басқаруда адам емес заң үстемдігін дұрыс көреді. 
Себебі, әкім қаншалықты жақсы болғанымен сезімге, ашу-ызаға берілуі 
мүмкін, ал заң болса байсалдылығы мен парасаттылығын еш жоймайды. 
Қазақ жерінің саяси ұғымдарға бай рухани мұрасы да әлемдік саяси ой-
пікірдің құрамдас бөлігі екендігі анық. Қазақ жерінен шыққан белгілі 
философ, саясаттанушы Әбу Наср әл-Фараби (870-950). Кейбір деректердің 
айтуынша ойшыл еңбектерінің саны 160-тан асады. Өзіміздің қазақ 
топырағында дүниеге келіп, мұсылман араб қоғамында кәсіби тұрғыда 
жетілген Әбу Наср әл-Фараби бүгінгі уақытта өзектілікке ие болып отырған 
саясаттанудың түп-тамырын қалады. Ұлы ойшыл «Қайырымды қала 
тұрғындарының көзқарасы» туралы еңбегінде мемлекетті адамдардың өз 
қажетін бірлесіп қоғамдық жолмен жақсылап қанағаттандыру үшін жасаған 
ұйым деп білді. Оның пайда болуына тіршілік үшін күрес айтарлықтай ықпал 
етті. Сондықтан адамдардың ұжымда өмір сүріп, бақытқа қол жеткізудің 
тұжырымдамасын белгіледі. Қайырлы және қайырсыз басқарудың ара-жігін 
айқындады. Бақытқа қол жеткізудегі білімнің рөлін насихаттады. Кемеңгер 
ойшыл шығыс қоғамындағы гуманизмді дәріптеген нағыз саясаткер ретінде 
танылды.
Түркі топырағының асыл перзенті Жүсіп Хас Қажы Баласағұн (1021-
1075) аты әлемге әйгілі қоғам қайраткері. «Құтты білік» атты атақты еңбегі 
нағыз саяси туынды. Поэма 85 тараудан тұрады. Ойшылөзінің еңбегін 
Қараханид әулетінен шыққан Табғаш Боғра-хақан – Абу Хасанға арнап 
жазған. Жүсіп дәуірінде қарахандықтардың жеке өлке билеушілері өзара 
билікке таласып бастары қосылмады. Сондықтан туындыда мемлекетті 
орталықтандыру, оның бірлігі, мемлекетті басқару мәселелеріне басым көңіл 
бөлінген. Ол тек саяси трактат қана емес, онда өмірдің мән-мағынасына, 
адамның тағдыры, оның қоғамдағы орны мен рөлі, халықтың мінез-құлқы, 
салт-санасы, әдет-ғұрпы және т.с.с көзқарастар жинақтаған. Ол шындыққа, 
бақытқа жетудің жолын іздеді. Әділет, ақыл, қанағатты насихаттады. Әділ заң 
мен еркіндікті уағыздады. 
Қазақ халқының ірі ойшылдарының бірі - Қожа Ахмет Йассауи (1093-
1157). Ол «Диуани хикметте» әділдікті, имандылықты, шыншылдықты, 
мейірімділікті дәріптейді. Адал билеушіні мадақтайды. Парақор әкімдерді 
әшкерелейді.
2. Саясат туралы ғылыми түсініктердің даму тарихындағы маңызды 
кезең Қайта өрлеу дәуіріне (XIV-XVIғғ.) сәйкес келеді. Қайта өрлеу кезеңінде 
саясат, мемлекет, қоғам дамуын түсіндіруде бұрынғы діни, теократиялық 
тұжырымдамалар орнын шіркеуден тәуелсіз, орталықтанған және біртұтас 
мемлекеттік билікті қолдаған зайырлы ой-тұжырымдамалар басты. Бұл 
кезеңнің саяси ой-тұжырымдарының басты ерекшеліктерінің қатарына саяси 
ғылымның теологиядан түбегейлі бөлінуін, саяси теорияның гуманистік 
бастамаларының дамуын, адамның бостандықтары, заң мен мемлекеттің, 
қоғамдық өмірдің демократиялық құрылымдары проблемаларын жатқызуға 
болады.


15 
Қайта өрлеу кезеңіне тән батыс еуропалық саяси ойдың дамуында 
Н.Макиавелли (1469-1527) есімі ерекше аталады. Оның белгілі шығармалары 
қатарында «Әмірші», «Тит Ливийдің бірінші онкүндігі жөнінде ойлар», 
«Әскери өнер туралы» еңбектері бар. 
Н.Макиавелли алғашқы болып саясатты ғылыми зерттеудің ерекше 
формасы ретінде таныды. Ол «Әмірші» еңбегінде мемлекетті қоғамның саяси 
ахуалы ретінде қарастырады: билеушілер мен бағыныштылар қарым-
қатынасы, белгілі бір үлгіде құрылған ұйымдасқан саяси билік, мекемелер мен 
заңдардың болуы. 
Ол саясатты өткенді түсіндіретін, бүгінге басшылық ететін, болашақты 
болжауға қабілетті «тәжірибелі ғылым» деп есептейді. 
Н.Макиавелли билеуші рақымсыз, сараң, опасыз болмай қайырымды, 
адал, қамқоршыл болуға тырысуы керек. Макиавелли елдің бірлігі 
мәселесінде әділдік пен адамгершілік емес, алға қойған саяси мақсат 
тұрғысынан қарауды ұсынды. Ол мақсатқа жету үшін амал-айланың қай түрін 
болса да қолдануға кеңес берді. Оның пікірінше, мемлекеттің басын қосып, 
жаңарту үшін сөзге түсінбейтін кертартпалармен күресте жауыздық пен күшті 
де пайдалануға болады. 
Қайта өрлеу кезеңінің көрнекті өкілінің бірі атақты француз саяси 
ойшылы, құқықтанушысы, егемендік теориясының негізін қалаушы Жан 
Боден (1530-1596) болды.
«Мемлекет жайлы алты кітап» еңбегінде ол монархияның шексіз 
егемендігін қолдады, бірақ монарх билігі құдайдан еместігін алға тартты. 
Сондай-ақ, ол Макиавелли сияқты саясатты дін мен моральдан ара жігін 
ажыратып қарастырды. «Мемлекет - әулеттер мен оның иелігіндегілерге 
егеменді биліктің әділетті билік жүргізуі»,- деді. Бұл анықтамада егеменді 
билік және мемлекеттік мүлік ұғымдарына назар аударады. Мемлекеттік 
басқару жеке әулеттердің мүлкіне емес, тек мемлекеттік мүлікке ғана жүреді. 
Боденніңпікірінше, мемлекеттік биліктің егемендігі пападан да, империядан 
да, ішкі сословиелік күрестен де тәуелсіз, шексіз, жоғарғы билік. 
Өлшеусіз монархия мен ұлттық мемлекетті жақтады. Егеменді биліктің 
құрамдас бөліктері: заңшығарушы құқық, бейбітшілік пен соғыс құқы, жоғары 
лауазымды шенеуніктерді сайлау құқы, рақымшылық ету құқы, ақша басу 
құқы, - дейді ол.
Қайта өрлеу кезеңінің көрнекті өкілдерінің қатарында ағылшын 
философы, гуманист-жазушы, заңгер Томас Мор (1478-1535) бар. 1516 жылы 
жазылған белгілі «Утопия» кітабының авторы. Т. Мор өз еңбегінде 
әділетсіздік пен теңсіздік орнаған қанаушылардың мемлекетін қатал сынға ала 
келе, барлық апаттардың себебі жеке меншік деп, оған өзінің өндіріс 
құралдарына қоғамдық меншік орнаған, жалпыға бірдей еңбек қатынасы бар 
утопия деп аталатын арал-мемлекетін балама ретінде ұсынады. Автордың 
ойынша, Утопияда билік басында корольдің болуына қарамастан толық 
демократия орнаған: барлық қызметтерге сайлау нәтижесінде кез келген адам 


16 
келе алады, ел басқаруда негізгі рөл зиялы қауымға тиесілі, әйелдер тең 
құқылы, мектеп теория мен өндірістік тәжірибенің бірлесуінен құрылады. 
Т. Мордың мұндай ой-пікірлері өзі өмір сүріп отырған ортасының, қала 
мен ауылдың қаналған қалың халық бұқарасының шынайы өмірінің көрінісі 
еді.
XVII ғасырдың соңы - XVIII ғасырларда Еуропа елдерінде ғылыми-
философиялық және қоғамдық-саяси ойдың дамуында рационализм мен еркін 
ойлауға негізделген жаңа серпін пайда болды. Бұл саяси ойдың дамуында 
«Ағартушылық дәуірі» деп аталды. Идеялық ағымның өкілдері феодалдық-
абсолюттік құрылымға қарсы ізгілік, әділеттілік пен ғылыми таным-білім 
негіздерін тарату арқылы қоғам кемшіліктерін түзетуге, оның талғам-
талаптарын, саясатын, тұрмысын өзгертуге күш салды. 
Француз ағартушылығының көрнекті өкілі - философ, әлеуметтанушы, 
саясаттанушы Шарль Луи Монтескье (1689-1755). Ол «Парсы хаттары», 
«Заңдардың рухы туралы» деп аталатын құнды еңбектердің авторы.
Монтескье дінді қоғамда тәртіпті сақтау үшін, адамгершілікті 
қалыптастыру үшін қажет дей келе, адамның ақыл-ойы, парасаты құдай 
белгілеп берген нәрсе емес, оның өмір сүріп отырған ортасының жемісі, сол 
ортаның өзгеруімен ол да өзгеріп отырады, заңды қатаң сақтау бостандықты 
қамтамасыз етуге, мемлекеттік төңкерістерді болдырмауға қызмет етеді деген 
пікірде болды. Монтескье еркіндікті тек заңдар ғана қамтамасыз ететіндігін 
баса айтады. Оның ойынша, «Еркіндік дегеніміз – заң рұқсат еткен нәрселерді 
істеу құқықығы». 
Ол мемлекеттік биліктің үш тармағы: заң шығарушы, атқарушы, сот 
билігі идеясын ұсынды. Бұл бөлініс азаматтардың қауіпсіздігі мен саяси 
еркіндіктерін қамтамасыз етіп, мемлекет пен азаматтардың өзара қарым-
қатынасын реттеуі тиіс болды.
Ол «Заңдардың рухы туралы» еңбегінде басқарудың республика, 
монархия және деспоттық түрлерін бөліп көрсетіп, әрқайсысының өзіндік 
ерекшеліктеріне тоқталады. Оның пайымдауынша, республика – рақымшыл, 
ізгі, монархия – абырой, ар-намыс, деспотия – қорқыныш, үрей сияқты 
қағидаттарға негізделеді. 
Ағартушылық дәуірінің көрнекті өкілдерінің қатарында филососф, 
жазушы, ойшыл Жан-Жак Руссо (1712-1778) бар. Ол теңсіздік пен халықты 
қанауға негізделген феодалдық қатынастарды қатаң сынға алып, оған барлық 
азаматтар еркін және бостандықта өмір сүретін «табиғи жағдайды» қарсы 
қойды. Оның пікірінше, теңсіздіктің негізгі себебі – жеке меншікте, мүліктік 
теңсіздік саяси теңсіздікті тудырады. Дегенмен, Руссо жеке меншікті 
толығымен жоюды қолдамайды, ол ірі жеке меншікті ұсақ жеке меншікпен 
алмастыруды ұсынады. Ол өзінің «Саяси экономия» мақаласында «меншік 
құқығы – азаматтардың барлық құқықтарының ішіндегі ең қастерлісі.., меншік 
- азаматтық қоғамның шынайы негізі», - деп жазады. 
Г. Гегель (1770-1831) – неміс философы, классикалық неміс 
философиясының негізін салушы. Г. Гегель азаматтық қоғам туралы 


17 
тұжырымдаманың негізін салушылардың бірі. Ол алғашқы болып мемлекет 
пен қоғам арасындағы нақты шекараны белгілеп берген ғалым. Философтың 
пайымдауынша, азаматтық қоғам - микродеңгей, яғни отбасылық 
қауымдастық пен макродеңгей, яғни мемлекеттік қауымдастық арасындағы 
аралық жағдай. Бұл уақытша құбылыс, ол соңында жеке мүдделер мен ортақ 
мүдделердің синтезімен аяқталады. 
Г. Гегельдің пікірінше, өз отбасыма деген сүйіспеншілік, кәсібімді 
мақтан тұтуым – өзіндік сананың формалары емес, дегенмен, олар менің 
бақытты болуыма ықпал етеді. Ал әлеуметтік институттар менің еркіндігімді 
шектемей, олар менің мүмкіндіктерімді кеңейте отырып, еркіндігімді 
ұлғайтады. Бұл отбасына және Гегель «азаматтық қоғам» деп атайтын клубтар 
мен кәсіпорындар сияқты ерікті ұжымдарға қатысты алғанда ақиқат болып 
саналады. Бұл – ең алдымен, мемлекет, ол әрекет еркіндіктерін барынша жаңа 
мүмкіндіктермен қамтамасыз ете алады.
3. Алғашқы қазақ ағартушыларының көшбасында қазақтың тұңғыш 
ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлиханов (1835-1865), ақын, философ, ағартушы 
Абай Құнанбаев (1889-1904), қазақ ағарту ісінің көрнекті өкілі, педагог, 
жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) бар.
Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер 
жазбаған, алайда, көптеген шығармаларынан философиялық пікірлері мен 
тұжырымдарын байқауға болады. Қазақтың ұлы ойшыл-ағартушылары Шоқан 
мен Абайдың дүниетанымы мен шығармашылық бағытында, тарих пен заман 
мәселелерін түсінуі мен талдауында, әсіресе, мәдени мұраны меңгеру, дамыту, 
оны елдің рухани қажетіне жарату әрекетінде мол үндестік байқалады. Шоқан 
халық әдебиетін тарихты танудың аса бағалы ескерткіштері деп қараса, Абай 
көркем сөз байлығын жамағатты кәміл адамдық жолдарға баулып, 
тәрбиелеудің, жақсылықтарды өнеге етіп көрсетіп, зұлымдық, надандық 
атаулыны әшкерелеудің құралы санады.
Шоқан мен Абайдың қазақ тарихы туралы толғамдары өткеннің 
тәжірибесін қорыту, халықтың сенімді болашағы үшін жол іздеу талабынан 
туған. Шоқан секілді Абай да шығыс пен батыстың тарихи шежірелерімен 
жақсы таныс болған, тарихи құбылыстарды бірі ғалым сипатында, екіншісі 
суреткер көзімен бағалап отырғанымен, бұрынғы замандардың қалдырған 
сабақтарымен мүддесіне тарату мұраттары жақын, халықты ғасырлар бойында 
тұмшалап келген қараңғылық тұманынан арылтып, өркениеттің даңғыл 
жолына түсіру қажеттіктері мәселелерінде екеуінің ойлары өте орайлас 
шығады. Шоқан өзінің тарихи-этнографиялық, фольклорлық еңбектерінде 
қазақ халқын көркейтудің амалы оқу-білім жүйесін жақсартуда деп түсінсе, 
бұл да Абай шығармаларының өзекті бөлігіне айналған.
Абай ілімін одан әрі жалғастырған қазақтың рухани мәдениеті мен 
менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі – Шәкәрім 
Құдайбердіұлы (1858-1931). Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы 
мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды.


18 
Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер 
қатарына қосамын деп талпынады. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ-
түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. 
Тәңірі, Нұр, Күн, Табиғат – ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар. 
Шәкәрімнің «Үш анық» атты шығармасы негізгі философиялық 
шығармалардың бірі болып табылады.
Қазақ халқының саяси санасының дамуына ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ 
ғасырдың басында қалыптасқан алғашқы зиялылар тобы зор ықпал етті. 
Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып 
Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жақып Ақбаев, Ахмет Бірімжанов, Мұхаммеджан 
Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Бақытжан Қаратаев, Халел және Жаһанша 
Досмұхамедовтар және басқалары бар еді. Олар Ресейдің отаршылдық 
саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын басқарып, қазақ халқының ұлттық 
бірлесуін, қазақ елінің өзін-өзі басқару, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ 
жеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, адам құқықтары мен 
бастандықтарын сыйлау, демократия қағидаттарын қазақ жеріне енгізуді 
мақсат-мұрат етті.
Қазіргі замандағы саясаттану ғылымының рөлі мен маңызын осы ғылым 
саласының негізгі зерттеу бағыттары мен әдіснамалық негіздеріне талдау 
жасау арқылы ғана көз жеткізуге болады. Бүгін шетелдік саясаттануда зерттеу 
әдістерінің төрт бағытын бөліп көрсетеді: 
1)
Саясаттанудың салыстырмалы зерттеулері. Бұл бір мәселені бірнеше 
елдерде зерттеп салыстыру арқылы оларды түйістіретін немесе бөлетін 
тұстарды анықтауға негізделеді. 
2)
Халықаралық проблемалар бойынша зерттеулер, яғни өркениеттің 
дамуы және түрлі елдер экономикасының бір-біріне жаһандық тәуелділігін 
зерттеу. Олардың қатарында бейбітшілік пен соғыс, сыртқы саясат, аумақтық 
интеграция, ұлттық және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бар.
3)
Шығыс пен Батыс арасындағы қарым-қатынастырды зерттеу. Мұнда 
негізінен поставторитарлы елдердің проблемаларына баса назар аударылады. 
4)
Қоғамдық пікірдің динамикасын зерттеу. Сайлаушылардың тілектері 
мен арықшылықтары, сайлау науқандарының беделі мен әдістері, жүргізу 
құралдарына көңіл бөлінеді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет