Амангелді айнұр амангелдіқызы І. Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні


І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының сөздік қордағы орны



бет2/4
Дата08.06.2018
өлшемі324 Kb.
#41866
түріДиссертация
1   2   3   4

1.3 І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының сөздік қордағы орны.

1.3.1 Шығармадағы жылқы шаруашылығына қатысты тілдік бірліктер және олардың жасалуы. Шығармада жылқы шаруашылығына қатысты лексика мол қамтылған. Өйткені, жаугершілік заманда елдің ішкі, сыртқы саясатын реттеу, азаттығын сақтап қалу сияқты ірі мемлекеттік мәселелердің шешімін табуы атты әскерсіз мүмкін емес болатын. Ұзақ сапарға, жортуылдарға шығу үшін сарбаздардың аттары бабында, ер-тоқымдары, әбзелдері де мықты, сенімді болуы тиіс. Қысқасы, ат-тұрманы сай әскер ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті шарттардың бірі еді. Ұлан даланы мекендеген қазақ тәрізді аз халық үшін жылқының қаншалықты маңызды болғаны шығарманың оқиғалар желісінен де байқалады.

Шығармадағы жылқы шаруашылығына қатысты лексика төртке бөлініп қарастырылды: 1) кәсіп иелерінің атаулары; 2) ер-тұрман атаулары; 3) жылқыны бағуға, сынауға, баптауға қатысты сөздер; 4) жылқыдан алынатын өнім атаулары және өнім алуға, сақтауға қажетті заттар.

Автор шығармада кәсіп иелерінің атауларынан жылқышы, атұлтант, атқосшы т.б. сөздерді қолданады. Атбегі әбден жаратқан екен, қабақ қаққанша жолдастарынан ұзап кетті [3,321 б.]. Ақбақайдың қашқан қасқырды қалай қуып жететінін бір-екі рет көрген ат сыншысы Қаптағай: - Жүйрігіңді сынап көр... - деп Ораққа өзі ақыл берген [3,71 б.]. Ат дүбірі шығысымен-ақ елең ете қап, Ақбақай басын көтеріп алып, өзіне ұмтылған құрықшыны көзі шалып, ор қояндай ата жөнелген [3,81 б.].

Қазақ тілінде ер-тұрман атаулары көп. Әрбір бөлшегі атқұмар халықтың көзінен таса қалмай, белгілі атауға ие болған: тебінгі тоқым, ішпек, ішкілік, терлік, айыл, жырым, ауыздық, тізгін, жақтау, желкелік, сағалдырық, кекілдік, кеңсірік т.б. Жаугершілік заманда атқа қажетті құрал-жабдықтарды түгендеп сайлау үшін, әрине, сарбазға олардың құрамдас бөлшектерінің де атауларын білу шарт. Сол себепті шығармада атқа қажетті құрал-жабдықтар мен олардың бөлшектерінің атаулары молынан қамтылған. Бұның астында аты шулы “Киік-аяқ” атанған ақбоз жүйрік, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің ер-тоқымындай ат-әбзелін алтын жаппаған, жүген-құйысқаны, ат кеудесіне түсіре салған өмілдірігіне дейін бәрі қақтаған ақ күміс... [3,20 б.].

Жылқыны бағуға, сынауға, баптауға қатысты атауларды: 1) жылқыны күтуге, бағуға қатысты лексика; 2) жылқының дене мүшелерінің атаулары; 3) бәйге атын баптауға, сынауға қатысты лексика деп жіктеуге болады.

Шығармада жылқыны күтуге, бағуға қатысты қаңтару, тұсау, қамшы, құрық, шалма т.б. сөздер кездеседі. Жылқының күземі де назардан тыс қалмайды: Ылдиға қарай ентелей құлаған көштің бір бүйірінен, жал-құйрығы күзеулі тайға мінген, екі бүйірін таянып алып, “Елім-ай" әнін салған он төрт-он бес жасар қара торы қыз бала көрінді [5,14 б.].

Шығармада жылқыны байлауға, ұстауға, басқаруға, үйретуге арналған құрал-жабдық атаулары да қолданылады. Керме, желі, тұсамыс, шідер - жылқыны (құлынды, биені) байлап қоюға, ауыл маңында байлап ұстауға арналған заттардың атаулары. Жылқыны басқаруға, бағындыруға, асау үйретуге қажетті құрал атаулары: шалма, қыл арқан, қамшы, құрық т.б. Мәселен, қамшы атауы шығармада жиі кездеседі. Автор қамшы тастау дәстүрін былайша суреттейді: Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды [3,204 б.]. - Мә, менің қамшым... Жауап қайырмайтын болса алдарына таста да, өзің кейін шап! [5,567 б.]. Қамшыны ұстаудың өз этикеті бар: жаяу адам қамшыны бүктеп ұстаса, салт атты оң қолының білегіне іліп, сол қолымен аттың тізгінін ұстауға тиіс. Атты қамшылаудың да өз жөні бар, сәні бар. Оны жазушы шығармада шебер пайдаланады: Рабиу-Сұлтан-Бегімдей ерекше салтанатымен емес, Жаған өз келбетімен, жасынан ат құлағында ойнап өскен көшпелі елдің қызы екенін көрсетіп тұрған ерекше отырысымен, қамшыны сипай тартқан болмысымен көздің жауын алады [3,20 б.].

Шығармадағы жылқыдан алынатын өнім атаулары және өнім алуға, сақтауға қажетті зат (ыдыс) атаулары да үшке бөлініп қарастырылды: 1) жылқыдан алынатын өнім атаулары; 2) өнім алуға қажетті заттар (ыдыстар); 3) даяр өнімді құюға, сақтауға қажетті заттар (ыдыстар). Жылқыдан алынатын өнімдерге: қымыз, қазы, қарта, жал, жая жатады. Трилогияда бұл топқа енетін сөздер де қамтылған: - Қаным кеуіп барады, бір жұтым саумалың бар ма, бойжеткен, - деп Серғазы әзілдеген болады. Ақбөкен түрегеліп барып, көрші үйден сырлы аяққа құйып қымыз әкеледі [5,42 б.]. Шығармадағы аз кездесетін сөздер – жылқы өнімін алуға, даярлауға қажетті заттар мен құралдар атаулары. Сырттағы жалшыларына қонақтарға арнап ту бие сойдырған Торғынай бәйбішесі үйге кіріп, бес тайдың терісінен тіккен сабаны қара піспекпен күрпілдете пісіп, тегенедей-тегенедей ағаш аяқтарға қымыз құя бастаған [3,108 б.]. Автор қолданысында жылқыдан алынған өнімді құюға, сақтауға қажетті зат атаулары да кездеседі. Қыз үн-түнсіз босағада тұрған торсықты пісіп-пісіп жіберіп, шара аяқпен алдымен әкесіне, содан кейін ағасы Қалден Церен мен Ренатқа қымыз құйып берді [3,347 б.].

Қорыта келе, шығармада жылқы шаруашылығына қатысты лексиканың мол қамтылуы оның жанрымен байланысты. Жылқымен біте қайнасқан көшпенді ата-бабаларымыздың өмірін бейбіт заманда да ішсе – сусын, жесе – азық, мінсе – көлік болған жылқысыз елестету қиын. Сол себептен де шығармада жылқы шаруашылығына қатысты лексиканың болмауы орынсыз.

1.3.2 Романдағы жылқыға қатысты антропонимдер мен топонимдер, гиппонимдер, олардың жасалу жолдары. Адам есімін жылқымен байланыстырып қою жиі кездесетін құбылыс. Оның мәні жылқыны киелі, қасиетті деп санаудан туған. Сонымен бірге жылқы – байлықтың, сән-салтанаттың белгісі. Ал, құлын – сұлулықтың, еркеліктің символы. Халқымыз әдемі әйелді “құлын мүшелі”, “құлын мүшесі бұзылмаған” деп сипаттайды. Адам есімін жылқыға байланыстырып қоюдың сырлары осында.

Шығармада Тайшық, Жамантай, Тайжан тәрізді антропонимдер қолданылады. Тілімізде жылқыға байланысты жер-су атаулары да мол. Шығармада Тайкеткен, Саумалкөл, Атбасар, Атмінгескен тәрізді топонимдер мен гидронимдер бар. Жазушы Атмінгескен атауының тарихын оқиға желісіне орай қызықты, әрі орынды баян етеді. Шығармада кездесетін гиппонимдер: “Ортеке”, “Киік-аяқ”, “Киіккетпес”, “Тарланкөк”, “Тұлпаркөк”, “Көксеңгір”, “Көкдауыл”, “Кертөбел”, “Ақылақ”, “Ақауыз”, “Ақтанкер”, “Ақжамбас”, “Ақсирақ”, “Ақбақай”, “Жалынқұйрық”, Құмай төс. Бұлар жылқының түр-түсіне, ерекше белгілері мен қасиеттеріне қарай қойылған. Олардың барлығы дерлік күрделі сөздер.



1.4 Романдағы жылқы атауларының сөзжасамдық сипаты.

1.4.1 Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған атаулар. Синтетикалық сөзжасамдағы ең түпкі мағыналы бөлшек – түбір десек, жылқыға қатысты бір буынды түбір сөздерге: ат, тай, кер, боз; екі буынды түбір сөздерге: жорға, құлын; үш буынды түбір сөздерге: жабағы, арғымақ т.б. жатады.

Романда синтетикалық тәсілмен жасалған жылқы атаулары біршама.

шы, -ші жұрнағының үстелуімен жасалған сөздер: ат-шы, жылқы-шы, бие-ші, құрық-шы. Бұлар зат есімнен жасалған туынды зат есімдер. Ал атқосшы, атбап-шы сөздері аралас тәсілмен, біріккен сөзге (ат+қос+шы, ат+бап+шы) -ы қосымшасының жалғануы арқылы жасалған. Асау қуып үйренген бір жылқышы қолына құрығын ап, Тарланкөкке міне сап, шеттеу жайылып жүрген Ақбақайға лап қойған [3,80 б.]. Ол әрі мылқау, әрі меңіреу, өзінің атқосшысы өзбек жігіті еді [3,536 б.]. Мысалдардан көрініп тұрғандай, -шы, -ші жұрнағы - мамандық, кәсіпті білдіретін өнімді әрі құнарлы жұрнақ.

-лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) – ең өнімді жұрнақ. Аталмыш жұрнақ арқылы жасалған терлік, қолтық, кекілдік, шоқтық, шашалық, бұғалық, тізелік, желкелік, кеуделік, жаялық, үзеңгілік, жүгендік, құндыздық, шідерлік, ерлік, жаңбырлық, ауыздық т.б. сөздердің терлік, ауыздық тәрізді бірлі-жарымынан басқасы түгелдей жылқының дене мүшелерінің атаулары. Мысалы: Аттан секіріп түсем деп әрекет істемес үшін, көмірдей қара, жұп-жуан ұзын қос бұрымын ат үстіндегі жігіттің тақымының астынан өткізіп, аттың омыраулығынан мықтап ілмешектеп қойған [3,274 б.].

-гер (-кер) қосымшасы жалғануымен жасалған жылқы атаулары кездеседі. Мініскер, желіскер сөздері жылқының түрлі қасиеттерінің атауы болса, бапкер – кәсіп атауы. Құлагер, Маңмаңгер, Үркеккер дегендегі -гер жылқының түсін (кер) білдіріп тұр. Демек, бұл сөздердегі -гер қосымша емес, жылқының түсін білдіретін (кер) толыққанды сөз. Яғни, -кер, -гер жұрнақтары, біріншіден, жылқының түрлі қасиеттерін (желіскер, шабыскер) білдіретін, екіншіден, кәсіпті (бапкер) білдіретін сөздерде кездеседі.

1.4.2. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған атаулар. Біріктіру тәсілі арқылы: қылқұйрық, атқұмар, тайжақы, тайтұяқ, құнаншығар, Ақбақай т.б. жасалған. Бұлардың сыңарлары өздерінің әуел бастағы дыбыстық құрамын толығымен сақтай отырып біріккен.

Қосарлау тәсілімен жасалған жылқы атаулары екі сөздің бір-біріне қосарлануы я бір сөздің қайталануы арқылы жасалады, сыңарлары бір лексика-семантикалық топтан немесе мағыналас болып келеді, бір сөз табынан тұрады. Мысалы: құлын-тай, ат-арба. Қос сөздердің сыңарларының буын саны сай келіп отырады: жорға-жортаң, ат-тон. Бұл заңдылық бұзылса, буын саны аз компонент бірінші, буын саны көп компонент екінші орында тұрады: тай-тулақ, ат-шапан. Олар жылқыларын өзеннен бос жүзгізетін. Ағыс жағына күштілерін салатын да, олардың ық жағымен тай-құлындарын тоғытатын [3,139 б.]. Бұған қарама-қарсы жағдай сирек те болса кездеседі. Мысалы: құлын-тай. Ал мынау құлын-тайлары ауық-ауық бүйірден бөліне шапқан шағын жылқы сауынға арнай ауыл маңына ұсталған тәрізді [5,77 б.].

Қосарлама тәсілі арқылы жасалған сөздер жинақтау мағынасын береді. Мысалы: ат-сайман, ат-сойыл дегенді ат және ат үсті жүріске қажетті құралдар деп түсінеміз. Қос сөздердің кейде екі сыңары да бір сөзден құралып, компонеттері ешбір өзгеріссіз, түбір қалпында қайталанады: үйір-үйір, саба-саба, қос-қос. Кейде екі компоненті қарама-қарсы мәндегі сөздерден келеді: аттылы-жаяу. Кейде екі компоненттің бірі, көбінесе екіншісі, алғашқы сыңардың бірінші дыбысын өзгерту, я дыбыс қосылуы арқылы жасалады. Мысалы, ат-мат, ер-мер. Асау бала жігітті ат-матымен сүйрей жөнелді [3,195 б.]. Бұлар қомсыну мағынасын береді.

Тіркесу тәсілімен жасалған күрделі сөздердің компоненттерінің мағыналары ұзақ уақыт қолданыла келе кірігіп, бір мағынаға көшеді, бірақ бөлек жазылады. Сыңарларының әрқайсысы ақиқат өмірде жеке-дара заттарды белгілейді. Бұлар тілде дайын тұрған сөздер, әркім оларды осы құрамда, бір мағынада, бір заттың атауы ретінде қолданады. Мәселен, ат сөзіне қатысты: ат арба, ат шана, ат тырма, ат соқа, ат жабу, ат барабан, сол сияқты құнан, дөнен, бесті сөздерінің тіркесуімен жасалған: құнан өгіз, құнан қымыз, құнан қой, бесті қымыз т.б. жатады. Бұлардан басқа жылқының түр-түсін білдіретін сөздер өте көп: теңбіл көк, ақ бөрте, тарлан боз, құла қасқа, ал қара көк, ақ табан, сұр жорға, қара қасқа, ақ қаптал. Бұлардың әрқайсысы біртұтас лексикалық мағына береді, яғни, түр-түсті, сындық белгіні білдіреді, компоненттері тұрақты, орны берік, араларына басқа сөз түспейді. Жеке компоненттері синтаксистік байланысқа түспей, тұтас бір сөз ретінде басқа сөздермен байланысып, сөз тіркестерінің бір компонеті болады, сөйлемде бір сөйлем мүшесі қызметін атқарады. Бұлар шығармада заттанған күрделі атаулар ретінде қолданылады: Балаларының бұл тойға қатынасатынын білген соң, алтындатқан ер-тоқымды, жүген-құйысқанды қос күлсары жорға мініп Рабиу-Сұлтан-Бегім мен келіні Аққозы келген [3,183 б.].

Жылқының түр-түсін білдіретін күрделі атаулар академик Ә.Қайдаровтың жіктеуі бойынша екі топқа бөлініп қарастырылды: 1) негізгі екі түр-түс атауының тіркесуімен жасалған атаулар; 2) негізгі түр-түс атауларының біреуі не екеуі қатысып басқа сөздермен тіркесуімен жасалған атаулар. Екінші топ компонент санына байланысты: 1) екі компонентті; 2) үш және көп компонентті атаулар деп топтастырылды [6].

Екі компонентті атаулар екі түстің қосындысын білдіреді. Соңғы компоненті сол түстің доминанты болып есептеледі. Мәселен, жылтыр қара, сүліктей қара, тобылғы торы, кер торы, қара торы деген түс атауларының доминанты – қара және торы. Ғалым екі компонентті атаулардың соңғы сөзі түр-түстің өзін білдірмесе, онда негізгі мағынаға екеуі де ортақ болады дейді. Мысалы, қара төбел, ақ бақай, көк мойын тіркестеріндегі қара, ақ, көк түстер жылқының түсін түгел емес, белгілі бір бөлшегін ғана (төбелін, бақайын) анықтап тұр [6]. Шығармада жылқының мұндай түстері аз емес. Көп ішінен қара қасқа жүйрік мінген қара сұр жігіт суырылып алға шыға берді [3,547 б.].

Екі компонеті де негізгі түсті білдіретін атаулар: қара кер; қара көк; құла жирен; қара торы; боз шұбар. Екі компонентінің біреуі ғана түр-түсті білдіретін атаулар құрамына енетін компоненттің не алдыңғысы (анықтауышы), не артқысы (анықталушысы) негізгі түстің қосалқы мән-мағынасын білдіру үшін қолданылады. Олар: қасқа, төбел, танау, бақай, бас, сауыр, табан, мойын, тұяқ, бел, тайпақ, ысқаяқ, жалпақ, сұлу, кербез, шаңқан, сүлік, шал, ор сияқты жылқының мүшелерін, ерекше белгілерін, я мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, көркін т.б. сипатын білдіретін сөздер [6]. Мысалы: мақпал қара, қан жирен, маңғаз торы, меңді жирен, әсем қоңыр, көк шолақ. Бұлар қалыптасқан тілдік бірлік ретінде саналады, соңынан бие, дөнен, бесті, байтал т.б. жылқы атауларының тұруын талап етпейді. Мұндай тіркестер трилогияда да даяр қалпында жылқы атауларының тіркесуінсіз қолданылады.

Жылқының түр-түсін білдіретін екі компонентті атаулар негізінде үш және көп компонентті атаулар жасалады. Академик Ә.Қайдаров айтқандай, бұл тәсіл түр-түске үстеме мағына артудан гөрі, оны дәлірек айтып, анықтай түсуді мақсат етеді: ақ бақай торы, жалпақ бел жирен.

Автор шығармада жылқының түр-түсіне қатысты күрделі атауларды “көркем сөздің бейнелеу, суреттеу, әсірелеу талаптарына сай” қолданады [5,98б.]. Сонымен қатар жылқының түр-түсіне қатысты шебер жасалған күрделі атаулар бірегей жазушының талғам-танымын, шеберлігін паш етеді.

1.4.3 Лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған атаулар. Лексика-семантикалық тәсілмен жасалған сөздер жаңа мағынаға ие болады. Көп мәнді болып келеді, омонимдік қатар түзеді, о бастағы мәнін жоғалтып, я әлсіретіп басқа бір сөз табының қатарынан танылады. Мысалы, “Бәйге алмаған тұлпардан Белі берік бесті артық”. Мақал құрамындағы бесті сөзі заттанып тұр. Кербесті, құлабесті т.б. күрделі атаулар да субстантивтенген. Заттанған сөздер қатарына жылқының түр-түсін, ерекше белгілерін, мінез-құлық, жүріс-тұрысын, көркін т.б. сипатын білдіретін сөздер жатады. Мысалы: ақ бақай, ала сирақ, сүліктей қара, тобылғы торы т.б. Бұлар тілдік қолданыста қалыптасқан тіркестер. Бұлардың бір ерекшелігі: өзінен кейін ат, бие т.б. жылқы атауларының тұруын талап етпейді, яғни, олар заттану процесіне ұшырап, ешқандай тілдік тұлғалардың қатысуынсыз, дыбыстық құрамын сақтай отырып, мағыналарын өзгертіп, сындық мағынадан заттық мағынаға ауысып отыр. Жылқының түр-түсіне қатысты атаулардың заттануы – ықшамдалу заңдылығына байланысты құбылыс. Сондықтан, бұл тіркестердің құрамындағы құнан, байтал т.б. жылқы атаулары түсіп қалған. Демек, жылқының түр-түсін білдіретін сын есім сөздер субстантивтенуге бейім.

Лексика-семантикалық тәсілге сөз мағынасының кеңею және тарылу құбылыстары жатады. Сөз мағынасының кеңеюі, я тарылуы оның сыртқы дыбысталуына әсер етпейді. Мағынаның тарылуы – ой желісінің жалпыдан жекеге айналуының көрінісі. Мәселен, қазір қысыр байталдар үйірі деген мағынаны беретін қысырақ сөзі ертеректе жалпы бие деген ұғымның орнына, яғни, кең мағынада қолданылған. Ертеде жиі және кең мағынада қолданылған қысырақ сөзі бертін келе мағынасы тарылып, қолданылуы сиреп, көптеген түркі тілдері сөздігінен шығып қалған. Ал қазақ тілінде қысыр сөзі мағыналық даму барысында семантикалық өзгеріске ұшырап, биеге ғана емес, басқа түлікке байланысты да қолданыла бастады. Сол сияқты көне түркі тілдерінің ескерткіштерінде “йылқы” лексемасы “үйірдегі тұяқты мал” деген мағынаны береді. Яғни, ертеректе “йылқы” атауы “мал” сөзінің синонимі, мал атаулының жалпы атауы болған. Уақыт өте келе мағынасы өзгеріп, сөз мағынасының тарылуы нәтижесінде қазір тек жылқыға қатысты қолданылатын болды.

Зерттеу жұмысының екінші бөлімі “І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының этномәдени және символдық негіздері” деп аталады. Тарауда шығармадағы жылқы атаулары қазақ этнолингвистикасының “зерттеу нысанын өзара әрі іштей топтастыра зерттеу (классификациялау)” және жүйелілік принциптерін сақтай отырып, мағыналық-тақырыптық топтарға бөлініп, өзара жіктеліп зерттеледі. Жылқыға қатысты этнографизмдер академик Ә.Қайдаровтың жіктеуі бойынша үш салаға (“Табиғат”, “Адам”, “Қоғам”) бөлініп қарастырылды. Ғылыми жұмыста қарастырылатын мәселе “Табиғат” деп аталатын саланың “Хайуанаттар дүниесі” тармағының “Үй жануарлары” тарауын қамтиды.

2.1 Жылқы атауларын “Ғаламның тілдік бейнесі” теориясы тұрғысынан зерттеу. Әрбір жекелеген ұлт түсінігінде әлем әр түрлі көрініс табады. Бұл, әсіресе, тілде айқын байқалады. Яғни, тілдегі әлем бейнесі – адамның әлемді тануының негізі. Бұған Б.Уорф пен Э.Сепирдің көзқарастары тұрғысынан қарасақ, әр ұлт ғаламды өзінше танып, өзінше пайымдайды. Тіл ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” қалпына келтіруге мүмкіндік жасайды, тіл арқылы ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” елестете аламыз. “Әлемнің қарапайым бейнесі когнитивтік модельде айқындалатын болса, ол өз кезегінде ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады. Демек, ғаламның тілдік бейнесі негізінен және толығымен адамдар санасындағы әлемнің логикалық бейнесімен сәйкес келеді. Ал ғаламның кез-келген ұлттық тілдік бейнесінің әмбебаптығын және өзіндік ерекшелігін айқындайтын метафора, теңеу және символ болып табылады” [8].

Көшпенділер танымында, салт-санасында жылқы – интеллект (ақыл-ой) белгісі, ата-бабалар символы. Мәселен, батырлар жырында, жылқы көлік қызметін атқарушы ғана емес, ер қорғаны, ақылшысы ретінде көрініп, иесін қорғап-қоршап жүреді. Жануарлар иерархиясында жылқы бірінші орын алады. Аркаикалық дүниетанымда күшті желдің және Күн нұрының шапшаң қимылына жылқының шабысы ғана тең келген. Жылқы – Тәңірінің сүйген түлігі, “әруақтар әлеміне қиналтпай жеткізуші медиатор” [9,104 б.]. Қаза болған адам жерленген соң, оның мінген атының жал-құйрығы кесіліп, “тұлданады”. “Тұл” ат иесінің асына дейін мінілмей, бос жіберіліп, жыл толған соң, асына сойылып, еті атақты адамдарға таратылған. Тұл атты соярдағы онымен көрісу, қоштасу, сәлем жолдау рәсімдерінің негізінде жылқы медиаторлық қызмет атқарады деген анимистік қағида жатыр.

Жылқыға қатысты табу, эвфемизмдер көп емес. Қазақ жорыққа аттанған кезде аттан түс, атты байла деп айтпайды. Жамандыққа бастамасын деп, сол мағынаны білдіретін қон, бекіт, кір деген сөздерді қолданады. Жорыққа аттанғанда өлең айтпайды, жыламайды. Саптыаяқты жолдыаяқ деп, мінгені байтал болса – ат деп атайды. Жорыққа байтал мінісе, жол болмайды деп есептеледі. Байтал – жорық көлігі емес, құлындайтын, сауылатын мал.

Теңеу – барлық өзге көркемдеу құралдарының негізі, сонымен бірге ұлттық менталитеттің айнасы. Теңеуде этнос болмысының табиғаты күллі ерекшеліктерімен көркем бейнеге айналады. Яғни теңеуден этностың дүниетанымы, ұлттық ерекшеліктері, көркем ойлау мәнері айқын байқалып тұрады. Өйткені теңеу – тіл мен ойлаудың, ұлттық дүниетанымның тоғысуынан туындайтын күрделі құбылыс. Романдағы жылқыға қатысты теңеулерді топтауда Т.Қоңыровтың жіктеуі негізге алынып, олар мағынасына және сыртқы дүниемен қарым-қатынасына қарай алты топқа жіктелді [10,41 б.].

Т.Қоңыров: “Көру теңеулерінің негізге алатыны – заттардың үш белгісі: біріншісі – заттардың тұлға-тұрпаты, формасы; екіншісі – олардың қимыл-әрекеті; үшіншісі – заттардың түр-түсі, бояуы”, - дейді [10,41 б.]. Жылқыға қатысты көру теңеулерінің ішінде осы үш белгінің алғашқысы көп кездеседі. Өйткені халық ұғымында жылқы – сұлулықтың, беріктіктің, шыдамдылықтың символы. Бұл топқа жататын теңеулер шығарманың өн бойында кездесіп отырады. Олардың кейбірінде негізге жылқы алынатын болса: Адамға тесіле қарайтын үлкен сұрғылт көзді, ат жақты, ақсұр жігіттің топ жылқының ішіндегі ақалтеке, арғымағындай, бойшаң келген дене бітіміне қарағанда, оны он төрт-он бес жастарда деу қиын еді [3,319 б.], енді бірінде түрлі жанды-жансыз заттар (жануарлар, жәндіктер, бұйымдар т.б.) алынады: Әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей қара сирақ тұлпары бар Жәнібектің екінші баласы Қамбар болатын [3,209 б.].

Көру теңеулеріне негіз болатын заттардың екінші белгісі – олардың қимыл-әрекеті. Мұның да жалғыз жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек [3,226 б.]. Теңеудің бейнесі де, заты да – деректі, нақты. Теңеу затының, яғни, Дәшті Қыпшақтың қимылы бейненің, яғни, жылқының деректі, нақты қимылына ұқсатылып отыр. Салыстырудың, теңеудің нәтижесінде предметтің (Дәшті Қыпшақтың) қимылы нақтылы сипатқа ие болып, эмоционалды-экспрессивті бояуы қанық көркем бейне жасалған. Жазушы қалың бұқараны ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстады, халыққа дегенін істеткізді деген мағынаны осындай әшекейлі-кестелі теңеу арқылы жеткізген.

Көру теңеулеріне негіз болатын заттардың үшінші белгісі – олардың түр-түсі, бояуы. Бұл теңеулердің мәні – заттардың құр бояуын хабарлап қана қоймай, олардың бояуларының түсін қанықтыру, заттың реңін ашып, көріктендіре түсу болып табылады. Мәселен, жазушы Ал біз тайлы-таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала асаулары қалыпты [5,134 б.] деген сөйлемдегі теңеудің затын, яғни асау жылқылардың түсін әншейін ғана ақ немесе боз емес, кілең ақ шағала(дай) деп суреттеу арқылы өте бір әсем, тіл жетпес сұлу картинаға айналдырған. Ал Сөз айтпай үш жүз мақпал қара, асыл жылқысын айдап беріп, өзін ажалдан алып қалған құлды босатып алады [3,123 б.] деген сөйлемде мақпалдай қара дәстүрлі теңеуі қолданылады.

Жылқыға қатысты есту теңеулері болғанмен (Ағайын алыста жүрсе, кісінеседі, жақында жүрсе, тебіседі), шығармада сирек кездеседі. Олар дыбыстың көмегімен адамның мінез-құлқын, түрлі әрекеттерін бейнелейді. Тұтқын қыздың сұлулығына күйіндім бе, “сен нәзік сұлусың ғой, бауырыңды құлындай шыңғыртып жатқанда сенің сұлу түрің қандай болады екен, көрейін” деп жігітке қыл бұрауды тұтқын қыздың көзінше салғыздым [3,350 б.]. Теңеуде асау құлынды бұғалықтап ұстағанда, я қасқыр тартқанда шошып, қиналғанда шығаратын үні арқылы теңеу затының мәні ашылады. Жазушы қыл бұрау салынған жігіттің қиналып шығарған үнін басына ноқта түсіп, шошынған асау құлынның шыңғыруына ұқсата отырып, эмоционалды-экспрессивті әсері мол картина жасап, оқырман көңіліне жол таба алған.

Жылқыға қатысты сезім-күй теңеулері үш топқа бөлінеді: 1) бейнесі де, заты да деректі теңеулер; 2) бейнесі нақты, заты дерексіз теңеулер; 3) бейнесі нақтылы қимыл-әрекетке негізделген теңеулер.

Бейнесі де, заты да деректі сезім-күй теңеулерінің бейнесіне де, затына да көзге көрінетін, қолмен ұстауға болатын деректі заттар негіз болады. Бірақ ақиқат өмірде зат пен бейнеге негіз болған заттар мен құбылыстардың бір-біріне еш ұқсастығы болмайды: Қалың ойға шомып кетіп, басын төмен салып, үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды [3,55 б.]. Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей енді тіпті долданып кетті [3,55 б.].

Бейнесі деректі, заты дерексіз сезім-күй теңеулері рухани заттарды материалдық заттарға ұқсату арқылы жасалады. Бұлардың заты абстракциялық ұғымдардан тұрады, дәлірек айтқанда, бұл теңеулердің затына адамның жан-дүниесінің түрлі күйін бейнелейтін ұғымдар алынады. Әдеби тілдегі ұшқыр жылқыдай (қиял), ит қуған тайдай қаша жөнелген (арман), тұсаған жылқыдай (ой) теңеулерінде қиял, арман, ой тәрізді адамның жан-дүниесіндегі психологиялық құбылыстар, дерексіз заттар ұшқыр жылқыға, ит қуып, қаша жөнелген тайға, тұсалған орнынан ұзай алмайтын жылқыға баланып, рухани құбылыстар материалдық сипатқа ие болған. Осылайша, көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын абстракциялық құбылыстарға жан бітіп, бейнелене түседі, белгілі бір қасиеттерге (ұшқыр қиял) ие болады. Былтыр өзі айтқан жоқ па еді, “мінез деген бір асау байтал ғой, талай асауды үйреткенде өз сезімімді өзім үйрете алмаймын ба” деп [3,235 б.]. Мұнда адамның мінезі байталға, асау байталға ұқсатылады.

Шығарма жылқыға қатысты теңеулерге өте бай. Шығармада көру теңеулері мен бейнесі нақты қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулерінің молдығы анықталды. Жазушы жылқыға қатысты теңеулерді қолдану арқылы халық танымына жақын, ұлттық менталитетімізге сай, әсем де көркем бейнелер жасап, шығарманың көркемдік, психологиялық, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтуге қол жеткізген.



Каталог: uploads -> files -> 2016-02
2016-02 -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
2016-02 -> «алаш» идеясы және халықаралық «Қазақ тілі» ҚОҒамы
2016-02 -> Аумалы-төкпелі кезеңдегі қОҒАМ, ТҰЛҒа және дін
2016-02 -> ШЫҒарма тілін лингвистикалық талдаудың сипаты а. Н. Тұрарова, К. Р. Қазақбаева Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ
2016-02 -> Жүсіпбек аймауытов
2016-02 -> Шерхан мұртаза әҢгімелеріндегі диалогтың кейіпкер мінезін ашу, образ жасаудағы рөЛІ
2016-02 -> Бiлiм берудi ақпараттандыру жағдайында информатика мазмұнын жаңалаудың негiзгi бағыттары Мұхамбетжанова Сәуле Талапеденқызы, п.ғ. к
2016-02 -> ШОҚан (МҰхаммед-ханафия) УӘлиханұлы (1835 -1865)
2016-02 -> Қазіргі замандағы Интернет-технологиялар 4 html негіздері 12


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет