Балажан ақын
Облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында КСРО Жазушылар одағының мүшесі, лирик және балалар ақыны, қарымды қаламгер Кәрім Жұмабекұлы Сауғабаевтың туғанына 70 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. «Балажан ақын» атты кітап көрмесіне ақынның жарық көрген кітаптары, фотосуреттері, өмірбаяны, алдыңғы толқын атақты ақын-жазушылардың Кәрім ақын жайлы жазған естеліктері орын алды. Кешке Кәрім Жұмабекұлының зайыбы Майра Ақашқызы, көзі тірісінде ақынмен қоян-қолтық араласқан, шығармашылық жолда сырлас болған достары – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өтен Ахметов, белгілі ақын, сазгер Тілеуғазы Бейсенбеков Астанадан арнайы келді. Кәрім ақынмен әріптес болып, бір газетте бірге істеген іні-қарындастары «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ермек Балташұлы, «Взгляд на событие» газетінің журналисі Нәзипа Асқарова, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының аға редакторы Әли Тойжігітов және ақынның шәкірті – осы жолдардың авторы қатысты. Алғашқы сөзді осы кешті ұйымдастыруға белсене ат салысқан облыстық Абай атындағы балалар кітапханасының директоры Нұржамал Жайлыбаева алып, ақынның шығармашылығына тоқталып, уақыт тауып келген қонақтарға жылы лебізін білдірді.
Іле, «Болашақ» университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультетінің бірінші курс студенті Әсел Сатыбалды ақынның өмірбаянымен таныстырды.
Кешті жүргізуші кітапханашы:
– Әлемдегі қай елде болсын балалар әдебиетіне, балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас пен құрмет ерекше. Неге десеңіздер, балаларға арнап қызықты шығармалар жазу екінің бірінің еншісіне тие бермейді. Тілі шыққан бүлдіршіндеріміз қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттерін, қазақ сөздерінің ғажайып нәрін Кәрім ағамыздай ақыннан үйреніп келеді. К.Сауғабаевтың балалық шақ, бақытты балғындардың тәтті қылығы жайлы жазған қысқа да нұсқа өлеңдері жетерлік. Оқырманы бар ақын-жазушы бақытты. Біздің арамызға ақын аталарының өлеңдерін жатқа оқитын бір топ балалар келіп қалды. Қазір соларды ортаға шақырайық, – деді.
Қаламыздағы «Тілек» балабақшасының бір топ балғындары ақын аталарының өлеңдерін жатқа оқып, поэзия мерейін үстем етті.
Кәрім Жұмабекұлы сан қырлы дарын иесі. Ақын жақсылар мен жайсаңдарды жанына ерткен. Өзі де сыйлы, өзгені де сыйлай білген. Кемел ойдың, тапқыр сөздің иесі Кәрім ақындық дарынымен, сөзді қиыстырып айтатын тапқырлығымен замандастарының құрметіне бөленген жан. Сол себепті достары, өнер сүйер қауым ақынның есімін Кәрім демей Ақын деп құрметтеген, сыйлаған. Бұл шыңдап келгенде халықтың дарынды перзентіне берген ең жоғарғы бағасы. Осы кешке арнайы келген жазушы Өтен Ахметов:
– Көп жыл шығармашылық қарым қатынаста болдым. Егіндібұлаққа Кәрім бар деп іздеп баратынмын. Қасында жүріп Кәкеңнің көп жақсы қасиетін байқадым. Турашыл еді. Өмірдегі кездесетін келеңсіз жайттарға пікірін ашық айтатын. Біздің қазақ ащы шындықты жақтырмайды ғой. Бүкпелеп сөйлейтін әдетіміз бар. Алматыда жатқан қазақтың ірі ақындары Кәрімді іздеп Балқантауға келетін. Белгілі сазгер Ілия Жақанов Кәкеңнің өлеңдеріне ән шығарды, екеуі жақсы жолдас еді. Күні кеше ғана дүниеден өткен лирик ақын Тұманбай Молдағалиев те Кәрім ағатайларыңды ерекше сыйлады. Соның бәрінде Кәрім ақынның үлкен жүрегі жатты. Алматыда жазушылар съезіне барғанда түнімен ұйықтамай сыр шертісіп, өлең тыңдаған шуақты күндеріміз-ай десеңші!, – деп тебіренді.
Ақын, сазгер Тілеуғазы Бейсембеков:
– Кәрім тумысында ақын, болмысында бекзат адам болатын.Өзінің туған жерін өте жақсы көріп, оның болашағына алаңдайтын.Оның қайсар мінезі Мәди бабасына тартқан сияқты. Балқантауын өте қастерлейтін. Кәрім десе Балқантау, Балқантау десе Кәрім елестейді көз алдыма. Кәрім өлеңді кейбір ақындарға ұқсап қолын онды-солды сермемей, сондай кербездікпен, сырбаз оқитын.
«Қазақстан-Қарағанды» телеарнаның аға редакторы Әли Тойжігітов:
– 2002 жылғы 17 қаңтар күні Кәкеңмен соңғы рет кездестім. 60 жасқа толып сырқаттанып отырған ақынды демеп жіберейік деп телетаспаға түсірдік. Сонда ақынға «60 жылдық мерейтойыңыз аталмай қалды ғой» деп сауал тастағанбыз. Сонда Кәрім «Азаматтар астыма ат мінгізіп, иығыма шапан жапса қой демес едім ғой...» деген еді. Қазақтың қабырғалы ақын-жазушылары Тұманбай Молдағалиев, Оралхан Бөкеймен бірге жүрді. Ақын өлген жоқ, көзкөргендер еске алып жатыр, – деді.
Сөз кезегі Кәкеңнің шекпенінен шыққан іні-қарындастарына тиді. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары, белгілі қаламгер, мәдитанушы Ермек Балташұлы:
– Кәрім ағам 9-сыныпта оқып жүргенде өлеңімді газетке басты. Жас кезімде дәрігер боламын деуші едім. «Екінің бірі дәрігер, сен журналист бол» деп жол көрсеткен Кәкең еді. Ол кісінің күрескерлігі жөнінде баспасөз беттерінде жазылды. Өздеріңізге белгілі шұбартаулықтардың бастамасымен мектептен түлеп ұшқан жастарды қой шаруашылығына еңбек етуге жібергені. Ондайға бірінші ұшынып тұратын жер Егіндібұлақ еді. Сонда Кәкең: «Қазақ бүкіл қиындыққа төзіп, шыдап келген. Басқасы басқа, бірақ қыз балаға қой бақтырмаған» деп билікке қарсы шыққан. Кәрімнің танылуы енді басталып жатыр. Ақынды балалар оқиды, ал ақын шығармасы балалардың жадында мәңгі жатталып қалады, – деді.
Қаламыздағы «Взгляд на событие» газетін қазақша сөйлетіп жүрген қарымды қаламгер Нәзипа Асқарова апамыз:
– Менің тұңғыш редакторым – Кәрім Сауғабаев. Сол кісімен әріптес болып, газет редакторының орынбасары кызметіне дейін көтерілдім. Майра жеңгеміз ақынның қас-қабағына қарап, шығармашылық өсуіне мүмкіндік жасады. Өнер адамдарымен жолдас болды. Кәрімнің досы Ілия Жақанов Егіндібұлаққа үш ән қалдырды, – деп Кәрімнің өлеңіне жазылған «Күн шықты Балқантаудан арай-арай» атты әнін сызылтып орындап берді.
«Айгөлек» байқауының жүлдегері Үштөбе орта мектебінің екінші сынып оқушысы Аяла Мұқышова ақынның «Нан» туралы балладасын жатқа оқыды. Ақынның кешіне Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері де ат салысты. Қаламыздағы № 92 гимназияның 4-сынып оқушылары ақынның «өтірік өлеңдерін» оқыды. Кәрім ағамыздың тәуелсіздік жолындағы күрескенін ескере отырып, қаламыздағы № 36 орта мектептің оқушылары «Ақиқатқа айналған ата-баба арманы» атты көрініс қойып, осы мектептің оқушысы, республикалық «Айгөлек» байқауының бас бәйге иегері Мейірлан Шәкенов «Өз елім» әнін орындады. Кәрім Сауғабаевтың немересі Биба атасының «Аңызға айтқан иланым» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Кеште өнер көрсеткен балаларға ақынның жары Майра Ақашқызы қаламсап пен қалам сыйлады.
Кәрім Сауғабаевтың жазған шығармалары оқырмандарынан лайықты бағасын алған бақытты ақын. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай өз топырағымыздан шыққан ұлдарымызды ұлықтай білгенге не жетсін! Ақынның кеші қаламыздағы шағын кітапхана ішінде емес, мәдениет сарайларында кең көлемде аталып өтуге лайық. Ақынның поэзия, журналистика, тіпті, проза саласында жазған шығармалары жетерлік. Қайтыс болғанына тоғыз жыл өтсе де ақынның жазған дүниелерінің өз алдына жинақ болып шықпай жатқаны соңынан ерген інілеріне сын.
Қалай айтсақ та жарасып тұрған жоқ. Әйтпесе, оның алашордашылық рухына бір кеш арнауға болар еді ғой. Оның басты ерлігі «ЕСЕП» партиясында мүше болғандығында емес, ешкімді сатпағанында еді. Бұл ерлік пе – ерлік. Соны тілге тиек етсек қайтер еді?! Қазақ қызына бақтырсақ қой бақтырмай жылқы бақтырайық деп қияңқылыққа барған Кәрімнің биік тұлғасын тағы бір аспандатсақ ешкім де қой демес еді ғой.
Бәріне уақыт емші. Соңымыздан еріп жаңа өскелең ұрпақ өсіп келеді. Олар біздердей емес, ақын Кәрім Сауғабайдың өлеңімен ауызданған, Кәрім ақынның отаншыл өлеңімен суарылған тегеурінді ұрпақ. Өйткені, Кәрім ақын өлеңі мектептің бастауыш сыныптарында оқытылады.
Ертеңгі күні сол ұрпақ Кәрім ақын ескерткіші қайсы дегенде жер шұқып қалмасақ жарады.
Ж.Райымбекқызы.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 8 желтоқсан (№ 204/205). - 7 б.
Достарыңызбен бөлісу: |