Балалар әдебиетінің ерекшеліктері



бет65/86
Дата17.12.2021
өлшемі220,03 Kb.
#102256
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   86
Байланысты:
Балалар әдебиеті лекция

С.Көбеев. Ы.Алтынсариннің шәкірті, жазушы әрі педагог. 1901 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін халық мұғалімі болған. Қазақ балаларына арнап ашқан мектептеріне хрестоматиялық құрал ретінде «Үлгілі тәржіме»(1910), «Үлгілі бала»(1912) сияқты аударма, өлең-әңгімелер жинағын қоса бастырған. Алғашқы еңбегінде С.Көбеев Крыловтың 44 мысалын қазақ тіліне аударған. 1951 жылы «Орындалған арман» мемуарлық повесі басылды.

Қазақ балалар әдебиетінің тарихында С.Көбеевтің көрнекті орны бар. Өмірінің соңына дейін оқытушылық қызметпен айналысқан С.Көбеев өз білімін, қажыр-қайратын туған халқына жұмсады. Оның ұстаздық, ағартушылық қызметі қазақ қоғамының артта қалған мешеулік жағдайында басталды. Ауыл адамдары арасында жаңалық таратушы болды. А.С.Пушкиннің «Дубровскийі», Н.В.Гогольдің «Өлі жандары», И.А.Крыловтың мысалдары мен А.П.Чеховтың әңгімелері С.Көбеевтің ауызша әңгімелеуі негізінде ел ішіне тарады. Қызылжардағы орыс-қазақ мектебінде оқып жүрген кезінде өзінің И.А.Крыловтан аударған мысалдарын жинап баспаға жіберді. 1910 жылы «Үлгілі тәржіме» деген атпен Қазанда басылып шықты. Крыловтан 40-тан аса мысал-өлең аударды. Мысал-өлеңдерінің бірсыпырасы мыналар: «Өтірікші», «Емен мен тал шыбық», «Қасқыр мен тырна», «Маймыл мен айна», «Шымшық пен көгершін», «Маймыл мен көзілдірік», «Аққу, шортан һәм шаян», «Ағаштың тамырлары мен жапырақтары», «Көлбақалар», «Қомағай ит» т.б. Замандастары бойындағы тоғышарлықты, надандықты, зұлымдық пен мақтаншақтықты, көрсеқызарлық пен өзімшілдікті мысал тілімен тұспалдап әшкереледі.

Ы.Алтынсарин үлгісімен 1912 жылы «Үлгілі бала» оқу кітабын шығарады.Бұл – бастауыш мектептегі қазақ балаларына арналған оқу кітабы еді. Оқу кітабын құрастыруда С.Көбеев К.Ушинскийдің «Родное слово» кітабын басшылыққа алған. Бірқатар материалдарды содан еркін аударып пайдаланған. Кітап балаларға мектеп, оқытушы, адам(бала) тіршілігі жөнінде түсінік беретін қысқа әңгіме, өлеңдерден басталады. 60-қа жуық әңгіме, ертегі, мысал, өлеңдер бар. Көпшілігін орыс тіліндегі түрлі оқу кітаптарынан алып, қазақ балаларының ұғымына лайықтап жазған.

«Үлгілі балаға» Спандиярдың бірқатар төл шығармалары да кірген. Олар қоғамдық теңсіздікті, жетім-жесірдің аянышты тұрмысын көрсететін өлеңдер мен әңгімелер. Кітапқа енген шығармалар арқылы балаларды өнер-білімге, мәдениетке шақырды, іскерлікке, қиындыққа төзімді болуға, қайырымдылыққа шақырды. Ыбырай үлгісіндегі педагог жазушы С.Көбеев те балалардың теңсіздіктегі өмірін аяушылықпен суреттейді. «Жетім» атты өлеңінде ол жетім баланың қысқы аязда тоңған, әрі аш кейпін суреттей отырып, оны аяп үйіне әкеп тамақ берген, жылы төсекке ұйықтатқан кемпірдің ықыласына ризалық білдіреді. «Қайыршы» өлеңінде автор елден жинаған тиын-тебенін ғарыптерге, ақсақ, соқырларға үлестіріп берген қайыршының қайырымдылығын жазады. С.Көбеевтің халық арасында кең тараған шығармасы – «Жетімнің өлеңі». Онда жазушы жетім баланың аянышты халін суреттеп, феодалдық ортаның мораліне қарсы қояды. Өлең идеясы жалпы қазақтық қасиеттер туралы ойлармен, арманмен ұласады.

2. Ұлт-азаттық бағыт өкілдері. А. Байтұрсынұлы. Әдеби шығармашылығындағы ерекшелігі - Ұлы Абай соқпағына, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойысұнады. Хайуанатар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен И.А.Крылов туындыларын аударады. «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Петербургте бастырып шығарады. Бұларда қызықты форма, ұтымды идея, қазақ тұрмысына жақын суреттер бар. Әр түрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасайды. Патша отаршыларының зорлық-зомбылығы, жуандардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді. «Қайырымды түлкі», «Ала түлкі», «Үлес», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Қайыршы мен қыдыр», «Ат пен есек» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейді. А.Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанымен еркіндік басым.

Заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтады.«Маса»(Орынбор, 1911) кітабында астар, емеурінмен берілген ойлар ашық, анық айтылады. Ахметтін өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер бірталай өлеңге арқау болады. Ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын. «Қазақ салты», «Жиған-терген» өлеңдерінде қазақ халқының мүшкіл халін, патша үкіметінің отаршылдық саясатын шенейді. «Маса» кітабына енген өлеңдерде әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. «Анама хат», «Жауға түскен жан сөзі» - қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндейді. «Қырық мысал», «Маса» жинақтары – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен байытты. Абайдың ақындық дәстүрі ілгері жалғасты. Байтұрсынов дәуірінен бері талай уақыт өтті. Сонда да оның мысалдары өз мәнін жоймақ емес. Тарихи оқиғаларды танып-білуге ықпалы бар. Реніш пен ашу-ыза да, торығу мен наразылық та байқалады. Дегенмен А.Байтұрсынов поэзиясында оптимистік рух басым. Шығармалары арқылы ағалық ақыл айтады.

Балалар тәрбиесіне қосар үлесі айтарлықтый. «Қазақ этнопедагогикасының негізі – халық педагогикасы. Халық педагогикасының арқауы – ауыз әдебиеті мен халықтың салт-дәстүрлері. Ауыз әдебиеті мен халықтың салт-дәстүрлері – ұлттық тәрбиенің негізі. Міне, осы тұғырлы тұжырымды ірі ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын, аудармашы, қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін жасаған талантты көсемсөз иесі, туған халқының рухани дүниесін жандандырған ғұлама – Ахаң жан-жақты зерттеп, олардың тәрбиелік мәнін ашып берді. Яғни, ол қазақ этнопедагогикасының негізгі нұсқаларын зерлей зерттеп, талғай тауып, олардың ғылыми-теориялық негіздерін жасады.[…]Ұлттық педагогиканың(этнопедагогиканың) ғылым ретінде дамып, қалыптасуы сол ұлтқа білім берумен, яғни оқумен, оқытумен, тәрбиелеумен байланысты деп пайымдаған данышпан Ахаң ең әуелі халыққа білім беру ісін қолға алып, жетілдіруді алдына мақсат етіп қойды.

А.Байтұрсынов – «араб» алфавиті негізінде жасалған қазақ әліппесін жетілдірді. «Ғалымның 1912 жылы Орынборда басылған «Қазақша әліппе»(Оқу құралы) халықты сауаттандырудың басты құралы болды. Бұл оқу құралында әрі сауат ашу, әрі ұлттық(этнопедагогикалық) дүниетанымды іске асыру мақсаттары көзделді. Мысалы: туысқан-туған, іліктес, киімдер, ойын-ойыншықтар, тамақтар-сусындар, дене мүшелері, үй саймандары, ыдыс-аяқ, малдар аты, малдан басқа төрт аяқтылар, құстар, жер түгінің аттары(ағаштар, шөптер), жер жүзінің аттары, сан, жаңылтпаш, жұмбақ, мақалдар түзіліп берілді. 1926 жылы бұл әліппенің жете өңделген жаңа түрі жарияланып, қазақ халқының сауат ашу мектебінің басты құралы болды. «Ғұламаның «Тіл жұмсар»(1928 ж.), «Ана тілінің әдісі», «Зерттеу мен сүгіреттілік әдісі туралы», «Жалқылауды жалпылау әдісі»(1927 ж.) деген еңбектері қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасы болды. Оның жазу таңбаларын түсіндіретін «Баяншы» атты кітапшасы 1912 жылы, үлкендерге арналған «Сауат ашқыш» оқу құралы 1926 жылы жарық көріп, бүкіл ұлттық сауат ашу құралы болды. Ахмет оқулықтары негізінде талай қазақ балалары сауаттарын ашты. «Оқу құралы» туралы әдебиетші ғалым Қ.Мұхаметханов былай дейді: «Кітап оқуға жеңіл, тілі ұғымды, баланы қызықтырып, ынталандырып, баурап әкетеді. Туысқан-туған қалай аталады, киім-кешек, ойын, ойыншықтар, тамақ, сусын, дене мүшелері, үй саймандары, ыдыс-аяқ, мал аттары, малдан басқа төрт аяқтылар, құстар, бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жер аттары, сан... – осының бәріне үйретеді».(Қ.Мұхаметханов. «Сан қырлы саңлақ дарын». «Социалистік Қазақстан» газеті, 1989 ж. 4 қаңтар). А.Байтұрсынов – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын. Өз бетін танытқан қаламгер. Ол Абай үлгісімен өлеңнің аясын, әлеуметтік тынысын кеңейтті.

М.Жұмабаев. Ақын өзінің шығармашылығын демократтық әдебиет дәстүрінде жалғастырды. Алғашқы өлеңдері «Шолпан»(1912) деген атпен басылды. Мағжан ғасыр басындағы қазақ халқының отаршылдық пен езгіге қарсы күресіне үн қосты. Халықты оқу-білім іздеуге шақырды. 1922 жылы «Педагогика» оқулығын жазған ағартушылардың бірі. Педагогика ғылымын халық педагогикасымен ұштастыра отырып, Мағжан ұлттық тәрбиенің ғылыми негіздерін жасады. Мағжан бала тәрбиесінде қиялдың алатын орны зор екенін дәлелдеп: “Фантазия - өмірдің гүлі, көрікті болуының түпкі діңгегі, фантазиясыз (қиялсыз) адам – тұсаулы есек. Фантазия ақылды кеңейтеді” дейді.“Бала санасы қиялмен оянады, бала ертегінің бәрі шын деп ұғады, баланың қиялы әсіресе, ойында жарыққа шығады” деп ұстаз бала қиялын ұшқырлайтын қызықты ертегілерді, ойындарды, ойыншықтарды тәрбие ісіне пайдаланудың жолдарын көрсетеді. 1920 жылдар ішінде М.Жұмабаев балалар әдебиетін жасауға ерекше көңіл бөлді. Балаларға арнап сындарлы, жүйелі жұмыс істеп, алуан түрлі кітап шығарған. «Шолпан» жинағында ақынның «Балалық шақ», «Қарағым», «Мен сорлы»(«Шәкірт зары») атты өлеңдері жарияланды. Бұлар Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңімен орайлас.

Мәскеуде шыққан «Жаңа мектеп» журналына қосымша «Тегін қосымша», «Балаларға тарту» жинақтарына Мағжан белсене қатысады. Бұл өлеңдер жасөспірімдердің ұғымына лайық жеңіл тілмен жазылған. «Аққала» өлеңі ойынға құрылған. Балалар ауылдағы омбы қардан аққала соғады. Қардан төрт бұрыш жасап, терезе жасайды, мәре-сәре болады. Беттері бүлдіргендей қызарады. 1924 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Әже» өлеңінде ақын ертегіге елтіген Кенжебай деген баланы суреттейді. Бұл - әжесі мен немересі арасындағы нәзік, қымбат сезімді мадақтайтын өлең. Ақынның «Бөбектің тілегі» өлеңі балаларды ата кәсіп – мал бағуға баулиды. Әр төл үшін мейірлі сөз табады. Өлеңнің әр жолы өзінен өзі жатталады. «Ақ жол» газетінде 1924 жылы жазылған «Немере мен әжесі», «Қойшы бала мен күшік» өлеңдерінде мектеп беретін білімді насихаттайды, байдың мейірімсіздігін әжуа етеді.Балаларға да, үлкендерге де бірдей арналған «Өтірік ертек» поэма-ертегісі 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарияланды. Мысыққа қарсы тышқандар көтерілісі автордың негізгі ойын жеткізу үшін схемалық түрде алынады. Шираз қаласындағы бір тышқан жүзім шарабына тойып алады. Күш біткесін ойндағы құсасын сездіріп қояды. Мысық мешітке барып сәжде киеді. Тышқандармен бітісемін деп алдайды. Тарту-таралғысымен келген тышқандарды қан-жоса етеді. Тамам тышқан мысықты көптігін істеп байлап тастайды. Мысық босап кетеді. Тышқандар өз хандарын да, мысықты да елден аластайды. Осының бәрі Ресейдегі тарихи оқиғалардың елесін береді. Ертегінің соңында автор сол кезең рухында образдың шешімін береді.

Бір дегенім – білеу ғой,

Екі десем – егеу ғой,

Үш дегенім – үскі ғой.

Мысық – талаушы екені,

Ханның – қанаушы екені

Ертегі-поэма балалардың жаттауына жеңіл, әрі сан үйретудегі қызметі де бар.

М.Дулатов. «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы тарих оқулығына ұқсас. Жаттап алуға қолайлы болу үшін өлеңмен жазылған. Автор сөзін «ХХ ғасыр жастарына» арнап отырғанын жасырмайды. Алғашқы екі ұзақ өлең қазақ халқының бүгінгі халін және бұрынғы тарихын әңгімелейді. Жер байлығы кең, емін-еркін өскен халықтың сырттағы жауға мән бере бермейтін бейғамдығын ескертеді.

Ақын жастарға өзі білген мәслихатын айтады. «Насихат ғуммия» атты өлеңінде адамгершілік, ар-инабатқа жетектейтін көп кеңес береді. Міржақып кеңес-насихатының қоғамдық маңызы әлі де зор. Өйткені оның бәрі халық, ел қамын ойлаудан туған.

Қазақ поэзиясында алғаш рет мейірбандық, ізгілік тақырыбына арнау жасады. «Аяңыздар жетімді» өлеңі оқушы көңіліне бауырмалдық сезім егеді. «Шешенің балаларын сүюі» өлеңінің балалар үшін тәрбиелік қызметі үлкен. М.Дулатов «Газет-журнал» өлеңі газет-журнал маңызын түсіндіреді. Олардың жазылу бағасын да айтады. Керенауларға «Дүниені жүріп көрмей, естіп білмей, Жатасың ішің пыспай үйде неғып?» деп реніш білдіреді. «Хибстағы ұрының мінажаты» өлеңінде өз кәсібінен көрген қорлығын жіпке тізе келе ұры тәубесіне келеді.

1922 жылы “Есеп құралы”, 1924 жылы “Қирағат” атты оқу құралдарын шығарып, оқу пәндерінің ұлттық ауқымда болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлді. Ойшыл педагог драмалық шығармалардың тәрбиелік әсерін жоғары бағалап, сахналық қойлымдардың әсерлендіру қуаты зор екенін ескеріп, 1922 жылы “Балқия” атты төрт перделі пьеса жазды. Өзінің шығармалары арқыл қазақ жастарын оқып білім алуға, ағарту ісін дамытуға шақырып, тәрбие ісінде діни оқу мен тәрбиені қатар қойды. “Өнермен хасыл болған нәрселер” деген өлеңінде ол өркениеттік жолмен озып кеткен елдердің мәнді де сәнді өміріне жас ұрпақты қызықтыра суреттейді.

Жазушы “Бөрік”, “Нұрмаш пен Дүйсен”, “Оқымысты бала”, “Күлмеңіздер кәріге”т.б. балаларға арналған әңгімелерінде балдырғандарды еңбекке, әдептілікке, қайырымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Білім алу әрбір адамның қасиетті міндеті деп көрсетеді. Қазақ балалар әдебиетінің прозалық жанрына бір бұлақ болып қосылған бұл әңгімелер ұлы ойшылдың балалар әдебиетіне ерекше көңіл аударғандығын көрсетеді.

Ж.Аймауытов. Ж.Аймауытов қоғам қайраткері ретінде халық ағарту жүйесінде қызмет істей жүріп, жас ұрпақты өнерге, білімге, ғылымға баулуда да көп еңбек сіңірді. «Тәрбиеге жетекші»(1924), «Психология»(1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау»(1926) кітаптары жарық көреді. Жазушының балаларға арнап жазған «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір», «Көк өгіз», «Үш қыз» атты суретті кітапша ертегілері бар. «Кейде негізгі тақырып басқа болса да, білімді мен білімсізді салыстыра көрсету дәстүрі басым болды» дей келіп, Ө.Әбдиманұлы басты тақырыпқа авторлар сауаттылықты қарсы қою идеясын өзек еткендігі жайында айтады [3;89]. Дәл осындай жағдай Ж.Аймауытов «Қыс» өлеңінен байқалады. Өлеңнің басты тақырыбы қыс болғанымен, идеясы оқуға шақыру болып табылады. Автор қыс келбетін ел тірлігімен байланыстыра суреттейді. Бұл байланыс, әсіресе, өлеңнің құылымдық жүйесінен анық байқалады. Өлең кіріспе, негізгі екі бөлім, қорытынды бөліктен тұрғандай әсер береді.

Жалп-жалп, жалп-жалп жауды қар,

Тон киіндік, тоңды мал.

Кіріспе негізгі бөлімде не жайында айтылатындығына оқырманды дайындау мақсатын көздейтін сияқты. Қар жауды, демек, қыс түсті. Түскен қыс өзімен суығын бірге ала келді. Адамдардың жылы киінуі, малдың тоңуы қыс ызғарына байланысты болып отыр. Өлеңнің бірінші бөлімінде алғашқы жолдағы ой жалғаса түскен, яғни, қыс мінезі тағы көрінеді:

Бұрқ-бұрқ, бұрқ-бұрқ боран бар,

Боран жоқта тұман бар.

Қызыл шұнақ қызыл бар.

Суда айна тас мүсін бар.

Қылаулатқан қырау бар.

Екінші бөлімде екінші жолдағы харакетке ұқсас тірлік молынан баяндалады:

Боғы қатқан бұзау бар.

Үйіп алған отын бар.

Қалтыраған қатын бар.

Бүрсеңдеген лақ бар.

Сүмеңдеген қонақ бар.

Қыздар қылған шұжық бар.

Қонақ айтар қызық бар.

Соңғы бөлім негізгі бөлімдерде айтылған ойдың түйіні іспеттес қабылданады.

Ай, балалар, балалар!

Күнде оқуға жүрелік,

Үйренелік, білелік!

Қыс ызғарына қарамай, күнделікті атқарылатын шаруаларға қарайламай оқуға бару керектігі жайындағы ой айтылады. 7 буынды өлшем балаларға арнау түрінде жазылған бұл өлеңге ойнақылық сипат дарытқан. Жауған қар мен соққан боранның еліктеуіш сөздермен бейнеленуі де белгілі дәрежеде өлең ойнақылығын арттыра түскен.

Жапалақ, жапалақ қар жауар,

Жамбасыңа мұз тоңар.

Лақ, тоқты қашады,

Қойшы талқан асады.

-деп келетін халық өлеңінің авторлық өлеңге ықпалы айқын.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   86




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет