Телжан Шонанұлы – әдіскер,лингвист ғалым
Қазақ тілін оқыту әдістемесінде өзіндік орны бар, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарын жазған әдіскер ғалымдардың бірі – Телжан Шонанұлы. Ол білгір тіл маманы, әдебиетші, тарихшы, дарынды педагог, әдіскер болған. Оның тек қана қазақ тілін оқыту әдістемесі саласы бойынша жиырма шақты оқулықтары мен оқу құралдары, әдістемелік еңбектері, жетпіске жуық мақалалары бар. Ал егемендік алғалы өзіміздің ұлттық төл оқулықтарымыз жазылып, республика мектептерінде оқушыларға білім беретін негізгі құрал ретінде пайдаланылып отырған шақта оқулықтар мен оқу құралдарына қойылар талаптар да күрделене түсуде. Оның үстіне еліміздегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, республикамыздың дүниежүзілік білім кеңістігіне шығу жолын қарастыратын мемлекеттік білім саясатының жүзеге асырылуы білім мазмұны мен барлық оқытудың әдістемелік жүйесін қайта қарап, құнды пікірлерді жаңғырту қажеттігі туып отыр.
Осылайша оқулықтарға жаңа талаптар деңгейінде баға беріліп отырған кезде құны кемімеген ғалым оқулықтарының, әдістемелік еңбектерінің пайдалы жақтарын талдап, саралап ұсыну жеке тұлғаның әдістемелік мұраларын құндылықтық тұрғыда қарастырып, бүгінгі ұрпаққа таныстыру – өте жауапты іс. Сонымен қатар, әдістеме ғылымының көш басында тұрған білімдар ғалым ағаларымыз қазақ тілін тек қазақ мектептерінде емес, орыс тілді мектептерде де оқытылуына ерекше мән беріп, олар қазақ тілін басқа халыққа оқытатын оқулықтар да жазғаны белгілі. Солардың бірі болып, Телжан Шонанұлы да орыстарға қазақ тілін үйрету мақсатында бірнеше оқулық және ана тілін өзге жұртқа оқытудың әдістерін баяндайтын мақалалар жазды. Осы ретте Телжан Шонанұлының орыс тілді мектептерге арналған оқулықтарының да бүгінгі таңда қазақ тілін өзге ұлтқа үйрететін оқулық жазуда үлгі боларлық жақтары баршылық. Сондықтан алғашқы қазақ оқулықтары мен оқу құралдарының ғылыми-әдістемелік негіздерін, олардағы тіл дамыту мәселесінің берілісін саралап, айқындауда Телжан Шонанұлы оқулықтарын аттап өтуге болмайды. Ал оның оқулықтары мен оқу құралдарының әдістемелік қырларын анықтауда ғалымның өз оқулықтарына арналған әдістемелік құралдары мен мақалаларын да жан-жақты зерделеу қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің бастау көздерін анықтау болып табылады.
Өз халқының болашағы үшін, сауаттылығы үшін жан аямай еңбек еткен ұлтымыздың зиялы азаматтарының игілікті істері текке кетпеді. Олар жазған әліппелермен жақсылыққа ынтасы бар жұртшылық сауаттана бастады, ол әліппелер кеңінен пайдаланылды. Солардың қатарында Телжан Шонанұлы жазған әліппелер, оқулықтар да болған. Бұны тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан өлкетанушылар қоғамының төрағасы Ә.Тәкенов пен осы қоғамның мүшесі Б.Байғалиевтың «Т.Шонановтың кітаптары кезінде 100 мыңдаған таралыммен шығып, бүкіл қазақ арасына, алыстағы ауылдарға тараған және 1922-37 жылдар аралығында 12 жыл бойы қайта-қайта жаңарып шығарылып тұрған», – деген пікірлері дәлелдей түседі [4; 79].
Егер Ахмет Байтұрсынұлының әліппелері 1912-1925 жылдар аралығында оқу-ағарту саласында, мектептерде кеңінен пайдаланылса, Телжан Шонанұлының «Әліппелері» де өз кезеңінде мектепте оқушыларды сауаттылыққа үйрететін бірден-бір құрал болды. Оған оның «Әліппелерінің» де бірнеше рет көптеген таралыммен жарық көруі басты дәлел.
Мысалы, Телжан Шонанұлының «Жаңалық» әліппесі 1928-1931 жылдар аралығында 6 рет басылып, бала сауатын ашатын құрал ретінде мектептерде пайдаланылған. Бұл әліппе білім ордасының комплекс программасына қарай түзілген, сондықтан әліппеде балалар сауатын ашуға арналған тілдік жадығаттармен қатар есептер, ауа календары берілген. Сол себепті де ғалым осы әліппеге жазған жетекші құралында «Әліппеміздің әр жерінде есеп те бар...
Бір әріп тұсындағы есеп бітпеді деп, келесі дыбысты оқытпай отырма», – деген ескертпе жасаған.
Телжан Шонанұлының бір топ оқулықтары – қазақ бастауыш мектептеріне арналған «Тіл дамыту» оқулықтары. Бұл оқулықтар да кезінде мектептерде кеңінен пайдаланылған. Бұған «Жаңа мектеп» журналының 1931 жылғы №1 санында «1931-32 оқу жылында қазақ мектептері қолданатын оқу құралдары, кітаптары» деген тізімде 1-басқыштың 1-бөлімінде Телжан Шонанұлы жазған «Жаңалық» әліппесі, ал ІІ, ІІІ, ІV-бөлімдерінде осы авторлықпен шыққан «Тіл дамыту» (1, 2, 3 оқулықтары) пайдаланылатыны көрсетілген. Бірақ «Тіл дамыту» оқулығының 2, 3-бөлімдері ғана кітапханаларда сақталған, ал 1-бөлімі еш жерде кездеспеді. Сондай-ақ Ш.Сарыбаевтың «Библиографиялық көрсеткішінде» және Т.Шонанұлының «Жер тағдыры – ел тағдыры» атты кітабының соңында берілген ғалым еңбектерінің тізімінде де «Тіл дамытудың» 2, 3-бөлімдері көрсетілген де, 1-бөлім тізімге енбеген. .
Т.Шонанұлы оқулық түзуде де, әдістемелік мақалаларында да бала тілін дамытуға ерекше мән берді. Ол 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналының № 9 санында жарияланған «Білім кеңесінің програмы және 1-ші басқышта ана тілі» деген мақаласында сауаттандыру жұмысының маңызы, ана тілі мен комплекс програмының ерекшелігі, сауат ашу әдістері жайында, бала тілін ширату жұмыстарының түрлеріне тоқталған.
Ғалымның пікірінше, «оқытушы балалар тілін мынадай ретпен байытады: әуелі баланың тілге қанша байлығын, тілінің кемістігін, қалай сөйлейтінін байқайды. Содан соң сабақ үстінде кем-кемдеп кемістікті жоя береді. Әуелі балаларға аз-аздап жаңа сөз қосарлық жұмыстар тапсырылады, сөйтіп, бірте-бірте баланың тілін байытады. Сабақ кезінде бала амалсыз сөйлерлік шарт әзірлеп отыру керек». Егер әрбір мұғалім осы жүйемен жұмыс жүргізсе, оқушылардың дұрыс сөйлеуге төселіп, ой-өрісі жетіліп, тілі дамитындығын терең сезінген әдіскер одан әрі тіл ширатудың түрлі әдістерін де көрсеткен.
Телжан Шонанұлы тіл ширатудағы бала әңгімесі, оқытушының әңгімесі, әңгімелесу, класс пен мектеп жиылысына араласу, өлең мен тақпақ, сахна ойыны, оқушының баяндамасы секілді әдістердің әрқайсысының ерекшелігін қысқаша сипаттай келіп, мұғалімдерге нақты әдістемелік кеңестер берген. Ғалымның осылайша бастауыш мектепте тіл ширату жұмысының жүйелі жүргізілуі қажеттігі жайындағы пікірлері оның «Тіл дамыту» оқулықтарын жазуына негізгі себеп болды деп есептейміз. Бірақ бұл оқулықтар «Тіл дамыту» деп аталғанымен, мазмұны тек қана тіл дамыту жұмыстарынан тұрмайды. Оқулықта грамматикалық тақырыптар да, тіл дамыту жұмыстары да қамтылған, яғни автор балалардың бастауыш сыныптардан бастап дұрыс сөйлей білулері олардың сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін, сөйлемдегі сөздерді байланыстыратын қосымшаларды, сөйлем түрлерін меңгерулеріне байланысты екенін дұрыс аңғарған. Сондықтан автор «Тіл дамыту» оқулықтарында оқушылардың өз ойын жүйелі жеткізе білуге үйрету ісін теориялық мәліметтерді меңгертумен тығыз бірлікте бере білген.
Т.Шонанұлы “Білім Кеңесінің программасы және І басқышта ана тілі”, “Жағрапияның алғашқы сабақтары”, “Мектепте аймақтану” атты мақалаларын жазды. Мақалалардың араб тілінен аударылған нұсқасын сабаққа пайдалану тиімді болды: [5; 25].
Достарыңызбен бөлісу: |