Оспан. Қайтеміз, өзің біл.
Зәуре. Мама, сіз түңілген жоқсыз, түсіндіңіз бізді. Сол үшін мен сізге бір ән айтып берейін. Әннің аты – «Махаббат – от-жалын», тыңдаңыз. (Көңілденіп әндетеді). Махаббат – ол асау жүрек, от-жалын,
Шын сүйгеннің шарпымайды оқ талын.
Жүрек – жалғыз, махаббат та біреу-ақ,
Өзге жанды қалай алман, жоқ халім.
Қ а й ы р м а с ы:
Келмейді ұнап күйгім,
Мен оны құлап сүйдім.
Біз – енді бір-ақ әнбіз,
Бұрауы құлақ күйдің.
Махаббатты қастерлеп мен өтейін,
Дей алмайды ешкім мұны төте мін.
«Сүйем», - дестік, қол алыстық, серттестік,
Аяулым – ол, емес енді бөтенім.
Қ а й ы р м а с ы.
Махаббат – ол сүйгендердің еншісі,
Тек адалдық – қос жүректің емшісі.
Арманы бір адамдарды айнытпас,
Еш суық қол – әзәзілдің елшісі.
Қ а й ы р м а с ы.
Тәттігүл(тыжыранып). Қызым, шаруаң біткен екен! Зәуре. Мама, бұл ән ғой! Ән...
Оспан. Зәуре, мамаңда ән тыңдайтын ахуал жоқ. Одан да мазасын алмай, өзді-өз бөлмемізге кетейік.
Оспан мен Зәуре кетеді.
Тәттігүл (сазарып отырып қалады). Барыңдар-барыңдар, көрсетемін мен сендерге Тәттігүлдің кім екенін! (Телефонға төніп, нөмірін теріп жатып). Өлем-тірілем, дегеніме жетем.