26. Қазақтың тұрмыстық ертегілері Қазақ ертегілерінің ішінде тақырыбының көптігі жағынан болсын, аса молы – тұрмыс пен салтқа байланысты туған ертегілер.
Бұл топқа кіретін ертегілерде ескі заманнан бастап, соңғы кезге дейінгі халық өмірінің әр алуан жақтары қамтылады. Оларда халықтың қоғамдық өмірі, тұрмыс – тіршілігі, дүние танудағы көзқарасы, таптық сана сезімі, арман – мүддесі суреттеледі. Және де ертегінің оқиағасы реалистік болмыстан алынады. Егер қиял – ғажайып немесе хайуанаттар жайындағы ертегілерде фантастика басым келіп отырса, тұрмыс – салт ертегілерінде ол өте аз кездеседі. Мұнда адамның қиялынан туған әңгімелерден гөрі, өмірде болған, не болуға тиісті оқиғалар басты орын алады.
Тұрмыс ертегілерінің оқиғасы ертегінің басты кейіпкері қарапайым адамның өмірін, ісін, тұрмыс – тіршілігін, таптық, қоғамдық жайларын, әлеуметтік көзқарасын суреттеуге құрылады. Бұлардың бәрі халық ортасынан шыққан, ертегіге басты кейіпкер болып алынған еңбек адам арқылы баяндалады. Неше түрлі қиыншылық-кедергілерді, ауыр халдерді, аңдыған, алысқан жау амалдарын жеңетін де, сөйтіп, мақсатына жететін де қарапайым адам болатын.
Халықтың тұрмыс – тіршілігіне, салтына байланысты туған ертегілері бір ғасырдың ғана жемісі емес. Ол талай ғасырдың жемісі. Бұл ертегілердің ішінде көне заманда, феодалдық қарым – қатынастар кезінде және соңғы дәуірде туғандары да бар. Олардың бәрі ауызша айтылып, ауызша тарағандықтан көптеген тарихи кезеңдер, талай таптық, қоғамдық орта тудырғанәр түрлі көзқарастарды, алуандаған ұғым түсініктерді бойына жинастыра келгендері де белгілі.
Әрине, ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді тұрмыс – салт ертегілері де идеялық жағынан беркелкі емес. Таза халықтық, еңбек елінің идеясын білдіретін ертегілермен қатар, халыққа жат кертартпалық сипаты бар ертегілер де кездеседі. Мұндай ертегілер үстемдік еткен ортада туған, соның идеясын уағыздайды.
Халықтың тұрмыс – салтына байланысты туған ертегілерінде басты тақырып еңбек адамдарының өмірі, ісі болып келеді. Бұл ретте қарапайым адамдарды халық ертегілері қанаушы тапқа қарсы бейнеде алады, олардың ісі, ақылы, өнері, адамгершілігі хандар мен байлардан әлдеқайда артық деп суреттейді. Мұны біз көптеген ертегілерден, соның ішінде әрі көркем, әрі терең идеялысы “Аяз биден” көреміз.Ертегінің оқиғасы қазақ өмірінің шындығынан алынады да, оны қоғамдық мәні зор тартыстардың төңірегінде құрады. Қанаушы мен езілген еңбек адамдарының арасындағы таптық қарым – қатынастар, алыс – тартыс күрестер суреттеледі. Бұл күрестерге халық атынан белсене араласатын, халықтың сарқылмас ақыл – ой даналығын көрсететін Аяз би болады. Қанаушы таптың жәнет оның үстемдігін жүргізуші хандар мен уәзірлердің жауыздығын, елдің еңсесін түсіріп езгендігін халық ертегісі өзінің сүйікті кейіпкері Аяз би арқылы әшкере етеді. Халықтың ойынша, ел билеген әділетсіз, залым хандардың, билер мен уәзірлердің орнына еңбекші бұқараның өкілдері болса, елді осылар билесе, — заман түзелмек, әлеуметтік теңсіздік жойылмақ, халықтан шығып “хан болғандар” еңбек адамдарының мерейін үстем етпек ; әділ, турашыл болмақ. Бұл ретте халық ертегісі еңбекші бұқараға жиіркеніп қарайтын, тіпті оны адам санына қоспайтын хандар мен уәзірлердің топастығын әшкере ете отырып, оларға қарама – қарсы өз адамын қояды, бір – біріне салыстырулар жасайды. Барлық сыннан мүдірмей өткен, ақылы мен адамгершілігі ханна да, оның күншіл уәзірлерінен де асып түскен Аяз биді ардақтайды.
Ертегінің оқиағасы адал еңбегімен кәсіп кеткен шаруа адамын ардақтау идеясынан туған. Ертегіде айтылатын барлық әңгіме сол идеяға бағындырыла дамиды ; жағымды, жағымсыз кейіпкерлер арасындағы тартыстарды суреттеу арқылы ұлғая түседі және ол ертегінің шарықтау шегіне жеткенге дейін үзілмейді. Бұл идеяны халық ертегісі таптық тұрғыдан ашады, екі атаптың адамын салыстыра отырып, кімнің артық, кімнің кем екендегін көрсетеді.
Мұндай ертегілерде халықтың ғасырлар бойына жиып-терген өмір тәжірибесі, тұрмыстан алған, шығарған қорытындысы да айтылады. Соның бәрін ертегіге айналдырып, жастарға үлгі боларлықтай түйіндер жасайды.