Ф узариотоксикоз – малдың Fusarium саңырауқұлағымен зақымданған азықпен улануы. Барлық малдар уланады, әсіресе төлдер мен буаз малдар сезімтал келеді. Күйіс қайыратын малдар басқаларына қарағанда төзімдірек болады, олар зақымданған қышқыл азықтармен уланады.
Саңырауқұлақтың бұл түрі табиғатта кең тараған, көбінесе дәнді дақылдарды зақымдайды.
Уландыру көзіне зақымданған барлық азықтың түрлері жатады: шөп, сабан, астық, жем, ұн, кебек және т.б.. Бір ерекшелігі аз уақыттың ішінде көп малдың бірден улануы. Жылқылардың ішінде қыстап шыққан азықпен азықтандырғанда олардың көбінің уланғаны туралы деректер бар. Фузарийлердің улылық заты толық зерттелмеген. Әсерлері бойынша жалпы токсикалық және дермацидтік қасиетті уларға жатады. Организмге түскеннен кейін ол жүйке жүйесінің вегетативті бөлігіне әсер ететін көрінеді. Соның салдарынан ас қорыту жүйесінің ағзаларының жирылу процесі бұзылады, тахикардия анықталады, мал қатты қажиды. Қанның түзілуіне қатысатын ағзалардың қызметтері бұзылады. Қанның морфологиялық құрамы өзгереді, лейкоциттердің саны азаяды.
Қан айналу процесі бұзылады, геморрагиялық диатез дамиды. Өкпелері ісінеді. Терінің сезімталдығы, рефлекстері жоғалады. Алдыңғы жақтың бұлшық еттерінде діріл пайда болады, артқы аяқтары салданады. Жылқылар жатқан күйінде алдыңғы аяқтарымен суда жүзген тәріздес қимылдар жасайды. Тамыр соғысы жиілейді, аритмия. Дем алысы жиілейді, дене қызуы қалыпты жағдайда, кейде бір-екі градус төмендейді. Месқарында атония, ішектердің жирылуы үдеген, жартылай сұйық нәжіс жағымсыз иісті. Жылқыларда шайнау, жұтыну процесітері қиындайды. Ерінінде, ауыз қуысында жаралар пайда болады. Шошқалар құсады, азық қабылдамайды. Ісік бас жағына, мойнына тарайды. Кейбір малдардың терісінде қызыл нүктелер пайда болады. Уланған малдардың өлім-жітімге ұшырауы 10-100 %.
Өлексені сойғанда улануға тән өзгерістерді жүрек, бауыр, бүйректер жағынан аңғаруға болады. Бауыр тығыз, балшық түстес; бүйректер ұлғайған, бөліктерінің шекарасы анық емес; жүректің еті болбыр, балшық тәріздес. Құрсақ қуысында аздаған қызғылт түсті сұйық. Мойынның, шажырқайдың лимфа түйіндері ұлғайған, қызарған, ылғалды.
Улануды анықтау үшін клиникалық белгілеріне, қанның көрсеткіштеріне, өлекседегі өзгерістерге және микологиялық зерттеулерге сүйенеді. Стахиботриотоксикоздан ажырата білу керек.
Емі. Мал азығынан анық зақымданған немесе күдікті деген азықты алып тастайды. Арнайы емдеу әдісі жоқ. Сондықтан да таза ғана клиникалық белгілеріне қарсы бағытталған емдер қолданылады. Кофеин, глюкоза, уротропин күніне бір рет, мал жазылғанша анықтамада көрсетілгендей қолданылады. Асқазанды жуады, жылы клизма қояды.
Сақтандыру шаралары. Малдың азықтарын лабораториялық тексеруден өткізіп отыру керек. Малдың жемін сумен жуу арқылы тазалауға болатын көрінеді. Ол үшін жемге 4 есе көп суды құяды да, онда араластыра отырып бір тәулік ұстайды. Суды 4-5 рет ауыстырады. Одан кейін жемді бір сағаттай 100º-та пісіреді. Суығаннан кейін малға бере беруге болады.
Зақымданған дәнді дақылды 1 %-ды күйдіргіш натрий, калий, аммиак ерітінділерімен де өңдеуге болады. Мал азығын дайындау технологиясын дұрыс жүргізу керек. Шөпті дұрыстап кептіруге мүмкіншілік болмаған жағдайда оған 10 кг ас тұзын 1 тонна шөпке араластыру арқылы консервация жасайды.