Лекция. Пәнге кіріспе. Жоспары: Қазақстан тарихы курсының мақсаттары мен міндеттері. Қазақстан тарихын дәуірлеу. Қазақстан тарихын оқытудың маңызы


-Лекция. Қазақ хандығы. Қазақстан және Ресей



бет18/64
Дата22.09.2022
өлшемі1,18 Mb.
#150329
түріЛекция
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   64
Байланысты:
Қаз тар лек 2013

6-Лекция. Қазақ хандығы. Қазақстан және Ресей.
Қазақ хандығы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы. әлеуметтік тарихы (ХҮғ-ХҮІІІ ғ басына дейін)
Жоспары:
1. Қазақ хандығының құрылуы, ішкі құрылысы.
2. Қазақ хандығының Орта Азия мемлекеттерімен қарым- қатынасы.
3. ХҮІ ғасырлардағы қазақ билеушілері.
4. Астрахань хандығының құрылуы және құлдырауы.
5. Қасым, Хақназар, Тәукекел хандар тұсындағы қазақ хандығы.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Аяған Б.Ғ, Әбжанов Х.М, Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандықтарына (бакалавриат) арналған оқулық.- Алматы: «Раритет» ,2010.-448б.
2. Кан Г.В, Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Оқулық.-Алматы: «Кітап»,2012.-312б.
3.Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін: очерк.-Алматы : «Дәуір».1994.-446б.
4.Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. – Алматы: «Атамұра», 1996-2010ж.
5. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы ( ежелгі және ортағасырлық кезең)/ ҚР Білім және ғылым министрлігі: Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты.-Алматы: «Адамдар» ЖШС, 2007.-431 б.
6.Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері: Көмекші оқу құралы.-Алматы: «Өнер», 2003.-551б.

Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде XIV - XV ғасырларда орын алған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды қоғамдық құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі XV ғасырдың екінші жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.


Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі еңбекшілер бұқарасы феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстар мен тартыстардың өршуіне, хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударумен жауап берді. Сөйтіп, XV ғасырдың 50-70 жылдары арасында Әбілхайыр хандығынан Жетісудың Шу мен Талас өзендерінің жазығына 200 мындай адам көшіп келді. Олардың бұл жерлерге қоныс аударуының бір себебі, Әбілхайырдың қол астында қанаушылықтың күшеюі болса, екінші бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандардың жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өзінің ықпалын тигізді. Олардың халық қолдаған дербес мемлекет құру саясатының нәтижесінде Жетісудағы рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталығына айналды. Бұл арада тұңғыш қазақ хандығын құруға Керей мен Жәнібек сұлтандардың сіңірген еңбегін көрсете отырып, олардың саясатты кәсіп деп түсінген, жасынан қоғамдық-әлеуметтік өмірдің бағыт-бағдарын ойластырып, халық, ел тағдырына байланысты шешім қабылдап үйренген хандардың отбасында өскен адамдар екенін айта кеткен жөн. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы, әрине, табиғи құбылыс.
Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды /1458-1473 жж./. Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды /1473-1480 жж./. Бұлардың тұсында Жетісудың қазақ рулары мен тайпалары 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы феодалдық тартыстардың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайта түсуге күш қосты. Әбілхайыр хандығынан бірқатар рулардың ауа көшіп, Жәнібек пен Керейдің қол астына келуі қазақ хандығын бұрынғыдан да күшейтті. Едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 жылы Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, халық ыдырай бастады. Мұны қазақ хандары Керей мен Жәнібек тиімді пайдаланды. Олар бұдан 12 жыл бұрын өздері көшіп кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Сөйтіп, Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күрес жүргізді. Бұл күрестің барысында Әбілқайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар өлтірілді. Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханьға барып паналады. Күресте жеңіске жеткен Қазақ хандары 40 жыл Әбілхайыр билеген Дешті Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды өзіне қосып алды. Қазақ хандығының жері едәуір кеңейді.
Керей мен Жәнібек, олардан кейін Мұрындық /1480-1511 жж./. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жолының үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Ясы (Түркістан) т.б. қалаларды Қазақ хандығына карату үшін бітіспес күрес жүргізді. Алайда Сырдария бойындағы қалалар үшін соғыс Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен отыз жылдан астам уақытқа созылды. Өйткені Мұхаммед Шайбани Астрахань қоршауынан қашып шығып, Түркістан аймағына келді. Мұнда ол өзінің билігін жүргізіп отырған Әмір Темір тұқымынан шыққан Мұхаммед Мәзит тарханды паналады. Ол Қазақ хандығына қарсы Мұхаммед Шайбаниды айдап салу мақсатын көздеді. Бірақ бұдан ештеме шықпады. 1470 жылы қыста қазақ ханы Керей әскерлерімен Түркістанға шабуыл жасады. Ал Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты.
1472 жылы Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегімен Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді. Мұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен жасақтары Қаратаудағы Соғынылық түбінде Мұхаммед Шайбанидің әскерлерін талқандады. Мұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды. Бұл соғыста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан Қазақ хандығына өтті.
Бұл кезде Қазақ хандығына Мұхаммед Шайбанимен қатар Моғолстан ханы Жүніс және Орта Азия жерінде билік етіп тұрған Әмір Темір әулетімен де күрес жүргізуге тура келді. Өйткені бұларда Сырдария жағасындағы маңызды сауда орталықтарын өздеріне қаратып алуды көздеді. 1482-1485 жж. Моғолстан ханы Жүніс әскерлерімен Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды. Ал XVI ғ. басында Моғолстан билеушісі Жүністің баласы Сұлтан Махмұд хан Отырар қаласын басып алып, оны Мұхаммед Шайбаниға берді. Моғолстан ханының қолдауына сүйеніп және Отырарға ие болған Мұхаммед Шайбани тағы да Сауран мен Ясы (Түркістан) қалаларына шабуыл жасап, басып алды.
Қазақ ханы Мұрындық және Қасым мен Жәдік сұлтандар Темір әулетінен шыққан Мұхаммед Мәзит тарханнан қолдау алып Созақ, Сауран қалаларына әскери шабуыл ұйымдастырды. Мұрындық Сауранды қайтарып алып, Отырар қаласын қоршауға алды. Бірақ Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниге әскери көмек беріп, қазақ жасақтары амалсыздан Отырар қаласын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады. Осы келісім бойынша Отырар, Ясы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады. Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ал Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі.
ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында "жерді біріктіру" процесін жедел жүзеге асырып, неғұрлым көзге түскен қазақ хандарының бірі — Жәнібек ханның ұлы Қасым. Туған жылы 1445 ж. Қасым ханның тұсында /1511-1523 жж. билік құрған/ қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы жан-жақты нығая түсті. Ол феодал ақсүйектердің қарсылығына тойтарыс беріп, әскери күштерді нығайтты, өз билігіндегі жерлерді кеңейтті. Қасым хан билік құрған кезде қазақ халқы өзінің осы күнгі мекен тұрағының негізгі аймақтарын біріктірді. Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа, оңтүстік-батыста Сырдың оң бойындағы бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлау қоныстары Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі /Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері/ қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалып, Орыс мемлекетімен қатынас қалыптасты. Қазақ хандығымен елшілік байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі - ұлы князь III Василий /1505-1533 жж./ билік жүргізген кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Осы тұста қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Батыс Еуропаға мәлім болды.
Қасым хан алғашқы қазақ заңы — "Қасқа жолды" жарыққа шығарады. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет - ғұрып ережелері негізінде жасалды. Заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданып жүрген ислам дінінің /шариғат/ заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Соның үшін ол Қасым ханның атымен байланыстырылып «Қасым ханның Қасқа жолы» деп аталды.
Қасым хан тұсында Қазақ хандығының дәрежесі ұлғайғанына қарамастан, ол бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Мұның өзі Қасым хан өлгеннен кейін бірден байқалды, сұлтандар мен басқа да феодалдардың өзара бақталасы, қырқысы күшейді. Сыртқы саяси жағдай қолайсыз болып тұрған кезде, өзара қырқысудың зиянды зардаптары хандықты әлсіретуге әкеп соқты. Қазақ билеушілеріне қарсы моңғол және өзбек хандарының одағы қалыптасты.
Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы әрі мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Тахир (1523-1532 жж.) хан болды. Бірақ оның айрықша елшілік және әскери қабілеті жоқ еді. Тахирдың тұсында өзбектермен арадағы соғыс жалғастырылды, Маңғыт және Моғол хандарымен әскери қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болған жоқ. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бір бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталып қалды. Тахир ханның інісі Бұйдаштың (1533-1534 жж.) тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ.
XVI ғасырдың екінші жартысьшда әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Ақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай Ордасындағы феодалдық топтардың күресін өз мүддесіне пайдаланған ол Ноғай мырзаларының көбін өз жағына тартып, Жайық өзенінің сол жағасындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басыпп алуды көздеген Моғол ханы Абд-ар-Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Өзара тартыстың бәсеңдеуі, ішкі саяси өмірдің нығаюы, мал және егін шаруашылығының, сауда қатынастарының дамуына көмектесті. Ресеймен саяси және экономикалық байланыстар барған сайын ұлғайды. XVI ғасырдың 60-70 жылдарында қазақтардың Орта Азия халықтарымен бейбіт сауда, экономикалық байланысы жанданды. Ақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сырдария бойындағы бірсыпыра қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у беріп өлтірді.
Ақназардың мұрагері - Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайып қалған Шығай (1580-1582 жж.) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 жылдары хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде, Бұқар ханы Абдоллаға келіп, онымен күш біріктірмекші болды. Абдолла Шығайға Ходжент қаласын сыйға тартып, онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандыгының иелігі енді Тәуекелге көшеді.
Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін белсене күресті. 1583 жылы ол бұрынырақ Бұқарамен жасалған шартты бұзып, Сырдария бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Андижан, Ақсу, Самарқанд сияқты қалаларды қазақ хандығына қаратты. Бұқар қаласын қоршауға алған кезде Тәуекел хан жараланып, қайтыс болды.
XVI ғ. аяғында Қазақстан аймағында бірнеше феодалдық мемлекет, яғни хандықтар құрылды. Олардың әрқайсысы сұлтандардың, жеке ірі феодалдардың иеліктеріне бөлінді. Қазақ хандықтарының күрделі мемлекеттік аппараты болған емес. Басқару мақсатында феодалдық қатынастарға бейімделген патриархалдық институттар пайдаланылдьг.
Сыртынан қарағанда хан шексіз билік жүргізді. Хан мемлекет басқарушысы, қарулы күштердің басшысы және жоғарғы төре саналды. Ол сұлтандарға тәуелсіз, әрбір сұлтан оған тәуелдікте болды. Сұлтандар мен билер ханға жүгінді. Хандықтың құрамына кіретін бірнеше руды сұлтандар биледі.
Қазақ хандықтарында әскери ұйым күрделі емес еді. Тұрақты әскер болған жоқ. Оған әрбір азамат-жауынгер өз атымен, қару-жарағымен келуге тиіс болды. Жеке әскер шоғырларын сұлтандар, билер және батырлар басқарды. Оның шығынын халық көтерді.
Қазақ қоғамында да материалдық байлықты өндірушілер халықтың көпшілігін құраған қазақ шаруалары еді. Шаруалардың экономикалық жағдайы бірдей болған жоқ, сондықтан феодалға тәуелділік дәрежесі де әр түрлі болды. Олардың біраз бөлігі экономикалық жағынан азды-көпті қамтамасыз етілген жай шаруа еді. Халықтың көпшілік бөлігін кедей шаруалар құрады. Кедейлердің біразы көшпелі тұрмыс құруға мүмкіндіктері болмағандықтан отырықшы тұрмысқа ауысты. Олар жатақтар деп аталды. Ішінара құлдар да кездесті. Олар жат жұртпен қиян-кескі соғыста қолға түскен тұтқындар есебінен ұсталды.
Феодалдық қанау көптеген салық салуды әдетке енгізді. Олардың негізгілері: малшылардан - зекет, егіншілерден — ұшыр жинау, бұған қосымша шаруалар үстем таптың пайдасына жұмыс істеуге және борышын еңбекпен өтеуге тиісті болды. Осындай әлеуметтік теңсіздіктің салдарынан шаруалардың көбі, әсіресе, ең кедей бөліктері феодалдарға кіріптар болып, бай туыстарының "көмегіне" сүйенуге мәжбүрлікке түсті.
Қазақтың хандық мемлекетінің қажетіне керекті шығындар халықтан жиналатын феодалдық салықтардан басқа, соғыстан түсетін олжадан, сот алымынан және "ықтиярлы" қайырымдылық қорынан құралып отырды. Әрине, негізгі ауыртпалық еңбекші бұқараның мойнына түсті.
ХҮ-ХҮІІ ғасырлардагы қазақтардың қоғамдық қатынасын зерттеушілердің көпшілігі оны патриархалдық қарым-қатынас деп санайды. Әсіресе, ол көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы аймақтарында басым болған. Ал, экономикалық жағынан неғұрлым дамыған Қазақстанның Оңтүстік аудандарында феодалдық қарым-қатынастардың көбірек қанат жайғандығы атап көрсетіледі. Іс жүзінде қазақ қоғамы мен қазақ мемлекеттігі екі әлеуметтік-экономикалық құрылысқа негізделді. Моңғол үстемдігі кезінде қала мәдениеті кері кетіп, егіншіліктің құлдырауы, көшпелі мал шаруашылығының артуы патриархалдық қоғамдық қатынастарға қарай ойысуына әсер етті.
Қазақтың далалық аудандарында жерді пайдаланудың қоғамдық түрі үстемдік етті. Жайылымдарды пайдалану құқына көшпелі рулар мен қауымдардың барлық мүшелері ие деп саналды. Бірақ соның өзінде ру-тайпа ақсүйектері мен қатардағы көшпенділердің арасында жерді, жайылымды пайдалануға іс жүзінде тепе-тең қатысы болмады. Ақсүйек феодалдардың қоныстарға иелік ету, өзінің отарлары мен жылқы үйірлері және өз жақын-жұрағаттары үшін жақсы жайылымдарды, аңшылық құратын жақсы өңірлерді пайдаланатын құқы болды. Жалпы алғанда, мал жеке адамның және отбасының меншігіне тиді. Өз малдарын өсірумен жоғарғы ақсүйектер тобы да, тайпалар мен рулардың көсемдері де және рудың қатардағы мүшелері де шұғылданды. Мал көшпелілер байлығының, олардың тұрмыстық жағдайының басты өлшемі болып саналды. Малдың басым көпшілігі байлардың қолында жинақталды, олар мыңғырған малды бағатын жайылымдарға іс жүзінде өздерінің билеп-төстеу құқығын жүргізді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет