ӘОЖ 327 (045)
АБАЙДЫҢ «ЕСКЕНДІР» ПОЭМАСЫНДАҒЫ ШЫҒЫСТЫҚ САРЫН
МЕН РЕАЛИСТІК СИПАТ
Бөлекбаева Қ.М.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, МНКЯЛ-19 тобының магистранты
Ғылыми жетекші: проф. Қобланов Ж.Т.
Аңдатпа.
Ұлы Абай өмір бойы дүниеден жиып-терген ой-нәрін туған халқына
бағыттағанда үнемі әділет пен ақылдың тегеурінді тезіне салып, сыншыл ой-елегінен
өткендерін ғана ұсынуды мақсат тұтқан. Мақалада Абайдың «Ескендір» поэмасындағы
шығыстық сарын мәселесі талданып, ондағы реалистік сипат зерделеніп, ғылыми
тұрғыдан баға беріледі.
Түйінді сөздер:
поэма, шығыс әдебиеті, мотив, фольклор, сюжет.
Абай шығармашылығына көз жүгіртсек, оның өмірге деген көзқарасы қалай өзгеріп
отырса, поэзияға, қазақ әдебиетіне, бүкіл шығыс мәдениетіне деген көзқарасы да солай
өзгеріске ұшырап отырғанын байқауға болады. Айталық, ол жас шағында Шығыс
классикасы мен қазақ халық әдебиетіне, жырау мен ақындар поэзиясына үйір болып,
соларға еліктесе, есейген тұста, керісінше, «ескі билерше бос мақалдағысы» келмейді,
Шығыс поэзиясынан да алшақтайды, тіпті жалпы фольклор мен орта, ғасыр әдебиетіне тән
стереотиптіліктен және эпосқа хас дәріптеу мен әсірелеуден қашады. «Ол кездегі Абай
арапшыламақ, фарсыламақты теріс нәрсе деп түсінген» [1,30].
Ал 80-жылдардан, яғни кемеліне келген кезден бастап Абай бұл райынан қайтады.
Бұл тұста ол Шығыспен қайта табысады. Бірақ енді орыс, Еуропа әдебиеті мен мәдениетін
меңгеріп алып, үлкен білім биігінен Шығыс поэзиясына, әсіресе, фольклорына жаңаша
назар салады. Бұл жолы ұлы ақын Шығысқа басқа өреде, басқа мақсатта қарайды.
Сөйтіп, ол енді Шығыс пен Батысты ұштастыра, бірлікте, екеуін бүкіл адамзат өркениетінің
екі тармағы деп түсінеді, бір бүтіннің екі бөлшегі деп пайымдайды. Міне, осы себептен ақын
шығыс фольклорының сюжетіне үш поэма жазады («Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің
әңгімесі»).
Ол шығыстық сюжетті бөтенсімейді, қазақтікі емес деп қорықпайды. Себебі,
біріншіден, бұл сюжеттің нұсқалары қазақ еліне ежелден таныс болған, екіншіден, дәл осы
сюжеттерді Абай орыс әдебиетінен де табады. Ал ол сюжеттер орыс әдебиетіне Батыстан
келген еді, өйткені XVII ғасырдың аяғынан бастап Батыс Еуропада ІІІығыс тарихына,
мәдениетіне, этнографиясына, фольклорына зор көңіл бөлініп, көптеген классикалық
туындылар, оның ішінде ұлы Фирдоуси, Низами туындылары мен «Мың бір түн»,
«Махабхарата», «Панчатантра» сияқты фольклорлық жинақтар, ондағы жеке шығармалар
Еуропа тілдеріне аударыла бастаған болатын. Олар орыс тіліне де тәржімаланған еді.
Міне, Абай үш поэмасына негіз етіп алған фольклорлық сюжеттер түп негізінде
Шығыстан екені осыдан да көрінеді. Олай болса, Абайдың Батыс Еуропа арқылы орыс
әдебиетіне келген шығыстық сюжеттерді жатсынбай, қазаққа белгілі, тума дүниелер деп табуы
132
– өте заңды. Сондықтан да ол бұл сюжеттерді өз шығармашылығына, өзінің идеялық-
эстетикалық, демократтық және гуманистік ойларын айтуға пайдаланған.
Мұхтар Әуезов ұлы ақын шығармашылығының үш қайнар көзі, үш қазынасы
жайлы айта келіп, былай деп жазады: «Абайдың ақындық бітіміндегі ең бір ірі жағы осы
айтқан үш қазынаның қайсысына барса да құр ғана үйренуші, еліктеуші боп қалған жоқ.
Қайдан алсын, нені алсын – баршасын да өзінің үлкен ойлы, терең толғаулы ірі ақындық
ерекшелігі арқылы үнемі өз елегінен өткізіп, өз өнерімен мықтап қорытып, өзінің қайран
жүрегінен шыққан бұйым-табысы етіп ала білді...
Сондайлық басқаша тың жаңалықты Абай Шығыс әдебиетінің қорына иек артқан
кезде де мол тауып отырды. Абай өзінің жас шағынан жақсы білген классик ақындарды:
Фирдоуси, Низами, Шейх, Сағди, Хожа Хафиз, Науайы, Физули, Бабурлерді өмір бойы зор
қадірлеп өткен. Ерте кезде оларға еліктеп жазған шығармалары да болған. Кейін Низами,
Науайы жырлаған Ескендір жайын, Аристотель жайын батыс әңгімелерден алып қосқан
жаңа сарындармен көркейтіп, жыр, дастан етеді» [1,20].
Бұдан шығатын қорытынды – Абай Шығыс сюжетіне негізделген поэмаларын жас
кезінде емес, әбден кемеліне келіп, ақындық, ойшылдық қуаты толысқан шақта жазған
және өз заманының өте өзекті мәселелерімен ұштастырған. Сонымен қатар Мұхтар
Әуезов атап көрсеткендей, Абай бұл сюжеттерді поэма етіп жазғанда тек Шығыс емес,
сондай-ақ орыс, тіпті аударма арқылы жеткен Батыс әдебиетінен, тарихи және басқа да
шығармалардан оқып білген жайттарды орныменен кірістіріп отырған. Бұл жағдайды,
әсіресе, «Ескендір» поэмасынан айқын аңғаруға болады.
Ескендір жайында неше түрлі аңыздар, әпсаналар, хикаяттар өте ерте заманда пайда
болып, бүкіл Шығыс пен Батыс елдеріне кең жайылып кеткені аян. Солардың негізінде
қадым заманда, кейін орта ғасырларда және бертінгі уақытта да сан алуан әдеби, тарихи
шығармалар жазылып, атақты қолбасшы-жиһангер барынша дәріптелген болатын. Ол
туралы әпсана мен хикаяттар қазақ арасына да мол тараған еді.
Қазақ арасына тараған Ескендір жайындағы шығармалардың сюжеті үш түрлі.
Бірінші сюжет: Ескендір патшаның басында мүйізі бар. Мүйізі бар екенін ешкімге білдірмеу
үшін ол шашын алдырған кісілердің бәрін өлтіріп отырған. Сондай шаштаразшылардың
ішінен біреуі тірі қалады. Күндердің бір күнінде әлгі шаштаразшы құпиясын жасыра алмай,
құдыққа барып: «Ескендірдің мүйізі бар!» — деп айқайлайды. Құдықтан қамыс өсіп шығады
да, желмен шайқалып, ән салады. Сөйтсе, қамыстан шыққан дыбыс: «Ескендірдің мүйізі
бар!» – деген сөз болады да, елге тарап кетеді. Әрине, фольклор болғандықтан бұл сюжет әр
нұсқада айтылған. Мысалы, Ескендірдің мүйізі кейде есек құлағы болып келеді, немесе оның
мүйізін жария етуші қамыстан жасалған сыбызғы деп айтылады, я болмаса оның мүйізі
қасиетті болған деп те баяндалады.
Екінші сюжетте, Ескендір өзінің Қызыр және Ілияс деген жолдастарын ертіп,
Зұлматқа өлмес суды іздеп келеді. Бірақ ол суды алға қарай озып кеткен Қызыр мен Ілияс
тауып ішеді де, соңынан Ескендір келіп жеткенде әлгі су ғайып болып кетеді (немесе
қарғалар ішіп қояды, кейде патшаның тамағынан судың өзі жүрмей қалады) [2,32].
Абай өз шығармасына бұл сюжеттердің екеуін де алмайды. Оның қалаған сюжеті
басқа: Ескендір патша әскерімен жорықта жүріп, жұмаққа тап болады, бірақ оның ішіне
кіре алмайды. Жұмақтың күзетшісі оған адамның бас сүйегін сыйға тартады. Патшаның
қасындағы данышпан бұл сыйлықтың мәнісін түсіндіреді [3,64].
Алғашқы сюжеттің қазақ жеріне Низамидің «Ескендір-намасынан», ал екінші
сюжеттің Рабғузидің «Қиссас-ул-әнбиясынан» тарағаны белгілі, ал «үшінші сюжеттің түп-
төркіні қайда?» деген сауалға Низамидің дастанын атап жүрдік. Алайда, олай емес. Кейінгі
жылдарда табылған материал мен зерттеулерге қарағанда, бұл сюжет көне заманғы Талмудта
бар болып шықты. Талмудқа бұл сюжет өте ерте уақытта Таяу және Орта шығыс
жұртында тәмсіл-мысал түрінде айтылып жүрген шақта енген. Талмудтан көне дәуір мен
орта ғасырлардың авторлары оны өз шығармаларында пайдаланған. Мысалы, антика
дәуірінің «Александр туралы романында» [4,285], XII ғасырда өмір сүрген неміс ақыны
133
Лампрехтің «Александр» атты шығармасында бұл сюжет сәл өзгертілген түрінде орын
алған.
Жаңа заманда, яғни XIX ғасырда, аталмыш сюжетке Батыс Европа әдебиеті қайтадан
көңіл бөлген. Мысалы, неміс романтикалық әдебиетінің көрнекті өкілі болған француз
Альберт фон Шамиссо (1781-1830) Талмудтың осы сюжеті бойынша «Александр туралы
аңыз» деген көлемді өлең жазған және бұл әңгімені Талмудтан алғанын хабарлап, өлеңге
«Талмуд бойынша» деп анықтама берген. Мұнда сюжет толық сақталған, бірақ біршама
кеңейтілген, әрі өлеңнің басында автор өзінің ескі мұраға, көне аңыздар мен әңгімеге
құмар екенін айтады. Бұл түсінікті, өйткені Шамиссо ақындық жолды романтик ретінде
бастаған. Ал, романтиктер фольклорға, ежелгі заман әдебиеті мен мәдениетіне аса қатты көңіл
бөліп, оларды тәржімалаған, дәріптеген, жырлаған, сөйтіп өздерінің идеялық мақсаттарына
пайдаланған.
Орыс әдебиетіндегі романтизмнің аса көрнекті өкілі В.А. Жуковский (1783-1852)
Шамиссоның осы «Александр туралы аңызын» 1844 жылы еркін аударып, «Москвитиянин»
журналының 1845 жылғы №1 санында жариялаған [5,440]. В.А.Жуковский Шамиссо
өлеңіндегі сюжетті толық сақтаған, ал Ескендірді суреттеуде сәл ауытқыған, оның
психологиялық сезімін тереңдете көрсеткен, жаулағыш патшаның тойымсыздығын аша
түскен.
Сонымен, Ескендірдің жұмаққа барып, қу бас алып қайтқаны туралы Талмудтағы
сюжет XIX ғасырда орыс әдебиетінде де жырланғанын көреміз. Бұл сюжетті Абай да
пайдаланған. Қолда бар деректерге қарағанда, қазақтың ұлы ақыны Ескендір туралы бұл
әңгімені Талмудтан да, В.Жуковскийден де оқыған сияқты. Талмудтың орыс тіліңдегі толық
аудармалары 1897 және 1902 жылдары жарық көргенін, ал В.Жуковский шығармаларының
өткен ғасырда он шақты рет шығып, бүкіл Ресейде тарағанын еске алсақ, Абай оларды
оқыған деуге толық негіз бар. Мәселен, В. Жуковский шығармаларының 1849 жылғы
бесінші басылымы мен 1885 жылғы сегізінші басылымы бұрынғы Верный кітапханасында
болған.
Сөйтіп, Абай «Ескендір» поэмасын жазбас бұрын В.Жуковскийдің «Две повести»
деген өлеңін және Талмудты оқыған. Соған қоса ол Шығыс елдерінде айтылатын аңыз-
әңгімелерді де, Фирдоуси, Низами поэмаларын да, қазақ арасындағы Зұлқарнайын туралы
діни хикаяттарды да жақсы білген.
Зерттеушілердің пікірі бойынша Абай «Ескендірді» поэмасын 1900-1902 жылдары
жазған. Бұл тұста қазақ тілінде көптеген фольклорлық, әдеби, діни шығармалар жарық
көрген еді. Ескендір Зұлқарнайын жайында да жарыққа шыққан қисса, хикаят, аңыздар
болды. Ол шығармаларда Ескендір пайғамбар ретіңде, өте әділ патша бейнесінде
көрсетіліп, мейлінше дәріптеле жырланған болатын.
Міне, осыларды оқыған Абай халыққа шын Ескендірдің кім екенін ашып беру
ниетімен «Ескендір» поэмасын жазған тәрізді. Ел арасында айтылып жүрген хикаяттар
мен жазба шығармалардағы данышпан патша, әулие, пайғамбар, алланың сүйікті адамы,
Әжуд-Мәжудтерді тоқтатқан Ескендір Зұлқарнайынды әшкерелеу, оның қайда, қай уақытта
өмір сүргенін айту, өмірде қандай адам болғанын көрсету, сөйтіп Ескендір есіміне
байланысты қате пікірді жоққа шығару Абайдың басты мақсаты болған. Бұл ұлы ақынның
өмірге демократтық-гуманистік көзқарасынан, әдебиетке реалистік тұрғыдағы ұстанымынан
туған мұрат еді.
Абай бұл ойын жүзеге асыру үшін алдымен өзіне белгілі сюжетті қара сөз түрінде
«Дала уалаяты» газетінің бетінде жариялайды. Олай дейтін себебіміз – газетте басылған
мәтін мен «Ескендір» поэмасын салыстырғанда, сюжеттік қана емес, сондай-ақ Ескендір
патшаға бұрын еш уақытта берілмеген мінездеме, сөздер мен сөз тіркестері, кейіпкерлердің
сөздері бірдей екендігі көзге түседі. Айталық, бұрын ешқандай авторда немесе
фольклорлық шығармада айтылмайтын Ескендірдің отаны Македония екенін хабарлау
және кейіпкерге мінездеме беру газет мәтінінде де, Абай «Ескендірінде» де бірдей.
134
Мысалы, газетте: «Бұрынғы заманда Македонияда Ескендір патша болыпты. Мәртебені бұл
жақсы көреді екен, һәм қызғаншақ екен... Соғыс болып, қандар судай ақты... хандардың ханы,
патшалардың патшасы... Ескендір қисабсыз көп әскер жинап алып... Ескендір ашуланып, қызметкерін
ұрып өлтіруге ойланған еді... жетіп барса, жіңішке таспадай болып... Патша қақпаны қағып «аш» деп
айғай салады... Тым болмаса, менің мұнда келгенімнің белгісі үшін белгі қылып бір нәрсе бер, –
дейді... лақтырып жібереді...» сияқты көптеген сөздер мен тіркестер, сөйлемдер кейде
сол күйінде, кейде сәл өзгерген түрде Абайдың поэмасында кездеседі.
Дәлел үшін Абай мәтінінен бір-екі мысал келтірейік: «Македония шаһары...
қызғаншақ адам екен... Дарияның суындай қандар ақты... Ханның ханы, патшаның
патшасы деп... Есепсіз әскер ертіп... Қызметкердің бәрін де өлтірмекші... таспадай бейне...
Қақпаңды аш деп барынша айғай салды... Ең болмаса... белгі болар бір нәрсе бер...
лақтырып жіберді...».
Бұл мысалдардың екі мәтіні бірдей болуы және екі шығармадағы сюжет желісі,
оқиға дамуы, кейіпкерлер диалогы, оларға берілген мінездеме, детальдар мен
жағдаяттардың біркелкілігі газеттегі әңгіме мен «Ескендір» поэмасы бір адамның
қаламынан шыққандығын көрсетеді. Ендеше атын айтпай, қолын қоймай Абай өзі
кітаптан оқыған Ескендір жайлы әңгімені тарихи фактілермен толықтырып, өзінше
баяндап, «Дала уалаяты» газетінің бетінде жариялаған деп айтуға толық негіз бар.
Газетке шыққаннан кейін көп ұзамай Абай бұл әңгімені поэмаға айналдырған. Оның
басты себебі, Ескендірдің кім болғаны жайындағы шындықты халыққа айту мақсаты
болған. Өйткені, жоғарыда айтқандай, Ескендір туралы сол кездегі ел арасындағы
хикаяттар мен қиссалар оны мадақтап, пір тұтып, идеал етіп көрсеткен. Сондықтан да
Абай поэмасын Ескендірді таныстырудан бастап, бірден оған баға береді:
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Филипп өлді, Ескендір патша болды.
Жасы әрең жиырма бірге толды [3,65].
Міне, көне Талмудта да, В.Жуковский өлеңінде де жоқ жайттарды Абай өз
оқырмандары үшін енгізіп, тарихи Александр Македонский туралы нақты мәлімет
береді. Әрине, ұлы ақын «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» дегенде, қазақтар оны
мүлде білмейді деп отырған жоқ. Халық Ескендірді әділ патша, пайғамбар, хазірет
Зұлқарнайын деп білетінін, ал шын Ескендірдің кім екендігінен хабары жоқтығын
жақсы түсінген Абай: «Ескендірдің туған жері – Македония шаһары, әкесі – Филипп
патша, ол өлген соң Ескендір таққа отырды», – деп тарихи мағлұмат береді де,
Ескендірдің өзін «ер көңілді, мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам» деп мінездейді. Содан
кейін оны толық сипаттау үшін Ескендірдің жиырма бір жасқа келгенде жасаған бір ісі
ретінде көне сюжетте айтылатын оқиғаны пайдаланады.
Сөйтіп, Ескендірдің жорықта жүріп, жұмаққа тап болғаны, оның ішіне кіре
алмай, қу бас алып қайтқаны туралы ежелгі тәмсіл XIX ғасырда орыс әдебиеті мен
Талмуд арқылы Абай шығармашылығында орын алған. Рас, Талмудта бұл тәмсіл
сюжеті Александр Македонскийдің өміріндегі бір ғана оқиға ретінде айтылып,
патшаның бұл оқиғадан қандай қорытынды шығарғаны жайлы сөз болмайды. Ал
Жуковскийдің мәтіні бойынша, Александр Македонский ештеңеге тоймайтын көз
сүйегі хақында ақылгөйдің сөздерін естіген соң да бөтен елдерді жаулауын тоқтатпай,
керісінше, «өмір қысқа, бәріне үлгеру керек» деп, дереу Үндістанға аттанады. Елдерді
қырып, қандарын судай ағызып, жеңіске жеткен сайын өршелене түседі. Ең соңында:
«Тойымсыз шапқыншыны бір уыс топырақ қана тоқтатты», – деп аяқтайды В.
Жуковский өз шығармасын.
Абайда, керісінше, Ескендір «қолын алып, жұртына қайта көшеді». Оқиға яғни
сюжет осымен аяқталады. Одан әрі қарай Абай нақыл, ғибрат айтады. Мұның өзі – 16
135
жол. Ақынның бұл сөздері оның ғақлияларымен, демократтық және гуманистік
идеяларымен ұштасып жатыр.
Ілгеріде айтқан тарихи деректерден басқа Абай бұл сюжетке тағы да өзгеріс
енгізген. Ол – Аристотельдің бейнесі. Бұрын Талмудтағы тәмсілде оның орнында
патшаның ақылгөйлері жүрсе, Жуковскийде бір данышпан болып көрінеді.
Сонымен, «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізі көне заманның ескерткіші
Талмудтағы мысал-әңгіме больш шықты. Талмудтағы тәмсілдің сюжеті Батыс Еуропа
арқылы орыс әдебиетіне, одан Абайға жеткен. Абай Жуковскийдің өлеңін, Талмудтағы
тәмсілді, сондай-ақ Македония мен Александрдың өзіне қатысты тарихи еңбектерді
өз тұрғысынан қарап, қазақ қауымының қажетіне сәйкес пайдаланған.
Абайдың поэмасында нақтылық және реалистік сипат басым, сюжет шираған,
кейіпкерлердің іс-әрекеті мен сөздері барынша дараланған. Соның нәтижесінде ежелгі
сюжет көне заманғы мифологиялық, діни сарындардан арылған, бұрын құдайға құлшылық
ұрғызу үшін пайдаланылған жұмақ мотиві «Ескендір» поэмасында кейіпкердің бүкіл
болмысын ашуға және автордың гуманистік ойларын айтуға қызмет етіп тұр.
Сөйтіп, Абай Құнанбаев Шығыста – Фирдоуси, Низами, Жәми, Науайы; Батыста –
Лампрехт, Ламберу, Бернэ, Шатильонский, Шамиссо; Ресейде – Жуковский жырлаған
Ескендір бейнесін жаңа деңгейде, жаңа сипатта көрсетіп, оның тойымсыздығын,
шапқыншылықта өткізген өмірін сынайды. Ескендірдің ешқандай пайғамбар, идеал патша
болмағанын әшкерелейді.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1.
Әуезов. М. Әр жылдар ойлары. – Алматы: ҚМКӘБ, – 1959. – 556 б.
2.
Алтынсарин Ы. Өлеңдер жинағы. – Алматы: ҚКӘБ. – 1935. – 49 б.
3.
(http://kazneb.kz/site/catalogue/view?br=1542872)
4.
Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер.–Алматы. 2005.– 488 б.
5.
Қобланов Ж.Т. Шетел әдебиетінің тарихы: 1-кітап. – Алматы: Бастау. 2015. –
349 б.
6.
Жуковский В.А. Собрание сочинений в 4 т. (Т.2). – М.; Л.: ГИХЛ, 1959.–484 с.
Достарыңызбен бөлісу: |