Италия әдебиеті. Қайта өрлеу дәуірінің алғы шарттары ХІІІ ғ. Еуропаның көптеген елдерінде пайда болады. Бұл құбылыс, әсіресе феодалдарға қарсы күрес айқын көрінген және қоғамдық мәдени өмірдің негізінде халық тұрған Италияның дамыған қалаларында кең тарайды.
Италияның дербес қалаларында ХІІІ ғ. соңынан бастап алғашқы капиталистік қатынастар пайда болып, Еуропада Кемелденген орта ғасырда дамыған мәдениеттен тым өзгеше мәдинет қалыптаса бастайды. Қайта өрлеу дәуіріндегі әдебиет пен орта ғасырдан Жаңа заман мәдениетіне өтудің ең жарқын көрінісі ретінде Дантенің шығармашылығымен қатар падуандық гуманизм, Петрарканың шығармалары мен «Жағымды жаңа стиль» лирикасын да қарастыруға болады. «Жағымды жаңа стиль» («стильновизм») - ХІІІ ғ. Болоньеде пайда болып, Флоренцияда тіркелген поэтикалық мектеп. «Жағымды жаңа стиль» поэзиясының жаңа заман поэзиясына жақындата түсетін негізгі ерекшелігі оның бір поэтикалық мектепке жататын түрлі шығармашылықты қамтуында жатыр. «Жаңа стиль» поэзиясындағы тың өзгеріс поэтика мен көркем стиль болған. Бұл мектепке жататын ақындар поэтикалық тілді жарыққа шығарған.
Жаңа поэтика тек поэзиядағы бұрынғы формаларға жаңа өңдеулер жасау арқылы емес, сонымен қатар «Жағымды жаңа стиль» ақындарын трубадурлардың куртуаздық лирикасымен емес, италиялық Қайта өрлеудің алғашқы кезеңіндегі жазушылардың ізденістеріне жақындата түсетін белгілі бір идеялық-эстетикалық және дүниетанымыдық бірліктің негізінде пайда болады. «Жағымды жаңа стиль» ақындарының поэтикасы мен поэзиясына эзотеризм тән. Бұл олардың жергілікті қарапайым халықтық сөйлеу тілінен жоғары көтерілуге деген ұмтылысынан туындаса керек. Осылайша «Жағымды жаңа стильдегі» аристократизм Қайта өрлеу дәуіріндегі ақындардың ұлттық әдеби тіл үшін күрестері нәтижесінде пайда болады. «Жағымды жаңа стиль» мектебінің басында Гвидо Гвиницелли (1230-1274) тұрған. Италияның әдеби тарихында Г. Гвиницелли шығармашылығы - жаңа заманға жақын келетін алғашқы ұлы ақындардың бірі. Оның өмірі жайлы мәліметтер көп емес. Ол Болоньеде дүниеге келіп, сол жердегі университетте білім алып, әкесі сияқты заңгер болады. Гвиницелли оған жау болған саяси партия оны өзінің туған қаласынан қуып жібергеннен кейін көп уақыт өтпей-ақ жастайынан қайтыс болады. Оның шығармашылығы кейінгі заманға өшпес мұра болды. Ол ақындар жырлап жүрген махаббат тақырыбына жаңа әр беріп, жоғарғы, рухани жалпы адамның тұтас сезімдерін суреттеді.
Жаңа поэзия үшін күрес Гвиницеллиден бастау алып, прованстық трубадурлардың ұмыт болған мұрасын қайта жаңғырту ұранымен ақынның флоренциялық ізбасарлары мен олардың шәкірттері, сицилиялық мектептің сарай ақындары арқылы жалғасын тапты. Сонымен қатар Гвиницелли мен басқа да «Жағымды жаңа стиль» ақындары бюргерлік дидактиға тән діни-спиритуалистік тенденциялармен күресе отырып, ХІІІ-ХІY ғ. Италияның қалалық және халық мәдениетінің ажырамас бөлшегіне айналған антикалық әдебиеттің ескерткіштерін де ескеріп отырған. Гвиницеллидің куртуаздық лириканың шекарасынан шығып, өзінің жеке поэтикалық тілі мен стилін құруына классикалық ежелгі дәстүрлерге деген жаңа көзқарасы себеп болады.
«Жаңа стильдің» «жағымдылығы» оның әуенінде емес, ондағы ішкі үйлесімділік пен ой мен форманың, мазмұн мен поэтикалық тілдің, тіл мен стильдің бір-біріне деген поэтикалық сәйкестігінде жатыр. Гвиницеллидің канцоналары дидактикалық тұрғыда жазылмаған, онда ешнәрсе дәлелденбейді және насихаттанбайды. Оның шығармаларында идея поэтикалық тұжырымдамаға айналған.