Абу-н-Низам Мұхаммед Фалақи Ширван (1108-1146) Ширваншах астанасы Шемахта дүниеге келедi. Ол туған қаласындағы медреседе оқып, сол жерде өз заманына сай терең білім алады, араб филологиясы мен теология ғылымын да жақсы меңгереді. Лақап аты Фалақи (яғни, аспан және жұлдыз) болғандығына қарағанда астрономияны да жақсы білгенге ұқсайды. Бiзге дейiн оның лирикалық өлеңдерінің қасыдалар, ғазалдар мен рубаиалардан тұратын аз ғана бөлігі жеткен. Фалақидің қасыдасы панегирикалық тақырыптарға жазылған және жоғары көркем шеберлігі мен терең ғылыми мәні арқылы ерекшеленеді.
Өзінің мұғалімі Абу-л-Ала мен досы Хагани сияқты Фалақи да өз патшалығында бақытсыз күндерді бастан кешеді. Ол өз қызметінде жеткiлiктi адалдық көрсетпегені үшін айыпталып, Шабаран түрмесіне қамауға алынады. Мұның барлығы ақынның денсаулығына қатты әсер етіп, оның өмірiнде өшпестей iз қалдырады. Түрмеде отырып хабсийе («түрме жолдары») жанрындағы қасыда жазады. Ақын өз шығармаларында әділетсіздік пен заманның қаталдығы туралы жырлайды. Фалақидің ғазалдары мен рубаиаларының ерекшелігі махаббат туралы суреттеулерінен айқын көрінеді.
XII ғ. әзiрбайжан поэзиясындағы ең iрi ақындардың бiрi Хаган Ширван болған. Афзаладдин Бадиль Хаган Ширван 1120 ж. да Шемахта дүниеге келедi. Оның әкесі Әли ағаш шебері, ал атасы тоқымашы болған. Хаган балалық шағында ақылдылығы мен шапшаңдығы арқылы көзге түседі. Оның анасы христиан дінін ұстанып, кейін ислам дінін қабылдаған. Хаган әкесі жағынан немере ағасы Кафиэддиннің тәрбиесiнде болған. Ол өз уақытының медицина, астрономия, жаратылыстану, логика, грамматика, әдебиет сияқты түрлі ғылым саласын терең меңгерген iрi ғалым және мұсылман заңдарын жақсы білген заңгер де болған. Хаган 1156 ж. Меккеге барып, қажылық жасауға рұқсат алады. Бұл Иран, Ирак, Сирияның жерлерін, сонымен қатар Хамадан, Медаин, Бағдат, Дамаск сияқты тарихи қалаларын көруіне де үлкен мүмкіншілік туады. Ширванға қайтып келген соң Медаин шахтарының бұрынғы бас қаласының қираған орындары туралы философиялық элегия жазады.
Ақынның «Медаин қаласының қираған орны» атты қасыдасы халық арасында кең тарайды. Онда билік басындағылар мен халықтың тұрмыс-тіршілігі суреттелген. Ақынның философиялық ойы мен лирикалық классикалық үлгiсi шығыстың ең iрi ақындарын да қызықтырған. Хаган өз заманындағы феодал таптың өкілдеріне үлкен сабақ берді: қандай күштi құдiреттi болса да, барлығына ортақ апаттан ешкім құтыла алмайды.
Ақын батыл новатор болған. Ол дәстүрлі поэзиялық жанрлардың тақырыптық шекарасын кеңейтіп, өз шығармаларында әлеуметтік идеялар мен философиялық мәселелерді де қарастырады. Хаган көбіне мұсылмандық моральдерге қарсы тұрып, махаббат әншісі ретінде адамның сұлулығы мен сезімін жырлайды. Бірқалыпты формада, әрі көркем құралдарға толы оның шығармалары өзінен кейінгі әзірбайжан ақындарына ғана емес, бүкіл Таяу Шығыс ақындарына керемет үлгі бола алған.
Достарыңызбен бөлісу: |