Армян әдебиеті. IX ғ. аяғынан X ғ. басына дейінгі кезеңде араб үстемдігіне қарсы ұзақ әрі қиын күрестің нәтижесінде Армения саяси дербестілікке қол жеткізді. Елдің саси тәуелсіздігінің қалыптасуы экономика мен мәдениеттің гүлденуіне қолайлы жағдайлар туғызады. Мұндай оң өзгерістер Батыс Еуропа елдерімен тығыз байланыс жасаған Киликиядағы Рубенидтердің (1080-1375) шамамен 300 жыл бойы өмір сүріп, патшалық еткен кезеңінде айқын көрінеді. Византиялықтардың жаулаушылық саясаты мен түрік-селжұқтарының басып алу жорықтарына байланысты Арменияның шығыс бөлігіндегі мемлекет дамуы XI ғ. ортасында уақытша тоқырауды бастан кешіреді. Бірақ XII ғ. Арменияның Солтүстік Шығыс аудандарында Грузияның көмегімен Захарид патшалығы құрылғаннан кейін қайта қалпына келеді. Сол кезде бұрын-соңды болмаған музыка, әдебиет пен ғылымның гүлденуі басталады.
X-XII ғ. ғылым мен мәдениетте жоғары мәртебелі адамдар маңызды рөл ойнай бастайды, оның ішінде ғалым, педагог, әскери қоғам қайраткері князь Григорий Магистростың (990-1059) алатын орны ерекше. Ол антикалық философия мен мифология, әдебиет, нақты және жаратылыстану ғылымдарын меңгерген ғалым болған. Оның мектебіндегі оқу жүйесі схоластика мен догматизмге қарсы бағытталып, онда жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдарға үлкен көңіл бөлінген. Магистрос армян әдебиетіне жаңа эпистолярлық жанрды енгізген. Оның «Хаттарында» әдеби негіздерден алынған және өзі жазған көптеген мысалдар мен аңыздар келтірілген. Магистростың «Хаттары» стилі жағынан көркем-публицистикалық және эмоционалды болып келеді.
Сол кезеңнің ұлы ақындарына Григорий Нарекаци және Нерсес Шноралиді де жатқызамыз. Григорий Нарекацидің (945/950-1003 ж.) өмір сүрген кезеңі көптеген қайшылықтар мен келеңсіздіктерге толы болған. Бір жағынан кейде мистикалық дәрежеге дейін жететін діни және аскеттік ойлардың кең тарауы, екінші жағынан шіркеулік жоралғылар мен ғұрыптардан толықтай бас тарту мен зиялы өмірге қарай ұмытылыс болады. Осы келеңсіздіктер ақынның ой-өрісі мен оның шығармашылығына әсерін тигізбей қоймайды. Нарикаци Арменияның Васпуркан облысында, ғалым-епископ Хосров Андзевацидің жанұясында дүниеге келген. Ол Нарекс монастырында замандастарының арасында «ұлы ойшыл» атанған немере ағасы Ананий Нарекацидің қолында тәрбиеленеді. Наракаци оқуының соңында сол монастырьде монах болып қалады. Көп уақыт ұзамай өзінің білімі мен шығармашылығы арқылы аты шығып, көзінің тірісінде де ол туралы аңыздар айтылады. Дегенмен бізге жеткен жазбалар бойынша, сол дәуірдің өзінде Нарекаци қуғын-сүргінге ұшырап, тіпті сотқа да тартылған. Ол өзі тәрбиеленген монастырьде жерленіп, ұлы ойшыл-ақынның қабірі ғасырлар бойы халық арасында киелі жер деп есептелінген.
Нарекаци үлкен әдеби мұра қалдырған, олардың арасында «Гандзы» (құдай мен әулиелерге арналған ұрандар), «Апарандық кресттің тарихы мен әулие Крест пен әулие Ананы ұлықтау», «Қасиетті апостолдарды ұлықтау», «Низибийлік епископ, әулие Иаковты ұлықтау», «Әндер» («Таги») және «Қайғылы діни әндер кітабы» сияқты шығармалары белгілі.
Нарекацидің шығармаларында оның жаңа эстетикалық тұжырымдамасы айқын көрінеді. Ол армян әдебиетінде бірінші болып, табиғатты поэзияның объектісі ретінде қарастырған. Нарекаци армян әдебиетінде алғашқылардың бірі болып адам мен оның жан дүниесін табиғаттың бір бөлігі ретінде көрсетеді. Бұл өз кезегінде поэтикалық форманың өзгеруіне әсер етеді. Ақын жасаған әулие Марияның бейнесі адамгершілік құндылықтарының бастамасын білдіреді. Бұл мәдени-рухани және дәстүрлі-діни образдар мен ұғымдарды түсіну мен поэтикалық қолданудағы жаңа қадам болады. Құдірет күштеріне адамдық қасиеттерді таңа отырып, адамзат баласын үлкен құдірет пен күшке ие етіп көрсетеді. Бұл әдіс тек әдебиетте ғана емес, сонымен қатар, армяндық өнердің басқа салаларында да көрініс тапқан. Нарекаци қасиетті Марияның бейнесін қарапайым адамға тән қасиеттермен суреттеп, сол арқылы адам мен құдай арасында белгілі бір шектің жоқтығын көрсеткен.
Өлімнен құтылмайтынын білген ақын, өлімнің сұмдық тұстарын, яғни адам өмірінің ең үлкен трагедиясын суреттейді. Ол жан-тәнімен құдайдан «ақырзаманның келуін тездетпеуді», «өлімнің ащы дәмін» уақытынан бұрын татқызбауды тілейді. Нарекацидің поэтикалық елестері шексіз, оның көз алдына Ібілістің, қорқынышты соттың, тозақтың, тіпті өз өлімінің елесі де келеді.
XII-XIII ғ. мысалдың прозалық жанры пайда болып, дами бастайды. Ортағасырлық мысалшылардың ішінде ерекше көзге түскендері Мхитар Гош пен Вардан Айгекци. Мхитар Гош (1130-1213) Ганджада туылған. Ол екі рет вардапет дәрежесін алған жоғарғы білімді адам болған. Гош Нор-Гетиктегі шіркеу мен ондағы мектептің негізін қалайды. Армениядағы заң ғылымдарының дамуы Гоштың есімімен тығыз байланысты. «Шіркеулік канондар» мен «Қалталылардың заңдарынан» тұратын «Армян заңдар жинағы» кең таралады. Гошқа дейін Арменияда қалталылардың заңы болмаған. Феодалдарға шектеу қойған және мұсылмандыққа қарсы болған Гоштың заңдары прогрестік мәнге ие болады. Ол жекеленіп кеткен княздықтарды біріктіріп одақ құру керектігін айтып, патриоттық идеяны көтеріп, бұл туралы ол өзінің бірнеше мысалдарында да айтқан. Гош библиялық заңдарды «мәңгілік» деп ойлағанымен, оларды Арменияның қоғамдық өміріне негіздеп қолданған. Гош халық пен мемлекет арасындағы тыныштықты жақтаушы болып алға шыққан.
Армяндық лириктердің ішінде Фриктің (XIII ғ.) алатын орыны ерекше. Оның ең үздік туындылары әлемдік поэзияның маржаны болып табылады. Фрик Шығыс Арменияда тұрған және моңғол шапқыншылығының куәгері болған. Ақынның 50 астам өлеңдері сақталып қалған. Фриктің шығармашылығы ортағасырлық жазушылардың шығармашылығы сияқты қайшылыққа толы. Ол бес күндік дүниеде кездесетін сынақтар мен қайғы-қасіреттер туралы өлеңдерін христиан ілімінің негізінде жазған. Алайда Фрик бұл өлеңдерінде құдайға сеніп, оның рахымдылығы мен мейірімділігінен үміттене отырып, жатжерлік және жергілікті құлиеленушілердің ашкөздігін қатты сынға алып, қатыгез жауыздар мен екіжүзді діндар сымақтарды әшкерелейді. «Тағдыр дөңгелегі» мен «Шағымдар» атты өлеңдерде автор езілген тап өкілдерінің құқығын қорғайды. Осы өлеңдерден елжанды, ұлы ойшыл, үлкен гуманист ақынның асыл бейнесін де көре аламыз.
Y-XIII ғ. Арменияда жазба әдебиетпен қатар ауызекі әдебиет те дамиды. Ғасырлар бойы түрлі жанрларда ауқымды фольклорлық шығармалар пайда болады: аңыздар, ертегілер, эпикалық өлеңдер мен әңгімелер, гусандық өлеңдер, әлем кезушілер туралы өлеңдер, бесік жырлары, әдет-ғұрыптық, әскери, сонымен қатар, аңыздар мен мақалдар, мәтелдер және т.б.
«Сасундық Давид» («Сасунци Давид») эпосы армян халқының ауыз әдебиетіндегі жарқын үлгілердің бірі болып табылады. Кемеңгер халықтың ең жақсы қасиеттерін бойына сіңірген бұл шығарма дүниежүзілік фольклордың ұлы эпикалық ескерткіштерінің қатарына кіреді.
Армян эпосы ырғақ дауыспен, ал кейбір ұйқас өлеңмен айтылған эпизодтар әнмен айтылады. Айтушы бір не екі бөлімін әндетіп, ал соңында эпоста мадақталған барлық батырлардың есімдерін көтеріңкі дауыспен айтқан. «Сасундық Давид» эпосының құрылу уақыты ІХ-ХІІІ ғ. сәйкес келгенімен, оның тарихи түйіні ІХ ғ. ортасындағы оқиғалар болған. Бұл монументальдық шығарма армян халқының көп ғасырға созылған азаттық күресінің өзіндік бір жылнамасы болып табылады. Бұл эпос абыз-гусандар арқылы құрылып, ұрпақтан-ұрпаққа таралып, қазіргі күнге дейін жеткен. Онда елдің негізгі идеялары мен мақсаттары, еркіндікті сүю мен елжандылық, қайраттылық пен ерлік, халықтың жарқын болашаққа және әділдік пен мейірімділіктің жеңісіне деген сенімі көрініс тапқан. Осы арқылы эпостың халықтық сипаты анықталады. Елжандылық идеясы, әсіресі Давидтің образында айқын көрінеді. Бұл туындыда орта ғасырдағы армян елінің ұлттық әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүрі, діни ұстанымы, тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік қарым-қатынастары суреттелген.
Достарыңызбен бөлісу: |