Сурет VI.28. Оң жақ сан сүйегі басының шығуы
Тренделенбург белгісін анықтау үшін, бала, буыны шыққан аяғына тұрып, сау аяғын жамбас-сан және тізе буынында 70-800-қа бүгіп көтереді. Сол уақытта, сау жағының бөксе қатпары, жамбасы төмендейді де, құлап кетпеу үшін, денесі ақаулы жағына қарай қисаяды. Себебі, сан сүйегінің буын басы ұршық ойығында тұрмағандықтан, салмақ түскенде жоғарыға қарай жылжып, сау жағының бөксе қатпары мен жамбасы төмен орналасады. Бұл көрініс Тренделенбург белгісінің оң екендігін көрсетеді.
Тренделенбургтың оң белгісі тек қана туа біткен сан сүйегінің шығуында ғана емес coax vara, эпифизарлық дисплазияда, сан сүйегінің остеомиелитінде, ісіктерде анықталады. Себебі, аталған ауруларда бөксе бұлшық еттерінің бекітілетін нүктелерінің арақашықтығының жақындауынан, жамбас сүйек көлденең жазықтан тайып төмендейді.
Туа біткен сан сүйегінің шығуы диагнозын анықтап, тиімді емдеу тәсілін қолдану үшін ересек балаларда рентгенография жасалады. Рентгенограммада ұршық ойығының қақпасына, сан сүйегінің буын басының пішініне, орналасқан жеріне, диафиз-мойын бұрышына, антеторсияға көңіл аударылады.
С урет VI.29. Дисплазия. Сол жақ жамбас-сан буынының диспластикалық коксоартрозы
Туа біткен сан сүйегінің шығуы кезінде рентгенограммада ұршық ойығының таяздығы, қақпасының сүйірленгендігі, сан сүйегінің буын басының ұршық ойығынан тыс жатқандығы, кішірейгендігі, мойын-диафиз бұрышының 1350 үлкендігі, Шентон, Калве сызықтарының әдеттегіден дұрыс еместігі, Виберг бұрышының кішіреюі анықталады.
Рентгенограмма бойынша туа біткен сан сүйегінің шығуының бес дәрежесін ажыратады:
І-ші дәрежеде - сан сүйегінің буын басы ұршық ойығында, бірақ аздап сыртқа қарай жылжиды
ІІ-ші дәрежеде - сан сүйегінің буын басы Келер сызығынан жоғары орналасады
ІІІ-ші дәрежеде - сан сүйегінің буын басы ұршық ойығының үстінде орналасады
ІҮ-ші дәрежеде - сан сүйегінің буын басы мықын сүйегінің қалқанымен жабылады
Ү-ші дәрежеде - сан сүйегінің басы мықын сүйегінің айдаршығына дейін жетеді.
Емі. Туа біткен сан сүйегінің шығуының емі нәресте туғаннан кейін неғұрлым ерте басталса, соғұрлым нәтижелі болады. Жамбас-сан буынындағы өзгерістердің, нәресте өсе келе ұлғаятындығынан қолданылатын ем тәсілдері де баланың жасына, жамбас-сан буынындағы өзгерістерге сай жүргізіледі. Консервативтік емнің негізі тізе мен жамбас-сан буынын бүгіп, біртіндеп санды алшақтату арқылы ұршық ойығын сан сүйегінің буын басымен тура сәйкестендіріп, олардың кіндіктерінің бір нүктеде болуын, буында қимылды сақтап, ұршық ойығымен сан сүйек буын басының толық жетілуіне дейін ұстау болып табылады.
Дисплазиясы бар сәбиді 1 айға дейін аяқтарын бос қойып, екі санын мүмкіншілігінше жанына қарай талтайтып жатқызу қажет. Ол үшін бірнеше қабатқа бүктелген жаялықты баланың шабының арасына салып, үшбұрышталған екінші жаялықты біріншісі түспейтіндей етіп орау қажет. Мұндай орау тәсілі аяқтарын тізе, жамбас-сан буындарында бүгіп, сандарын мүмкіндігінше бір-бірінен алшақ ұстап, ұршық ойығын сан сүйегінің басына сәйкес келтіріп ұстауға мүмкіншілік береді. Сонымен қатар, сәбиді емізер алдында күніне 5-6 рет ЕДШ (емдік дене шынықтыру) массажы жасалуы тиіс. ЕДШ жасағанда ептеп, бала ауырсынбайтындай екі аяғын жазып, бүгіп, бүгілген қалпында сандарын көлденең жазықтыққа жеткенге дейін талтайтып, жамбас-сан буынында ішке-сыртқа айналдырып, айтылған қимылдарды 10-15 рет қайталау қажет. ЕДШ алдында 3-5 минуттай шап, бөксе, сан аймағына массаж жасалады. Жасы 1 айдан 6 айға дейін балаларда дисплазияны емдеу үшін ЕДШ, массажбен қатар ЦИТО, Виленский жақтауы (шинасы), Фрейк жастықшасы, Павлик үзеңгісі қолданылады. Емдеу мерзімі 3-6 айға созылады. Әрбір 3 ай сайын рентгенография, УЗИ жасалып жамбас-сан буынының даму жағдайы, жүргізіліп жатқан емнің нәтижесі баланың аяғына тұрып жүру мерзімі анықталады.
1 айдан 1 жасқа дейін, туа біткен сан сүйегінің шығуы, немесе жартылай шығуы анықталған балаларда Виленский, ЦИТО, Лактаев шиналары, Павлик үзеңгісі; Фрейк жастықшасы, емдік денешынықтыру, массаж қолданылады.
Туа біткен сан сүйегінің шығуын емдеу дисплазияға қарағанда қиын және күрделірек болады. Себебі, ең бірінші сан сүйегінің буын басын ұршық ойығына түсіріп, оларды бір-біріне толық сәйкестендіріп, содан кейін дисплазиядағыдай жетілгенше аталған жағдайда ұстап тұру қажет. Осы мақсатта нәресте туғаннан 6 айға дейін бүгілген аяқтың сандарын талтайтып бір-бірінен алшақ ұстайтын, жамбас-сан буынында қимыл қозғалысына кері әсер етпейтін шиналар қолданылады. Шина салынғаннан кейін 3-4 апта арасында сан сүйегінің буын басы ұршық ойығына түсіп, олар бір-біріне сәйкес орналасқан кезден бастап емдік денешынықтыру, массаж, физиоемшаралар тағайындалады. Егер де сан сүйегінің басы екі ай ішінде орнына түспесе, онда оқтын-оқтын ауыстырып отыратын гипстен таңғыш салынады. Гипстен салынатын таңғышты біртіндеп ауыстыру барысында сан сүйегінің басы орнына түседі. Аталған таңғыш 5-6 айдан кейін алынып, баланың аяғын Лорен ІII жағдайында ұстайтын тірекшелер 2-3 айға салынады.
Жасы бірден асқан балаларда туа болған жамбас-сан-буынының шығуында шиналармен емдеу көп нәтиже бермейді. Көптеген ортопедтердің деректері бойынша мұндай жағдайда балаға наркоз беріліп шыққан сан сүйегінің басын орнына түсіріп Лоренц І тәсілі бойынша аяғын жамбас-сан мен тізе буында бүгіп, көлденең жазықта 900дейін әкетілген жағдайда гипстен таңғыш салынуы керек.
Емдеу барысында 3-4 айдан кейін аяқты жамбас-сан және тізе буындарында 130-1400 бүгіп, көлденең жазыққа дейін әкетілген жағдайда гипстен таңғыш (Лоренц ІІ бойынша) салынады. Тағы 3-4 ай өткеннен соң аяқ толық жазылып азырақ сыртқа әкетіліп (Лоренц ІІІ жағдайында) Виленский шинасы салынады. Клиникалық бақылауларға қарағанда Лоренц әдісімен емдеу барысында жамбас-сан буынының контрактурасы, сан сүйегінің басының асептикалық некрозы туындайтындығы анықталды. Аталған асқынуларды болдырмау үшін 1 айдан кейін гипс таңғышының алдыңғы жағын алып тастап баланы күніне бірнеше рет отырғызып жамбас-сан буынындағы қозғалысқа мүмкіндік беру қажет (С.Д. Терновский, М.В. Волков).
Туа болған сан сүйегінің шығуының ІУ-У дәрежесінде Лоренц емдеу тәсілін қолданбас бұрын Шеде бойынша лейкопластырмен баланың аяғын сыртқа қарай жазып, жоғары қарай тартып 2-3 апта ұстау қажет, себебі бұл тәсіл бұлшық еттердің контрактурасын жоюға, сан сүйегінің басының төмен түсіп, орнына келуін жеңілдетеді. Бұл тәсіл Сомервиль немесе owerched тәсілі деп аталып, қазіргі кезде өте жиі қолданылады.
Консервативтік ем, тек екі жасқа дейінгі балаларға нәтиже беретін болғандықтан жасы үлкендерде туа болған сан сүйегінің шығуын емдеу үшін оперативті ем қолданылады. Жамбас-сан буындағы өзгерістерге байланысты түрлі - буынды ашып сан сүйегінің буын басын ұршық оймағына сәйкес келтіретін сан сүйегінің буын басын ұршық ойығына келтірумен қатар ұршықтың шатырын ұлғайтатын, антеторсия мен вальгусты болдырмауға арналған операциялар жасалуы мүмкін.
Ғылыми деректерге қарағанда, туа болған сан сүйегінің шығуы кезінде ең жақсы нәтижені консервативті ем беретіндігі және оның баланың қай жасында басталғанына байланысты екендігі анықталды. Консервативтік ем жасы 1 айдағы балада 100, 2-6 айдағы балаларда -89, 6-12 айлағыларда - 70, ал 1-2 жастағыларда 57 дейін жақсы нәтиже береді.
Достарыңызбен бөлісу: |