Ескерту диктантын жаздыру тәртібі мынадай болады: мұғалім сөйлемді дауыстап оқиды да, бір оқушы қайталап, ішіндегі сөздердің жазылу емлесін айтады.
Мұнда қандай сөзге, нысанға тоқталу керек екендігін мұғалім көрсетіп, түсіндіріп, ескертеді. Соңынан сол сөйлемді оқушылар жатқа дәптеріне жазып, ережесі талданған сөздің астын сызып, белгілейді. Оқушылар түгел жазып болған соң, бір оқушы тағы оқып шығып, қандай сөздердің астын сызғандығын, оның жазылу емлесін айтып береді. Қалған оқушылар өздерінің жазғандарын тексеріп, жіберген қателері болса, түзетеді.
Ескерту диктантын тақтаға да орындаттыруға болады. Бұл элементтер қазіргі кезде сабақтың бекіту кезіндегі оқушылармен жаттығуды тақтаға жүргізуде қолданылып келеді. Бұған, көбінесе оқулықтағы әр тақырыпқа берілген жаттығулар, сол сыныпқа арналған дидактикалық материалдар пайдаланылады.
Ескерту диктантын тақтаға жазып та тексеруге болады немесе тақтаға жазбай-ақ оқыту, есіту арқылы да тексереді.
Ескерту диктантын әр түрлі орфографиялық ереже бойынша жиі-жиі өткізіп отырылады. Бұл диктанттың артықшылығы – оқушылар сөзді естілуі бойынша ғана жазбай, сөздің құрамын, грамматикалық, орфографиялық ережелерді естеріне түсіріп, саналы түрде жазатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |